Қайғыға қара түнде неге батам?..
Сайлаухан Нәкенов
Биыл туғанына 80 жыл толған Сайлаухан Нәкенов берісі өскен ортасы Арқа жұртына, әрісі қазақ атырабындағы көзіқарақты зиялы қауымға кеңінен танымал. Өткен жүзжылдық иінінде Қарағанды-Жезқазған аймағында қара өлеңнің туын көтерген тарлан ақынның бірі. Кейінгі кездері көлденең жұрт есімін сирек еске алса да, отыз-қырық жыл бұрын жазған жырлары әлі талай жас өренді алдағы күннен сергек қарсы алатын қуаты бар қаламгер. С.Нәкенов поэзиясының тамырына бойласаңыз, ұлы Сәкенге алып барары сөзсіз. Өзі де сол Сәкен өнген құнарлы жыр топырағында дүниеге келген еді.
Жезқазған, Қарағанды облыстарында аймақтық, облыстық басылымдарда қызмет еткен ақын саналы ғұмырында ауылынан жырақ, жұртынан саяқ көшпеді. Ел ортасында болды. Жаңаарқа-Жезқазған аумағында уақыт тудырған өзекті мәселелерді хатқа тізген журналист болды, одан ілкіде мұғалімдік қызмет атқарған. Қай салада еңбек етсе де, жеке басының жәйін күйттемей, өлең үшін өмір сүрді десек те болады. Жетпісінші жылдары Жезқазғанда жастардың басын қосып, «Желкен» атты әдеби клуб құрды. Ол клубтан өрген өрендер қазір Алашқа танымал ақын-жазушыларға айналған. Тірлігінде екі кітабын ғана шығарып үлгерді. Жазарын жазып, айтарын айтып қана өмір сүрген. Атақ қумаған, даңқ-дақпыртқа елікпеген.
Бүгінгі жас қаламгерге, жөнекей оқырманға есімі ескіден жеткен аңыздай болғанымен, соңында қалған мол мұрасынан жаңа күннің, жас дүниенің жарылмаған сынын, арындаған күшін сезесіз.
Серік САҒЫНТАЙ,
жазушы, ҚР Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры
ӨЛЕҢ
Талай-талай дүлдүлдің
Табандары тайған жыр,
Көмейінен бұлбұлдың
Түскендей боп қайдан жүр?
Алпыс екі тамырым
Көбең кердей желіккен.
Өлең бердің, Тәңірім,
Көген бермей неліктен?
Орны бөлек көгеннің,
Айтсам егер ал шынын.
Құнын білмес өлеңнің
Құлыны едім малшының.
Қозыкөштен ұзамай,
Көрсоқыр боп жүр едім.
Патша, – десек біз, – Абай,
Атша тулар жүрегім!
О, Тәңір-ай, сұрасам,
Өлең беріп қинадың.
Омақаса құласам,
Оқылмайды-ау иманым.
ӨЗЕНДЕРІМ – ӨР МІНЕЗ
Абыр-сабыр бар адам,
Гүрілдейді өр өзен.
Өзен жаққа қараған
Менің жалғыз терезем.
Қарасам-ау, ал ойлап,
Одан бір күй сезем де,
Өз денемде қан ойнап,
Өзеуреймін өзенге.
Байқамаппын мен оны,
Бір-бір тасқын – бір ақын.
Өзен болып өлеңі
Ағады екен сұрапыл.
Өр мінезді Қасым жүр
Жауды өлтіріп, өзі өлмей,
Жарқылдайды жасын жыр,
Өртке асыққан өзендей.
Сұрапылда дүбірлі
Толқынынан сез оны.
Жүректерге жүгірді,
Мұқағали өзені.
Сұрапылда әр ізді
Сұрамайды кемеден.
Айсберг тәрізді–
Айбергенов Төлеген.
Өзенге сел – қауіп құр,
Керек нөсер, таң нұры.
Жып-жылы боп жауып тұр
Жұмекеннің жаңбыры.
Қуаныңдар! Көр, міне, ез!
Көбейеді тасқындар.
Өзендерім – өр мінез,
Өмірбаянымды аштыңдар.
Артым – тақыр, алдым – жар,
Сексеуіл ем шағылда.
Аман сақтап қалдыңдар
Сусап жүрген шағымда.
Мен де нұрға шомылам,
Тентек толқын ұрғылап…
Өзендердің соңынан
Жүгіреді бір бұлақ.
КҮДІК ПЕН КЕЛЕШЕК
Ала таңнан тұрып ап,
Алақанды жайғанша,
Ойланайық бір уақ,
Асырайды Бай қанша?
АҚШ-та жоқ сүйегім,
Ақиқат қой бұл нағыз.
Жапонда жоқ жиенім,
Қытайда жоқ құдамыз.
Жатта жүрген нағашы,
Сыртта жатқан жоқ қайын.
Тайганың да ағашы
Тегін келмес дап-дайын.
Аузым талай күйген-ді,
Жатқа сенген емеспін.
Түйедей ғып түймеңді,
Жарылқамас сені ешкім.
Долбарына ергендер
Далбасалап қалады.
Дорбасымен бергендер
Тоннасымен алады.
Асыл жұртым, асқағым,
Мен бәріне алаңмын.
Жүйрігінен басқаның
Жабысы артық даламның!
Азат болған кезде бұл
Азап болар аз-ақ күн.
Тракторынан өзгенің
Өгізі артық қазақтың!
Бәрін жеңер Ел деген,
Жетесіздер ұқпайды.
Өзіне өзі сенбеген
Жолға жалғыз шықпайды.
Асан қайғы сөзінің
Мәнін ұқсақ біз неден? –
ЖЕРҰЙЫҒЫН өзінің
Даласынан іздеген!
Қайран жұртым, айбыным!
Өзіңе-өзің қас қылма…
Бақытың мен байлығың –
Табаныңның астында!
ЖЕЗҚАЗҒАН
Қатер тұрды әуелден басқа төніп,
Тазалықтан жібердік бас қателік.
Бүйрегімен, қуықпен, бауырымен
Жарты қала келеді тас көтеріп.
Қатал заман қайырылмас аз ашуға,
Жезқазғанның халқының жазасы – у ма?
Миллиардты алатын алпауыттар
Миллиондар таппайды таза суға.
Бастағандай Байқоңыр ерлік істі,
Зымыранға жол салып берді күшті.
Жезқазғанның көбейтіп қасіретін,
Қу тақыр боп барады жердің үсті.
Ошағынан ойнасын оқшау бала!
Уыз ұрпақ!
Ертерек көк сауғала!
Күкірт жұтып, түтінге тұншыққанда,
Күркілдейді күні-түн көксау қала.
Шындықтың да шығарсақ былай шуын,
Қойма ұстаған қоймайды Құдай суын.
Кемерінен көп кейін кетіп қалған,
Кеңгірдің де бұлдайды лай суын.
Байлығынан не тапты Ел көз жазғанда?
Ағзасы мен ауасы сезді азғанда.
Тірі болса Сәтбаев, баяғыда-ақ
Жасар еді жұмақты Жезқазғанда.
ЕСІҢДІ ЖИ
Ерте туып, кеш түледің,
Есіңді жи, есті елім!
Майқы биден қалған сөзді
Машайықтан естіп едім.
Қасіретің таусылмай ма
Даңқың қайда дүркіреген?
Дауылпаздай даусың қайда
Күн астында күркіреген?
Айырмайсың боқты илесе,
Мақтанғанда, еренсіңдер.
Құр секілді, оқ тимесе,
Естімейтін кереңсіңдер.
Есіңді жи самғау үшін,
Басың түгел, аманында.
Басы бүтін қалмау үшін,
Басқыншының табанында.
ЖЕР ТАМЫРЫ
Тыңда мені, құлыным,
Мен – даланың ұлымын.
Жер тамыры сияқты
Желкемдегі жұлыным.
Сөйлер едім Бұқарша,
Көзім болса қырағы.
Жер тамыры жұқарса,
Желкеме кеп ұрады.
Көріп жүрсің өзің де,
Шахталар мен бұрғылар
Жерді тескен кезінде,
Желкемде ойнап жүр бұлар.
Қаза-қаза құнықты,
Жерге тыным бермеді.
Риддерді ұмытты,
Қарсақбайды жерледі.
Қолдан қолға өтеді,
Байлық шіркін баянсыз.
Жер түбіне жетеді,
Ашқарақтар аяусыз.
Су – жұғымсыз, оты – арық,
Жер – мыңқ етпес алыптай.
Икрасын қотарып,
Ішін жарған балықтай.
Есті жоқ па ойланған
Ойламайды неге олар?
Қара үңгірге айналған
Қайран жерім, не болар?
Білмедік-ау қадірін,
Көріп жүріп көзіміз.
Аралдың да тамырын
Қиып алған өзіміз.
Ес жиярмыз кешігіп,
Орны толмас ортаның.
Жер тамыры кесіліп
Кете ме деп қорқамын.
ЕЛГЕ
Заңы қызық Сарайдың да,
Шетке неге шашыламын?
Аш қабаққа қараймын да,
Ақ сарайға ашынамын.
Күңіренген сезем үнді,
Күйін көріп көп кедейдің.
Өртеп қойған өзегімді
Өз еліме өкпелеймін.
Арманыма қара менің,
Тілеуімін Тақырбайдың.
Ертеңіне алаң едім,
Ереуілге шақырмаймын.
Епті берсе екі ерінге,
Шақырамын ақылға елді.
Жалау болып көтеріл де,
Алау болып лапылда енді.
Бақ кетпесін бесігіңнен,
Балаң өссін көк тіреген.
Бес уақыт есігіңнен
Бақыт кірсін деп тілегем.
Сәні басқа, әні басқа
Болмысыңмен ерекше едің.
Танытуға – танымасқа
Бүтіндігің керек сенің.
АҢСАУ
Ертіске кеп көсілді,
Ен жайлады Есілді.
Құлы болған қазақтың
Құлақтары кесілді.
Сары сақалдар есірді,
Сары жайлаудан көшірді.
Бүтінімді сындырды,
Түтінімді өшірді.
Шындығын да жасырды,
Сұмдығын да асырды.
Мерекемді басынды,
Берекемді қашырды.
Еркінсіді, есірді,
Ел биледі кесірлі.
Ділімізге түкіріп,
Тілімізге тесілді.
Айта келді не сырды?
Қайтем енді өшімді?
Байтақ елді боздатып,
Бәйтерегім кесілді.
Сары далаға саңғыды,
Қаламызға қаңғыды.
Азаттықтың ақ жолын
Алабөтен аңдыды.
Батырымды байлады,
Ақынымды айдады.
Кемеңгердің орнына
Кереңдер кеп сайрады.
Ұрғашыны азғырды,
Ұрпағымды аздырды.
Ұлағаттың орнына
Ұрандарын жаздырды.
Жанды жеді мұң, шырақ,
Отырғам жоқ құн сұрап.
Оңала ма елдігім? –
Ойлантады мың сұрақ.
Аңсамадық бекер біз,
Азат елміз, жеке елміз!
Құрып бара жатып та,
Тұрып кетер ме екенбіз?!