Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ: Біздің ғасыр – жоғалтулар ғасыры
11.08.2020
1412
1

Бар құдірет құрдымға кетер еді, сағынышың болмаса құтқаратын…

                                                                                                                                             ⠀(авторы белгісіз)

менің жадым –

сенің жаза алмай кеткен жырларыңның иесі,

жүрегім – сүйе алмағаныңның нышаны.

мыңжылдықтар сайын қайталана беретін күй – осы…

маңдайымды өбіп, миятсыз, мұңсыз құшады.

жалқылық үшін жарым ойлармен күресіп

күн кешу маған мың жыл бұрынғыдай баянсыз.

ал сен мың жыл бұрынғыдай күлесің, –

бар арман-шерің кеудеңде өлген соң аяусыз.

айығып кетер алаңсыз ойлар емес бұл…

аспан құлаған,

қара жер сендей жетімек.

мың жыл бұрынғы жүрегіңменен кеңестір

құлдық ұрмаса «сағыныш өлді» деп қу көкірек.

мың жыл бұрынғыдай сүю үшін де, қадірлім,

әрбір мезетте мың өлдім,

қайта гүлдедім.

бар құдіретіне қарсылық еттім Тәңірдің –

от тілім талай дұға қыларда күрмелді.

 

жан иесінің бәрі төзеді Құдайдың қорына,

алданар және сәбидей шебер алдасаң.

саған жат боп тынған жалқы үмітімнің жолына

ойраны шыққан ой-жадым үшін жармасам

мың ғасырға дейін…

Уақыт

⠀Біздің ғасыр – жоғалтулар ғасыры,

Арды, мұңды, хақты ғалам іздеген.

Жарқ еткенде соңғы үміттің жасыны,

Шексіздікке шер боп сіңдік біз деген!

Тағдыр дейтін қу төмпешік қыр асқан,

Бізді жоқтап жылайтыны көк қана.

Қақ төбеңде бәріне ортақ бір аспан,

Жалғыз куә дертің, сорың, баққа да.

 

Өз ішіңде өлдің, талдың, тірілдің,

Қасиетің қалмай дертті қоғамға.

Бәсіне еріп берекесіз ғұмырдың,

«Ұлы өнермен» өз еркіңді, кел, алда!

 

Жаныңа жат жарым оймен жарасу,

Қу тірлік те ебін тапса той ҰЛЫ.

Мейір іздеп мекеніңнен адасу

Қай құдайдың ойлап тапқан ойыны?!

 

Көп кісіге көңіл кәрі, көркің дау.

Жанарыңа жалтақтайды күз өңді.

Сеніміңе атанғанда сертің жау,

Қулық таппай құшақта қу тізеңді.

 

Ой арбаудан әрі аса алмай тұр айлаң,

Кезімді арба көп жылаған, көөөп күлген.

Менің барым әзер болса құдайдан,

Бұл ғасырдың бедерінде жоқпын мен!

 

Қорғансыздың күні

күбір-күбір ой-мұңына арбалып,

Бекінбеген бойындағы арға нық, –

Көршімменен күндес болдым бүгін мен,

Пәтерімде күн кешетін жалданып.

Ескі пәтер,

Есін алған елестер.

Ессіздігі есер оймен егескен.

Балконында аяңдайды үміті,

Жастығы да…

қателігі өрескел…

Тозып біткен таршылықтан пейілі,

Көршім маған «шулама» деп кейіді.

Жалғыздыққа жар боп алған жанына,

Ескертуі дұға сынды ең ұлы.

Ғұмырына жетпеген соң өр мен ер,

Жоспары жоқ ізгілікке өң берер.

Тіршілікте күмәнданса барына,

Кикілжіңге кірісуді жөн көрер.

Мейманы көп, келетұғын жол қылып.

Бірі келсе бірі кетер жөңкіліп.

Зәрлі дауыс зәрені алар ұқтырды,

Өмірі оның орны толмас олқылық.

Көршім – осы,

Құбыласынан адасқан,

Отансыз ол,

Төбесінде жоқ аспан.

Құдайдан да қуыстанып жүреді,

Құлшылығы болмағасын о бастан.

Келмейді оны табалағым, тілдегім,

Ақтауға да мың сан айла іздедім.

Біле ме өзі, бидай өңді сол әйел,

Қорғансыздың күнін кешіп жүргенін.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.08.2020 | 12:57

Жақсы өлеңдер. Өзгеше леп бар. Соны тереңдету керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір