ҚЫЛ КӨПІР
10.08.2020
1458
0

Жақсылық МҰРАТБЕК, Қазақ Ұлттық Өнер университеті «Өнертану» факультетінің 3-курс студенті

Адам баласы үш күнде көрге де үйренеді» дейді ғой үлкендер, міне бүгінмен тоғызыншы күн, бұл жұмысқа да көндігіп қалдық. Арқалаған жауапкершілігіміз анау айтқандай аса қиын болмаса да, асқан қырағылықпен жеті сағаттық демалыстан өзге, қалған уақытымыз кірпік айқастырымсыз арпалыспен өтеді. Осы жұмысқа орналасу үшін, Құдай сақтасын, мемлекеттік қызметке жаңа тағайындалған жас үміткердей бума-бума құжат жинауға табан тоздырмаған жеріміз жоқ. Емханадан басталған рұқсат қағаз жедел түрде жөнелтіліп, жеті-сегіз мекемемен, фотосалонның әдріс-тұрақтарына барып аяқталды. Құр сүлдеріміз қалған «жалаңаяқ студент» деген талабы таудай атағымыздан, бір күнде тарыдай ғана күзет қызметкері деп аталатын дәрежеге көтерілдік. Тапқан ісіміз өзімізге аса ұнай қоймаса да, амалсыз көштен қалып, аштан өлмес үшін, мейлі, қандай жұмыс түрі болсын құлшына кірісу керек. Сонымен өмірі аяқ басып, араласып көрмеген жаңа лауазымға ет үйренгенше жеткен жетістігімізден гөрі, жіберген олқылығымыз көп болды. 18 сағаттық тынымсыз еңбек… Ойпыр-ой! Жұмыстың алғашқы күнінің өзінде әлекке түсіп, абыройдан біржола айырыла жаздамадық па! Қажып, жалыққан кей күндері түнгі қарауылда қалғып-мүлгіп ұзағынан ұйықтап кететін кездеріміз де болады. Сондайда сорыңды қайнатып, соңымыздан қалмайтын қызыл көз басшылыр қараңғы түсісімен қарауылдап тұрған иелігіміздегі жерді әр екі сағат сайын тексеріп келіп, тексеріп кететіндерін қайтерсің. Бір күні мына менің өз басым екінтінің әлетінен өте бере ақшамға таяу отырған орнымда қалғып кетіп, өзімді қарауылдайтын қағынғырлардың жемсауына түскенім бар. Көзім ілініп қорылдауға басып барады екем:

 

– Ей! Жақсылық, Жақсылық! – деген қатты айғайдан қалай қарғып тұрғанымды да аңғармай қалыппын…

– Немене, мұнда ұйықтауға келіп пе едіңдер, жұмыс қайда? Давай! Іске кіріс! – деген әмірлі ащы бұйрық ашулы түрде айтылысымен аядай тар қапастың ішінде тентіреп кете жаздадық қой.

Содан ұйқылы-ояу бетімді тастай суық сумен шая салып, тымық, қоңыр салқын сол күнгі уақытты ұйқысыз өткіздім. Жаңағы қырағы көзді қызыл көз басшылар дегеніміз – өзіміздің кеудемсоқ кесірлі пенделер. Біз жұмысқа орналасқан компания оларды біздің үстімізден байыптап, бақылап отыруы үшін арнайы тағайындаған. Басында едәуір сөзге келіп, қақтығысып қалғанымызбен, жүре келе тату достардай тамаша араласып кеттік. Кейіндеп ісімізде де едәуір еркіндік белең ала бастады. Бірақ жұмыстың аты жұмыс. Арқалаған жауапкершілігімізді абыроймен атқару үшін біз де аянып қалғанымыз жоқ. Осылай күн артынан күн, ай артынан ай жылжып өтіп жатты. Сораңдаған соқа басым сопайып жұмыс істегелі де біраз уақыт. Бір күні азан-қазан арпалыс үстінде аяқ асты қалта телефоным қайта-қайта қақылдап, безектеп қоя берді. Тұтқаны көтерсем, өзіміздің Нұрым. Ет жақын бауырымыздай араласқан ҚазҰУ-де өзіммен бірге оқитын группаласым болатын. Өзі келіскен, ат жақты, керік мойын, толық денелі, ұзын бойлы сабаз жігіт. Көп сөзге жоқ. Бірақ қолына қалам ұстаса қарымтасын қайырмай жібермейтін асқан ақын, прозаик еді.

– Алло, алло, Жәкемісің? – деді асығыс-үсігіс амандық-саулықтан соң.

– Иә, менмін ғой, не болып қалды? Тыныштық па?

– Тыныштық қой, хәлің қалай, Жәкем?

– Шүкір, Құдай деп… Өзіңнің хәлің қалай, бауырым?

– Аманшылық, сол баяғы өзің көргендей, бірқалыпты.

– Иә, не жаңалық болып жатыр?

– Жаңалық дегенде… Маған жұмыс қатты керек еді, Жәке. Осы жазғы демалыс уақытын пайдаланып, азын-аулақ ақша тауып алмасақ, қиын болайын деп тұр.

– А… Солай де, жақсы… Кел, бауырым, мұнда біздің бригадада бір орын бос, істеймісің?

– Ол қандай жұмыс тағы? Әй! Әскери бөлімшеге қызметке орналасқаннан саумысың, ей…?

– Жоға, күзет қой сол…

– А… ха… ха… Жақсы. Онда ертең барсам болады ғой?

– Кел, кел, бауырым, бастықтармен өзім сөйлесіп қоярмын, мақұл ма?

– Жақсы.

Ертесі түске таяу шіліңгір шілденің аптап ыстығында Нұрым жұмысқа келді. Қолында үлкендеу қара сөмкесі бар, сөмкенің іші азын-аулақ киім-кешек демесеңіз, қалғаны толған кітап. Мендегімен салыстырғанда әлдеқайда мол. Сол баяғы өзіміз ұнатып оқитын көп томдықтар екен. Ал оған ол кітаптардың тең жартысын біздің топтағы аса сұлу, ардақты қыз Айшаның сыйлағанын мен жақсы білемін. Айша ордалы оңтүстіктің ұяң да ибалы қызы. Алғаш оқуға түскенде, жасыратыны жоқ, мен де ол қызға іңкәр болдым. Топтағы 40 шақты студенттің тең жартысы жігіттер едік, солардың Айшаға сырттай ынтық, ғашық болмағаны жоқ. Барлығы жапырыла келіп, жатса-тұрса айтатындары Айшаның жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, тіптен киген киімі, ішкен асына дейін әсіре сөз етісетін-ді. Алайда, амал нешік, араға уақыт салып Айшаның барлығымыздан артық, анық сүйгені біздің Нұрым болып шықты. Онысын кейін білдік. Қалың сұлу қара ормандай қаптап жүріп қасынан қалмайтын сұңғыла да сыпайы, ақылды жігіттің Айшаға жолыққаны да бізге анау айтқандай аса қымбат жаңалық болмағанымен, бірақ олар шиырлаған ұлы өткел, азапты жолдар әлі күнге арамызда аңыз болып айтылады. Ол өз алдына ұзын-сонар ұзақ хикая…

Тұмшалаған қапырық күннің ыстығы айналаны алқымдап, азар да безер күйге түсіріп тұр. Қу құлқын құзырыңдағыны тәрбиелеймін десе не шара! Тебіндеп қалған балапан мұртын жымқыра сөйлейтін жинақы әдетімен Нұрым соқталдай шымыр денесін шынайы ұстаған қалпында, кеулеп қалған сағыныш толы құшағын маған айқара ашты. А деп ауызашарға жеткізбестен айтар әңгімесін бастап та жіберген еді.

 – Ассалаумағалайкүм! Аман-сау жүріп жатырмысың, бауырым? – деп құрақ ұша құшағын жайды.

– Уағалайкүмассалам! Шүкір, Құдай деп, Нүке. Өзіңнің хәлің қалай?

– Біз де Құдай деп ептеп жүріп жатырмыз, сол баяғы сабылыс қой. Әй, неге сонша жүдеп кеткенсің, құр сүлдерің қалыпты ғой?

– Енді күн-түн демей күзетте жұмыста жүрген біз жүдемегенде басқа кім жүдеуші еді, сен ғой деймісің сұлулармен соры қайнап жүрген.

– Ой, сен де қай-қайдағыны айтып…

– Енді өтірік емес қой, барлығымыз басына пәрмәнә болып жүрген жалғыз Айшаны да алып кеттің.

– Өз обалдарың өздеріңе, айға бата жасап жүрген. Әрекет етсеңдер, осы уақытқа дейін қайда қалдыңдар?..

– Әй, қойшы болды… Айтқандай, Айшаның хәлі қалай? Сөйлесіп жүрмісіңдер?

– Жақсы. Күнде телефонымызда дамыл болмайды. Жаңа саған келерден бұрын хабарласқам…

– Е… Жөн… Қане ішке кірейік. Әкел сөмкеңді.

Сырттағы ыстық күннің жалыны пойыз вагонынан жасалған темір үйдің ішін алып үлгерген. Тұла бойымыздан аққан тер бет-аузымызды жуғанда әптер-тәптерімізді шығарды. Ызыңдап қана соғатын желпарақтың әлсіз күші, алты басты айдаһардай айбарына мінген ми қайнатар ыстықтың ырқына берілмей зорға гулейді. Қаптаған қалың еркек бір қайнатым шайын шаршап жүріп, шашалып ішетін аядай ғана тар үйде не керектің бәрі бар. Тек бір әттеген-айы, есеміз кеткен қазан-ошақты қанжығасына байлайтын қайыстай бір қара қатын болса, қалғаны өз ыңғайымызға байланысты…

– Ал, қане, төрлет, бауырым, көріп отырғаныңдай жұмыс орнымыз осы. Сәлден кейін бастық та келіп қалуы керек, өзі бір жақсы адам.

– Иә.

 – Келгенде жақсылап таныса жатарсың, ал қазірге шәй ішейік, әңгімеңді айта отыр…

– Ой, не әңгіме сұрайсың, барлығы өз орнымен, бірқалыпты…

– Енді, Айша жайында айта отырсаңшы. Оның не жаңалығы бар екен дегендей?

– Сол, ауылында, анасы ауырып қалып, сол кісіге қарап жатырмын дейді. Оның үстіне, өзінің де денсаулығы бұрынғыдай болмай жүрген көрінеді.

– А-а… мамасы сырқаттанып қалып па еді? Алла шипасын берсін.

– Әумин, бауырым!

– Әй, Айшаның ойда жоқта ұстай қалатын жүрек ауруы бар екенін сен білетін шығарсың? Өзі дәрігерге қаралып па екен?

– Иә, білемін. Алдында менімен бірге емханаға барып дәрігерге көрінген болатын.

– Не дейді сонда?

– Олар не деуші еді, үйіп-төгіп дәрі-дәрмек тізімін асығыс-үсігіс жазды да, қолымызға ұстата салды. Өздерінше «барлығы бірқалыпты, алаңдауға тұрарлық дәнеңе жоқ», – дейді.

– Сонда да Айша денсаулығына қатты көңіл бөлмесе болмайды, Нұрым, «Жаман айтпай, жақсы жоқ», күндердің күнінде денсаулығы күрт төмендеп кетсе, жағдайы тіптен қиын болады.

– Оның ғой жөн. Мен де қарап тұрмаймын ғой…

Осылай ұзағынан орағытқан оңтайлы әңгіменің үстінде Қабыл аға да қаздай қақиған ұзын бойын тік ұстап, сырттағы қою, қапырық күннің ыстығына шыдамай, сәл аялдап сыртта әлдебіреумен асығыс әңгімесін бітірді де, үйге кірді.

– Охо! Құтты қонақ келген екен де, ассалаумағалайкүм, бауырым! Қош келдің! – деп аңғал баладай ақ, адал көңілін білдіріп, бақаның сирағындай ісіңкіреп қалған ұзын қолын алдымен созды.

– Уағалайкүмассалам, аға! Қош көрдік.

– Иә, кеше сенің әңгімеңді Жақсылық маған айтқан болатын. Танысып қоялық, менің атым – Қабыл.

– Нұрым…

– Қайдан боласың, інішек?

– Талдықорғаннан боламын, аға.

– А-а… жөн-жөн… Енді, жұмыс барысын қазір өз көзіңмен көре жатарсың, бауырым, шет-жағасын Жәкең түсіндірген болар.

– Иә, аға, айтты.

– Онда, жақсы. Кішкене ұйқыдан қиналатындарың болмаса, былайша жұмыс орындарың тыныш. Тек жан-жақтарыңды бақылауға алғанда мұқият болсаңдар болды, жарай ма?

– Жақсы, аға.

Сонымен, қалыптасқан қағида бойынша 3 күннің ар жақ-бер жағы демесеңіз, Нұрым да жұмысқа біртіндеп бейімделе бастады.

Бір күні ол тағы телефон шалды.

– Алло, Жәке, ассалаумағалайкүм! – деп бәз баяғысындай асығыс амандасты.

– Уағалайкүмассалам! Хәлің қалай, бауырым?

– Шүкір, Жәке. Айшаның анасы қатты ауырып, хәл үстінде жатыр дейді. Мен біржола жұмыстан шығып, Шымкентке кетіп барамын.

– Не дейсің? Қатты ауырып жатыр деймісің?

– Иә, Айшаның анасынан басқа қамқоршысы жоқ қой, білесің. Әкесі ерте дүниеден озған, қастандыққа ұшырап… Мен бармасам, болмайтын болып тұр. Айтқандай, ұмытып барады екем, қалған аманат киім-кешектерің мен кітаптарыңды Қабыл ағаға табыстап кеттім, сол кісіден аларсың, жарай ма.

– Жақсы. Менен дұғай сәлем айт, шешей тездетіп жазылып кетсін. Қандай жағдай болмасын хабарласып тұр. Соңыңнан өзім де барып қалармын…

– Жарайды, аман бол, досым.

– Өзің де аман бол. Жақсы күндерде жолығайық.

– Жақсы.

– Жақсы.

Қас қарайысымен жеделдетіп жұмысқа келдім. Іштей ертесі таңертең мен де киім-кешегімді алып Айшаның анасының хәлін сұрауға шырайлы Шымкентке жол тартармын-ау деп ниет еткен едім, өкінішке қарай, ойлаған ісім оңына баспай қалды. Келе салып бүк түсіп жата қалғаным сол еді, асқазан жарықтық ауырып әкетті. Түнімен ұйқы көрмей ұрланған бет-жүзім добалдай болып ісіп кеткен, қимылдауға қауқарым болмай қатты қажыдым. Жұмыстағы әріптестер мен басшымыз Қабыл аға хал-жайымнан хабар алысымен, шұғыл түрде жедел жәрдемді шақыртып, ертесі Алматыдағы үлкен емханалардың біріне орналастырды. Аз уақыттың ішінде аға-бауырдай араласқан асқан қарапайым да аяулы жанның кісілік рухына әр сәт сайын ерекше тәнті болып, таңырқаумен отырдым. Күнде қоңырау шалып, күй-жайымды сұрайды. Дәрігерлер:

– Науқасты уақытында жеткіздіңіздер, әйтпегенде аман-сау қалуы екіталай еді, – деп ескерткенде ерек ілтипаты мен бөлек болмысын көрсетті. Күн сайынғы терезеге телмірумен өткен тегеурінді уақыттың тезіне түсіп, терең ойдың түбінен түйткіл көргендей түршіккен сәттерімізде сол баяғы тұтқиылдан келіп тұтана түсетін тұңғиық сұрақтарға жауап іздейсің.

«Апыр-ай! Осындайда оғланым деп отыратын ақ әжемнің қасымда болғанында ғой…» – деп…

Иә, бірақ ол қызба көңілді қиял ғана еді.

Атаның мысын, ананың түсін көрмей тұл жетім қалып, тоқырауға ұшыраған тағдырым маған әке де, ана да бола білді. Өз-өзіңмен өршелене жүріп өксігіңді өн бойыңа жасыратын өр мінез, өркендеп өсіп, өз орнын тапқанша не күндерді бастан өткермедік десеңізші! Аштықты да, қастықты да қанжығамызға өңгере жүріп, орағытқан ор киіктей өз мақсатымызға жету жолында осалсынбай оғлан болуға талпындық. Бұл да болса, тағдырдың тарау-тарау жолдағы таусылмас тартуы. Сынаптай сырғыған сырлы ғұмырда адам мен адамның арасындағы қылдай нәзік қиын байланыс қыран тектес қырағы мінезге қатысты. Жеңсең, жетелі болып жеңгеніңді көз көреді. Жеңілсең, соңыңнан тым сорақы сөз ереді. Одан басқа түк те емес.

Ұласып ұзаққа созылған дерт соңымда қалуға айналды. Бақандай 40 күнде өзгенің дертін өз күйігіндей көрген дәрігерлер сауыққаныма дейін сансырады-ау келіп… Түгелімен тексеріліп, тың қалпыма қайта оралған соң, үйге келіп жайғасып жан тыныштығын тапқандай болдым. Ұзақ уақытқа созылған осынау емнің арқасында, өзімді орнықтырғаннан кейін, ойыма үнемі оралып, шырмауықтай шырмалған Айшаның анасының хәлі жақсарды деген жақсы хабар естігенде қуанышымызда шек болмады.

Әлі есімде, Айша – бәріміз 3-курстың 2-семестрін аяқтар алдында, Қадиша апай студенттер үйіне келіп барлығымызбен етене таныстық жасаған еді. Сондағы байқағаным – Айша тура анасының ауызынан түсіп қалғандай, шешесінен аумай қалыпты. Қиылған қасы мен бұрымды шашына дейін Қадиша апайдың қыз қалпындағы қызғалдақ күніне бара-бар. Сонда келгендегі ең басты мәселе, болашақ күйеу баласымен етене таныстық жасап, күйеудің талғам дәстүрін ертерек байқау болғанын – кейін, Қадиша апай келіп-кеткен соң, біраз уақыт өткенде барып бір-ақ білдік қой. Онысын бізден Нұрым жасырып жүріпті. Түптің-түбінде қыз баласы қиян қонып, қиыр жайлайтын қырдың қызыл қызғалдағы болғандықтан Қадиша апай бауырына тартып, бақытын тілеген болашақ күйеу баласы –Нұрымды сол жолы қасына шақыртып алған болатын:

– Шырағым, мен олай-бұлай болып кетсем, жалғызымды өзіңе тапсырдым. Көзімнің нұры, көңілімнің гүлі болған көгершініме енді өзің бас-көз боларсың. Айша қызымның аздап жүрегінің ұстамасы бар, сонысына қатты абай боларсың, балам. Қаншама емханаларды аралап, табанымызды тоздырдық, біреуінен де шипа болмады. Қайтейін… Батамды бердім, бақытты болыңдар, балам! – деп байыз тауыпты. Алаң көңілі – «ауру меңдеген сәтте мезгілсіз кетіп қалармын-ау» деп кемірген ойы болуы керек, алайда Айшаның анасы алқымдаған ауруынан аман-сау айығып шықты…

Арада біраз уақыт өткенде Нұрым үйленудің қамымен қатты қарбаласқа түскен еді. Біз де қарап қалғанымыз жоқ, «бауырымыздың қажетіне қалай жарасақ екен?» деген сарыуайым үстінде, жоспарға алынған істердің бәрін бастан-аяқ бұлжытпай атқаруға бүгіліп түскенімізше тіземізді бүкпедік. Келген қонақтарға жайылып жастық, иіліп төсек болып, төрден орын беріп, қызу қанды той-думанның көркін асырып, жаманын жасырып, хәл-қадірімізше қасқая жүріп қажымай қызмет еттік. Мәре-сәре болған жұрт аузындағы ыстық ықыласқа көңіліміз өсіп, көтеріліп те қалды. Алғыс айтқан ағайын-туғандардың қарасы тым көп. Екі ғашықтың бақытты болуына тілектестігін білдіріп:

– Баянды ғұмыр кешіңдер! Құдай бет алдарыңнан жарылқасын! – деген ақжарма тілеулер әр тараптан дамылсыз айтылып жатты.

Ертесі ұясынан көтерілген күн көкжиектегі ақ бұлтқа сүңгіп, аяқ асты ізін суытқан сұрқылтай уақытқа тап келді. Алданыш көңіл аяусыз тағдырдың тар жолындағы тажалды тірліктің тар соқпағына жолыққандай, жүйткіген уақыттың легіне ілесіп, жақсы жанның рухын жәннатқа көшіріп барады. Алғашқы неке түні қуанышпен қауышқан қос мұңлық, таң ата табыстырған тағдырлы сыңарынан айырылып қалды. Нұрым орнынан ерте тұрып мінәжатын жасап, құлшылығын аяқтағаннан соң аяулы жары Айшаны оятып көріп еді, өлі төсектен өзеуреген үн шықпады. Жүрегі әлденеден секем алғандай:

– Айша, Айша, – деп алабұртқан асығыс үнмен аяулысын арлы-берлі жұлқып көрсе де, көзін ашпай күлімдеп қана көркемдігін сақтаған құр сүлде қозғалыссыз құс төсегінде сұлық жатты. Қатты айғайдан қалай қарғып тұрғанымыз да есімізде жоқ, жалма-жан Нұрымның жатын бөлмесіне асығыс келіп аңтарыла қарасам, бауырына басқан Айшаның өлі денесі ақ уыздай болып ағарып кетіпті. Қан-сөл жоқ қайратты ажарына азулы ажал айбарлана енгені соншалық, сорлы қыздың сөнуге айналғандағы соңғы сұлбасы сұғын қадағандай соңымда қалып қойды.

– Нұрым, Нұрым, – деп арпалысып жатқандағы аянышты хәлі адам аярлық арашасыздыққа беттеп, асқындырып бара жатқан асау ғұмыр өз арнасын тапқандай, тәлейсіз тағдырына налыған қыз, назалы өмірімен осылай ғана қош айтысты. Қайран, қарлығаштың қанатындай ғана қайсар ғұмыр-ай десеңізші!!! Иә, сол жүрегі құрғыр шымшылап, шытынап шырғасына түсірмегенде мұндай келеңсіз жағдай кезегімен орын алмаған да болар еді-ау! Бірақ қолдан келер не шара?! Тәңірінің тағдырына жазғанын әркім өз пешенесінен көреді де.

Сол күні күңіренбеген кісі болмады. Барлығының «құлынымдап» қоздаған дауыстары қосыла шыққанда, қолқа-жүрегі сөгілмеген кісінің қарасы тым аз. Қоса көмілмеген көмпіс тіршіліктен күдерін үзгендей, Қадиша апай қайыспас қайратынан қарс айырылып қақ бөлінді. Арасы екі күнге жетер-жетпес уақытта желкені жығылған жел ғұмыр жетілмей жатып жеңіле берді, жеңіле берді.

– Сары төбешіктегі Сартайымның қасынан төмпешіктей болып бізге де бір орын бұйырса, оған да шүкірлік еттік, – деп ет жүрегі езіліп отыратын ғазиз ананың әзиз жүрегі арада екі күн өткенде тоқтады. Толғағы көп, тоқырауы басым тоңмойын тірлікте үзіліп түскен үзік ғұмыр, буырқанып барып бусады да, бұлқынысы басылып боздап қалды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір