«ДОСТОЕВСКИЙМЕН ЕРКІН СӨЙЛЕСКЕН»
06.11.2015
1579
0
773505_720934258_271600Асанәлі ӘШІМОВ,
КСРО және ҚР халық артисі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Шоқанның өмірі мені қатты қызықтыра­тын. Алайда, Шоқан жайлы кино түсірем-ау деген ой мүлдем болған жоқ. Зия Сәмедидің романы бойынша жасалған «Аждаһа жылы» деген кино түсіріп, ол фильмге сол кезде Мемле­кеттік кинематографистер комитеті­нің төрағасы болып жүрген Олжас Сүлейме­нов ерекше баға берді. Кейінірек: «Шоқан Уәлиханов жайлы үш сериялы, көркем суретті телефильм бар. Жұмыс то­быңызбен сол фильмді қолға алсаңыз», – деген ұсы­ны­сын айтты.  Әуелі сценарийін көрейін, жауа­бымды екі аптада айтайын дедім. Оқып шықтым, сценарий ұнады. «Аруақ алып шығар» дедім де, келісімімді бердім. Ол кезде режиссерлық сценарий деген бар, соны жаздық. Қай жерде түсіре­тінімізді, қай жақтарға баратынымызды айтып, Мемлекеттік кинематографистер қоғамы, көркемдік кеңес мақұлдаған соң, «бісміл­ла­мызды» айтып, кейіпкер іздеуге кірісіп кеттік.
Шоқанның рөліне кастинг жариялаған-быз. Үміткерлердің бірде-бірі ойдан шық­пай, біраз уақыт жүріп қалдық. Өзім сыйлайтын Сәбира Майқанованың «Алыстан іздеме. Сағи тұр ғой», – деген сөзіне мән берген жоқпын. Өсек сөз­ден, елдің күбір-сыбырынан қорықтым. Бір­де операторлар менің жоқтығымды пай­даланып, Сағиды дайындапты. Аңдап қарасам, мұрты қиылып, Шоқанның өзінен аумай қалыпты. Содан өзім араласқандай болмайын деп, Көркемдік кеңестің қарауы­на жіберіп, Шоқанның рөліне Сағиды бекіт­ті. Түсіру жұмыстарын бірден бастап кет­тік. Хиуа, Ош, Қытай сапарын сәтті түсі­ріп, Ленин­градқа жол тарттық.  Бізге Шо­қан заманын­дағы қала керек. Ленинград­тың троллейбус линиялары түсіру жұ­­­мы­­сына кедергі келтіретін болды. Романов деген басшы Дінмұхамед Қонаевты та­ниды екен, Диме­ке­ңе сәлемін айтып жүріп Ленинградтың кейбір  көшелеріндегі  троллейбустың линияларын да өзгертіп берді.
Қашқардан оралған Шоқан Орыс геог­ра­фиялық қоғамында баяндама жасайды ғой. Сол заманда баяндама жасаған ка­бинет­ті, трибунаны анықтадық. Шоқан жаз­ған дәптерді таптық. «Мынау сол заманда Шоқан тұрған жер, мынау Шоқанның өз жазуы», – деп Сағиға түсіндірдім. Сөйтіп ұлы ғалымның естелігі қалған қалада біраз түсірілім жұмыстары атқарылды.
Үш сериялы кино дайын болған соң, оны Димекеңнің қарауына ұсындық. Үшін­ші серия Шоқанның сайлаудан өтпей қал­ған жерін еститін, даладағы көрінісімен аяқ­талатын. Кино Димекеңе қатты ұнапты. Алайда, Шоқанның Алматы өңіріне келген кезі, Тезек төренің ауылындағы кезеңі суреттелмей қалыпты. Ақыры бастаған соң, біржолата жақсы дүние етіп жасаған жөн ғой деген пікірін білдіріпті. Содан 1985 жылы, Шоқанның туғанына 150 жыл толу мерейтойына орайластырып, фильмнің төртінші сериясын жасауды қолға алдық. Сөйтіп, 1983 жылы тапсыруға тиіс фильмді 1985 жылы ұсындық. Ол кезде бар киноны Мәскеу қабылдайды. Онда Шоқанды біл­мейтіндер де, білгісі келмейтіндер де бар екен. «Неге Достоевскийдің қасында емін-еркін сөйлеседі?», – деушілер де табылды.  Енді Шоқан мен Достоевскийдің дос­тығын дәлелдедік. «Сенбесеңдер, мынандай деректер бар», – деп, Достоевс­кий­­дің Шоқанға жазған: «Мен сізді інім­нен артық сүйемін» деген хатын көрсет­тік.
Кино түсіру барысында Әлкей Марғұлан консультант болды. Фильмде Шоқан мен Чер­нышевскийді кездестіреміз. Ал біз біле­тін тарихта екеуінің кездесті деген дерегі жоқ. Бірақ бір қалада, бір уақытта болған. «Шоқан мен Чернышевскийді кездестірсек, кейін «екеуі кездеспеген еді ғой» деп академиктеріміз шалқасынан түсіп жүрмей ме?», –  сауал тастадым үлкен­дерге. Мар­ғұлан: «Шо­қанның Чернышевскиймен кездеспеуі мүмкін емес. Екеуі бір қалада жүрді, ал ол кезде ол қалада талай үйірме­лер, отырыс­тар көп өтеді. Чернышевский мен Достоевскийдің арасы кішкене дұрыс емес еді ғой. Ал Шоқан Достоевскиймен дос. Сондықтан Чернышевскиймен кездескені туралы айтпаған да болуы мүмкін. Тіпті, екеуі кездеспеген күн­нің өзінде кинодағы көркемдік шындық пен режиссерлік шешім дерсің», – деген еді.
Осы киноны түсіру туралы ұсыныс жа­сағанда келісімімді бірден бермей, ойланып көрейін деп айттым дедім ғой. Өйткені, Шоқан жайлы әуелде Мәжит Бегалин түсіріп, Нұрмұхан Жантөрин сомдаған Шоқанның бейнесі қандай?! Кейіннен ойланып қара­сам, Шоқан тұлғасы уақыт өте жаңғырып отырады екен. Уақыт өте халқы оны жаңа қырынан тани түседі екен. Бәлкім, алдағы болашақта жастар шығып, біздің Шоқан мынау деп, тағы бір фильм түсірер, ал менің түсіргенім, менің Шоқа­ным еді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір