Биғайша Медеу. Аңыздардың алтын жалды құлыны…
07.06.2020
1114
1

Биғайша Медеу

 АЛТЫН МЕҢДІ ТАҒДЫРЫМ

 (күзгі элегия)

 Бірде – бақыт, бірде жүз мұң,

Жамылып боз желеңді.

Мен жетелеп күзге кірдім,

Ақ боз атты өлеңді.

 

Күзге кірдім, сескеніп түн,

Жұлдыз – көзін жұмғанда.

Найзағайлы кештерімнің

Жарқылдары тынғанда !

 

Беткейлерде еңіс-еңіс,

Ақ мамықтар үлпілі.

Естілгенде еміс-еміс

Өзендердің күркірі,

 

күзге кірдім, аралыма,

Сағым аунап салкүрең.

Қызыліңір — қабағыма

Соқыр тамшы салды мең !

 

Түртіп өтіп түн түнекті,

Аққан жұлдыз өшеді.

Көз жасымды сүртіп өтті,

Құйындардың етегі !

 

Көңіл – алаң, жаным – алаң,

Сезім – алаң. Сез мұны!

Қарашаның қазы ұзаған,

Қамықтырған мезгілі.

 

Аспан асты, жердің үсті –

Тіршіліктің майданы!

Ағызайын, бер, күлікті,

Азабымның мейрамы!

 

Қарашаның қабағынан,

Сіркірейді жаңбырым.

Сені көрдім арасынан,

Алтын меңді тағдырым.

 АҢЫЗДАРДЫҢ АЛТЫН ЖАЛДЫ ҚҰЛЫНЫ…

Мұржалардың бітеп демді құсығы,

Аңырайды ащы үні кернейдің…

Қала шуы естіртпейді құс үнін

Сенің келмейтініңе мен сенбеймін,

Келші, көктем!

 

Сартылдаған пойыздардың жолы ұзын,

Қайда, қайда, қызылкүрең тобылғым?

Қаракүйе жауған ыс-ыс өмірдің,

Қоқысына келмей жүр ғой көмілгім,

Келші, көктем!

 

Лыпылда, қан, арасында ақ, қараның,

Ләйлектердің көрдім қиян безгенін.

…Ары менен арасында ақшаның

Адамзаттың сенделерін сезгенмін,

Келші, көктем!

 

Қызыліңір – қызыл қаздар көлдегі

Көзге ыстық көрінеді салындым.

Өтінемін басыңды име төрдегі

Желеушісі, жебеушісі жанымның,

Келші, көктем!

 

Тіршіліктің үдеп абыр-сабыры,

Көзін ашсын туған жердің қайнары.

Қазтабанның да артты маған қадірі,

Кешіктің ғой, киіктердің мейрамы,

Келші, көктем!

 

Мұржалардың кеңірдегі сорайды,

Қарауытты қамысты көл жылымы.

Адам түгіл, аң алаңы молайды

Аңыздардың алтын жалды құлыны –

Келші, көктем!

Іртік-іртік іріген мұз көл беті,

Құйындарым, құйындарым, кел ұшқыр!

Тазаруы үшін Сана, Жер беті

Бізді Алтын күрекпенен жолықтыр!

Келші, көктем!

ТҮСІНІСУ РЕНЕССАНСЫ

Сыпырылып бет-пердесі қоғамның,

Болмыс, сенің мөлдірлігің көрінді!

Қайшылығы Адам менен Адамның

Екі бетті етіп қойды өмірді!

 

Бастан кешіп ұқтым қанша алаңды,

Жер үстінде жақсылық бар баянды!

Рухтар сипап жүректегі жарамды,

Алмас жүзді намыстарым оянды!

 

Құрық емес құдірет жер бетінде!

Тақтың тәңір еместігі белгілі!

Бірін-бірі қолтықтап жел өтінде,

Ғұмыр кешу – адамдардың ерлігі!

 

Барар жерді, басар тауды кім білген?

Иттермен де, құстармен де кеме бір!

..Езулерге аяр күлкі ілдірген,

Мен бәрібір ұнатпаймын сені, өмір!

 

Шелек-шелек ішек-қарынды төре ме,

«Мынауың тым тәкаппар», – деп мін таққыш.

Уақыт өзі тұрғызды әкеп сөреге!

Сіркесі су көтермейтін ұрпақ біз!..

 

Түсініссе адам-адам, құс, елік,

Аспандағы жұлдыз жерге түседі!

Сөз сөйлейтіндер ғасыры күшеніп,

Аз калды! Аз!! Аз қалды, аз, бітеді!!!

 

Таза болмыс туын тікті қасыма

Ертегісіз! Әмірсіз де зәбірсіз!

Түсінісу Үстелінің басына,

Мен бірінші келіп тұрмын, бәріңсіз!

 

…Ту сыртымнан кімдер саусақ безеді,

Айтпай-ақ қой, жасыл жүзді жапырақ!

Соған сөзді қор қып қайтем, себебі,

Барар жері, басар тауы – топырақ…

 

САЯҚ КЕТТІМ

Саяқ кеттім. Аңғардым.

Таяқ жедім. Өрлік пен

Пенделігін заңғардың

Көргім келмегендіктен.

 

Шынжыры емес еш құлдың

Сезімдерім! Кетемін

Сезе-сезе ешкімнің

Періште емес екенін.

 

Бой үйренді қатерге,

Терім шықты терліктен, –

Пенделігін заңғардың

Көргім келмегендіктен.

 

Бір мың жылдық миятты

Бердім Хаям Омарға,

Бақытты емес сияқты

Мен де, ол да, олар да.

Ай артынан ай төпеп,

Айға қарап кер құлын…

Үріп, қоймай байтөбет

Сездірді өлермендігін.

 

Мезгіл мынау – екінді,

Шапақтармен сүртінген.

Өмір – өзім секілді

Бір қуанып, бір күлген.

Мұраттасқа сену де – ем,

Тіктім жерге төрт шынар.

Күліп тұрып өлуден

Сұлу қайғы жоқ шығар.

 

Жымиюым, кәрім де

Мені жерде бар қып тұр.

Үнсіздіктің бәрінде

Қандай тәкаппарлық тұр?!

 

Кешір мендей пендені,

Кеттім жырақ, мұңдық таң,

Ноқталарға жердегі

Басым сыймайтындықтан.

СӨНГЕН ТЕЛЕФОН

Алло, алло?

…сол жақ – шуақ па, қалай?

Жанарым талды-ау,

 жыраққа қарай.

Радиотолқындар

 ақпайды неге,

Ақпайды неге

 жұмаққа қарай?

 

Сөйлессеңдерші!

Бұл – тілек анық.

Сөйлессек,

дүние сілкінері анық.

…айтайын деп ем,

 жауқазын шықты,

Байынқол жатыр

 күркіреп ағып…

 

Алло!Алло!

Елессіз кейпі –

Сағынышты жұрттар

 неге ессіз дейді?

Сөнген телефон,

 сөнген телефон…

«байланыс аясында

емессіз», – дейді.

 

Аяулы қайда

 алақандарың?

Алаңдап

жүр ғой балапандарың.

Бақи дүниеде

байланыс жоқ па,

Бермейді жауап

Телефондарың?

 

Бозқарағандар

 боздайды неге,

Сағыныштарды

 қозғайды неге?

Сөнген телефон,

 сөнген телефон,

Бақидан хабар

 жазбайды неге?

Алло?

 

БЕСҚОНАҚ СЫНДЫ, БЕУ, ДҮНИЕ

Байынқол бойы – бойтұмар,

Бойтұмар тақсам, ой тұнар.

Бесқонақ сынды, беу, дүние,

Сырым көп саған айтылар.

 

Мен – тоғыз қабат торғауыт

Бірде – бақ, бірде – сор – қауіп…

Жұбатып жүрмін жанымды,

… Жапалақ-жапалақ қар жауып!

 

Арғымақ мініп ақтабан,

Бесқонақ келді, соқ, боран!

Бесқонақ сынды, беу, дүние,

Бақытын артқа сақтаған.

 

Алай да дүлей борасын,

Бар-жоқты көзбен шоласың.

Бесқонақ сынды дүние

Бізден де өтіп барасың.

 

Үт айы өтті үлпілдек,

Ойылды күрті күртілдеп.

Оппаның асты ойпаңға

Ағады жылға бүлкілдеп.

 

Қарғыны қардың сайларда!

Сарыны қандай айбарлы, ә?

Теріскей жоны тесіліп,

Тебінгі болды қойларға.

 

Борай да борай соғып бір,

Бесқонақ, әбден желік құр!

…Бұлт етек түрген жақтардан,

Сәуірдің иісі келіп тұр.

 

Сүйрелеп өмір арбасын,

Босады бордай нар басым.

…шығарып салып, қарсы алып,

Қаланың миллион қарғасын.

 

Бес күнге келген тақсыр-ау,

Менің де басым ақ қырау.

Бұзылған нілдей көңілім,

Бесқонақ сынды боп тұр-ау.

 

АНА МҰРАТЫ

Тірлігімнің

 жалауын тік көтеріп,

Жүгіремін

 жанарымнан от өріп.

Мен – тәкаппар,

мен – намысқой, мен – ұят,

Айтыңдаршы,

 қай қадамым – қателік?

 

Мына заман,

қарғын ба, әлде, көшкін бе?

Қатерлерін

төндіреді өскінге!

Күрестердің

ең ұлысы –

жайдырмау

сәбилердің алақанын ешкімге!

 

Бола берсін

бақ

Басқадан кемірек,

Жаным – Жайық,

Өзекті, хақ,

Еділ ет!

…сүрінбеңдер,

сендер сүрінген жерге,

Мен жетемін,

мен жетемін еңіреп.

 

Бала, бала,

және бала – тәңір, хақ!

Балаларсыз

Отырамын жабырқап.

Махаббатын

Жоғалтқандар сәбиге,

Айуан да емес,

Қарайтұғын таңырқап!

 

Балаларсыз

Жалған да емес, жарық, кең!

Жарымеспін,

Сол жарыққа дәніккен.

Шұғыла да,

Күн де,

Нұр да – бала деп,

Жазам мен де,

көкке алтын әріппен!

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 08.06.2020 | 12:16

күшті өлеңдер, жолыңыз болсын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір