«Екі жерде екі» қазақша қалай жазылады?
«2 x 2 = 4» деген қағида қазақ клавиатурасымен «әчәһң» деп жазылады. Бораттың қылжағын қайталағаның не деп өкпелемеңіз. Бұл жерде ешқандай қалжың жоқ. Цифрлы Қазақстанды қазақ цифрсыз жасап жатыр.
А.Жұмаділдаев
Дүниеде мыңдаған ұлт, мыңдаған тіл, мыңдаған клавиатура бар. Кей тілде жүздеген дыбыс бар екен. Соның бәрін клавиатураға қалай сидырып жатқанына таң қалуға болар.
Бір түймені оң жағынан кіші шрифтпен басса бір әріп, сол жағынан басса екінші әріп, үлкен шрифтпен оң жағынан басса үшінші әріп, ал сол жағынан басса төртінші әріп шығарып эквилибристиканың көкесін көрсетіп жатады екен. Бірақ мен бұған да таң қалмаймын. Менің таң қалатыным: сол дыбыстарын үш төрт регистр секіртіп біресе шоқақтатып, біресе жорғалатып, біресе екі айналып сальто жасап жатса да цифрға тиіспеуінде.
Құдай сақтап қазаққа отыз шақты ғана дыбыс берілген. Бірақ соның өзін алфавит құрушылар клавиатураға сиғызудың «керемет» жолын ойлап тапқан екен. Қазақтар ертегі айтқанды жақсы көреді, оларға цифрдың керегі жоқ деген шешімге келген болу керек, барлық қазақтың төл дыбыстарын цифрларға іліп қойыпты. Бұндай клавиатура әлемде екеу болса, біреуі анық қазақтікі. Сенбесеңіз, мысалға «2020 жыл» дегенді қазақ клавиатурасымен жазып көріңіз. Ағылшын клавиатурасымен емес. Орыс клавиатурасымен емес. Қазақ клавиатурасымен. Бар өнеріңізді салыңыз. Нәтиже: «Әқәқ жыл» болып сақауланса, ал «2021» саны «әқә» болып айдалаға қашады.
Сонда өзге тіл клавиатурасына ауыспай қазақ клавиатурасында қарапайым сандарды жаза алмасақ, яғни бірінші сыныптан аттай алмасақ, өмір бойы «двойшник» болып бір сыныпта отыра беруіміз керек пе? Онда мәңгілік ел боламыз деп көкіректі қаққаннан не мағына табамыз?
Қазақ клавиатурасында жалпы цифр жоқ. Қазақ клавиатурасымен әдеби шығарма ғана жазуға болады. Техника саласының маңайына жолай алмайсыз. Қазақтың сөз жарыста әлемде чемпион екені белгілі. Бірақ мәңгі бақи әлемді сөзбен ұтып мәңгілік елді сақтаймыз деу бос қиял.
Латын әрпіне көшеміз деген әңгіме шыққанына жиырма-отыз жылдай болды. Елбасы қателеспесек, екі латын алфавитін бекітті, одан мәслихат та қалыспай, қаулы шығарды. Бірақ нәтиже бұлыңғыр қалып тұр. Уақыт өткен сайын латын әрпінің қажеттілігі одан сайын бұлыңғырлана бастады. Мүмкін соның шынымен-ақ керегі жоқ та шығар.
Бірақ керегі бар бір нәрсе бар. Клавиатураны ауыстыру қажет. Цифрға төрдегі орнын қайтып беру қажет. Бүгін қазақтан технократ шықпаса, ертең шығуы мүмкін. Ертең шықпаса, арғы күні міндетті түрде шығады. Қазаққа технократ керек. Қазаққа сұлу қыз бен сәйгүлікті ғана жырлау аздық қылады. Синус пен косинустың сырын транзистор мен резистордың жырын ұғатын қазақ аз да болса бүгін бар. Ертең молынан шығар деген үмітті үзбеу пайдалырақ.
Соның алғы шарты клавиатураны сындарлы елдердегі сықылды толыққанды жұмыс істей алатын өз дәрежесіне көтеру. Алфавит латын бола ма, жоқ кириллица бола ма бәрібір. Шабыты келген қазаққа өз клавиатурасында интеграл мен дифференциал жайлы көсіле жырлайтын жағдай туғызу қажет. Тіл мамандары тіл маңызы жайлы теория айта бермей, төл дыбыстарды клавиатураның жуан белінен табу мәселесін шешіп берсе, қазіргі күні бұдан асқан абыройлы жұмыс болмас еді.
Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, математик