КІСІНЕГЕН ҚҰЛЫНЫ КӨКМОЙНАҚТЫҢ
20.06.2023
1225
1

 Мен Алтынбек Әлібаевтың өлеңдерімен көптен бері таныспын. Ендігі әңгіме сол поэзия жайлы болмақ. Маңғыстаудың біраз жас ақынымен сонау 2015 жылдың жазында теңіз жағасында таныстым. Алтынбек сонда толқындай бұрқыраған бұйра шашымен ерекше көзге түсті, тұңғиықтай терең жырымен бөлекше есте қалды. Содан кейін екеуміз жақын болып кеттік. Оған себеп – жазғандарын үнемі бақылап жүрдім, пікір білдіріп тұрдым, алғысөз келтіріп топтамасын сайтқа жарияладым.

Көпшілік оны «Құрақ көрпе» дейтін өлеңі арқылы танып, жылы қабылдады. Құрақ дүние, құрақ жүрек… Құралданып алып, тар бөлмеде өлең жазып отырған ақынды елестеттім. Бұл жоқ-барды терген, көр-жерден құралған құрау өлең емес. Кәдімгі тұтастай құйылып түскен тума өлең еді. Ең бастысы – шынайы. Сондағы шынайылық Алтынбекті тереңдігіне тартса аласартпады, биіктігіне тартса даңғойсытпады. Ойынан дарақылықты да, бойынан сәнқойлықты да байқамадым, сымбаты жарасқан бегзадалықты көрдім. Бұным асыра мақтау емес, жетік білгендіктен айтылған сөз. Табиғатынан даралық, жалқылық көрінді. Ол ешкімге ұқсамауынан болар. Өзі де бізден алыста, Жаңаөзен деген қалада жалғызсырап қалғандай болды. Бірақ жазуын тоқтатпады. Сөйтіп, «Жалғыздық аралынан» тіл қатты. Поэзия атты теңізде көңілін қайық, жүрегін желкен етіп жүрді. Сонда да бақытқа жетеріне сенді.
«Шын бақыт аз қашанда,
Жетпейтін жол – әлегім.
Өлеңді жазбасам да,
Мен ақын болар едім»,
деп жырлады сол кез. «Әр адам өз ісінің ақыны болу керек» (Тыныштықбек Әбдікәкімұлы) болса, өлең жазбай-ақ ақын болудың еш әбестігі жоқ. Онсыз да асау толқынның жалында туған Алтынбекті қым-қуыт тірлік аяп, басынан сипаған жоқ. Толқыныстар мен бұлқыныстар арасында арпалысып келеді әлі. Ақынды ақын ғана түсінеді десек, Алтынбек туралы өзге пендеден сұраудың қажеті жоқ. Өйткені шығармашылық адамдарының ішкі тебіренісі, жан қиналысы бір ғой. Осы ретте оның қайғы-мұңын, шер-наласын жақсы түсінемін.
«Құдай сені пешенеме жазып шын,
Жүрегімді қытықтады тәтті мұң…
Сен көбелек қанатынан нәзіксің,
Мен найзағай күркірінен қаттымын», – деген жолдарды тудырған пәк махаббатына, ғашықтық сезіміне куәмін. «Қарлығаштың құйрығындай әдемі» жолайрықта қалу кім-кімге де оңай соқпасы анық. Бірақ ақын үшін сол тәтті мұңдар әдемі өлеңдерге айналып жатады. Бұны өмірдің заңдылығы дегеннен бұрын, жүректің жасампаздығы деген дұрыс секілді. Әйтпесе:
«Менің кеудем – естеліктер моласы,
Бір кездері сүйген жандар
жерленген»,
демес еді. Жә, тірі адамға тіршілік тоқтамақ емес. Жетім гүлдей сол жүрек аязға да ұрынып тоңады, отқа да түсіп күйеді. Талант иесі тек осындай өтпелі шақтарда қиындыққа төзбей, сағы сынып қалмаса болғаны. Алтынбек еліктеу кезеңінен де өтіп, өз жолын, өз қолтаңбасын қалыптастыру бағытында биікке өрлеп келе жатыр. Мені сол қуантады. Осынау киелі түбектен талай дүрлер дүреп шықты. Қасиетті сөз патшасын құрмет тұтқан, қалыбына жыр мен сыр тұнған, қаламын шер мен мұңға малған шайырдың алды-арты біз емеспіз. Дегенмен әр нәрсенің қадірін дер кезінде ұққанға не жетсін?! Уақытында бағаланбай жататын асылдар көп бұл елде. Әсіресе жылы сөзге жаны жылып сала беретін жастарға қолдау керек-ақ. Ал жас ақын болса, оны екі есе қолдау керек. Алтынбек дара, жалқы болғандықтан, оның айтары да, жазары да көп деп білемін. Мақсат мекенінде, арман жетегінде жүрген жас ақынның аяқ алысын да, шабысын да байқап жүрмін. Суынның жұрыны, Көкмойнақтың құлыны сияқты құлдыраңдап шауып барады. Шашасына шаң жұқпас жүйрік шығарына сенемін.
Құдай тіл-көзден сақтасын!.. 

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ,
ақын

Алтынбек
ӘЛІБАЕВ

ЖАЛҒЫЗДЫҚ АРАЛЫ

Ұрыншақ жігіт едім
Бәленің барлығына…
Жанымды жібітемін
Дауасыз тағдырыма.

Арасын жалғасам да,
Үзілген үміт – қайғы.
Адамдар әрқашанда
Өткенін ұмытпайды.

Шын бақыт аз қашанда,
Жетпейтін жол – әлегім.
Өлеңді жазбасам да,
Мен ақын болар едім.

Көзім – көк, бойым – орта,
Шашым да бұйра менің.
Сөз – ара, ой – омарта,
Бал-әнді сыйлап едім.

Жалғанды ұғыспай дым,
Қажыды қаламым да.
Мен әрең тыныстаймын
Жалғыздық аралында…

Біз екеуміз…

Құдай сені пешенеме жазып шын,
Жүрегімді қытықтады тәтті мұң…
Сен көбелек қанатынан нәзіксің,
Мен найзағай күркірінен қаттымын.

Жанарымды жәудіретті жалғыз шың,
Ұйқасы боп ұйый қалдың өлеңнің…
Сен жапырақ сабағындай әлсізсің,
Мен теректің тамырындай тереңмін.

Түсіме еніп, қуанасың, күлесің,
Сені мүлдем сағынбаймын, жарайды…
Сен толқындай баяу өмір сүресің,
Мен дауылдай жапырамын маңайды.

Бөлек өмір сүрейікші жан бағып,
Қозғап қиял, сағыныштың әлемін.
Біз екеуміз бөлек жолды таңдадық,
Қарлығаштың құйрығындай әдемі…
Мола басындағы жыр
керек емес, мені мүлдем көрмеңдер,
Жолым түзу болмаса егер ермеңдер.
Менің кеудем – естеліктер моласы,
Бір кездері сүйген жандар жерленген.

Санам аман, естелігі өлмеген,
Жаныма бір тыныштығын бермеген.
Менің миым – естеліктер киносы,
Ол киноны ешкім әлі көрмеген.

Не көрсек те бір көрерміз елменен,
Қонағым бар әлі үйіме келмеген.
Менің көзім – бейнетаспа, көп кадр
Көбі бірақ, сол кадрге сенбеген.

Ешбір жанды күткенім жоқ гүл беріп,
Оны қазір сүйген жарым жүр көріп.
Менің кеудем –
естеліктер моласы,
Аят оқып кетіңдерші бір келіп!

Қаңтарда
тоңған қара гүл

Қаңтар кеші…
Жанды жеп күн суығы,
Бағынбайды ешқандай ережеге.
Әппақ қарға тамшылап гүл шырыны,
Ешкімі жоқ телмірді терезеге…

Көк аспаннан қара бұлт нұрды ілу қып,
Жетім гүлге құшағын жая ма адам?!
Терезеден күтеді бір жылулық –
Құтқарар деп аяздан… аямаған…

Өтпей қалған араның жүзіндей мас,
Қисық-қыңыр көңілі қалады енді.
Әппақ қарға – аяқтың ізін қимас –
Гүлдің құлап көз жасы тама берді…

Көз жасынан сол гүлдің жыр еседі,
Ашылмады аспанның қас-қабағы.
Көз жасынан тағы да гүл өседі –
Бүршік атар қара гүл тас жарады…

Әділетсіз әлемнің қағанаты,
Осы күнгі өтірік өктем тағы.
Гүлді сақтау – Құдайдың аманаты,
Нұрлы жолдан ауытқып кеткен бәрі…

Айтқан сөздер орынды, малайға құп –
Ататынын біледі жаңа күннің.
Болашақтан барсам ғой кері айналып,
Құрбан болсам, орнына
қара гүлдің…

Сол Алматы…
Қара гүл – жүрек емім,
Қайда асықтың, қайраным,
құлын бағым?!
Гүл ғұмыры боларын білер едім,
Бірақ мұңды боларын ұғынбадым…

Неге салқын, тоңдырды таңдар мені,
Тек түн ғана құшағын жая… қашты…
Желтоқсан мен жек көрем, қаңтар, сені,
Талай гүлім тапталды аяқасты!

Алмас
ҚУАНТАЙҰЛЫ

ТЕРБЕЛІС

Ел көшкенде қалғандай дала жетім,
Көкіректе ұлыйды нала дертім…

Кеңістікке жайылса мамыр баяу,
Елітеді тіршілік тамырда ояу.
Бөртегүлдің жұпары әтірлеген
қалаға жел жағады қалың бояу.

Тынысымен оятып тіршілікті,
Таңғы көше жасауда құлшылықты.
Мұң жұқтырып сүртінем орамалға,
Сосын өмір мәніндей таба алмаған,
Аласұрып іздеймін бір шұлықты.

Оранғанын көрем де өртке ұямның,
Түннен қалған ойларға дерт құямын.
Көңілімнің іздеген Жерұйығын,
Табамын ба ішінен тек қиялдың.

Шер кеміред ішімді,
күліп тұрып,
Кейін күйбең жіберер ұмыттырып.
Көліктердің зуылы,
көше ырғағы,
Торғайлардың таңғы үні – үміт нұры.

Тереземнен төгілсе көктемгі әуез,
Өлеңдерім боп алды өкпеге әуес.
Жылдар жыртып естелік парақтарын,
Ұмыттырып барады өткенді тез.

Кеткеніңше жұтылып келте күнге
өмір деген сүйсіну ерке гүлге.
Сезімнен басқа бізде не бар өзі?!
Ұмытылар бәрі де,
ертеңіңде…
* * *
Тұншықтырып қаланы түн құшағы,
Сүреңсіз көшелерді мұң қысады.
Лақтырған шылымымдай, көкжиектен
Құлап тынды бүгінгі күн құсалы…

Көшеге өлі айғыздап түн бояуын,
Қорғасын бұлт… Сіркіреп тынбай жауын.
Тынық мұxит-жанардың жағасында
Сапыруда жасыңды түнгі ой-дауыл.

Құс жолындай шашыңда жол баяны,
Саусағым адасады сол баяғы.
Сөнген алыс жұлдыздың көздеріңде,
Жүрегімді тылсым бір қозғайды әні.

Тасасынан түн шығып бүкір дүздің,
Тереземнен үңілед үкі көзді.
Еріндегі құмардың құбыжығы,
Қоймайтындай құдды бір түгімізді.

Ділдә
УӘЛИБЕК 

* * *
Жатталған, тым таныс
жолдарда адастым,
жөнімді білсем де.
Өңім де түсімдей шатасты.
Tүсінбей
сансыз көп сұраққа сүріндім,
сансыз көп күдікке көмілдім.
өзімнен түңілдім, өзімнен жеңілдім.
Сол таныс жолдардан,
түгескен томдардан іздедім өзімді.
Көмескі сәттерден,
жыр толы дәптерден іздедім.
Іздедім шуақты кезімді.
Балалық шағымның жұртында қалған бір құрбыдан сұрадым.
Бытырай шашылған болмысым…
ендігі бір бүтін болмасын
білсем де, құрадым.
…Жаттанды арманға
тапталған қиялдар…
Қызылды-жасылды жамалы жиі алдар
Осынау аяусыз қалада
сәт сайын аяулы үміттер көз ашып,
сәт сайын өзінің жібіне қылқынып өледі,
сөнеді мейірім кеудеде тағы бір.
төгеді бұрышта адамдық көз жасын,
Жылусыз жарқылы тілгілеп түн бетін,
жасыра алмайды ұяттың мүрдесін.
Ал оған бәрібір.
Құрысын, дұрысы –
кіршіксіз, тап-таза көңілмен,
кіршіксіз тап-таза сеніммен
Қазір ұйықтаймын,
оянамын өңімнен.

* * *
Күз құшағында қураған гүлдердей
үгітіліп үмітім, дірдектейді арманым.
Сүлейменнің жүзігін ойша тағып алғаным
бекерлік пе, жаным маза таппады.
Кінәлі деп күздің күңгірт бақтары
Айыпты деп
Астананың ашылмайтын аспаны,
Сылтауратам.
Көңілімді күйдіреді күдігім.
Құрап алған ертегіме тағы сенсем,
құрыдым.
Жаңа ескі
Жарқырайды шырша шамы.
Кешқұрым.
Қуанышқа бөлемейді ол да аса.
Ескі болмыс,
Ой да ескі,
Ескі мұң,
Күнтізбенің ауысқаны болмаса.

Ескі үміт — жана алмаған қоламта,
Өше де алмай өлімсіреп тоқтаған.
Сол Астана. Сол адамдар. Сол орта.
Ештеңе де жаңармайды,
Оттаған.

Жаңа жылдан бәрі сауға тосады
Күйбеңінен қалған әбден мұң сіңіп.
…Аяз шалдың сыпырылып сақалы,
Таз қалпына түсе қалар тіршілік.

Қара қанат, қанжар тұмсық көп құзғын —
есуас ой алды тағы үймелеп,
Тағы да бір жаңа жылға жеткіздім,
Cүлдерімді сүйрелеп.

…Жаңаша боп көрінеді қарлы бақ,
Жаңа шапан бүркенгендей түн тылсым.
Мүмкін бәрі жаңғырғанда,
Жалғыз-ақ
жаңармайтын мен шығармын.
Кім білсін?!

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 18.11.2024 | 21:04

Алтынбек Әлібаевтың Бірдене де дегенді салш белгілеп

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір