Ерік-жігеріміз сыналатын кез туды
15.07.2020
1092
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы ұйғырымымен 13 шілде – пандемия кесірінен қаза тапқан қазақстандықтарды еске алып, рухына тағзым етуге арналды. Қапелімде індет кесірінен қаза тапқандардың саны өскен сайын жұрт көңілі күпті. Мұндай тығырықтар шығар жол – елдің бірлігі, тәртібі мен жауапкершілігі. Тиісті мекемелердің бейғамдық пен жайбасарлығын Президент те қатты сынап, олардың жауапкершіліктен құтылмайтынын ескертті. Екінші мәрте карантин шараларын қатаң қолға алған еліміз бұл қиын шақтан ентікпей өтеріне сенімдіміз. Ол үшін Сіз бен біздің де көмегіміз қажет. Ол көмек – өзіңді қорғау, сақтану. Өзіңді қорғау – еліңді қорғау, жақыныңды, отбасыңды қорғау екенін ұмытпағанымыз абзал.

 Өзім де тұмауға шалдығып қалдым

Бұл Тәңірден келген нәубет болып отыр. Бәрі Тәңір иенің құзырында. Жалғыз емеспіз, әрине, бірақ зор мехнатқа тап келдік. Бұған шыдау керек, шыдау үшін елдің парасаты, мәдениеті, тәртібі орасан зор рөл атқарады. Ауруға қарсы дәрі-дәрмектер де тапшы болып жатыр дегенді естіп жатырмыз. Қаншама асылдарымыз кетті. Жүрек сыздайды. Бірақ не істей аламыз? Қолдан не келеді? Дүние жүзінің адамдары бір күннің ішінде үйлерінде қамалуға мәжбүр болды. Таңертеңнен кешке дейін үйде отырудың өзі оңай емес. Мәселен маған жүру керек. Жүрмесем мешел болып қаламын. Осындай қолайсыз жағдайлар белең алып тұр. Өзім де тұмауға шалдығып қалдым. Елдің елдігі, мәдениеті осындай қиын кезеңде көрініс береді ғой. Аман-саулыққа не жетсін! Жастар бар, немере-шөберелер, балаларымыз бар, солардың күні не болады деп қаймығамын. Уайымдаймыз. Болашағымыз аман болсын!

Сәбит ОРАЗБАЕВ, Халық әртісі

 Індетпен жемқорлық қабаттасуда

Қазір ажал деген үй-үйді «аралай бастады». Таныс-тамыр, дос-жарандарымыз о дүниелік болып кетіп жатыр. Оларды еске алғанымыз дұрыс. Бірақ кеселдің беті қайта қойған жоқ, тағы жалғасатын түрі бар. Тоқтағаннан кейін ғана бір күнді белгілеу керек пе еді.

Біріншіден, бізге келген дәрі-дәрмектердің бәрі әлі елге жетпей жатыр. Ресейден екі ұшаққа тиеліп дәрінің келгенін естідік. Елдегі ағайындарда бұл індеттің алдын алатын дәрі жоқ. Аяулы  досым бар еді, ол да табан астынан пневмония болып, ауруханаға түсіп, арнайы аппаратпен демалып жатыр.

  Біздің тірлігіміздің өзінде бір кереғарлық бар. Алматыдағы «Алтын Орда» базары жұмыс істеп жатыр. Неге ол жұмыс істейді? Оның арғы жағында кім тұр? Ол адамдардың пайдасы үшін халық қырыла беру керек пе? Шымкентте базар жұма күні түске шейін істейді, көлік қоятын жер жоқ дейді. Айналайын-ау, түске шейін істейді дегенше вирус сол жерден тарады дей бер.  Алдын ала жазылып, онда да бірі шыққан соң екіншісі кіретін, шаштараз, сұлулық салондарын жаптырып қоямыз. Ал қаншама адам кіріп-шығатын базарлар жұмыс істейді. Бұл да бір жағынан заңды бұрмалау  деген сөз. Заңды орындамаған адамдарды жауапқа тарту керек. Кім болса ол болсын. Президент болсын, немесе Болат Назарбаев болсын.

 Екіншіден, қытайдан көмек ретінде  тегін маска келген. Оны біздегілер халыққа сатуда. Дәрілердің бағасын өсіріп сатқаны өз алдына.  Ел қырылып жатқанда бұл неткен жетесіздік?  Кейбір дәрігерлердің еті үйреніп кетсе керек, көз алдында дем ала алмай жатқан науқастарға бей-жай қарап отыра береді. 

Бірақ, қазір індетпен бетпе-бет күресіп жатқан тағы осы дәрігерлер.  Оларға мемлекет тарапынан беріледі деген 850 мыңға жуық жалақыны  көбі ала алмай жатыр. Ажалға араша түсіп жатқан адамдардан ақшаны аяу дегеннің өзі қылмыспен пара-пар. Өзі он сегіз-ақ миллион халқы бар Қазақстан қазір Америка, Бразилиядан кейін індет жұқтыру мен өлім-жітімнен 3-орында тұр. Осының бәрі салақтық пен салғырттықтан. Ажалдан пайда тауып, «қайтыс болды» деген анықтаманы да сатып жатқандар бар екен. Ол не деген сұмдық! Осындайларға қатал жаза, қатаң шара керек. Оны тоқтатпайынша індеттің тарағаны тараған.

Өткен жолғы «Астана күнін» фейерверк атып тойлаудың өзі өрескел қателік болды. Неге біз «Астана күнін» Атыраудан бастап Алтайға дейін тойлауымыз керек. Ол халықтың ашу-ызасын тудыруда. Сол фейерверкті атып қалды да, енді сасқалақтап азалы күнді жариялап жатыр.  

                                                                 Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы

 КІМНІҢ КІМ ЕКЕНДІГІ ОСЫНДАЙДА БЕЛГІЛІ БОЛАДЫ

Тарихшы ретінде өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ашаршылық қасіретін белгілі бір азалы күнде еске алу қажеттігін қайта-қайта айтып жүргенімізде рухани ауыртпалығы одан кем түспес ауыр жаңа ахуалға – аза тұту күніне тап болып отырмыз. Халқымыз өзінің ұзақ тарихында не көрмеді. Әртүрлі қағанаттар құрып, еркін ел боламыз деп ата дұшпандарға қарсы көтеріліп, қанға бөкті. Алғашқы ұлттық мемлекет – Қазақ хандығының шаңырағын биіктетіп, іргесін қымтаймын деп  жанталасып, тағы қырылды. Екі жарым ғасыр жоңғарлардың жер үшін халқымызды қырғынға ұшыратқандарын да білеміз. Біз  «жеті ағайынды» деп жүрген жұттың, олармен қабаттасқан ашаршылықтың сандары қаншама? Олардан білетініміз, көрген қасіреттерімізбен бірге әртүрлі індеттер, жұқпалы аурулар да ел мазасын ала береді.

Шүкір, солардың бәрінен де аман өттік. Енді тәуелсіз ел болған қазақ ешқашанда ұлттық қасіретке ұрынбас деген сенімге бой алдыра бастаған едік. Мәңгілік ел боламыз деп рухтандық. Алайда асқақ арман мен қатар нақты өмір бар. Міне, жағдайымыз тағы да мүшкіл болды. Енді бәріміз бар үмітімізді денсаулық сақтау саласымен байланыстырып отырмыз. Алайда қазақ кезінде өзінің ауызбіршілігімен және бауырмалдығымен біріне бірі өзара қолдау жасай отырып, дәрігер жоқ немесе жетіспейтін заманда да аман қалған. Мысалға өткен, соңғы 1931-33 жылдардағы ашаршылықты бір сәт еске алалық. 1931 жылы Қазақстанның 70 ауданында барлық қазақтардың 90 пайызы мекендеген еді. Үкімет органдарының өздері берген ресми санақ мәліметтері бойынша осы кездегі осы аудандардағы ауруларға арналған төсектер бүкіл Қазақстандағы ауруларға арналған төсектер санының 14,7 пайызы ғана құрады. Ал қазір бүкіл Қазақстандағы ауруханалардың әрбір төсегіне кезекке тұрған аурулар саны 840 адамнан келсе, қазақтар мекендейтін жоғарыдағы 70 аудандарда аурухананың әр төсегіне кезекке тұрғандар 5376 адамға жетті. Осындай нақты есепті қазіргі жергілікті үкімет органдары мен Денсаулық сақтау министрлігі шығарып бере алар ма екен?

Ал енді дәрігерлерге келейік: осы қазақтар тұратын 70 ауданда 1931 жылы Қазақстандағы барлық дәрігерлердің  12,3 пайызы ғана жұмыс жасады. Бүкіл елде бір дәрігер  4890 ауру адамға қызмет көрсетсе, ал аталған қазақтар мекендейтін аудандарда бір дәрігер 88000 адамға дәрігерлік көмек беруі керек болды. Егер бүкіл Қазақстанда осы жылы 1428 фельдшер ғана жұмыс жасаса, олардың 192 (14,4 пайыз) ғана қазақ аудандарында қызмет көрсетті. Бұл деректерді қазақты ашаршылықтан құтқармақ болып әрекеттенген Тұрар Рысқұлов Л.Мирзоянға жазған хатында да пайдаланған.

            Міне, осындай ауыр жағдайда қазақ өзінің жалпы санының жартысынан айырылып қалғанын бәріміз жақсы білеміз. Дегенмен де қазақ  мұндай зұлматтан да түгел қырылып қалмай, халық ретінде жер бетінен жойылып кетпей, аман шықты. Қазіргі замандағы медицина әлдеқайда дамып кетсе де, бәрібір өкінішке орай, өткен ғасырдағыдай төтенше жағдайға дайын болмай шықты. Алайда бұл бізде ғана орын алып отырған жоқ қой. Сондықтан да барынша сабырлы да ұстамды болып, үкіметіміз бен дәрігерлеріміз ұсынған кеңестер мен талаптарды бәріміз жоғары жауапкершілікпен орындауымыз керек. Бауырлар, бір-бірімізге шындап, нақты қол ұшын берер сәт туды. Кімнің кім екендігі осындайда белгілі болатынын ұмытпайық.

Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы, профессор

                                          КІШКЕНЕ ҰЛЫ АДАМДАР

 Адамның әлсіз тұстарын есепке ала арнайы жасалынғандай, өмірге қатерлі қасиеттерді бойына сіңірген агрессивті жаңа вирус адамзатты аяғынан тік тұрғызды. Басқа шығындарды айтпағанда, жер шарында қаншама адамдардың өмірі қиылды. Осы биылғы жаңа жылды бірге күтіп алып, осы жылға үміт артқан 375 отандастарымыздан бас-аяғы екі-үш айдың ішінде айрылып қалуымыз жанды ауыртады. Өте ауыр, үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін жағдай. Қара жамылып, қайғыға тұншығып жатқандардың халін сәл болса да жеңілдетіп, ауыртпалықты бөлісіп, көңіл айтқым келеді.

Өмірі қыл үстіндегі жанға, өз өміріне қауіп бола тұра, бақай есепсіз көмектесу – гуманизмнің шыңы. Медицина тарихында өзгеге көмектесем деп ауру жұқтырып, ажал құшқан медиктер аз емес. «Қараңғылау» арғы ғасырларда, қатерлі жұқпалы аурулардың себебі микробтар мен вирустар екеніне  өзгелердің көзін жеткізу үшін, ауру қоздырғыштарын саналы түрде өзіне жұқтырып, ауру этиологиясын дәлелдеген дәрігерлер де жеткілікті. Сондықтан өткен ғасырдың басында дәрігерлерді «Кішкене ұлы адамдар» деп атаған. Бүгінгі «көзге көрінбейтін жаумен, шебі жоқ, мылтықсыз майданда» менің ардақты әріптестерім – «кішкене ұлы адамдар» өз өмірлеріне 100 пайыз қауіп барын біле тұра, ажал тырнағына ілінген сырқаттарға араша түсіп, емдеп, қиналғанға, кім болса да, ұлтына, дініне, нәсіліне, мансабына, саяси ұстанымына қарамай көмектесіп, қастерлі борыштарын абыроймен атқарып жатыр. Өмір үшін жүріп жатқан «COVID-19» дертімен бетпе-бет арпалыста медиктерге де өз өмірлерін қиюға тура келуде. Бұл – ерлік. Соғыс кезіндегі «дзотты» кеудесімен жапқанмен пара-пар ерлік. Мың тағзым Сіздерге, кәсіби міндетін орындау барысында беймезгіл дүниеден өткен інілерім, қарындастарым. Нұрларың пейіште шалқысын!

…Вирус жуық арада тоқтай қоятын түрі жоқ. Басқа тұмау туғызатын алтауы сынды 7-сі болып бізбен бірге қала береді. Ауырғаннан кейін пайда болатын иммунитеттің де қанша уақытқа сақталатыны әзірге әлемде ешкімге мәлім емес. Бірақ адамнан адамға жұққан сайын әлсіреп, екпіні басылып, қазіргі «құдіреттілігінен» айырылып, ауыртқандарын деміктірудің орнына өзі демігіп қалады деген болжам бар. Сондықтан уақыт ұтып, онымен кезікпеудің жолын іздеген жөн. Тағы бір айтарым: «SARS-COV-2» әрекеттеріне қарағанда «есі» бар жау. Есі бар жауды шоқпар, найза ұстаған қолмен емес, ақылмен ғана жеңетіні белгілі. Яғни, ғылыммен, тәртіппен, шыдаммен жеңуге тырысайық қадірлі ағайын.

                                                               Айтбай ТӘСІЛОВ, дәрігер-жазушы.

                                                                                                              Сарыағаш. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір