Асылбек Саттаров. Әніне сала берем Біржан салдың..
30.07.2020
798
0

АРМАН ҚЫЗ

Қайда екен қыз ауылы «Қарабүрген»?

Бейнесін өзгертіпті-ау дала мүлдем.

Сілемін Қаратаудың бетке алады,

Бір көшіп арман-қиял ала бұлтпен.

 

Атанған он бесінде-ақ «Бала сері»,

Сол қызды елден бөлек қалап еді.

Көзінің жауын алып, ынтықтырып,

Ноқаттай маңдайдағы қара меңі.

 

 Енді сол қыз торығыш «Бала батыр»,

Алыстап бұлтпен бірге бара ма ақыр?!

Ауылы арман қыздың көрінбейді,

Орыны құлазыған «қара тақыр».

 

 Бетке алып «Қара жонды», «Көкқасқаны»,

Есімде «Арман қыздың» қоштасқаны.

Қанша жыл содан бері өтіп жатыр,

Мен де оның жолын қайтып тоспағалы.

 

Есімде сондағы оның қимағаны,

Мөлтілдеп көзжасымен қинағаны.

Мұң билеп ой-санамды әлі күнге,

Ойнайды сол бір шақтың күйтабағы.

 

 Қайда екен «Қыз ауылы Қарабүрген»?

Бейнесін өзгертіпті-ау дала мүлдем.

Сағындым иттерін де сол ауылдың,

Қызды іздеп барғанымда таласа үрген.

 

САҒЫНЫШ ӘНІ

«Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,

Аулыңа барушы едім даламенен».

Бүгінде арман болып сол бір шағым,

Әніне Біржан салдың сала берем.

 

 Әніне салам кейде Абайдың да,

Батпассың сағынғанда қалай мұңға?

Тоғжанын аңсап өткен ұлы ақындай,

Мен-дағы түсіп келем талай сынға.

 

 Жанымның намысы ойнап, қызба қаны,

Аз емес жүрегімнің сыздағаны.

Өтсе де талай жылдар, қайран, санам,

Бақытын алғаныңның қызғанады.

 

 Таусылса шарасыздың бар ма амалы,

Жанымның жұбанышы «Арман әні».

Тұрған соң қайран сезім сағыныштан,

Махаббат күйін шертіп алданады.

 

БОРАНДА

Қараңғы түннiң үңгiр қуысында,

Алады боран кiмдi жиi сынға?!

Қатайып ауыл қысы кешегiден,

Түздi де ұстағандай уысында.

 

Жер мен көк алай-түлей жанталасып,

Ұрысты бастағандай анталасып.

Сабалап сатұр-сұтыр қағады есiк,

Сан үрей терезеден анталасып.

 

Ойға қыр бiр сәт пана бола алмайды,

Шарқ ұрып қатал аяз жалаңдайды.

Тiршiлiк белгiсiндей үйде анашым,

От жағып пеш жанында қараңдайды.

 

Соғады сыртта боран үрiп талмай,

Бөрiсiн үй маңында ұлытқандай.

Қарасам қызыл шоққа, анашымның

Мейiрi от боп үйдi жылытқандай.

 

Пейiлiн шәймен бiрге қосып майға,

Бергенде, естiлдi леп тосын, майда.

Қыс емес, қашанда үйде жаз орнатқан,

Аяулы анашыңдай досың қайда?!

АСҚАҚТЫҚ

Шөл – асқақ, қысылдырған тұстарымен,

Көл – асқақ, ұшып-қонған құстарымен.

 

Ой – асқақ, арлы-нұрлы сырларымен,

Тау – асқақ, қарлы, сұсты шыңдарымен.

 

Дала – асқақ, даралығы жерұйықтан,

Дана – асқақ, даналығы елдi ұйытқан.

 

Көңiлмен табысқанда сезiм де – асқақ,

Өкiрген арыстандай теңiз де – асқақ.

 

Қалқандай батыр да – асқақ, сiрi-берен,

Ақ маңдай ақын да – асқақ, жырыменен.

 

Асқақтық кiм-кiмге де жарасады,

Деушiлер, алайда, дос, адасады.

 

 ТОЛҚЫН ҰРҒАН ҚАЙЫҚТАЙ

Мұңын шақпас қай сырнай,

Тартар болсаң тосын сыр?!

Менiң жайым қайбiр жай,

Сен сұрама, шошырсың?!

 

Ой-дертiмнен айықпай,

(Несiн айтам қайғымның?)

Толқын ұрған қайықтай,

Тыныштықтан айрылдым.

 

Дауылдағы теңiзбен,

Жүздескендей бетпе-бет,

Бiр дүлей күш – перiңмен,

Алысамын жекпе-жек.

 

Түптей тартып, үйiрiп,

Жеткiзбейдi көкжиек.

Әрекетсiз сыйынып,

Арта алмайсың көкке иек.

 

Беймәлiмдеу ақыры,

Қандай жаймен үйлесем?!

Ой-санамның ақылы,

Жетпей соған күй кешем.

 

ЕРІТПЕДІ

Отқа қақтап сүйекті «нәлет түлей»,

Шілде бүгін тұр жанып әдепкідей.

Жан азабын тартқызған дозақыдай,

Алармысың мұндайды әдепті дей?!

 

Шілде әйтеуір тұр жанып барын салып,

Перделеніп, айнала сағымданып.

Түсер болсаң қыспаққа дәл осылай,

Қайдан тапсын көңілсіз жаның бақыт.

 

Шілде аптапқа қойған соң ерік беріп,

Қызба қандай қызуын желікті етіп, –

Ой менен қыр тұр қаңсып қызуынан,

Тау мен құздың мұз, қары еріп кетіп.

 

Желіксе де шілденің желікпесі,

Қалған көңіл шендіден жеріп пе еді?

Ерітсе де мұз, қарды шілде аптабы,

Мұз боп қатқан өкпемді ерітпеді.

 

ТИГЕНІНШЕ ЖЕР ИІСКЕП ТӨС-ТАБАН

Өзгелерден әдепті, әсем, ардақты,

Менің сүйген аққуым ең алғашқы.

Тағдыр бізді екі айырып мәңгілік,

Сен келетін жалғыз жолды қар жапты.

 

Жазы да өткен, күз суытып, тұмантып,

Сертіміздің беріктігін күмән ғып,

Арамызды суытардай біржола,

Жауған қардың ызғар иісі тұр аңқып.

 

Баяғыдай жылуыңды сезе алмай,

Тоңсам-дағы суығына төзе алмай,

Өзің кеткен жақтан тағы сені іздеп,

Қарап тұрмын енді неге көз алмай?!

 

«Қайғы-мұңға берілмейді есті адам»,

Десе де жұрт неге сені еске алам?

Тигенінше жер иіскеп төс-табан,

Кірмейтін де шығар енді ес маған.

 

ҰМЫТА АЛМАЙ

Биыл қыстың келісі де бөлек тым,

Мен жазатын өз сөзіндей өлеңнің.

Салады еске баяғы өткен көктемді,

Қайғысы жоқ, шаттығы мол өткенді.

 

Бір рахат жанымды кеп тапқандай,

Самалы ескен тынысымды ашқандай, –

Билеуші еді дала гүлі ырғалып,

Бізді биге шақырғандай бір бақыт.

 

Билеуші едік біз де дала гүліндей,

Өтуші еді уақыт та білінбей.

Енді міне Күн де нұрын төкпейді,

Уақыт та жылжымайды, өтпейді.

 

Әлде бұл қыс көп нәрседен шектей ме?

 Көңіл-кірбің әлденесі жетпей ме?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір