Қуаныш Жиенбай. «Жан әлемінің» жаңа жұмыс кестесі
23.06.2020
1766
3

(Әңгіме)

Қуаныш Жиенбай

Екі күн демалысты мағыналы да маз­мұн­ды өткізу үшін алдын ала жоспар жасай­тындарға Жеңіскүл іштей қызығады. Қызғанбайды. Үй ішінің өмірі түгесілмейтін шаруасын күйттегеннен мүйіз шығар болса, шығар еді-дағы. Ай, қайдам, әсіресе, әйел байғұстардың жалқы сәт қолдары боса­ғанын күтіп тұрғандай, қайдағы бір тосын тапсырмалардың табан астынан киліге кететіндігін қайтерсің. Ертеңді-кеш айна алдынан шықпай, сыланып-сипанатын дәурен ұмытылғалы қаш-шан. Ең құрыса, иек астындағы ұжымшарда тұратын әке-шешесінің аман-саулығын біліп қайтуға да мұршасы жоқ. Не кәкір-шүкірді ұмытып, армансыз ұйықтай да алмайсың. Сүргін, әйтеуір. Үйленгенше үсті-басыңды үлде мен бүлдеге орап, тұяғыңды қимылдатпаймын, сен тек ханның қызындай керіліп-созылып ертеңгі шайымды қайнатып берсең болды, қалғаны менің мойнымда деп, уәдені үйіп-төккен Әбдіразақ қазір бір түрлі. Әлде қызмет ыңғайы солай ма, токқа қосылған ойыншық мәшине секілді тыным таппай, зырлайды да жүреді. Бір жерде байыз тауып, бірер сағат отыру дегенді айтпаңыз. Оу, ерлі-зайыптылар айтатын ертегі әлден түгесіліп қалса, одан соңғы тірліктің қызық-шыжығын ұрғаны! «Одан соңғысы әдіре қалсын маған десе! Жоқ, кісіні өстіп күйдіреді ғой бұл Әбдіразақ!..»

Екі көзің суқараңғы соқыр болмаған соң, жан-жағыңдағылардың не істеп, не қойып жатқандығын көресің амалсыз. Жә, қаражат жағы қолбайлау екен, оған несіне қиналады, бастары жас қой әлі. Жағажайдағы жұмсақ құмы денеңе жұқпайтын, суы айнадай мөлдір, ауасы таза шетелдегі қымбат демалыс орындарының да әлі талай дәм-тұзын татар. Жыл сайын бара берген соң, одан да жалығар. Одан гөрі Әбдіразақ анау тартылған теңіз жағалауындағы ағайын-туманы аралап қайтайық десе, Жеңіскүл одан тартынар ма?! Оны айтасың, ғайыптан тайып жұмыр жердің ел көрмейтін қиян түкпіріне сапар шегеміз десінші, қыңқ демейді, мұз жарғыш кемедей Әбдіразақты алға салып, соңынан салпақтап ере береді. Әбдіразақтың көлеңкесінің өзі тас қорған және саясы мол бәйтерек… Міне, мұны да біреу естіп қалар, көз тиер деп тісінен шығармайды. Әбдіразақ екеуі қол ұстасып, таңның қалай атқанын, күннің қалай батқанын аңғармай, бас ауған жақтарына қарай жүре берсе, жүре берсе… Бір кездері бойларындағы әл-дәрмен құрып, айдаладағы бір түп жиденің жанына жетіп, етпеттерінен құласа… Содан аңқалары кеуіп, ертеңінде бір жұтым суға зар болып, көздерін тырнап ашса… Әне, тілегі бір шын ғашықтарды Жаратқан ием айдың-күннің аманында неге өлтірсін… Оның мейірім-шапағатына тең келетін не құдірет бар мына дүниеде?! Қол созым жерде тастай суы шекеңнен шығатын шыңырау құдық тұр гүмпілдеп… Әбдіразақ сәл шаршаған-ау шамасы, орнынан тұра алмайды. Ал Жеңіскүл тың ғой әлі де, ұшып түрегеліп шыңырау құдықтың суын етегіне құйып әкеп, Әбдіразақтың кезерген ерініне тамызады… Ой, бәрекелді, осындай да аңызға бергісіз арман болады, ә?!

Бүгін демалыс. Жұрттың жағасы жайлауда. Тек дүниенің кетік-құтығын жаны қалмай жамап жүрген Жеңіскүлдің Әбдіразағы ғана. Ол болмаса төңіректі қара түнек тұмшалайды, күннің көзі ашылмайды… Күледі, несіне күледі. Күйеуінің жүрген-тұрғаны өзіне мәлім. Орман өртеніп жатқандай, ертеңгілік төсегінен тұра сала тысқа жүгірген. Ошақ көмейіндегі қайнап тұрған шайдан бір-екі кесе ұрттап, аздап жүрек жалғаған соң да үлгереді ғой бәріне. Әлде оны да Жеңіскүл дайындап берсін дей ме. Немене, Жеңіскүлді күң есебінде езіп-жаншып, еңсе көтертпей, осы үйді күзеттіру үшін алып па?! Бір адамдай бұлқан-талқан ашу Жеңіскүлдің бойынан да табылады. Көргенді жердің қызы болған соң үндемейді, адамгершіліктен ары аттағысы келмейді. Ал ерегессе, көңілі қарайса, төрт қабырғаға қамалған мына тірлігін тәрк етіп, бір жағынан Әбдіразаққа қыр көрсеткенсіп, төркінінен келген бар жылтырақты иығына іліп, шашын төбесіне үйіп, көшеге сылаң қағып шыға келсе, Жеңіскүлдің жолын бөгейтін кім бар?! Одан қалды, мына екі қа­батты коттеджді біреуге сатып, не қала ор­тасындағы өздеріне ыңғайлы, жайлы пәтерге айырбастап жіберсе қайтесің?!

Бұған келгенде Әбдіразақ жұмған аузын аша алмайды. Себебі бұл үйді Жеңіскүлдің әкесі сатып әперген. «Етектеріңе оралып жат­қан балаларың жоқ, жұрт істеп жатқан қам-қаракеттен сендер де құралақан қалмаңдар. Астыңғы этажды супермаркет жасайсыңдар ма, әлде жекеменшік балабақша ашасыңдар ма. Қалғанын өздерің шешіңдер. Бізге керегі ауызбірлікті өмір сүргендерің…» Иә, ашты ғой балабақшаның әкесін танытып, іші-сыртын айнадай жалтыратып! Төменгі қабатқа түсейін, оны-мұны қарайын десе, соқа басы сыймайды. Кестелеп жиналған кітаптан аяқ алып жүре алмайсың. Және бұл Әбдіразақтыкі не деген тойымсыздық? Әке-шешесі кітаптан өлгендей, не солардың басына сатылап кітаптан мазар тұрғызатындай түбі түскен ескі кітаптарды жинай береді, жинай береді. Кітап оқитын заман ба осы күні? Түсініп көр. Тірі адамға сенбей, күрек басындай құлыптың кілтін төс қалтасына салып жүреді салақтатып.

Қойшы құрысын, жүйке жұқартпай­ыншы дейсің ғой бір уақ, әне көрдің бе, әкесі «бала­ла­рың жоқ» дегенге ерекше екпін түсіреді, «тым созып жібердіңдер ғой» деп шешесі қың­қылдайды. Жеңіскүл баланы күлге аунап туа ма. Отасқандарына төрт жыл. Анау-мынау сырқаты болса, ер адам емделмей ме дәрігерге барып. Ал Әбдіразаққа кітаптан басқа түктің қажеті жоқ. Жатса да, тұрса да ойлайтыны кітап.

Жеңіскүл терезені қар аралас қара жаң­быр­дың сабалап тұрғанына қарамай, аяғына Әбдіразақтың керзі етігін киіп, шарбақтың арғы бұрышындағы сарайдан бір шелек тас көмірді әрең көтеріп ішке кірді. Ойпыр-ай, күннің көктем жақындағанда қақап кеткені несі. Ес жиғызбайды, жүдә. Шарбақтың басынан мойнын созып, «қара» базар жаққа назар салмақшы еді. «Қара» базар дейтін аты қандай жаман! Жүрекке тиетін жағымсыз астай ары қарай жұта алмайсың, орта жолда кептеліп тамағыңа тұрып қалады. Базар үйден алыс емес-ті. Құдайдың түтеп тұрған осындай боранды күнінде жаман-жәутік қалта-дорбасына салынған ескі кітаптарды қолма-қол ақшаға, не тағы со секілді ескі кітаптарға айырбастау үшін сонау жер түбінен қисалаңдап келетін кісілердің жанкештілігіне не дерсің!.. Өзі алтын берсе жолар ма бұл маңға. Базар­дың аты қандай тұрпайы болса, төңірегі де адам төзгісіз сондай жұпыны. Ат­шаптырым аумақ жыртық-тесік темір тормен қоршалған, кез келген тұстан қиналыс­сыз өте бересің. Сатушылар осында келген бойда құлаш жарым кіршеңдеу кенепті алдарына жайғыштайды да ескі кітаптардың шаң-тозаңын сүрткілеп, ақжемі шыққан мұқабаларды бір-біріне мінгестіре жайғыштайды. Анадай жерде шашылып жатқан ап-ауыр бетон түбіртікті көтеріп әкеледі де оның үстіне ескі күртешесін төсеп, бір шаруаны тындырғандай қақырынып-түкірініп, соған құйрық қояды. Жандарынан доңғалағы қисайған қоларба, не екі аяқты атамзаманғы велисепедтің қаңқасы қарауы­тады.

«Қара» базардың клиенттері бірін-бірі жақсы таниды, бірімен-бірі аса ілтипатпен амандасады. Міне, Жеңіскүлдің жүрегі жа­рылып кетсе де айтатын шындық осы: ғылым кандидаты, орталықтағы әдеби қолжазбалар қорының кіші ғылыми қызметкері, ал бұл жерде «қара» базардың қожайыны – Әбд­іразақ Иманқұлов ертерек келіп, өздерінің тиесілі орындарына жайғасып үлгерген кітап сатушылардың жандарынан жайлап басып, өтіп бара жатады. Қанша дегенмен бастықтың аты – бастық, «қара» базардағылар Әбдіразақты көргенде көкіректеріне қолдарын қойып, иіліп-бүгіледі. «Міне, көріңіз, бүгін мыналармен жұмыс жасамақпын» дегендей, алдындағы «байлықты» иегімен нұсқайды. Шетел асқан олигархтардың кітаптары тек осы базарда ғана ашық сатылымға түседі. Оларға күпінің битіндей таласқан жұрт лезде талап әкетеді. Ал ондай кітабы барлардың еңселері биік, сөз саптаулары сараң, маңғаз.

Әбдіразақ асылы оқыған-тоқығаны мол сауатты азамат қой, әлдебір кішігірім мекеменің шелтиген шенеунігі секілді көкірегімен көк тіреп, қарауындағыларды менсінбегендей ыздиып өте шықпайды. Әрбірінің жанына жақындап, сәл аялдайды. Әрине, арадағы әңгіменің қалай өрбитінін жылы жерде тұрған Жеңіскүл қайдан білсін. Шаруа жайын сұрастыра ма, әлде «кітаптан түскен тиын-тебен күнделікті шай-суларыңа жетіп тұр ма?» деп, өз қалтасынан бір нәрсе суырып бермесе де, жаны ашығандық ниет таныта ма, кім білген. Бірақ мынадай қара суықта тісі-тісіне тимей бүрсеңдеп тұрған пендеге жылы сөздің өзі үлкен демеу.

Байқауынша, «қара» базардағылар да Әбдіразақты бөтен көрмейді. Іскер, тындырымды, жоғарғы жақтағылардың тілін тапқыш. Әбдіразақтың сондай икемділігі, ыждағаттылығы болмаса, қала сыртындағы бұл «қара» базарды әлдеқашан трактордың тұмсығымен сүріп тастар еді; орнына тоғыз қабатты әңкиген тұрғын үй тұрғызар еді. Талай-талай төтенше оқиғалар болған бұл төңіректе. Салық комитетіндегілер тілдей қағаздарын жалаңдатып, «жарна төлеңдер, жарна төлеңдер!» деп жетіп келгенде қай тесікке кіреріңді білмей қиналасың. Оу, саудаң жүріп, есеп-қисабың ойдан шығып тұрса, кісі жарна төлеуден жалтара ма?! Заң ешкімді алаламайды, тәртіп бәріне бірдей. «Шаған», «Әлем», «Алатау», «Шаңырақ»… базар жетеді бұл қалада. «Қара» базар да сол санатқа кіреді. Салық мөлшерлемесінде де айтарлықтай айырма шамалы. Кітап сатасың ба, әлде қару-жарақ сатасың ба, «налоговиктерге» бәрібір. Мөр басылған тілдей қағазды жамбасыңа бас та, жайнаң қағып жүре бер.

Мәселе сол «жайнаң қағып жүре алмау­да» болып тұр ғой. Мына жерді базар деп әйгілеп, әспеттеудің өзі ұят. Айнала аңғал-саңғал, кезі келгенде қаңғыбас иттер деген­дерін істеп жүре береді. Айналасы биік дуалмен қоршалған, жауынды күндері жан сақтайтын үйшігі бар, бір қақпадан кіріп, бір қақпадан шығатындай жағдай жасалса, кісі салық төлеуден қинала ма?! Биыл… сірә, соның бәрін реттестіріп жүрген де Әбдіразақ болар. Базардың күн батыс бетіне темір вагон әкеп қойғызды. Аз-маз әл шақыруға жарап тұр. Ық. Ығынан бұрын түстік асыңды электр плитасына қыздырып, артынан ыстық шай ішуге де мүмкіндігің бар. Оу, Әбдіразаққа дейінгілер бүйтіп қамқорлық жасаса қайда қалды, келіп-кетіп жүрді ғой талай жайсаңдар. Қазір салық мөлшері отыз пайызға төмендеген. Еркіндік, аптаның сенбісі мен жексенбісінде келесің бе, келмейсің бе, өзің біл. Орының сақтаулы. Міне, осындай еңбегі ескерілгендіктен «қара» базар ұжымы Әбдіразақты бірауыздан базарком ғып сайлаған.

Жеңіскүлдің аздап намыстанатындығын базардағылар қайдан білсін. «Қара» базарға байланып қалған не пәлесі барын түсінбей-ақ қойды. Жиырма бес жасында ғылым кандидаты атанды және тиіп-қашып екі жерде қосымша қызмет атқарады. Жалақысы аз, бірақ екеуіне жетпей жатқан не бар. Оу, басы істейтін ақылды кісі екі күн демалысты базар маңында өткізгенше, одан гөрі пайдалы іске жұмсамас па?! Ғылыми жұмысын жалғастырсын, ізденсін, іс-сапарға шықсын. Үйленбей жүргенде: «Маған Петербор, Қазан, Тәшкент пен Самарқандтағы оқымысты ағаларым бізге келіп лекция оқып кетіңіз деп үнемі шақыру жібереді. Оған қай кезде жол түседі, өзім білем», – деп бөспеуші ме еді. «Бөс, бөсе түс, базарком мырза! «Қара» базардың арқасында бай болып, барша мұратыңа жетсең, тірі жүрсек оны да көрерміз».

Жеңіскүл жеделдетіп түстік астың қамына кірісті. Тоңазытқыштан ет шығарды, жеміс-жидекті тазалап, үстөлге әкеп қойды. Әбдіразаққа бәрібір, үйде не бар, не жоқ; Жеңіскүлдің жағдайы келе ме, келмей ме, оған қарамай әлдекімдерді сүйрелеп әкеле салады.

 

***

Жеңіскүлдің дәмділеп пісірген түстік асынан соң, он-он бес минут мызғып алғанға не жетсін. Жастыққа жантая бергені сол, қалта телефоны безек қақты: – Әбдіразақпысың? – деді аржақтағы қартаң әйел дауысы.

– Әбдіразақ, Әбдіразақ! – Аздап қабағы кіртиді.

– Мен Әсима апайың ғой. Ұмытып қалған жоқпысың?! Адамның адамды ұмы­туы түк емес осы күндері.

– Жо-жоқ, сізді ұмытып мені жын ұрды дейсіз бе?! Амансыз ба, Әсима апай, денсаулығыңыз қалай, үй-іші…

– Шүкір. Сенің немен айналысатын­дығыңда шаруам не?! Бізбен сирек хабарла­сасың, әйтеуір.

– Жұмыс. Дүниені төңкеріп тастаған түгіміз жоқ. Таң атса, кеш батады.

– Аман жүрсең болар, келін қалай?

– Жақсы.

– Саған аздап бұйымтай айтқалы тұр­мын. Бұйрық емес, бұйрық беретіндей бізде қайбір қауқар қалды. Ағаң…

– Ағайдың жылын беріп қойдыңыздар ма?

– Бердік. Уақытты уысыңда ұстап тұра алармысың. Сапекеңнің жамбасы жерге тигелі де жыл өте шықты, мінекей!

– Қап!

– Хабар тимеді ме, сен тізімде бар болатынсың.

– ? – Әбдіразақтың жон арқасы дымданды. Тұла бойы жансызданып, үсті-үстіне саусақтары дірілдеді. Өз-өзін қарғап-сілегеннен не пайда?! Бұл кемшіліктің орны анау-мынаумен бүтінделмейді. Ертең, не одан арғы күні дүние күйіп кетсе де алдымен мешітке соғып, пітір-садақасын береді де, Кеңсайдың ұшар басындағы ұстазының бейітіне қарай құстай ұшады. Білген дұғасын бағыштап, аздап ағаттық жібергені үшін Сапарқұл Жұбаевтан кешірім сұрайды. Ондай кісі сирек, бәлкім ондай кісі енді тумас. Ұшан-теңіз білімі, кісінің көңілін аулаған биязы үні, жібектей жұмсақ мінезі… көз алдында сайрап тұр. Соңғы рет Ш.Уәлиханов ескерткіші маңында жүздескен-ді. Тың секілді еді. Әбдіразақты да туған баласындай жақсы көретін. Жұмбағы көп түсініксіздеу мына заманның беталыс-бағдарына өз көзқарасын білдіре келіп, «сендердің болашақтарың не болар екен?» деп жерге қарап, ұзақ ойланған-ды, – Ішер ас, киер киімнен таршылық көрмессіңдер. Бірақ…» «Ғылыми жобалардың нәтижесін уақытында көрсек дейсіз ғой…» Әбдіразақ­тың со жолы артын қысып, тыныш тұрғаны жөн еді. «Жо-ға, ғылым қайда қашар… Алдымен адам бойындағы адамгершілік сезімінің тоз-тозы шықпаса…» Бір жақсы­сы, әбден ақжемі шыққан мына секілді жаттанды уәждер айтылмады: «Біздің ізіміз­ді енді сендер жалғауға тиістісіңдер…» «Оған қам жемеңіз, егер жер басып аман жүрсек…»

Аман жүр, әлі де аман жүрмекші. Кандидаттығын да сол кісінің арқасында қорғаған. Бәлкім, ұстазының мына былық-шылыққа куәгер болғанша, қарамды батырғаным жөн деп, мәңгілік мекеніне жайғасқаны ақыл шығар. Ғұламалардың әрбір ісі ұлағат.

– Неге үндемей қалдың? Бұйым­тайымның өзі түкке тұрмайтын бір нәрсе. Егер мұны артық тірлік десең қиналма. Тағы бір жөні табылар. Сапекең сені аузынан тастамай, жиі айтатын болған соң… Оның үстіне кітап жинайды деп естігем.

– А… а, Әсима апай, айта беріңіз, құлағым сізде.

– Бұл тек біздің басымыздағы жағдай емес. Осыған ұқсас «спектакльдерді» естіп-біліп те жүрген боларсың. Кенже ұлдың қолындамын әзірге. Со бала элиталы ауданнан төрт бөлмелі пәтер алған. Соған көшеміз жақында.

– Көмектесейін…

– Сенің көмегің… Ұстазыңның үлкен кітапханасын көрдің ғой үйге келіп-кетіп жүргенде. Бала мен келін ол кітаптарды шаңын бұрқыратып, жаңа үйге кіргізбейміз дейді. Бұл түпкілікті шешім. Олар айтты, бітті. Обал ғой, ұстазыңның алақан табы тиді ғой… Егер жуық маңда кітапхананы алатын адам табылмаса, жиып-теріп қоқысқа шығарып тастамақ. Мен айтарымды айттым, арғы жағын өзің біл…

Әбдіразақ жау тигендей жедел киінді. Есік алдындағы ескі «Москвич» бірден от алды. «Қара» базар маңында қара-құра адам көп. Темір вагонның ұзын тұрбасынан түтін будақтайды. Күзетші шал биік басқыш үстінде арлы-берлі қолын сілтеп, біреулерге сұқ саусағын шошайтады: «Тамақ ішкенді білесіңдер, бірақ артын жинамайсыңдар…» Күн суық, қар аралас жауын-шашын.

* * *

«Қара» базарды таң азаннан бір аралап шықпаса, Әбдіразаққа ас батпайды. Әлде өзі жоқта базарды біреулер қаланың басқа бұрышына көшіріп жібере ме?! Жо-жоқ, о не дегеніңіз, Әбдіразақ өйтіп-бүйтіп, түбі осылардан бір пәле келеді-ау деген мекеме басшыларының да «ауыздарын» алып үлгерген. Пара беретіндей жағдай қайда?! Оған шамасы келсе алдымен сырқылдақ мәшинесін жаңалап алмай ма. Анау өй депті, мынау бүй депті… жә, тобырды тоқтататын тегеурінді күш табылмай тұр ғой әзірге. Мейлі, айта берсін, теріс қарайтындар қарай берсін. Кімнің аузына қақпақ қояды. Бірақ әділдік жанартау секілді жарып шығады түптің түбінде. Ал көпшілігі менсінбеген, тіпті атауының өзінен ат-тонын ала қашатындар не істеді десеңші ана жолы. Ой-хой, дүние-ай, «қара» базардың абырой-беделі аспандады ғой, жарықтық! Аспандағанда сұрамаңыз! Елді тәубесіне түсіруге тұтқиылдан соққан сол бір айлық карантиннің өзі жеткілікті еді. «Алтын» дүкенінің алдын бермейтіндер жаяу-жалпылап, «қара» базарға ағылды. Қолға түспейтін және әлем жұртшылығы мойындаған құнды кітаптар керек бәріне. Ал көнетоз күртешесін қаусырмалап, көзәйнек киіп, күрк-күрк жөтеліп жүрсе де «қара» базардың байырғы тұрғындары өмірлерін кітап оқуға бағыштаған өңшең оқымыстылар. «Өзекті жанға керектінің бәрі – кітапта!» Жұртқа жарнамаламайтын жалғыз ұрандары осы! Осының өзімен-ақ болашақтарының жарқын болатындығына бек сенімді, қолдан-қолға өткен ескі кітап мұқабалары тоңдырмайды, қарындары ашпайды, көңілдері көктем. Айтатын әндері де, жырлайтын тақырыптары да тосын. Шалғайларына сүрініп, аяқ-жолдарын әзер тауып жүріп те бұлар жер шарының қай түкпірінде, қандай елде, қандай баспадан қандай кітаптың басылып шыққандығын жақсы біледі. Көпшілігінің «Амазонмен» тікелей байланысы бар. Оның үстіне компьютердегі сайттар мен кітап дүкендерінің электронды пошталары ешкімнен ақы сұрамайды. Үйде отырып-ақ төрткүл дүниенің қулық-сұмдығынан құмалақ ашпай құлағдар. Олар кітаптан артық бизнес бар-ау дегенді түсінбейді. Қытайдың шипотребтерінен қарадай-қарап жүректері айниды. Осы тірліктерінен байып, коттедж тұрғызып, қал-қарази өмір сүрем-ау дегенді тіпті қаперге алмайды. Ең бастысы – жан жүректері таза. Кітаптан жиған «жиһаз» көнермейді, ескірмейді. Тіпті мұндай кісілерге өлім-жітім туралы ойлаудың өзі ұят. Масқара!

Сол бір айлық карантин кезінде Әбдіразақтың да аяғы жер иіскемеді-ай! Аспанда қалықтады, ақша бұлттармен сырласты. Береке тапқыр-ау, әншейінде ескі «Москвичін» сырқылдатып орталықтан үйге, немесе үйден орталыққа кетіп бара жатқан Әбдіразақты кім көзге іліп еді. «Қара» базардың қожайыны – мен неге ескерусіз қалуға тиістімін?..» деп өз-өзіне есеп берген Әбдіразақ болсайшы! Ара-тұра аздап көңілі қобалжижы. Екі қолға бір күрек таппай, сенделіп жүрген ағайын қаншама, ал Әбдіразақ есебін тауып екі-үш жерде жұмыс істейді. Қолжазба қорындағылар Әбдіразақтан тіріде айырылмас, музейдегілер де «ыңғайыңа қарай, аптасына бір-екі мәрте төбе көрсетіп тұрсаңшы» деумен ғана шектеледі.

Сөйтіп жүрген Әбдіразақ қас пен көздің арасында қолға түспейтін әрі ешкім орнын баса алмайтын, ерекше жаратылған адамға айналсын да шықсын. Телефонға тыным болсайшы, ерте де, кеште де… «Әбдіразақ Иманқұлович, амансыз ба, көңіл-күйіңіз қалай? Бұл сақтандыру компаниясынан… Апыр-ай, сіздің телефоныңызға түсу қиямет-қайым біз үшін… Үйдеміз, олай-былай шыға алмаймыз. Бір жағынан бұл дұрыс болды… Адамның күні адаммен, біздің де бір жәрдеміміз тиер. Сатушыларыңыз сақтандырылып па еді?.. Жасымда кітапты көп оқығам, бертінде ғой бұзылып жүргеніміз… Ұлы шайыр Румидің бір кітабын таба алмай ит болып отырған жағдай… Он сегізінші ғасырда Пушкин де тырысқаққа тап келіп, карантинге қамалған. Бірақ ең керемет дүниелерін сонда жазды… Сол кітаптардан бір-екеуі табылса… Сізге қарыз боп қалмаймыз. Бүгін менің атымнан біреу барып жолығады…»

Қалалық құрылыс басқармасынан хабарласады. Наториалдық контордан бір пәтшағар қыз өлердегі сөзін айтып қылғынады: «Дешті Қыпшақ жайлы кітаптың сізде болмауы мүмкін емес…» Құжаттама департаментінің меңгерушісі өтініш айтпас бұрын, кәдімгідей өктем сөйлейді: «…Сіз менің алдыма келесіз әлі. Сондықтан есеп 1:1. «Қара» базардың жарғысын жаңалап, атын өзгертіп, жаңаша жұмыс істеу керек болар алдағы уақытта… Біздікі ұсыныс…» Өй, шайтан алғыр, адамның ойындағысын қалай біліп қойған мына зәнталақ?! Базардағыларды көргісі кеп, аса сағынып тұрғаны шамалы. Тапсырыс берген кітаптар санасында сайрап тұр. Бірінде болмаса, бірінен кезігуі әбден мүмкін. Ондай кітаптарға сұраныс күшті. Көзіне түскендер сатушының сұрағанын беріп, қағып әкетеді. Сондықтан базарком басымен жұмыс кеңірдектеп жатпаса да, елден бұрын осы арадан табылады. Асықпайды, жайлап аралайды. Керек дүниені көзі шалса, «мынаны жасыра тұрыңызшы» деп ыммен ишара білдіреді. Ренжітпейді, алушысы дайын. Оу, базаркомның «байлығына» назар аударғанының өзі неге тұрады, жанынан оқтау жұтқандай сіресіп өте шықса да Әбдіразаққа пәлен дейтін кім бар. Қартаң кісі қалбалақтап әуреге түседі. Тіліне жөні түзу сөз тіркесі оралсайшы. Бір-екі кітапты ақы-пұлсыз Әбдіразақтың қолтығына қыстырып жіб ерсе, одан жарлы боп қала ма? Береген қолым – алаған, келер жерін кең қылғай.

Әбдіразақ бұл жайсыздықты әдемі күлкісімен жуып-шаяды. Әлгінің арқасынан қағып, суық сорып, діріл араласа бастаған саусақтарын уқалап, «ниетіңізге құлдық» дегендей, орнына әкеп жайғастырады. Артынша әлдекімге телефон соғады: «Заказыңыз дайын, алып кетіңіз».

Алдыңғы күнгі шаршағаны-ай, екі қары сал болып көтертпей қойды. Ұстаз кітапханасындағы отыз жәшік кітапты мәшинеге тиеп, үйге келген соң қайта түсіріп, бір-бірлеп жинау – жалғыз адамға қайдан оңай болсын. Борша-борша терледі. Бұл шаруаға Жеңіскүлді араластырмады. «Тек кітаптарды санап тұрсаң болды», – деді әзілдеп.

– Қанша?

– Үш жүз, үш жүз елу, үш жүз алпыс…

– Біздің банктегі дивидентіміз осы…

Жеңіскүл аң-таң.

* * *

Сүлік қара «джип» базарды бір айналды да, қақпа алдына келіп дік етіп тоқтады. Алдыңғы жақтан домалап біреу түсті. Үсті-басын қаққыштады. Бейтаныс. «Бұл тегін адам емес, – деді күзетші, – не керек, алдымен шаруасын білейін». Барған бетте жеделдетіп тез оралды. Әбдіразақтың құлағына әлденелерді асығыс сыбырлады.

– Қала мэрінің көмекшісі…

– Тыңдап тұрмын.

– Былай шығып сөйлесейік, – деді көмекші. Бұрыннан жақындығы бардай, Әбдіразақты да қолтықтап үлгеріпті. Әңгімені қалай бастасам дегендей, базаркомның бетіне қарап, жымың-жымың күлді: – Әбдіразақ Иманқұлович, мәселе былай, қала басшысының үйіндегі жеңгеміз келер жұмада үкіметтік делегациямен Индияға сапар шекпекші…

– Оған менің қатысым не?

– Бәріміздің қатысымыз бар, әсіресе, сіздің…

– Бәли.

– Абырой ортақ. Жеңгеміз ретін тауып Тәж-Махалға тәу етіп қайтпақшы. Әрине, сәулет өнерінің жампозы – Тәж-Махал туралы кітап жетерлік. Оның бәрін оқып отыруға уақыт кәне. Ол кісі де сізді сыртыңыздан біледі екен. Сіз туралы жақсы пікірде. Керек кітапты бір кісі тапса, сол кісі табады деп әдейі жұмсады. Өзіңіз ойлаңызшы, әкімнің әйелі кез келгенге сауын айта ма? Егер шаруам бар еді, әкімге кірейін десеңіз, есік ашық… Үндемей жүріп мықты екенсіз…

«Қара» базардың шаруасымен әкімге кіріп шықса кәнекей! Базардың сыртқы қоршауын тұрғызу, сауда жасайтын орындарды реттеу, төбеге қалқан көтеру – қала мэріне не тұрады, тәйірі! Бір бизнесменге жүктейтін шаруа. Әбдіразақ алақанын ысқылады. Құдай берейін десе өстіп, төбеден тастап кеп жібереді. Үйдің астыңғы қабатында Тәж-Махал туралы төрт-бес кітап бар. «Құлдық, айтылды, бітті» дегендей денесі толыса бастаған жас жігітті қолтықтан демеп, «джиптің» алдыңғы орындығына жайғастырды.

– А…а, Әбдіразақ Иманқұлович, еске түскені мұндай жақсы болар ма?! Ол кісі… – Терезенің әйнегін төмен түсірді.

– Ол кісің кім?

– Жеңгей. Әкімнің кітап оқуға шамасы қайда. Мойын бұруға мүмкіндігі жоқ.

– Айта беріңіз. – деді Әбдіразақ жайдары көңілмен.

– Биыл Абай атамыздың юбилейі. Ерігіп жүрген шетелдіктер сұрап қалса масқара болмай ма?! Хакімнің туыс-жұрағаты туралы жазылған деректі дүние болса… Сосын «Абай жолы» романының өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген алғашқы томы табылар ма екен дейді… Еске түскені қандай жақсы болды, әйтпесе, сізді әуре ғып, тағы келер ме ем.

Әбдіразақ бәрін құптағандай басын изеді. Мәшиненің дәу доңғалағынан ұшқан қою шаң әзер сейілді.

* * *

Соңғы апталардың қалай зулап өткендігін өзі де аңғармады. Базарға бұрылуға да қолы тимейді. Шырттай киініп, әкімге кіріп шықты. Әкім-қаралардан Әбдіразақтың сырттап жүруі – нағыз ақымақшылық екен. Адамның іші-бауырына кіріп, жай-жапсарыңды тәптіштеп сұрағанда иығыңнан ауыр жүк түскендей, жеңілденіп қалды кәдімгідей. Хатшы қызға шай алғызды. «Мен кіммін, әкім мені қалай қабылдайды? Әңгіме ұзаққа созылмас. «Көрерміз, бара беріңізбен» шығарып салар» дейтін қорқынышты сезімнен ада. Көптен көріспеген ауылдасымен жүздескеннен әрі. Әбдіразақ та тамақ түймесін ағытып, терең дем алып, қайыс креслоға арқасын тіреп нығыздалып отырды. Әкім дұрыс жігіт боп шықты өз пайымынша. Әйелі Үндістаннан аман-есен оралыпты. Әбдіразақ берген кітаптар түгелімен пайдаға асқан. «Сізбен байланысты одан әрі жалғастырамыз, – деді әкім тершіген көзәйнегін ақ орамалмен сүртіп жатып, – балалар өсіп келеді. Кітап оқымаған адам – мәңгүрт… Қаладағы базарлардың алды сіздің базар болуға тиіс… Өзіміз де, өзгелер де ұялмай бас сұғатын киелі орынға айналдырамыз әлі… Тиісті мекемелерге тапсырма берілді. Ертеңнен бастап, қалалық құрылыс басқармасы іске кіріседі… Көңіліңізге келмесін, базардың аты ұнамайды. Жаңадан ат ойлаңыз, жарғысы осы заман талаптарына сай болсын!..»

«Жан әлемі». Әрі ойлап, бері ойлап, одан артық ат таба алмады. Күллі мазмұны, идеясы осы сөзге сыйып тұрған жоқ па?! Ана жолғы әкімнің көмекшісі секілді ескі мәшинесін сырқылдатып, аңғал-саңғал қақпаның алдына келіп бір-ақ тоқтады. Көз алды көл-көсір дүние… Электр тоғымен ашылып-жабылатын топсасы берік емен есік, әр сатушыға арналған құстың ұясындай жылы, жып-жинақы үйшік, бағана сайын ілінген аспалы шамдар, «алты атармен» қаруланған күзетші шал… Көзін ашып, оянғысы келмеді. Рөлге басын қойып, ұйықтап кетіпті.

Дереу үйге келді де, Жеңіскүл әзірлеген шай-суға қарамастан төмен түсіп, әбден сүрленген кісі бойы тақтайға күйдіру әдісімен «Жан әлемінің» жаңа жұмыс кестесін ойып жазды. Қалта телефонына қоңырау түскен: «Бұл кім тағы, бір қолды екі ете алмай қапылып жатқанда…» – Ал-ло, дәл солай, адасқан жоқсыз, Әбдіразақ Иманқұлов тыңдап тұр…

– Бұл қалалық емхананың гинекология бөлімінен…

– Көкешім, бұл әйелдер босанатын перзентхана емес, базар, білесіз бе, «Жан әлемі» дейтін кітап базары. Бізде әзірге гинекология туралы бір де бір кітап жоқ…

Арғы жақтан әлдекімдердің сыңғырлаған күлкілі дауыстары естілді: – Сүйінші, әйеліңіздің аяғы ауыр. Жүктіліктің үшінші аптасы…

– А…а! – Әбдіразақтың аузына сөз түспеді.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 24.06.2020 | 22:30

Қонақ мырза, әңгімені түсініп оқуға өрең жетпесе өзіңе өкпеле!

Аноним 24.06.2020 | 22:31

Жақсы әңгіме. Осындай жан-жақты, тұшымды әңгімелер көп болғай!

Аноним 29.08.2020 | 09:40

Кітап жазу жайлы жақсы ой

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір