ЖЫР ОҚЫП БЕРЕЙІНШІ…
13.11.2015
1888
3
Japanese_garden_at_tenryuji-templeСәулеш ШӘТЕНОВА

Халық әні

Дүлей бір сезімдерді бастан кешіп,

Барады бұлттарды ерттеп, аспан көшіп.

Өсіп ек сықырлауық бесіктерден,

Ән десіп, аңыз десіп, дастан десіп.

 

Жаныңа жамайтұғын тағы да мұң,

Сарынын сағынамын, сарыламын.

Елеңдеп қыр басына шықтым енді,

Емексіп, естігендей халық әнін.

 

…Көгілжім көрінгендей көш сілемі:

Мінгені кіл нар, мая, бесті ме еді!?

«Басынан Қаратаудың…» деген дауыс,

Алыстан талып қана естіледі.

 

Күлдігіне көміп бір тастағаны:

Алтын аяқ, күмістеген тостағаны.

Қалдырып ал жүрекке қасида әнін,

Ғайып боп көз алдымнан көш барады!

 

Әуенін жел жеткізіп талып, талған,

Аманат – асыл әнін алып қалғам.

Құлағын домбыраның бұрап енді,

Халқымның әнін берші салып, қарғам!

 

Жүрегім тыңдағанда егіледі,

Қайғысынан қабырғам сөгіледі.

Зарына қосылмаған қос ғашықтың,

Көл болып көзмоншағым төгіледі.

 

Тағдырдан болса да Алаш мың ұтылған,

Кезі жоқ үміті өшіп, үні тынған.

Авторы жоқ бұл әннің – халық қана,

Авторы әлде-е-е-е-еқашан ұмытылған,

 

Халқымның әнін берші cалып, қарғам!

 

Білезік

Шіренген түркі ед, болды шын шын ғаріп,

Шілдің құмалағындай шашылып қалды.

Көзінің жасы моншаққа айналып,

Қу бұталарға асылып қалды.

 

Таратылған шүлендей болды,

Тарлық етті де талыс даласы.

Улап та шулап ұлардай болды,

Бағы басынан алыстағасын.

 

Шаштың күлінде бесігім қалды,

Қисық арбамен бақырым кетті.

Ноғайлым босты, қосығым зарлы,

Асылым өтті жатыры текті.

 

Жолбарыс белдер қаңырап қалды,

Қағанат туы құлаған күні.

Жоғалды көштің сілемі мәңгі,

Қыпшақ баланың жылаған үні.

 

Бытырап кеткен Тұранның жұрты,

Байрағы бөлек қолына ұстаған.

Тілі бөлектеу, бөлектеу сұрқы,

Кейпіңді іздеймін маған ұқсаған.

 

Бөлектеу күйі, бөлектеу әні,

Жат болып маған кетті бауырым.

Бөлектеу қаракөздерім-дағы,

Бөлгесін бізді аттың сауыры.

 

Моңғолдау кейпім, сен иран текті,

О, кенет жүрек салды бір ойнақ ән.

Көріп қалдым мен күміс білезікті,

Биші өзбек қыздың қолында ойнаған.

 

Түрікпен қыздың да білегінен оны,

Тоташ қыздардан да көріп қалғанмын.

Зергерлер соққан жүрегімен оны,

Сұлулығын беріп жәхи жалғанның.

 

Жүрегі түскір-ай сезбесті сезіп:

Білезігіміз ұқсайды біздің.

Менің қолымда да сол күміс білезік,

Білегінде де сол сан түркі қыздың.

 

Сен де енді іздеп шарларсың мені,

Сен де егізім бе ең жүрегім іздеген?

Қаным ойнап, қандасым, қардашым, сені,

Танып қалдым білезігіңнен.

    

Қызыл Ай

Түсі неге қызғылт анау Айымның?

(Жүрегімде ізі де жоқ уайымның).

Білесің бе, сен шақырсаң… сенімен,

Жер түбіне баруға да дайынмын.

 

Түн төсінде жанып тұр бір шырақ – Ай,

Сені ойладым тағы, тағы шыдамай.

Ілесер ем сен шақырсаң егер де,

Қайда бара жатқанымды сұрамай.

 

Қиялымнан бір аққала тұрғызып,

Сонсын оның еритіні… тым қызық.

Қызғылт Айдың аясында сыйлады,

Әлдебіреу сүйгеніне гүл, жүзік.

 

Ойлай берем сені, бақыт жайлы да,

(Бой алдырмай бір бойкүйез қайғыға).

…Әлгі жігіт, қолы жетсе, сол қызға,

Ойланбастан сыйлар еді Айды да.

 

Сол бақытты қызды-ай, оның жүзігі-ай!

(Жалғанбайтын қиялымның үзігі-ай).

Көз көрмейтін жер түбіне шақырып,

Маған неге сыйламадың қызыл Ай.

                      

Ал ұшайық…

Р- ға.

Көртышқанның қылығына налыдың,

Жамап алдың жүрегіңе тағы мұң.

Оның түнек кеудесінен жалғанның,

Іздеп әуре болмай-ақ қой жарығын.

 

Түнек – кеуде білмес жарық дегенді,

Түсінбейді өнерді һәм өлеңді.

Бауырымен жорғалаушылар тобы – олар,

Қанаттым-ау, өз тобыңа кел енді.

 

Көртышқанда індер көп те, ырыс кем,

Дұрыс па оның көзесінен мұң ішкен?!

Тағдыр бізге алтын топшы сыйлады,

Бар ғой біздің қанатымыз күмістен.

 

Көртышқанға қырандардың мұңы не –

Бар бақыты – дән тасу ғой ініне.

Біз олардың індеріне сыймаймыз,

Біз олардың түсінбейміз тіліне.

 

Көрмеген-ді Көк пенен Жер түйісіп,

Және ешқашан көрмеген-ді қиысып.

Қанаттылар тобынанбыз біз деген,

Қайтайықшы бұлттарменен сүйісіп.

 

Найза шың мен найзағайды құшайық,

Жүген тағып жұлдыздарды тұсайық.

Сонсын күміс қанатымыз сыңғырлап,

Күнге қадап көзімізді ұшайық.

 

Көкті сүйген қырандарда жоқ маза,

Бір-бірінен қалықтаумен кетті оза.

Биік деген сәл салқындау демесең,

Биік деген – мөп-мөлдір һәм тап-таза.

 

Бола берсін саршұнақтың дәні көп,

Бірақ оның ғұмырының мәні жоқ.

Көк аспанға ізімізді қалдырып,

Көк аспанға кетейікші жағып от.

Ал ұшайық…

 

Ақындардың әлемі

Ғашығыммен Жыр атты,

Өткіздім мен тағы да бір түнімді.

Пегас пырақ келді аппақ қанатты,

Түн жамылып тереземнен үңілді.

 

Пырағына мінгізіп,

Айдан алыс алып кетті әлемге.

Мойныма алқа жұлдыздардан ілгізіп,

Гауһар тәжін кигізді де төбеме.

 

Алуан гүлден тоқылған,

Отырғызып жұпар шашқан кілемге.

Бал мен шырын берді алтын бақырдан,

Дәмі қалды үйіріліп тілімде.

 

Моншақ тағып шықтардан,

Көйлек сыйлап мөлдіреген ауадан.

Сұлулығыма мың сан көздер сұқтанған,

Теңесе алмас тіпті оған Хауа ана.

 

Сонсын мені әлдилеп,

Кіл самалдар ерке биін бастады.

Тербеткенде таңғажайып сан күй кеп,

Ақ бұлттарды кеттім ұйықтап, жастанып.

 

Періштелер ғана онда түнеген,

Бара алмайды оған Жердің сайтаны.

Ақындардың әлемі ол бір ерен,

Оған барып жырын алып қайтады.

 

Құшақ-құшақ жырын алып келеді,

Ақын ғана бара алады тек оған.

Міне, осындай ақындардың әлемі –

Ақылдан зор және де тыс санадан.

 

Адайдың ақын қызы

Қызғалдақ қыз қызыл көйлекті,

Мірдің оғындай сөзі ойлы, отты.

Қос ішек домбыраны да,

Адайлардың мақамымен сөйлетті.

 

Анталай келіп, алқалай көріп халық бір:

«Ақиық қой, – деп, – анық бұл».

Қызыл көйлекті сол қыздың,

Арынын жазбай танып тұр.

 

Тілі дертке ұшыратар у екен,

Ақ жүзі қалықтаған бу екен.

Білезік, шолпы, белдікті,

Талғай да таққан сол қыз қу екен.

 

Сөзбенен тіліп жондарын,

Ақын жігіттердің қайнатып отыр сорларын.

Көз алдымызға келтіріп,

Балдайдың қандай болғанын.

 

Құдай сол қызға ақындықты үйіп-төгіп беріпті,

Оны азсынғандай беріпті және ажар, көрікті.

Кешегі бабалардың қап қойған,

Асыл әшекейіндей жарқ етіп шыға келіпті.

 

Ердің екі сөйлегені – өлгені

(Қазақ халқының мақалы).

Көшкен бұлт секілді үдеріп қана,

Кешегі өткен, айтыпты түнеріп баба.

Айтылған сөзің – атылған оқтай, бабам- ай,

Қарасам кейде – біреулер құр өлік қана.

 

Қайғырып содан кей-кейде қара бұлт сынды,

Қаһарға мінем сен құсап, қайрап ашуды.

Екі сөйлейтін ездердің көптігін көріп,

Қондырып мынау қабаққа қарасұр мұңды.

 

Бәсі төмендеп бағалы сөз деген бүгін,

Құлқынның қамы – көбінің көздегендері.

Халықты алдап, «өйтемін, бүйтемін», – деп ылғи,

Уәде бере салады ез немелерің.

 

Қарашың бүгін осындай, кей ұлың майда,

Қарайған төбе басында батамын ойға.

Арыстан құсап айға ұшқан асқақ бабам-ай,

Мәтелің қайда, кешегі мақалың қайда?

 

Ұсақтық пенен уақтық пенделердегі,

Ғайыптан тайып сен келсең, жөнделер ме еді?

Мансұқ еткен сөзіңді мәңгүртті анау,

Тірсегінен ап, найзаңмен көкке өңгерер ме едің?!

 

Ездерді көрсем өзі де, сөзі де ұсақ,

Не дейін енді, отырам төзімді тұсап.

Екі сөйлейтін ерлерді көрсем тұра қашамын,

Көрінеді олар көзіме құр өлік құсап.

Бабам-ай, бабам!

 

Жерошақ

Сұлуырақ шамдарынан қаланың,

Жылуырақ жерошағы даланың.

 

Шылбыр үзіп кете алмай жүр өлеңім,

Жерошақты төңіректей беремін.

 

Жерошақтың қаспағында құтым бар,

Ақ қайнар боп тасығанда сүтің бал.

 

Қаладағы ас пештері сәнділеу,

Жерошақтың асы бірақ дәмділеу.

 

Қала аспанын түтін басып кеткен бір,

Ал даланың аспаны әлі мөп-мөлдір.

 

Кинодағы ғашығынан шетелдің,

Ғашықтығы ұзақ апа-көкемнің.

 

Кеш болғанда қосылысып төсегі,

Керілдесіп жүріп-ақ күн кешеді.

 

Қаладағы жұлдыз да ұсақ, тым шалғай,

Ал далада қолмен ұстап алғандай.

 

Жүгімді артып көшкен кезде қалаға,

Жүрегімді тастап кеткем далаға.

 

Мен – Сәулемін

Әлдекімдер мені тіпті жаңқа құрлы көрмеді,

Әлдекімдер құрақ ұшып орнын берді төрдегі.

Әлдекімдер садақ тартты сыртымнан,

Ал мен бірақ өлмедім.

 

Қайратымды қара тасқа жаныдым,

Шақпақ болды: от шықты.

Ақиқатты ақ бөз мата тәрізді,

Ішімдегі Тәңірім деп таныдым.

Көгімдегі ал Тәңірім қолдаса,

Талай жерге жетер әлі жарығым.

 

Тоңғандарды келді сонсын жылытқым,

Сынығымен сәулемнің.

Тоздырдым да жылдарымды үгіттім,

Уақыт бірақ мені мүжи алмады.

Бүтіндемек болдым барша сынықты,

Құралмады ол әлі.

 

Шындықты іздеп шемен болды жүрегім,

Қорқақ болды ал тілім.

Көзім батыр, тек бозарды реңім.

Терең мені батырды, тек көбігін қалқыдым.

Жер қайысқан түменім жоқ түменім.

Жалғызбын да жалқымын.

Ақиқатым өлмесе екен тек қана,

Қойдай халқым желге ығып барады.

Жүрек от-ты, қалғаны одан шоқ қана,

Үрлегендер тек жандыра алады.

Ақиқатымды өлең қылып тасқа қашап кетемін,

Кейінгілер тауып алса жарады, – деген шығар Күлтегін.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 26.10.2023 | 22:26

Керемет! Талантты ақын!

Аноним 26.10.2023 | 22:27

Тамаша!

Аноним 06.02.2024 | 18:24

Әсерлі өледер екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір