ТЕКТІ АБАЙ ӘУЛЕТІНІҢ ҰРПАҒЫМЫН
«Жеті атасын білмеген – жетесіз», – дейді дана халқымыз. Қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы, ұлы ақын, философ Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толу мерейтойы қарсаңында тікелей ұрпағы, асылдың сынығы ретінде өзімнің Азат атам жасаған шежіресін аз-кем таратып айтуды жөн көрдім. Мен Нұргүл – данышпан бабамыз Абай Құнанбайұлының туған інісі Ысқақтың тікелей ұрпағымын.
Жетінші атам Өскенбай Ырғызбайұлы (1778-1850) – жастайынан зерек, ақылгөй жан екен. Әкесі Ырғызбай дүниеден озған соң, ел ағасы Кеңгірбай би өзі қартайған шағында Өскенбайды тәрбиелеп ел билігін қолына беріп, би қояды. Өскенбай би бәйбішесі Зере апамыздан (шын аты – Тоқбала Бектемірқызы) – Құттымұхамбет, Құнанбай, Тайбала есімді екі ұл, бір қыз сүйеді. Құттымұхамбет жастай қайтыс болған. Зереден кейінгі төрт әйелінен Өскенбай би тоғыз ұл көрген. Тобықты елін билеген Өскенбай ата орта жасқа келгенде ел билігін үлкен ұлы Құнанбайға тапсырады.
Алтыншы атам аға сұлтан, қоғам қайраткері Құнанбай қажы Өскенбайұлының (1804-1986) – төрт әйелі болды. Бәйбішесі Әйбөбектен (Күнке) – Құдайберді туды. Ұлжан анадан – Тәңірберді, Абай (Ибраһим), Ысқақ, Оспан, ал үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Смағұл, Кәмшат туған, төртінші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ болмаған. Өскенбайдан басталған билікті оның ұрпағы 150 жыл бойы Совет өкіметі билікке келгенге дейін қолдарынан шығармаған.

Құнанбай бабамыздың балаларының арасында Абайдың айтқанымен жүріп, тәрбиесін тыңдап, ағаларын арқа тұтқан інілері Ысқақ пен Оспан өзара тату болған. Бірақ Оспан жас шағында қайтыс болады.
Бесінші атам Ысқақ Құнанбайұлы (1847-1901) – Абайдың өзінен кейінгі туған тете інісі. Ол да Ұлжан анадан туған. Бірақ Құнанбай әкесінің үлкен әйелі Күнкенің қолында тәрбиеленген. Ірі денелі, алып күштің иесі Ысқақ атам өте шаруақор, ақкөңіл, сөзге шешен, байыпты, мінезді, екі сөйлемейтін, жомарт жан болған екен. Ол кісі Абай ағасының шаруашылығын өз істерімен қоса жүргізіп, оның білім, ғылыммен айналысуына мүмкіндік жасаған. Ысқақ атам Абайдың қолын ұзартқан. Кедей-кепшіктің жағдайын көп ойлайтын, қолы ашық жан болған екен. Ысқақ атам ауыл молдасынан оқып, ескіше хат таныған. Абайдың ұйғарымымен, халқының қалауымен 9 жыл болыс болып, ел басқарған. Ерте дүниеден озған ағасы Құдайбердінің балаларына – Шәкәрім бастаған інілеріне ерекше қамқорлық көрсеткен. Құнанбай тетелес үш баласы – Тәңірберді, Абай, Ысқақты бір күнде үйлендіріп, еншілерін беріп, бөлек отау етіп шығарған. Абай мен Ысқаққа Ащысу бойындағы Тесіпшыққан қорығы мен Ақшоқыдан жер береді. Алғашқы жылдары бірге тұрған Абай мен Ысқақ арасындағы тату-тәтті туыстық қарым-қатынас өмір бойына үзілмеген. Араларына 2-3 ай салып Ділдәдан туған Мағауия мен Тектіден туған Кәкітай бірге тай-құлындай тебісіп, сырлас, мұңдас, құрдас туыс болып өсті. Текті жастай қайтыс болғанда Кәкітай Абай атаның ауылында Ділдә ананың бауырында өсіп ер жетті.
Төртінші атам Ғабдүлхакім Ысқақұлын (1869-1915) ата-анасы Кәкітай деп еркелетіп атап кеткен. Кәкітай атам 8 жасынан бастап ауыл молдасынан 4 жылдай сауатын ашып, түрікше және арабша хат таныған. Кәкітайдың ерекше зеректігін байқаған Абай оны өзіне бала етіп алып, Мағауиямен бірге тәрбиелеген. Семейге бірге ертіп барып, орыс тілін үйреткен. 1-2 жыл ішінде Кәкітай ата орыс тілін жетік біліп қана қоймай, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын, Еуропа елдері мәдениет қайраткерлерін оқып, өз заманының білімді азаматына айналды. Кәкітай Абай ағасының мұраларын тұңғыш бастырушы. Ол кісі Абай атаның барлық өлеңдері мен поэмаларын, ғақлия сөздерін жинақтап, тұңғыш рет өмірбаянын жазып, өз қаражатымен 1909 жылы Петербургте алғашқы жинағын бастырып шығарғандығы көпке мәлім.
Үшінші атам Әрхам Кәкітайұлы (1885-1962). Кәкітай атам да Әрхам атам тұңғышы болғандықтан, қазақтың қалыптасқан салты бойынша Ысқақ атасы мен Абай атасының тәрбиесіне берген. Абай атамыз қайтыс болғанда Әрхам атам 19 жаста болған екен. Осы жасқа дейін Абай атасының қасында отырып, сөздерін естіп, өлеңдерін жаттап, оның ақын, өнерлі шәкірттерімен бірге музыка аспаптарын және дойбы, тоғызқұмалақ ойындарын жетік меңгерген. Әрхам атам байдың ұрпағы ретінде көп жылдар бойы қуғында жүрген. Мұхтар Әуезов бастаған қазақ зиялыларының тікелей араласуының арқасында Абай ұрпақтары ақталып еліне қайтқан екен. Әрхам атам елге оралысымен Семейдегі және Жидебайдағы Абай музейінің іргетасын қаласып, оны Абай мұраларымен толықтырған. Абай мұраларын жинап, шығармаларына анықтама, түсінік беріп, музей қорын қолжазба, естелік, ғылыми зерттеулермен байытқан. Абай атаның көптеген өлең-жырларын, ол кісінің әйел теңдігін көздеген игі ісін баяндайтын «Зағипа» атты дастанын және «Абайдың өмір жолы» повесін жазып қалдырған.
Өз атам Азат Әрхамұлы (1928-1996) – Әрхам атамның кенже ұлы. 1951 жылдан Аягөз қаласындағы №2 мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, Ысқақ атасы мен Әрхам әкесінің ісін ілгері дамытып, Ұлы Абай мұрасын насихаттаумен үзбей шұғылданған. Атам мен апам Қарлығаш Құлшыбекқызы да осы аталған мектепте жарты ғасырға жуық қызмет істеп, шәкірт тәрбиелеп, ата-аналардың құрметіне бөленген жандар. Жұбайы Қарлығаш екеуі бірлесе отырып, Абай ұрпағы ретінде Аягөз қаласындағы №2 мектепте Абай мен М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейін ұйымдастырған, оны 1987 жылы Мұхтар атамыздың туғанына 90 жыл толу мерейтойы қарсаңында ашты.
Бұл музей Абай мен Мұхтардың және кейін қосылған Шәкәрім атамыздың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын оқушыларға тереңдете жеткізіп, насихаттаудың мәдени ошағына айналды. Музей Азат атам мен Қарлығаш апамның Абай ата ұрпағы атынан Аягөз қаласының халқына, ұрпақтарына қалдырған бағалы ескерткіш-тартуы деп білеміз.
Азат атам осы музейді ашу қарсаңында «Құнанбай қажы ұрпақтары» атты шежіре құрастырған.
Әкем Әлішер Азатұлы (1951-2010) – Аягөз қаласында дүниеге келген. Бірақ екі жасынан Жидебай қорығында орналасқан музейде тұратын атасы Әрхам Кәкітайұлының қолында тәрбиеленген. Дана Құнанбай атамыздың үйінде, жерінде тұрып Ұлы Абай, Кәкітай аталарымыздан нәр алған Әрхам атамыз әкем Әлішерді де ата-бабасының тарихын жақсы білетін зерделі етіп тәрбиелеген. Әкем мектепке барар жылы Әрхам ата Қарауылға көшіп келген. Әлішер әкемнің келбетінде Абай, Ысқақ, Кәкітай бабаларының бейнесі тұратын, ол кісінің бойында аталарынан сіңірген қасиеттері де аз емес еді. Барлық музыкалық аспаптарда (пианино, домбыра, мандолина, гармон, гитара, т.б) ойнап, ән салып, пьесаларда түрлі рөлдерді сомдап, жақындарының тойларында асаба болып та жүретін. Қазақстанға әйгілі «Қаламқас» ансамблінің құрамында оркестрде мандолинде ойнаған, өнерге таласы бар жан еді. Әкем Әлішер барлық саналы өмірін жас ұрпақты білім нәрімен сусындандырумен, адамгершілікке тәрбиелеумен, ұстаздықпен өткізді. 1981-1998 жылдары Аягөз қаласындағы №44 теміржол орта мектебінде тарих пәнінен ұстаздық етті. Сол жылы Алматы қаласына қоныс аударып, ұстаздық қызметін жалғастырып, меңгеруші, бір жылдары директор да болып қызмет атқарды.
Байқап қарасам, Абай сынды ұлы бабамызға інісі Ысқақтан бастап, одан тараған ұрпақтарының еңбектерінде жалғасын тапқандай.
Шыңғыста Абай сынды дана туған,
Шәкәрім, Мұхтарлар дара туған.
Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Әрхам-
Ақындықпен әкенің жолын қуған, –
деп жырлайды Азат атам. Ақындық ұлы қасиет атадан балаға дарыған Азат Әрхамұлы да, әкем Әлішер де өлең шығаратын. Әкем Азат атамның өлеңдерін жинақтап «Сырлы жүрек» атты кітабын шығарып, әке алдындағы бір парызын өтеген еді.
Асқар тау әкем 2010 жылы мамыр айында сырқаттанып дүниеден өтті. Әкем Әлішер үнемі текті ұрпақтан тарағанымызды мақтан етіп айтып, аталарымыздың мұраларын жинайтын. Осы жылы Абай хакімнің 170 жылдық мерейтойы қарсаңында, текті Абай әулетінің тікелей ұрпағы болғандықтан, Құнанбай атамнан бастаған шежіре, сол кісіден тараған ұрпақтарының фотосуреттері мен мұраларын өзім қызмет атқаратын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің қорына сый ретінде тапсырдым. Осылай ізгі қадам жасауды өзіме биік парыз санадым. «Алмас қанжар қын түбінде жатпас» деген емес пе! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», – деген болатын. Аса құрметпен қастерлеп өткізілген бұл құнды фотосуреттер Абай атаның торқалы мерейтойының аясында киелі шаңырақ – еліміздің бас музейінде «Абай әлемі» атты көрмесіне қойылды. Енді осы материалдар Абай Құнанбайұлының кешенін толықтыра түсіп, музей қорында сақталып, экспозицияларға қойылып, ғылыми айналысқа еніп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде зор үлесін қосады деген сенімдемін.
Нұргүл Әлішерқызы Ысқақова,
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік Орталық музейінің
Қорды есепке алу тобының маманы.
ПІКІРЛЕР28