ЖҮЙТКІП ӨТІП БАРАДЫ САМАЛА КҮН…
03.11.2020
898
0

 

Мұхтархан ҚАЛИҰЛЫ

Күзгі сурет

Байқайсың ба, далада ызғар бүгін жоқ,

Тереземнен төкті шуақ нұрын кеп.

Жалғыз тамшы ақты әйнектен дірілдеп,

Күннің көзі жымыңдайды күлімдеп.

 

Кеш те батты, түн кеп кірді жайлана

Суық сәуле шағылысып айнаға.

Мардымсиды марғауланып керім көз

Ақ мұнарға оратылып айнала.

 

Ақ мұнарға оратылып айнала

Бозаң дала бозарады жай ғана.

Бозғылт тұман жер бауырлап, бозарып,

Арасынан сығалайды Ай ғана.

 

Көтеріліп көңілімнің желкені

Жүрегім бір шаттық жырын шертеді.

Жапырақтан шашу шашып күзгі аспан

Тереземді соққылайды содыр жел

Табиғаттың еркетотай тентегі.

 

Тұманды күн,
күзгі түн…

Желегінен айырылып күзгі бақ,

Саудырайды жапырақтар жүз құрақ.

Әйнектерді сызып ағып тамшылар

Шатырлардан жатыр шала мұз құлап.

 

Сидам тартып, сұры кеткен теректің

Бұлт ішінен бозарады бөбек-күн.

Ақ желегін желкілдетіп ақ селеу

Шидің басын толқытады жел өткін.

 

Ай да нұрын шаша алмай тұр арайлы

Бозаң бояу басып алған маңайды.

Түу, биіктен жымың қағып, жұлдыздар

Шытынатып шыны көзін қадайды.

 

Тұман басып таудың биік өркешін

Боз қыраумен бозартып тұр жер төсін

Сумақай жел қойны-қонышын аралап

Боз даланың жұлқылайды көрпесін.

 

Қыратты да, бұлақты да мұз қылып

Ысылдайды үскірік пен ызғырық.

Қайтқан құстың қанатымен сыздырып

Маң-маң басқан мама қысты жетелеп

Кер далама келе жатыр күз кіріп.

 

Қиналдым-ау

(элегия)

Жігерім жаншылғандай,

Төзімім таусылғандай.

Тағдырдың долы желі

Бетімнен қарсы ұрғандай.

Қанатым қайрылғандай

Барымнан айрылғандай.

Түбірлі тұғырымнан

Біреу кеп тайдырғандай.

Отырмын күйім келмей

Буырқанып құйын желдей.

Бір дауыл өрекпейді.

Барымды бұйым көрмей

Көргендей мұз-қарды көп

Суыды-ау қызған жүрек…

Жанымды қалтыратты-ау

Суық жел ызғарлы леп.

Жабыққан жандай бүгін

Жоғалтқан бар байлығын.

Біреу кеп арқама әкеп

Артқандай таудай жүгін.

Таусылып жігер-күшім

Қиындық үдерді шын.

Аспаным бұлттанып

Асқағым түнерді шын.

Ғаламда әйтсе де кең

Шешім көп жәйтке бөтен.

Қысылып, қиналдым-ау

Жаным-ау қайтсем екен!?

Қайтсем екен?!

 

Қап барады гүл дәурен

Жүйткіп өтіп барады самала күн,

Ілесіп қанатына шағаланың

Естіртпей шарықтаған салған әнін.

Алыстатып жастықтың жағалауын

Жүйткіп өтіп барады самала күн.

 

Барады өтіп уақыт сымбатын ап,

Нуілдеп жүруші едік, түн қатып-ақ.

Қап барады гүл дәурен қымбатырақ.

Дірілдейді жүрегің, бірдемесін

Біреуге алған жандай ұрлатып-ап

…Ағашта қалтырайды бір жапырақ.

 

Аспанның ашылмай тұр реңі түк,

Таулардың түксиеді сілемі тік

Бозарған бозғылт аспан тұнжырайды.

Күнде тұр қабақ шытып күреңітіп.

Тек қана жүрегімде бір жылылық,

Құрсанған қатаңдықты тұр ерітіп.

 

Мен – қазақпын!

Мен – қазақпын!

Мен азатпын! Мен бармын!

Сайын дала перзентімін самғар мың!

Темір қанат қыранымын Таулардың!

Болашақпен қол ұстасқан Арманмын

Егеменді ел болам деп ерекше

Қайсарлықтың үлгісі боп қалғанмын

Намыс оттың Намыс оттың

 ошағында өртеніп

Желтоқсанда алау болып жанғанмын.

Қайрат пенен Сәбираның, Ләззаттің

Қаны болып алаңдарға тамғанмын.

Мен қазақпын! Шындығымын жалғанның

Болашаққа үміт болып жалғандым

Ардан биік Азаттығым үшін мен

Сырым болып талай атой салғанмын

Кенесары қылышы боп жарқылдап

Бодандыққа қарсы тура барғанмын

Махамбеттің жырлары боп саңқылдап

Жүректерде жауқазындай жандандым.

Азаттықтың өтеуі үшін құрбан боп

Қарқарада қапы қалған тарланмын

Мен – қазақпын! Аспанымда жанған Күн

Ар-намыстың Асқары боп қалғанмын!

 

Мен – қазақпын! Ғажап елдің ұлымын!

Батырлардың жанарының нұрымын!

Мұқағали, Қасымдардың жырымын

Мағжан, Сәкен, Бейімбеттің мұңымын

Сайыстарда дүбірлеген дүбірім

Қаншеңгелдер жоя алмаған түбірін

Кімнен емес, Күннен алған жылуын

Мен – қазақпын! Асқақ елдің ұлымын!

Әрқашанда биік менің тұғырым!

 

Мен – қазақпын! Беретұғын өлеңге от,

Қазақ жырын тек биіктен көрем көп

Сарыарқада жыр толқытса – бір қазақ

Мен отырам Алматыда елеңдеп.

Ой-санаммен көрмеген бір төмендеп,

Жүрегімнен жыр шумағын төгем кеп.

Жаны жұтаң жандар болса Ғаламда

Жырдың ғажап үлгісін ал, Менен кеп!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір