Мақпал ЖҰМАБАЙ: «Balapan» 1000-нан астам баланың жұлдызын жақты
18.09.2020
406
0

Ұрпақ тәрбиесі. Осы бір киелі ұғым адамзат қоғамын қадау-қадау ғасырлардан бері толғандырып келе жатыр. Толғандыра береді де. Елдің ертеңі болар болашақ ұрпақтың сана-сезімін, ұлттық психологиясын, жан дүниесін ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып тәрбиелеу бәріміздің борышымыз. Әрине кешегі балалар мен бүгінгі жас өскіннің өскен ортасы, көрген-білгені әр түрлі. бала санасына ықпал етер қазақ мультхикаялары турасында «Балапан» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабаймен аз-кем әңгімелесіп көрдік.

– Байқауымызша, «Balapan»  телеарнасы соңғы уақытта ұлттық тәрбиеге көп көңіл бөліп жатқан сияқтысыздар, солай ма?

– «Рухани жаңғыру» секілді мемлекеттік бағдарламалардың негізінде қазір балалар арасында супер қаһарман бейнесін қалыптастыру қолға алынып, қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Мұның алғышарты – Ертемір, Айдар, Күнекей, Әмір сынды анимациялық кейіпкерлеріміз. Олар аз уақыттың ішінде кішкентай көрермендердің сүйікті батырларына айналды. Бұған күні кеше ғана  эфирге шыққан «Алпамыс» мультхикаясын қосыңыз.  «Алпамыс» арқылы біз телеарнамыз үшін жаңа тақырыптық бағыт аштық. Эпостық жырлар кішкентай көрерменге анимация тілімен түрленіп жетпек. Батырлар жырын анимациялау арқылы өткенімізді тануға жаңа көзқарас қалыптастырамыз деп сенеміз.

Ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар жайлы сөз бастаған соң,  жауабымды толықтыру үшін кей жобаларға қысқаша тоқталып өткім келіп отыр. Мәселен, 20 күйдің тарихынан сыр шертетін «Қоңыр қаз» (20 бөлім), ел тарихындағы ірі тұлғалардың өмірі мен еңбектерін балаға ұғынықты тілде түсіндіретін «Дара тұлға» (20 бөлім), қазақ және әлемдік классикалық ертегілердің синтезі саналатын «Күлкі іздеген Күнекей» (10 бөлім), Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасындағы жылқылар тақырыбын жалғайтын  «Пырақтар» (10 бөлім), тарихы терең «Байжігіт» күйі негізінде «Ағаш ат» (5 бөлім) мультсериалдары көрерменге жол тартты.

Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Мәселен, «Қалалар мен балалар» мультхикаясы еліміздегі 15 қаланың бүгінгі әрі кешегі келбетін танытса,  «Әріптер қаласы» латын қарпіндегі жаңа қазақ әліпбиін үйретеді. «Сақалар» балалардың асық ойнауға қызығушылығын арттырып, ұлттық ойынды жандандыруды көздесе, «Ырысты ыдыстар» бүгінде жаппай қолданыстан шығып қалған ұлттық ыдыстарымызды қайта насихаттауды мақсат етеді. Сонымен қатар  «әлемнің екінші ұстазы» әл-Фарабидің ғылымға келу жолын баяндайтын «Әл-Фараби» анимациялық сериалы да көрерменге жол тартпақ.  Бұл – ғұламаның 1175 жылдығына орай дайындалған арнайы жоба!

– Телеарнаның сәнін келтіріп тұрған тағы бір «қанаты» – аударма мультфильмдер.  Жалпы, біздің балаларға қандай фильмдер ұнайды, осы туралы зерттеулеріңіз бар ма?

– Иә, дұрыс айтасыз, шетелдік мультфильмдер – біздің эфирдің ажырамас бөлігі. Нақты айтар болсақ, шетелдік анимациялық жобалар эфир көрсетілімінің 40 пайызын құрап отыр. «Balapan»  ашылған 2010 жылдан бері  300-ге тарта  шетелдік туынды  кішкентай көрермендердің  назарына ұсынылды. Бүгінде дубляж деңгейі өсіп, сатып алынатын мультфильмдердің сапасы да арта түскенін көзі қарақты көрермен байқаған болар.

Осы орайда ерекше атап өтетін дүние – «Balapan» сатып алынатын өнімдердің мәдениетіміз бен танымымызға сәйкестігін жан-жақты саралап, көркемдік кеңес отырысында талқылайды. Тіпті дубляж кезінде кейіпкердің дауысын түпнұсқаға ұқсату сынды шарттар да болады.  Сондықтан бұл да –үлкен еңбек өндірісі.

Әлемдік анимация нарығында үздік бағаға ие болған жаңа туындылар кешіктірілмей көрермен назарына ұсынылады. Атап айтқанда, біз «The Walt Disney company», «Aardman Animations Limited», «The PGS Company», «Discovery media ventures limited», «Access Media Group», «Hasbro studios», «Silver Box Limited», «Signal media», «Studio 100 mediagmbh», «ZDF  Enterprises», «Acamar Films Limited», «ICONIX Co., Ltd»  секілді алпауыт компаниялардың анимациялық өнімдерін дубляждап, қазақ тілінде көрсетуді жолға қойдық. Ескеретін жайт, әлемдік деңгейде сұранысқа ие бұл жаңа жобалар өндірушілердің өзінен тікелей сатып алынады. 

Ал енді балалардың қалауы туралы айтатын болсақ, қолда бар рейтинг көрсеткіштеріне сәйкес, балапандарымыз шытырман оқиғалы мультфильмдерді өте жақсы көреді. Оның ішінде түрлі көліктер, роботтар мен трансформерлер туралы оқиғаларды сүйіп тамашалайтынын байқадық. Әлбетте, кішкентай ханшайымдардың да талап-тілегін ескерусіз қалдырмаймыз. Мұның сыртында, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын анимациялық жобаларды да ұнататынын байқадық. Жалпы, жоғарыда атап өткенімдей, біз қазақ балаларының заманауи трендтерден кеш қалмауы үшін әлемдік тұсаукесерлерді көп ұзатпай эфирден беруге тырысып келеміз. Әзірге нәтижеміз жаман емес. Бұдан бөлек, шетелдік анимациялық жобалардың телевизия құқығынан тыс, интернет құқығын да қоса алатын болдық. Бұл енді бөлек бір сұрақтың жауабы болатындай кең әңгіме.

– Әйтсе де осы бағыттағы әңгімені айта отырғаныңыз жөн сияқты. Бұған дейін шетелдік жобалардың қазақ тіліне дубляждалған нұсқасын әлеуметтік желілерге салу құқығы еліміздегі ешбір арнаға берілмеген еді. Бұл құқыққа  «Balapan» арнасы ие болған екен. Бұл қалай мүмкін болды?

– Дұрыс айтасыз, бұдан былай шетелдік үздік мульттоптамаларды «Balapan» арнасының Youtube каналынан көруге болады. «Balapan» үздік шетелдік туындылардың интернет құқықтарын сатып алуды қолға алды.  Өзіңіз айтып өткендей, отандық телевизия тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан бұл бастама Дистрибуция және сатып алу бөлімі жүргізген жан-жақты келісімдердің нәтижесінде мүмкін болды.  Осылайша арнаның Youtube каналы шетелдік анимациялық жобалардың қазақ тіліндегі нұсқасымен күн сайын толығуда. Атап айтар болсақ, «Құрастырушы Лева», «Үйшіктер», «Хайди», «Қоңыраулы қала», «Білгіштер» мультсериалдары мен «Аңдар достығы», «Капитан Шарки», «Кунг-фу қоян: от әміршісі», «Қанат қақ» және «Кемедегі оқиға» толықметрлі фильмдерін арнаның Youtube-тағы каналына салу бойынша 4 компаниямен келісімшарт жасалды. 

Бұдан бөлек, тағы 3 компания интернет құқығын беріп отыр. Жыл соңына дейін жалпы 700 серияға жуық анимациялық жоба «Balapan»-ның Youtube каналына жүктелмек.  Бұл бастама болашақта да жалғасады.

Айта кету керек, соңғы мәлімет бойынша, телеарна каналына салынған мультсериалдар мен тележобалар 354 миллионның үстінде қаралым жинады.

 – Балалардың көкейіндегісін дөп басып,  олар қажет еткен жобаларды дер кезінде өндіру оңай шаруа емес. Бұл бағытта сіздер нені басшылыққа аласыздар?

– Балалардың ойындағысын табу, шынымен де, оңай емес. Бірақ ең бастысы – бұл балаға қаншалықты пайдалы, өсуі мен дамуына зияны тимей ме, кейінгі әсері қандай болатынын ескеру.  Басты мақсат – жобаларда адамгершілік құндылықтарды сақтау, жақсылық пен жамандықтың, мейірім мен қатыгездіктің, бір сөзбен айтқанда,  ақ пен қараның айырмасын түсіндіру.

Жобалардың балалардың көңілінен қаншалықты шыққанын, қандай жобаларға сұраныс бар  екенін анықтайтын технологиялар (рейтинг жүйесі) бар. Біздің ұсыныс пен көрерменнің сұранысы әдетте дөп келіп жатады. Бұған қоса телеарнамыздың әлеуметтік желілерде 1 миллион 100 мыңнан аса қолданушысы бар. Аудиториямыз біздің әр қадамымызды бақылап, баға беріп отырады. Көрерменмен тығыз байланыс бар жерде қателесуге қақымыз жоқ.

«Balapan» телеарнасының  ашылғанына да 10 жыл болды. Осы уақыт ішінде арна қандай жетістіктерге жетті? Өзінің негізгі міндетін орындай алды ма?

– «Balapan» 2010 жылдан бері миллиондаған көрерменіне қызық та қайталанбас жобалар ұсынып келеді. Бүгінде «Otau TV» жерсеріктік желісінде 1 млн 400 мыңнан астам абонент «Balapan» арнасын көреді. Сонымен қатар кабельдік хабар тарату операторлары арқылы телеарнаны

1 004 316 абонент тамашалайды. Бұған қоса арнамызды еліміздің 84,37 пайызы сандық жерүсті телехабар тарату желісі арқылы көреді. Бұл көрсеткішке телеарнаның ресми сайты мен «Qazaqstan» мобильді қосымшасы арқылы көріп отырған алыс-жақын  шетелдердегі бүлдіршіндерді қосыңыз.

Бүкіл әлем қашықтан оқыту жүйесіне көшкен осы шақта да «Balapan» телемектепке айналды. Мұны телеарнаның он жылдық тарихындағы айтулы оқиға деп білеміз. 

Арна ашылған күннен бері балалар контенті сандық әрі сапалық тұрғыда алға жылжыды. 10 жыл ішінде «Balapan»-да 246 тележоба, 19 телехикая мен ситком жасалды. Оның ішінде 2037 бөлімнен тұратын жалпы саны 67 анимациялық жоба өндірілді. Бұл жобаларды жасауға еліміздің барлық анимация мамандары тартылды. Нәтижесінде нарық қалыптасты, саланың дамуы жеделдей түсті.

Айрықша айта кетерлігі, арнамыздың  мультхикаялары  шетелге сатыла бастады. Атап айтқанда,  «Balapan»-ның 5 анимациялық жобасы АҚШ-та және Латын Америкасы елдерінде көрсетілмек. Енді «Тынымсыз шөжелер», «Сәби», «Еркелер», «Шахмат патшалығы» мен «Пырақтар» жобаларын осы елдерде ағылшын, испан және португал тілдерінде көру мүмкіндігі бар.  Сонымен қатар, «Balapan»-ның анимациялық жобалары Ресейдің №1 онлайн-кинотеатры саналатын IVI  платформасына жүктеледі. Осылайша «Күлкі іздеген Күнекей», «Сәби», «Еркелер» мультсериалдарын сол платформадан тамашалауға болады.

Мұның сыртында 10 жыл ішінде «Balapan» 1000-нан астам баланың жұлдызын жақты десек артық айтқандық болмас. Ал сол балалардың алды бүгінде миллиондарға үлгі болып жүр.

 – Кешегі балалар әже әлдиі мен ертегіге ұйып өсетін. Ал бүгінгі бөбектер теледидар мен телефонға телміріп жүр. Неден ұтып, неден ұтыламыз?

Балалардың сандық технологияларды игеруі – уақыттың өзі қойып отырған талап. Әсіресе, пандемия әсерінен оқуға, білімге, жалпы дүниенің ары қарай дамуына қатысты көзқарастар өзгеруде. Сол өзгерістерге тез бейімделу үшін де технологияларды меңгеруіміз керек. Дегенмен, әр жаңашылдықты қабылдаудың өз реті, өз тәртібі бар.  Мәселен, заманауи технологиялардың мектеп жасына дейінгі балаға қаншалықты қажет екенін саралайық. Мамандардың айтуынша, 3 жасқа дейінгі бала әлемді сезім мүшелері арқылы таниды. Үздіксіз мультфильм көретін бала қимылдамайды, ал қимылсыз даму жоқ.  Қай кезде де баланың денсаулығы  басты назарда болуы тиіс. Кез келген гаджетті орнымен қолданбаса, бала денсаулығына едәуір зиян тигізетіні мәлім. Осыны ескерсек,  баланың теледидар көруін, оның ішінде өз жасына сай жобаларды қарауын  қадағалап, денсаулығы мен оның жан-жақты дамуына мүмкіндік  жасау  – алдымен отбасының, оған қоса бүкіл қоғамның міндеті.

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ