Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ: Ұлттық мектептің жаңа үлгісі қажет
«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры ұлт руханиятына серпіліс әкелер көптеген ірі жобаларды жүзеге асыруда. Қазақ оқырмандарын дүниежүзілік әдеби процеспен таныстыруға бағытталған кітаптарды аударумен қатар, төл шығармаларымызды әлемдік аренаға шығаруға сүбелі үлес қосып жүрген қор директоры Рауан Кенжеханұлымен Абай туындыларының тәржімалану барысы мен аударма саласының қоғамдық жүйеге ықпалы жөнінде әңгімелестік.
АУДАРМАШЫЛАР ТҮПНҰСҚАДАҒЫ МАЗМҰНДЫ САҚТАУҒА ТЫРЫСТЫ
– Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросы биыл Абайдың шығармашылық мұрасын әлемнің 10 тіліне аударды. Түпнұсқадағы мазмұн мен құрылымды сақтауда қиындықтар тумады ма? Ақын өлеңдері түгел тәржімаланды ма?
– Иә, биыл Абайдың 175 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлы ақынның шығармаларын әлемнің 10 тіліне аудардық. Олар – БҰҰ-ның 6 тілі, яғни ағылшын, араб, қытай, испан, орыс және француз тілдері, тағы 4 тілді Президенттің өзі қосты, олар – итальян, неміс, түрік және жапон тілдері. Аударма жинақтарға ақынның 146 өлеңі, 3 поэмасы мен 45 қара сөзі кірді. Кірмегені тек кейбір жоқтау және арнау өлеңдер. Қазір жинақтар аударылып, басылды, кітаптар осы 10 тілде сөйлейтін елдердің елшілігі арқылы таратылып жатыр. Жапония, Германия және Қытайда жинақтар таныстырылып, оған әдеби орта өкілдері мен қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен елшілер қатысты. Жапония Парламенті жоғарғы палатасының спикері Акико Санто жинақ тұсаукесеріне арнайы келіп: «Абай философиясы адамзатты қай кезеңде болмасын қиындықтар мен кедергілерден алып шығатын даналық пен батылдыққа үйретеді», – деген пікір айтты. Жапонияның мәдениет жөніндегі агенттігінің төрағасы Рёхэй Мията Абай өлеңдері мен «Манъешю» деп аталатын жапон өлеңдерінің көне жинағының мазмұнынан ұқсастық тапқан. Бұл – Абайдың жапон тіліне тұңғыш аударылуы. Араға басқа тіл салмай, түпнұсқадан жапон тіліне тура аудардық. Аудармашылар түпнұсқадан ауытқымай, ақын өлеңдерінің мазмұнын, құрылымын сақтауға барынша тырысты. Кейбір мамандар 10 тілге аударылып әлемге кең тарайтын жинаққа: «Абай өлеңдерін іріктеп, таңдап алу керек, қазақтан басқаға арналмаған өлеңдер бар, оларды қосу қажет пе?» деген күмәнді ойларын айтты. Бірақ ақылдаса келе, Абай сөзін өзге тілдерге мүмкіндігінше толық, кең тәржімалау керек деп шештік. Ол өлеңдер бұрын да аударылды, дәл қазір одан тартыну, Абайды цензураға салу орынсыз деп ойладық. Аударма жұмысында 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойында академик Зәки Ахметовтың жетекшілігімен жарық көрген, сол кездегі ең танымал әдебиетшілер мен абайтанушылардың қатысуымен дайындалған екі томдық академиялық жинақты негізге алдық. Жолма-жол аудармамен қатар дайындалған түсініктемелерді осы жинаққа және абайтану аясында шыққан басқа да еңбектерге сүйене отырып дайындадық.
– Абай туындыларының орыс тіліндегі тәржімасының бұрынғы аудармалардан айырмашылықтары бар ма?
– Бәріміз жақсы білеміз, Абай шығармалары ең көп аударылған тіл – орыс тілі. Орыс тіліне аударылған алғашқы өлеңдер XX ғасырдың басында-ақ жариялана бастады. Кейін орыс тіліндегі Абайдың толық жинақтары бірнеше мәрте аударылып басылды. Абай өлеңдерінің, қара сөздерінің бір емес, бірнеше нұсқасы бар. Кейбір өлеңдерінің, мәселен, табиғат лирикасына қатысты туындыларының 7-8 нұсқасы бар. Мұның барлығы салыстыру жұмыстарын жасағанда пайдалы болды. Талай кәсіби аудармашылардың, Абай сөзін өзге тілге тәржімалағысы келген әуесқой мамандардың да жұмыстарын зерттеп көрдік. Өте сәтті аударма нұсқалары да бар. Осы тұста «сәтті жасалған бар нұсқаны қалдырамыз ба, әлде бәрін қайта аударып шығамыз ба?» деген сұрақ туды. Бақытжан Қанапиянов, Гүлзия Қамбарбаева, Мұрат Әуезов секілді мамандармен кеңестік. Олардың барлығы осы кезге дейін орыс тіліне тәржімаланған нұсқаларды түгел оқып, пікір айтты. Қазақстандық және ресейлік мамандармен кеңесе отырып, жаңа жинаққа Абай өлеңдерінің осы уақытқа дейін аударылған ең сәтті нұсқаларын кіргіземіз деп шештік. Орыс тіліндегі жинақтың құрастырушысы – Бақытжан Қанапиянов. Жаңа жинаққа енген ақынның бірқатар өлеңдері мен поэмалары, 45 қара сөзі орыс тіліне жаңадан аударылды. 3 поэма мен бірнеше өлеңді мәскеулік ақын әрі аудармашы Михаил Синельников аударса, қара сөздердің орыс тіліндегі жаңа көркем аудармасын ресейлік жазушы әрі аудармашы Анатолий Ким жасады. Ол бұған дейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әбіш Кекілбаев шығармаларын орыс тілінде сөйлеткен, қазақ әдебиеті және мәдениетімен жақсы таныс маман. Жолма-жол аудармаға жазушы, драматург Мәдина Омарова, абайтанушы Гүлзия Қамбарбаева, редактор Әлия Нагорнюк қатысты. Абайдың орыс тіліндегі жаңа жинағын әзірлеу және басып шығару жұмысын үйлестіруге М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі жауапты болды.
Қоғамды басқа сапалық деңгейге шығарудың ең төте жолы – аударма. Аударма арқылы әлемнен алып қана қоймай, өзіміз де көп дүние бере аламыз. Түптеп келгенде, ұлттың қуаты сол ұлттың жасап шығарған, адамзаттың ортақ қорына салған мағына-мазмұнымен өлшенеді.
БІРНЕШЕ ҒАСЫРЛЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ БАР БАСПАЛАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕДІК
– Аударма жобасына кімдер, қандай баспа ұйымдары қатысты? Абай шығармаларының аудармасына қандай баға беріліп жатыр?
– Көркем аударма жасау, әсіресе, Абайдай тұлғаны өзге тілде сөйлету әсте оңай жұмыс емес. Ең бастысы – көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету, бұл – біздің бірінші міндетіміз. Сондықтан осы тілдерде сөйлейтін елдердегі ең беделді, әрі көркем аударма саласына маманданған, ұзақ жыл, тіпті бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар баспа ұйымдарымен әріптестік орнатып, аудармаға аса тәжірибелі мамандарды тарттық. Жалпы саны жобаға 100-ге жуық қазақстандық және шетелдік маман қатысты.
Кеңес Одағы тұсында Абай шығармалары ағылшын тіліне де аударылған, бертінде басқа да жекелеген аударма жобалары жасалған. Оның барлығы зерттеліп, есепке алынды. Кеңес заманында «Прогресс» баспасының тапсырысымен жасалған аударма мазмұнға үңілмеген, техникалық аударма екен. Бұл жолы Абайды ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асты. Абай шығармаларының жолма-жол аудармасын дайындауға, өлеңдеріне лингвистикалық, этнографиялық, тарихи түсініктеме жазуға аудармашы әрі өнертанушы Әсия Бағдәулетқызы, тарихшы, әдебиеттанушы Зифа Әуезова, аудармашы, журналист Роза Құдабаева, абайтанушы-ғалым Гүлзия Қамбарбаева, аудармашылар Миргүл Қали мен Гаухар Халық қатысты. Ақын өлеңдерінің көркем аудармасын жасау танымал британ ақыны, профессор Шон О’Брайенға, ал қара сөздерін аудару шотландтық ақын әрі жазушы, профессор Джон Бернсайдқа тапсырылды. Оларды таңдап, жобаға қосқан – Кембридж университетінің баспасы.
Абай шығармаларын араб әлеміне Араб мемлекеттері лигасының Білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ALECSO) баспа үйі дайындап, ұсынды. Араб тіліндегі жолма-жол аударманы әзірлеуге Каир университетінің оқытушысы Рабиға Төлебай, шығыстанушы Құрманғазы Садыбаев, әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің Шығыстану факультетінің деканы Палторе Иктияр атсалысты. Абай өлеңдерінің әдеби редакциясын лингвистика және философия профессоры Халед Елсайед іске асырды.
Абай туындыларын қытай тілінде Қытай қазақтарының арасынан шыққан танымал жазушы, әдебиетші, қоғам қайраткері, ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақпар Мәжит сөйлетті.
Жинақты неміс тіліне аудару және басып тарату Hirnkost баспасына тапсырылып, Әлмағамбет Төреханов пен Таңсұлу Рахымбаева сынды аудармашылар қазақ тілінен неміс тіліне тікелей аударма жасады. Жинақтың әдеби редакциясын танымал неміс жазушысы, драматург Аня Тукерманн үйлестірді. Бұл жоба аясында Абай жапон тіліне алғаш рет аударылып отырғанын айттым. Қазақ және жапон мамандарынан тұратын шығармашылық топ құрылды. Ақын шығармаларының көркем аудармасына Токио университетінің шет тілдер профессоры Сакай Хироки, қазақ әдебиетін зерттеуші Микия Нишимура, жапон-қазақ сөздігін құрастырушы, аудармашы Шигенобу Масуджималар қатысты. Жинақ Токиодағы Каденша баспасынан шықты. Абай мұрасын түрік тіліне аудару жұмысын Түрік әдебиеті қорының баспасы жүзеге асырды. Қазақы ұғымдарды жүйелеп, реттеп, толықтыруға ғылыми редактор есебінде Әбдуақап Қара қосылды. Түрік әдебиеті қорының баспа үйі аударма жобасына Екрем Аян, Зафер Кибар секілді тәжірибелі аудармашылар мен Имдат Авшар, Бахтияр Аслан сынды көркем аударма мамандарын қосты. Қазақ тілінен тікелей аударуға шамамыз жетпейтін тілдер де бар. Мәселен, қазақ тілін жетік білетін испантілді, французтілді аудармашыны табуда біраз қиналдық. Французтілді аудармашы табылатын шығар деп үміттенген едім. Бірақ болмады. Ақыры, амал жоқ, француз, итальян және испан тілдеріне ағылшын және орыс тілі арқылы жол салдық.
Абай шығармаларын испан тілінде сөйлетуге Сервантес институты қолдау көрсетіп, жинақты дайындауға әдеби аудармаға маманданған «Visor» баспасы жауапты болды. Абай туындыларын аударумен Испанияның беделді аудармашысы Мария Санчес Пиуг, Гранада университетінің профессоры Энрике Торкемада, аудармашылар Михаил Чиликов пен Александра Шевелевалар атсалысты. Жинақты француз тіліне аударуды, басып шығарып, таратуды Le Passeur атты Францияның ең ірі баспа үйі орындады. Итальян тіліндегі аударма жинақты Италиядағы ең ірі баспалардың бірі MONDADORI LIBRI SPA дайындады. Жоба үйлестірушісі Анар Құрманжанқызы. Жинақтың барлық тілдегі форматы мен мұқабасы бірдей. Мұқаба суретінің авторы – танымал суретші Дәурен Қастеев. Абай аудармасына ерекше үлес қосқаны үшін мемлекеттік награда алған бірқатар шетелдік әріптестеріміз де бар. Мысалы, Кембридж университеті баспасы тарапынан Абайды аудару жұмысына жетекшілік еткен, аталмыш баспа басшыларының бірі Джейн Манн ханым, Абай өлеңдері мен сөздерін қытай тіліне жеке-дара аударған Ақпар Мәжит ағамыз, Испания корольдік әулетінің аудармашысы, Абайды испан тілінде сөйлеткен Мария Санчес Пуиг ханым, сондай-ақ Абайды түрік тіліне аударуға айрықша үлес қосқан Зафер Кибар мырза және Абай жинағының араб тіліндегі нұсқасын дайындауға өлшеусіз үлес қосқан Халед Елсайед мырза Қазақстанның шетел азаматтарына беретін ең жоғары сыйлығы – екінші дәрежелі Достық орденімен марапатталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай шығармаларының 10 тілдегі жинақтарының бірқатарымен танысып, аудармалардың көркемдік сапасына жоғары баға берді. Жобаға қатысқан мамандарға, «Ұлттық аударма бюросына» ризашылығын білдірді. Бұл – біз үшін зор мәртебе.
– Былтыр Ұлттық аударма бюросы 60 автордың шығармасын БҰҰ-ның ресми тілдеріне аударды. Жоба діттеген мақсатына жетті ме?
– Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің екі антологиясы БҰҰ-ның 6 ресми тіліне аударылды. Антология проза және поэзия жинақтарынан тұрды, оған жалпы саны 60 автордың таңдаулы шығармалары кірді. Бұл жобада Ұлттық аударма бюросы аударма жұмысын ұйымдастыруға, аудармашы мамандардың жұмысын үйлестіруге жауапты болды. Көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету мақсатында сол тілдерде сөйлейтін елдегі беделді әрі тәжірибелі деген баспа ұйымдарын, кәсіби мамандарды жұмысқа тарттық. Аталған жобаға қазақстандық және шетелдік 300-ге жуық маман жұмылдырылды. Тәржімалау жұмыстар 1 жылдан аса уақытқа созылды. Түпнұсқадан алшақ кетпеуі үшін авторлар мен шетелдік аудармашылардың, редакторлардың кездесуін де ұйымдастырдық. Шетелдік аудармашы мамандар Қазақстанға келіп, авторлармен пікірлесті, мәдениетімізбен жақынырақ танысты. Антология дүниежүзінің 5 құрлығындағы 93 мемлекеттің ірі кітапханалары мен іргелі оқу орындарына, мәдениет пен әдебиетке маманданған ғылыми орталықтарына таратылды. Қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және оны осындай кең көлемде тарату – бұрын-соңды біздің тарихымызда болмағанын атап өту керек. Қазақ әдебиетінің антологиялары ірі кітапхана қорлары мен ондағы ерекше кітаптарды есепке алатын WorldCat деп аталатын халықаралық библиографиялық жүйеге енді. Антологияларды алған елдер мен ұйымдардан 100-ден аса алғыс хат келді. Мәселен, Франция Президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания білім министрі Гэвин Уильямсон алғыс хатын жолдады.
КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН КҮРЕСКЕ ӨЗ ТІЛІМІЗДЕ ТӨТЕП БЕРЕ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК
– Руханиятқа, әдебиетке сүбелі үлес болып қосылар үлкен жобаларды жүзеге асырып жүрсіздер. Мұндай шараларды оңтайлы іске асыру үшін біліктілікпен қатар, рухани діңгектің де мығым болмағы керек, әрине. Жалпы, бұл салаға қалай келдіңіз?
– Жаңа реңктегі бұл кітаптар, жалпы аударма ісі – біздің қоғам және ұлт ретінде өсуіміз үшін ауадай қажет. Біз әзірге әлеммен таласа алатын мазмұн шығармаймыз, білім беру әдістемесі мен мазмұны, ғылыми негіздер мен технологиялардың, тіпті күнделікті көріп тыңдайтын кино мен музыкамыздың басым бөлігі сырттан келеді. Оның барлығы бізге, негізінен, өзге тілде жетіп жатыр. Мұны шектеу, тежеу мүмкін емес. Бірақ біз осындай мазмұндық алыс-беріске өз тілімізде қатысып, өз мүддемізді қорғай білуіміз қажет. Бұл – көзге көрібейтін күрес, қажет десеңіз, шайқас. Ең оңайы – қажет тілді меңгеріп, керегімізді сол тілде емін-еркін тұтыну. Бірақ көп ұлттар соған алданып, жұтылып, жоқ болып кетуде. Өткен заманды ғана емес, қазіргі өмір ахуалдарын да дәл сипаттар күші, келешекке қажет мазмұны болмаса, тіл қуатынан айырылады. Тіл жоғалса, ұлт та болмайды. Ұлт болмаса, мемлекет те қажет болмай қалады. «Осыншама күш салудың не керегі бар, барлығы ағылшын, орыс тілдерінде жүйеленіп тұр, соны пайдалана берейік» дегенді жиі естиміз. Бұл ойды дамытсақ, осыншама шекара күзетудің, бөлек ұлттық валюта ұстап тұрудың, мемлекет құрудың қажеті қанша?! Бізді шекарасына қосып, ақшасына ортақ етіп, мемлекетіне қосып алуға дайын елдер аз емес. Сондықтан да қазақ тіліндегі осы өмірге қажетті, сапалы мазмұн қалыптастыру – біз үшін ең маңызды мәселенің бірі. Ал оны тез шешіп, қоғамды басқа сапалық деңгейге шығарудың ең төте жолы – аударма. Аударма арқылы әлемнен алып қана қоймай, өзіміз де көп дүние бере аламыз. Түптеп келгенде, ұлттың қуаты сол ұлттың жасап шығарған, адамзаттың ортақ қорына салған мағына, мазмұнымен өлшенеді. Саяси күш те, байлық та өткінші. Ол өмірге мағына бермейді. Сондықтан да жоғарыда аталған антологиялар аударылды. Биыл іске асқан Абайды әлемнің 10 тіліне аудару бастамасы да біздің осы мағыналық, мазмұндық алыс-беріске қосқан сүбелі үлесіміз. Бізді бұл салаға жетелеп әкелген де – осы ойлар.
– Ауқымды жобаларды жүзеге асырудың өз тәуекелі бар. Сондай-ақ оны нәтижелі етіп аяқтау да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адам ретінде, тұлға ретінде ұстанатын өзіндік қағидаларыңыз бар ма?
– Иә, жобаларымыз ауқымды. Тәуекелі де мол. Тілекші, қолдаушылармен бірге кедергі жасап, аяқтан шалып қалғысы келетіндер жетеді. Бірақ бастаған шаруамыздың оңай болмайтынын, бұның үлкен жұмыс қана емес, беріспес күрес екенін білдік, соған іштей о баста бекіндік. Мақсатымыз айқын, мұратымыз анық, тартысты болса да – мағыналы шаруа. Сол күш береді.
Ұстаным мен қағидаға келсек, меніңше, ой жинақы болуы тиіс. Іштей сенімді болсаң ғана сөйлеу қажет. Айтқан екенсің, орындау – міндет. Шаруаңа, айналаңа адал болсаң, заң мен тәртіпті сақтап, әдептен озбасаң, қалғаны реттеледі.
– Биыл Абай шығармашылық мұрасын аударумен қатар, өте ауқымды «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын аяқтайсыздар. Жоба аясында атқарылған жұмысты бір қорытындылап өтсеңіз. Осындай жауапты жобаның мамандарын қалай таңдайсыздар?
– «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы басталғалы үш жылдан аса уақыт өтті. Жобаның мақсаты – гуманитарлық бағыттағы әлемнің ең жақсы деген оқулықтарын аударып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарына жеткізу, сол арқылы гуманитарлық білім мен ғылымның мазмұнын жаңарту. Қазір жалпы саны 77 оқулық дайын. Олардың әрқайсысы 10 000 данамен басылып, еліміздегі 132 ЖОО кітапханасына таратылды. Олар философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, дінтану, тарих, әдебиет және өнертану, құқық, саясаттану, экономика мен кәсіпкерлік, менеджмент пен маркетинг, медиа мен журналистика, педагогика, кинотану, театртану, интеллектуалдық құқық, статистика, демография салаларын қамтиды.
– Аударылатын оқулықтар қалай іріктелді?
– Оқулықтарды еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдары ұсынады. Бұлар – негізінен дүниежүзінің маңдайалды университеттерінің оқу бағдарламаларына кірген, әлемге танымал ғалымдардың көп тілге аударылып таралған бестселлер кітаптары. Атап айтсақ, Энтони Кеннидің «Батыс философиясының тарихы», Джордж Рицердің «Әлеуметтану теориясы», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғызы», Карен Армстронгтың «Құдайтану баяны», Эрнст Гомбрихтың «Өнер тарихы», Грегори Мэнкьюдің «Экономиксы», Филип Котлердің «Маркетинг негіздері», танымал шығыстанушы ғалым Эдуард Саидтың «Ориентализмі», Жил Делөздің «Кино: Қозғалыс-бейне», «Кино: Уақыт-бейне» деп аталатын екі томдық классикалық бағыттағы еңбегі, жеке бюджетті жоспарлауға қатысты құнды кеңестер жинақталған «Жеке қаражат» оқу құралдары және басқа да шын мәнінде аса құнды оқулықтар. Қазір барлық оқулықты таныстырып отыруға көп уақыт кетеді. Жобаның 100kitap.kz деп аталатын ресми сайты бар. Сайтқа кіріп, оқулықтар тізімімен, авторларымен, жалпы мазмұнымен танысуға болады. Ал аударылып басылған 77 оқулықтың электронды нұсқасы «Қазақстанның ашық университеті» мен «Қазақстанның ашық кітапханасы» порталдарына жүктеліп, еркін қолданысқа берілді. Қазір жобаның соңғы кезеңіне таңдалған 23 оқулықтың аудармасы аяқталып, баспаға дайындалуда. Оларды жыл соңына дейін басып шығарып, университеттерге таратамыз. Жобаны қорытындылайтын уақыт жақындап қалды. Бұл оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы қазақстандық жоғарғы мектеп пен ғылыми ортаның өсуіне, күшеюіне, терминологияны біріздендіріп, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосты деуге болады. Дүниежүзінің ең үздік оқулықтарын аудару арқылы мамандарымыз сол әлеммен танысып, оның қыр-сырына бойлауға мүмкіндік алды. Гуманитарлық білім саласы мазмұнының түбегейлі жаңарып, ғылыми ізденістерге жол ашылғаны туралы осы саланың мамандары жиі айтып жүр. Ең бастысы, студенттер әлемдік білім мазмұнымен өз ана тілінде таныса алады, әлемдік дискурстан сырт қалмайды. Ал «жобаға кімдер, қандай мамандар қатысып жатыр?» деген сұрағыңызға келер болсақ, қазір бізде жалпы саны 300-ден аса адам жұмыс істейді. Олар – тәжірибелі аудармашылар, Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының ғалымдары, тілшілер мен әдебиетшілер ортасынан іріктелген редакторлар. Бұл жоба – үлкен тәжірибе. Бұған дейін мұндай ауқымды аударма жобасы болмады әрі осы салаға бейімделген мамандардың кәсіби ортасы қалыптаспаған еді. Жоба басталғалы бері 4 жылдай уақыт аралығында осы оқулықтарды аударуға қатысқан біздің мамандар мен ғалымдар көп тәжірибе жинады. Ғылыми аудармаға маманданған салалық аудармашылар саны да арта түсті. Оқулық құрастыру технологиясынан да хабары бар мамандарымыз көбейді.
Әлемнің ең жақсы оқулықтарының қазақ тіліне аударылуы қазақстандық жоғарғы мектеп пен ғылыми ортаның өсуіне, күшеюіне, терминологияны біріздендіріп, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосады деуге болады.
«ӘЛЕМ АЗАМАТЫ» ДЕГЕН ҰҒЫМ КЕҢ ТАРАУДА
– Сіздер мазмұны бай кітаптарды қазақ тілінде сөйлеттіңіздер. Алайда қазақ жастарының арасында шетелде оқып жатқандардың, шекара асып оқығысы келетіндердің қарасы көп. Өзіңіз бір сұхбатыңызда әлемде дамыған елдердің дамушы елдерден таланттарды өздеріне тарту, ақыл-ой алу үрдісінің жүріп жатқанын айтқан екенсіз. Осыдан бір ғасыр бұрын жас Мұхтар Әуезов Жапон елінің даму жолына барлау жасап, жапон жастары халықтың соғыстан кейінгі тұралап қалған жағдайын оңалту үшін, алпауыт елдерге жұтылып кетпеу үшін дамыған елдерге барып білім алып, сіңірген білімдерін өз Отандарының гүлденуіне арнағанын жазған екен. Осы тұрғыда сізден сұрап көрсек, өзіңіз айтқан жайларға иммунитет қалыптасу үшін не істемек керек?
– Бұл – бір күрделі мәселе. Бір жағынан біз әлеммен қоян-қолтық араласамыз, түрлі саладағы ғаламдық процестің бөлігіміз. Білім беру де күннен-күнге ортақ халықаралық талапқа, бір стандартқа келе жатыр. Ол бір жағынан жақсы, өзгеге қарап, олардан үйреніп, тез жетілеміз. Бірақ әлемдегі еңбек және таланттар нарығының ортақ стандартқа келуі біз секілді дамушы елдер үшін өте қауіпті. Қазір дүниежүзі елдері таланттар мен капитал үшін таласуда. Біз сырттан капитал тартуға тырысамыз, ал экономикасы дамыған елдер біздің талантты жастарымызды өздеріне тартқысы келеді. Соны жеңілдету үшін әлем бойынша орта және жоғарғы білім беруді ортақ талаптарға, бір жүйеге келтіру талабы күшейді. Білім сапасын тексеретін баршаға ортақ халықаралық тесттер көбейді, біз оларды қабылдап, балаларымызды өзіміз емес, өзгелер жасаған талапқа сай оқытып жүрміз. Осылай білім алған, біздің озық мектептеріміздің үздік түлектері жаппай сыртқа кетуде. Әсіресе, болашақ инженерлер, нақты ғылымдарға, физика-математика, химия-биология, информатика салаларына қызығатын жастар сыртқа көп кетіп жатыр. Олардың қайтып келуі екіталай. Өйткені ол елдер ең қабілетті жастарды қалай да өздерінде қалдыруға тырысады. «Әлем азаматы» деген ұғым кең тарауда. Бірақ әлем азаматы – Қазақстан азаматы емес, ол мемлекеттік шекара, ұлт мүддесі дегенді мойындамайды. Бұл мәселе барған сайын күрделене бермек, себебі шекараны жауып қою мүмкін емес.
Меніңше, бізге әлем азаматы емес, бірақ әлемнен хабары бар Қазақстан азаматын тәрбиелеу туралы ойлану керек. Ол үшін ұлттық мектептің жаңа үлгісі қажет деп ойлаймын. Біз оны «Абай мектебі» деп атадық. Осы бағытта жұмыс істейтін бір мектепті Солтүстік Қазақстан облысында іске қостық. Оның мазмұнын Абайдың толық адам туралы ұғымына негіздегіміз келеді. Қазір әдіскер мамандарды жинап, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі азамат тәрбиелейтін білім беру мазмұнын қалыптастырудамыз. Бұл – ауқымды да күрделі жұмыс. Осы жұмысқа үлес қосамын деген мамандарды әріптестікке шақырамыз.
– Істеріңізге сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА