БІЗГЕ БЕРІК РУХАНИ ИММУНИТЕТ ҚАЖЕТ
03.08.2020
1438
0

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі  Абат Қыдыршаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 РУХАНИ ЖАН ДҮНИЕСІ БАЙ ҰРПАҚ ҚАНА ЕЛДІ ЕҢСЕЛІ ЕТЕДІ

– Абат Сатыбайұлы, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жастар санасына жасар ықпалы қандай?     

– Біздің университте «Рухани жаңғыру» институты 2017 жылдың қыркүйек айынан бері жұмыс істеп келеді. Ондағы мақсаты – Тұңғыш Президент –Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларындағы негізгі бағыттар («Бәсекеге қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы») мен нақты жобаларды («Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім») жүзеге асыру, Ұлы Даланың жеті қыры («Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны») бойынша ой таразылап, тарихи сананы жаңғыртудың ірі жобаларына («Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихи кино өнері мен телевизиядағы көрінісі») қатысты кешенді жоспарлы жұмыстар жүргізу. Бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай оқу орнымызда арнайы тұжырымдама дайындалып, негізгі бағыттар бойынша жоспарлы іс-шаралар айқындалған «Жол картасы» қабылданған. Бұл ретте БҚМУ-да көлемді ақпараттық, ағартушылық қызметтер кешені атқарылуда. Мәселен, осы уақытқа дейін бұқаралық ақпарат құралдарында университеттің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттердің қатысуымен 200-ден аса мақала мен сұхбаттар жарық көрді. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында үш жылға жуық мерзімде түрлі баспалардан 10-нан аса монография, 30-дан аса оқу құралы, хрестоматия, бағдарламалар кешені басылым көрді. Бұған қоса «Рухани жаңғыру» тақырыбы төңірегінде докторлық, магистрлік диссертациялар қорғалып, дипломдық жұмыстар жазылуда. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы оқу орнымыздың порталының басты бетінде, факультеттер сайтында орналастырылған. Әлеуметтік желілерде Бағдарламаға қатысты арнайы ақпарат пен атқарылған жұмыс жөніндегі мәліметтер тұрақты түрде таратылуда. Арнайы «Рухани жаңғыру» мәжіліс залы жабдықталған.  Бұл қоғамдық Жобаны іске асыру ғылыми-әдістемелік және қолданбалы-тәжірибелік жағынан да қамтамасыз етілуі қажеттігі ескеріліп, университетімізде әр деңгейдегі ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар және тағы басқа ғылыми-әдістемелік шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, 2019 жылғы қаңтар айынан бастап университетіміздің «Өркен» газеті бетінде институтымыздың студенттерге арналған «Рухани жаңғыру» жаршысы ай сайын жарық көріп келеді. Жаршы бетінде «Рухани жаңғырудың жолы қайсы?» «Ұлы даланың жеті қырына бойлай алдық па?», «Ата-баба дәстүрі – рухани жаңғыру көзі», «Берік рухани иммунитет қажет», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» (Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақ елі құндылықтары туралы), «Әбу Насыр әл-Фараби – Шығыс әлемінің рухани ұстазы» тақырыптарындағы аса өзекті рухани жаңғыру иірімдеріне қатысты аналитикалық талдау мақсатындағы  мақалалар топтамасы жарық көріп үлгерді.

         Жалпы, рухани жаңғыру мәселесі ұлттық рухы жоғары азаматтардың азаюына алаңдаушылықтан да туындаған. Себебі адамды ұлтымен, тілімен қатар, мәдениеті де, салт-дәстүрі де, табиғаты мен тарихы да байланыстырмақ. Ақиқаты сол – тек рухани жан дүниесі бай ұрпақ қана елдік мәселелерге бет бұрмақ, ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін сезе алмақ, біле алмақ. Бұл – аксиома! Бұл – елдің, жердің біртұтастығының, мемлекеттің мәңгілігінің, ұлттың сақталуының негізгі кепілі.

 

САНАНЫҢ ЖАҢАРУЫ БАЯУ…

– Сіздіңше, рухани кемелді қоғам дегеніміз не? Рухани бай адам деп кімді айтамыз?

Жасыратыны жоқ, бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамдағы рухани мәселеге келсек, кей тұстарда күйзеле айтсақ та, қорына, торыға айтудан аулақпыз. Десек те, бүгінгі идеологиялық ахуалдың біраз тұстары ойландырмай қоймайды. Ең бастысы – науқаншылдық, осы іспетті маңызды іске үстірт қарау. Бағдарлай білсек, әрбір жеңіл-желпі іс-әрекеттің де терең себеп-салдары бар. Нақтырақ айтар болсақ, біздің халқымыздың рухани өмірінде саяси проблемалардан гөрі адамгершілік проблемалары үстемірек орын алатын сынды. Біздіңше, рухани бай адам – ең алдымен, арлы адам. Ал арлы адам – ең күшті адам. Өйткені, ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсұнбайды. Сондықтан оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, бірақ та өкінішті болуы мүмкін емес. Мәселен, шынайы әдебиет – ұлттың рухани бейнесі. Ойшыл Әбіш Кекілбаев сананың рухани жаңғыруы турасында айта келе, қазіргі гуманистік әдебиет адамдарды рухани енжарлықтан, жалқаулықтан, көрсеқызарлықтан, ләззатқұмарлықтан, баққұмарлықтан, даңққұмарлықтан сақтай білуге тиістілігін қозғайды. Жазушы әдебиеттің негізгі міндеті ретінде әшкерелеу де, дәріптеу де, ақыл айту да, алдарқату да емес, адамдарды адамдық тіршілікті әуелі өзі жете түсініп, сосын оқушысын жете түсіндіріп, оның өзін-өзі рухани шыңдай білуіне түрткі болуы тұрғысында пайымдайды. Шынында да, ойлап қарасақ, ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы – өзіміз бастан кешкендерден түйген азды-көпті рухани тәжірибеміз. Одан қол үзген қауым – келешегінен қол үзген қауым. Тәуелсіздік тұсында халқымыз талай дүниені ой елегінен өткізе білді десек те, рухани салада әлі де пәрменіміз төмен. Ел жаңаруда, десек те сананың жаңаруы баяу. Ұлтсыздық отбасылық тәрбие, ақпарат ағынымен, әлеуметтік ортаның ықпалымен жалғасуда. Сыртқы ықпал да жоқ емес. Мәселен, орыс бұқаралық мәдениеті мен орыс тілі арқылы қазақтарды орыс идеологиясы аясынан шығармау, тәуелсіздікті құнсыздандыру мақсаты бүгінде өткір күйінде қалуда. Ұлттық мүдделерге парықсыздықпен қарау, талғамсыздық, ұлттық құндылықтарды менсінбеу, селқостық және оны сезінбеу ұлтсыздықты бойға сіңіре бермек. Бүгін жалған руханилық, ұлттық мүдделерді сыйлаған болу, тіпті мүсіркеу, ұлтшыл болып көріну де ұшырасады. Көп ұлттымыз деп басқалардың қас-қабағына қарау да ұлттың намысына тиіп, рухын түсірмек. Ұлттық сананы кейде сыртқы факторлар да оятары анық. Мәселен, егер кезінде Мәскеу қазақты ұлт ретінде менсінбей, қайдағы бір шүрегейге қазақ елін басқаруға бермесе, қазақтардың бірқатарының намысы оянбас та еді-ау.

Байқап тұрсақ, өмірде небір шын құрмет, шынайы ықылас, нағыз махаббатқа лайық абзал жандар өзін-өзі көтермелеп, өзін-өзі қолдан-қолға өткізіп, өзін-өзі саудаға салып жүрген рухани жалдаптардың  құрбандығына айналып жатады. Сәйкесінше, өмірдегі небір қаны тамшылаған шындықтар  қайдағы бір жалған намыстың сойылын соққан рухани көлгірліктің тасасында қалып жатады. Ендеше, бүгінгі тұста шындыққа сенбей, қисынға сену рухани мүгедектікке ұрындырады. Біздіңше, қазіргі қоғамдағы көнбістік – рухани мүгедектіктің бір сатысы. Ал көнбістік бара-бара ұлтсыздыққа әкелмек. Ал ұлтсыздық – отарланған ұлтқа тән көнгіш, жалтақ, еліктегіш психологияның салдары. Ұлтсыздық – ұлт мерейінің төмендігі. Осы ретте жазушы Әбіш Кекілбаев: «Заман үрдісіне тән қойылған төтен сауалдан айламен сытылып кетуге тырысатын рухани алаяқтық – перілік, төтен сауалға тура жауап беруге тырысатын рухани адалдық – періштелік, тырысып қана қоймай, жауап таппай тынбайтын рухани жанқиярлық –пайғамбарлық», – деп жазады. Шынтуайтында өмірдің күллі саласында ұлттық ерекшеліктерді ескеру, этностық мәдениетті, әдепті сақтау – руханилықтың бір көрінісі. Себебі дәстүрлі наным-сенім, ұлттық құндылықтар – ұлттың темірқазығы. Мәселен, француздарды өзге еуропалықтар ұлтшыл деп айыптаса да, ұлттық құндылықтарын бәрінен де жоғары қояды. Басқа мәдениеттерге айқара есік ашу – өз мәдениетіңді төмендетіп, басқаны қаржыландыру, қолдау деуге саяды. Біле білсек, мәселен, кино мен театр – идеология негізі. Ол ұлттың мінез-құлқына, ойлау мәдениетіне қарқынды ықпал етпек.

«Табиғат экологиясы» мен  «тіл экологиясына»  «рухани экология» ұғымын қосар едік. Әбіш қаламгер «рухани экология» ұғымын баса атап: «Рухани экологиямызды аздырып-тоздыратын апат өзіміздікін өзімізге көп көретін ескі қасіретімізден – етектен тартпа іштарлығымыздан өніп, өрбиді», – деп пайымдайды. Демек, кез келген микробтар сияқты рухани микробтардан да тек есік-терезені тарс қымтап қойып сақтана алмаймыз, ендеше берік рухани иммунитеттің қажеттілігі даусыз.

– Көп жастар «Рухани жаңғыру дегеніміз не?» деген сұрақ қойып жатады. Осыны қысқаша тұжырыммен айтсаңыз?

– Иә, жастардан бұл сауалды жиі естиміз. Біздіңше, рухани жаңғыру дегеніміз – алғы мақсатқа жету жолындағы санамыздың ісімізден озып жүруі, көш басындағы озық елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін болу үшін, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылу; жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойымызға икемдеу; жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты ретінде  тамыры тарихының тереңінен бастау алар рухани ұлттық кодымызды сақтай білу; егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастарын ескере келе, озық дәстүрді табысты жаңғырудың маңызды алғышартына айналдыру; білім, қызмет, зияткерлік өнім не сапалы еңбек ресурстары саласында табысқа жетуге мүмкіндік алар жеке тұлғаның ғана емес, тұтас халықтың бәсекелік қабілетін арттыру; болашақта  ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындаларын ескерсек, тұтас ұлтымыздың ХХІ ғасырға лайықты қызметтерге (компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлардың әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттар санатында екенін ескергейсіз) ие болуы; толыққанды жаңғыруымыз мүмкін болуы үшін, қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерту; бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлету; нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, салауаты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере келе, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану; ұлттық салт-дәстүрлеріміздің, тіліміз бен музыкамыздың, әдебиетіміздің, жоралғыларымыздың, бір сөзбен айтқанда, ұлттық  рухымыздың бойымызда мәңгі қалуы; мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен  қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу; ұлттық код, ұлттық мәдениеттің сақталуы, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің керітартпа тұстарынан бас тарту; табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркімнің терең түсінуі; сәйкесінше, жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білімнің әрдайым бірінші орында тұруы; эволюциялық даму қағидасының әрбір тұлғаның жеке басының дербес бағдарына айналуы. Байқап отырғанымыздай, түптеп келгенде, рухани жаңыру – ұлттық сананың кемелденуі. Демек, рухани жаңғырудың жолы осы түйінделген тұжырымдардан туындамақ, осы жоғарыда айтылған тезисті байламдардан тарқатылмақ. Олай болса, рухани жаңғыруға алғышарт болар іс-әрекеттер кешені мыналар: жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты ретінде ағылшын тілін меңгеру; табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі тұрғысында «өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу;  2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығара бастау үшін, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру; қай уақытта да қазіргі заманды және болашақты терең түсіне  алатын білімді адамдардың ауадай қажеттілігін ескере келіп, алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі үздік 100 оқулықты түрлі тілдерден және түпнұсқадан қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік туғызу; патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе сүйіспеншіліктен басталарын ескерсек, «Туған жер»  бағдарламасын қолға алу, шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі ретінде туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу; халықтың санасына аса маңызды жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру; жат идеологияларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп берерімізді әркез ескеру; ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру; бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына назар аудару, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыру; ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуі үшін, ақылымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту, «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау.

Демек, Елбасы сөзіне сүйене айтсақ, мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Олай болса, өмір сүру үшін, замана ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болғанға не жетсін! Ал, жаңа жағдайдағы жаңғыруға қажетті ішкі ұмтылыс – сіз бен біздің дамуымыздың басты қағидасы. Демек, өмір сүру үшін, өзгере біл! Оған көнбесең, тарихтың шаңына көміліп қала бересің. Ал мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ұлттық ғылым мен өнердің мұралары ғалым-ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартпақ. Мемлекеттің ертеңгі болмысы – педагог-ұстаздың бүгінгі тәлімінде. Тың ізденісті талап етер бүгінгі қазақстандық білім беру жүйесінде Махамбет университеті – рухани құндылықтар тұнбасы, ал білім ордасының тәжірибелі ғалым ұстаздары – құнарлы топырақтан жаралған, ата-баба дәстүрінен нәр алған қазақы қасиеттер құймасы. Себебі елді түзеу, ұрпағымызды рухани жаңғырту әркез бала оқыту, маман баулу ісінен басталуы тиіс. Ұлт санасының рухани жаңғыруының үміті – жастарда. Жастар санасының рухани жаңғыруы, қалай оқып, қалай тәрбиеленуі, қалай баулынуы – бәрінен де бұрын ескеріліп, бәрінен де жоғары қойылатын іс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы». Демек, бүгінгі тұста да ең әуелі орта, жоғары мектептерге де керегі – білікті, педагогика, психология, әдістемеден жан-жақты терең білімді, жаңа бағдарлама негізінде инновациялық тұрғыда оқыта білетін педагог. Демек, мұғалім, оқытушы болу еріккеннің ермегі емес.

Даусыз мәселе – ел ертеңінің бүгінгі жас ұрпақтың қолында екендігі, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында. Қазіргі қоғамға қажетті білімді, тәрбиелі, саналы тұлғаны қалыптастыру, баулу ісінде әр ұстаз өз шеберлігін әркез шыңдап, шығармашылық жұмыс істеуі тиіс. Әрине, жаһандану үрдісінде бүгінгі әлем жастарының кез-келгенінің қоршаған дүниеге өзіндік көзқарасы, ой-пікірі қалыптасқан деп жатамыз. Солай ма? Ақиқаты – еркін ойлау, ой-пікірін ашық білдіру, бәсекелі ортада өмір сүруге, білімін жетілдіруге, сын-қатерді еркін еңсеруге дағдылану сынды қасиеттерді бойға сіңіруге ұмтылыс жас буынға тән қасиет. Осыған орай еліміздің тұрақты даму мен рухани жаңғыру даңғылына түсуі жаһандану үдерісін ұлттық болмысымыз бен ерекшелігімізге еш зиян келтірместен бастан өткеруді меңзейді. Демек, ұлт тағдыры ұрпақ қолында. Ата-бабамыз жастарды еңбек сүйгіштікке баули отырып, рухани-адамгершілік тұрғысындағы қасиеттерге тәрбиелеу мәселесін алғы кезекке қойған. Бүгінгі педагогтар өз кезегінде алдына келген әрбір білім алушы жас тұлғаны біліммен бірге рухани бай болуға да тәрбиелеуге тиіс.

Қазақ ұлтының салауаттылық, парасаттылық, имандылық, адамгершілік, тәлім-тәрбие туралы өлмес құнды ұлттық мұрасының дамуына шолу жасасақ, қайсыбір еңбектердегі жанның саулығы, рухани бай болуға қатыстылығы айтылатын шығармалардың орны бөлекше. Мәселен, қазақ халқын әлемге танытқан Шоқан, Ыбырай, Абай, Ахмет еңбектерінің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Күллі бір халықтың ұстазы ұлы Абайдың қара сөздеріндегі жан мен тән тазалығы, имандылық қасиеттері, «толық адам», рухани бай тұлға іс-әрекет нәтижелері жалпы қауымның игілігіне айналатындығын тұжырымдауының өзі не тұрады! Демек, бүгінгі қоғамдағы жастардың санасын жаңғырту, рухани байыту көзі де ұлттық мол мұрамызда.

– Сізді қоғамымыздағы қандай мәселелер қатты толғандырады?

– Мені қазіргі қоғамдағы көп мәселелер толғантады. Бастысы – ана тіліміздің қолданыс аясында әлі де босағада қалуы. Қазақ қоғамында қазақ тілінің әлі де болса, сөз жүзінде емес, іс жүзінде төрге оза алмауы. Бұл орайда өз тұсында қазақ халқының рухани оянуына мол үлес қосқан елтұтқасы, оқыған зиялы азаматы, еркін ойлы ұлтжанды тұлға Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» деп дер кезінде тіл қатуы ойлантады. Сол еңбекте айтылған мәселелердің көбі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Біртуар ақын Мағжан Жұмабаевтың Міржақып Дулатов туралы: «Оян! – дедің халқыңа: — Бас көтеріп, тірлік қыл!» Ақыл айттың ұлтыңа: «Таста талас, бірлік қыл!» — деуі қандай сәнді де мәнді өнеге. Біз де Міржақып ақын ізімен: «Мен қазақпын, сен қазақсың, ол қазақ, Ер мінез бен өр рухқа болма жат. Ортасына жалғыз орыс кіргенде, орыс тілде шүлдірлейді он қазақ. Құрғап кеткен құлдық сіңген санамыз, Сұмдық сіңген сүйекке де – қараңыз! Тойланады мерекеміз жат жұртша, Ойланады өзге тілде баламыз. Біреу озса, күңкіл-күңкіл күндейміз, Біреу тозса, дүркін-дүркін жүндейміз. «Намыс!» деген сөзді жиі айтамыз, Бірақ оның не екенін білмейміз. Мақтаншақпыз, өтірікші, даңғоймыз, Түтіндейміз, үрлесе де жанбаймыз. «Жер бетінде бізден ұлы ұлт жоқ!» деп, Өзімізді-өзіміз көп алдаймыз», – деген ақын жолдарын баса айтар едік.

         Келесі бір мәселе – жоғары оқу орнындағы тұлға баулу ісі, яғни, тұлға тәрбиесі. Біздіңше, әдепсіз өскен студенттен, тәртіппен өскен тал жақсы. Тәрбиелі студент  тағалы атпен тең. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тұжырымдарына сүйене ой өрсек, ақыл-жастан, тек тәрбиесі болсын делік. Дұрыстық-бұрыстықты білмеген жас адам азу үстінде болмақ. Демек, бүгінгі студентті – ертеңгі кәсіби маманды ұлша тәрбиелесек – ұл, құлша тәрбиелесек – құл болмақ. Студентім-шәкіртім дейтін тәлімгер-ұстаз болмаса, «елім», «жұртым» дейтін тұлға қайдан шықпақ. Бұл ретте баулыған «қыранымыз» ой үдесінен шықпай жатса, ертеңгі күні өзгеге емес, өзімізге өкпелейік, ағайын! Асылы, жоғары мектептің жаны – профессор-оқытушылар құрамы. Ғалым-оқытушысы қандай болса, университеті де сондай болмақ. Бізде студент керегін білетіндер көп те, істейтіндер аз-ау, сірә! Біздікі – «білімі көп адам – құралы сай ұста секілді: не істесе де, келістіріп істейді» –деу ғана.

Әңгімеңізге көп рақмет!

 

                                                                                                                 Сұхбаттасқан

                                                                                                               Бақтияр МЫРЗАХАНҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір