Шолпан жұлдыздың тұрғыны
29.05.2020
1539
0

Осы біз қолда бар алтынды бағалауды үйрене алмай-ақ қойдық. Алыстағы ағайынды қойып, қасымызда қатар жүрген доста­рымыздың қадіріне жете алмай жатамыз. Мәңгілік жүретіндей көреміз. Содан бір күні тұтқиылдан көз жазып қалғанда барып, «аһ» ұрып, қайғыдан қан жұтып, қабырғамыз сөгілгенде ғана қамсыз жүріп қандай қазынадан айырылғанымызды қамыға, есеңгірей ұғынып, бағамдағандай боламыз.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1971 жылдың жазында Алматыға оқуға түсуге келгенімде, ҚазМУ-дің оқу корпусының алдында өзім құралпас екі жігіт келіп танысты. Қолдарында – «Лениншіл жас» газеті. Бет-әлпеті «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегенге ұқсас көрік­ті, қияқ мұртты, ашаңдау, сұңғақ бойлысы уысындағы газетті білеп-білеп қойып, баяғының билерінше сусылдап сөйлейді.
– Ұлықбек, мына газетке сен үшеуміз бірге шықтық. Міне, қара, «Абитуриенттер жырлайды» деп тұр. Мінеки – үшеуміздің өлеңдеріміз. Тағдыр қосып, бірге шығыппыз! Суреттеріміз де бар. Қасқайып-қасқайып тұрмыз. Мен – ақын Серік Байхоновпын, ал мынау – ақын Ғабиден Құлахметов. Сенің де оқуға келгеніңді бүгін редакцияда Сағат Әшімбаевтан естідік, – деп бір тоқтады.
– Ғабиден – Аягөздікі, мен – Қызылор­да­лықпын, бірақ екеуміз Шиеліде бір мектепте, 9-класта бірге оқыдық, әдебиеттен бізге Құнапия Дәрібаев деген мықты ақын сабақ берген. Сенің 10-класта «Лениншіл жасқа» бір бет боп шыққан өлеңдеріңді сабақта бізге оқып беріп, «Өлеңді осылай жазу керек», – деген. Сені біз мектептен білеміз, – деп, тағы бір кідіріс жасап:
– Осыдан жолымыз оңғарылып, оқуға бірге түссек, үшеуміз үш ұлы ақын болып, қатарласып бірге жүреміз! – деп жөңкілді. Жерге сиятын емеспіз. Сөзі майдай жағып барады.
Газетті қызыға қарадым. Екеуінің де бұрын атын естісем бұйырмасын. Бірақ бірге шыққан өлеңдері қатты ұнады. Серік Байхонов:
«Серік деген ол – менің лақап атым,
Өмір менің шын атым, махаббатым!»
– деп сілтепті.
Ал Ғабиден болса:
«Бақытым, қалма кешігіп…
…Ебіден жел боп есіліп,
Көк аспан күйін тартып кел,
Ағыл да тегіл саз жаусын.
Сағынып жатыр барқыт бел,
Қарашада ұшқан қаз даусын.
Көзінен қатпа кемпірдің,
Жасырды бізді ен тоғай,
Егіліп сонда сен тұрдың,
Елигай сынды еркем-ай…» –
деп егілткен екен.

Атақты «Арыстанды-Қарабастың желі» сияқты біздің жақта айтылатын «Қалбаның желі», «Ебінің желі» дейтұғын екпінімен ешкіні ұшырып, түйені теңселтетін атақты желдерді білуші едім. Соның бірін бірінші болып, ебін тауып, қиюын келтіріп, елден бұрын лирикалық өлеңіне енгізген Ғабиденге риза болдым.
Ғабиден қапсағай денелі, еңсегей бойлы, уыз бетті, кең маңдайына жараса біткен тостағандай көздері жанып тұрған, сүйкімді, келісті бала жігіт екен. Жаңа тебіндеген түбіт мұрты бар. Көп сөзге жоқ па, әлде қасындағы сөзуар Серіктен кезек тимеді ме, тіс жарса да сараң сөйлеп, көп көсіле қоймады. Кейде мырс ете қалады.
Ал әзіл айтсаң – айызыңды қандырып, бар денесімен селкілдеп, өзіне ғана тән бір жарасыммен кеңк-кеңк күледі. Мектепті Алтын медальмен бітіріпті.
Ал Серік болса оқуға түсейін деп емес, әлдебір университетті бітірейін деп жүрген адамға ұқсайды, сөзі де, қимылы да тым ширақ, пысық, талайды көргендей ысқаяқ. Реті келсе өтірікті де қиыстырып жіберетіні сезіліп қалды. Өзінің табиғаты сондай – еті тірі болуы керек, әйтпесе бір жас үлкендігі болмаса дәл өзіміздей мектепті бітіргені жаңа ғана, не көре қойды дейсің.
Екеуінің де ақындығы көзге ұрып тұр. Танысқаныма қуандым.
Жұп жазбай жүрген екеуі сол жазда оқуға түсіп кетті.
Мен болсам, бір «балым» жетпей, бөстегімді арқалап, ауылыма қайттым.
Содан облыстық газетте жұмыс істеп келіп, тағы да журналистика бөліміне ат басын тіредім. Бұл жолы жолым болды.
Оқуға кірген алғашқы күндерден-ақ ол екеуі мені тауып алды. Міне, біздің сыйластық, достығымыз сол кезден басталды. Бұл 1972 жылдың қоңыр күзі еді.
Бірақ Серік сол тұста өлеңнен прозаға ауысып, «Жалғасым менің – жалғасым» деген повесть жазып жүр екен.
Ал сол бір жыл ішінде Ғабиденнің өлеңі де, өзі де толыса түсіпті. Университеттің күрес секциясына қатысады екен, мен де соған жазылдым. Жаңа өлең жазсақ, бір-бірімізге оқимыз. ҚазМУ-дің әдеби кештерінде кезекпен жарыса жыр оқимыз. Бірер курс бұрынырақ түскен Артығали Ыбыраев, Танабай Нарманов, Байбота Серікбаев, жоғары курстардағы Несіпбек Айтов, Көпен Әмірбеков, т.б. жас ақындармен танысқаным да сол тұста. Олармен қатар «Қазақ университеті», «Қаламгер» сияқты университет пен факультет газеттеріне де жарыса жариялана бастадық. Кейде жатақхананың бір бөлмесіне жиналып алып, өлең оқимыз.
Ғабиденнің жырларынан қазақ тілінің құнары мен шұрайы, лапылдаған албырт көңілінің ыстық жалыны шарпып тұрады. Өлеңі қорғасындай құйылып түсіп, тамшыдай мөлдіреп жүрегіңе тұнады. Өзекті өртердей әлдебір құпия мұң, аңсар сағыныш, жұмбақ шер шүпілдеп, жыр тамырын кернеп, сыртқа теуіп тұратын.
Көгілдір таудың баурайы, белі,
Жамырап өскен тал-қайың еді.
Тырналар қайтқанда тыраулай ұшып,
Жапырағы түгел сарғайып еді…

Күзеудің оттары шет-шетте жанып,
Көктемнің иісі көкпекте қалып,
Қоғалы көлдер қабыршақтанғанда,
Інілер жүр-ау мектепке барып.

Сөзбен сурет салуды да меңгерген екен:

Тарбағатай басына ту байланып,
Батар күннің шоғынан қурай жанып,
Қос қанатын от шалған бүркіттей боп,
Қара бұлттар аспанда жүрді айналып.
Қандай жанды көрініс! Қолына қылқалам қыстырған кез-келген суретшінің өзі табиғатқа дәл мұндай жан бітіре алмас…
Ғабиден небір аңыз аралас әңгімелердің майын тамызатын. Сол әңгімелерінің басты бір кейіпкері – Тобағұл ақын әрі батыр еді. Тобағұлдың ерліктері, итжеккенге айдалуы, оның елді сағынып шығарған өлеңдері. Жас болса да Ғабиденнің советтің сол кемел кезінің өзінде Алашордаға бүйрегі бұратын. Алашорда тарихына қызыға ден қойып жүргенін байқап, мен оған: «Михаил Булгаковтың «Ақ гвардия» деген романы бар ғой. Сен «Алашорда» деген роман жазбайсың ба?» деген ұсынысты сауал тастадым. Оның көзі жанып кетті:
«Жазам! – деді, – Жазам!»…
«Романыңның атын «Алашорда» деп қой, – дедім мен, – Біздің алдымыздағы мықты ағаларымыздың көбі шетінен Ресейге бодан болу тарихымызды жарыса жазып, сыйлық алысып, қарық болып жүргенде сенің бұл романың «Алашорда» деген атпен жарқ етіп шыға қалса – төбеден жай түскендей нағыз резонанс болар еді…»
«Жазам! Бірақ көп зерттеу керек…» – деді ол сәл бәсеңсіп..
Жылдар өте келе ара-тұра осы уәдесін есіне салып қоятын едім.

«Материал жинастырып жүрмін. Архивке сол үшін барып, басқа қыруар дүниелерге кезігіп, малтығудамын», – дегені есімде.
1979 жылы Жас жазушылардың бүкіл­одақтық VІІІ-кеңесіне Ғабиден, Ерлан Бағаев бар, бірге қатынастық. Сан қиырдан келген жас ақындар ию-қию араласып, семинар жұмыстары енді қыза бергенде Ғабиден досымызға естіген жан есеңгірейтіндей сұмдық суық хабар келіп, шүғыл Алматыға тұра жөнелді. Мектепке әлі бармаған ұлы қайтыс болыпты… Оқыстан, аяқ астынан… Кекілі желпілдеген қолдаяқты бала анасының қасында шекілдеуік шағып келе жатып, тұра жүгіріпті де, түкіріп үлгермеген қабығы сәбидің қолқасына қадалып қалыпты…
Мәскеуден келе Айнабұлақтағы Ғабиденге көңіл айтуға жүгірдік.
Ол 1987 жылы Мәскеуге оқуға барғысы келді. Жай-жапсарын сұрап менімен ақылдасты. Бірақ Жазушылар одағы оның өтінішіне құлақ аспай, басқа жасы үлкен екі жазушыға жолдама беріпті. Сол күні Ғабиден баспада жүрген маған келді.
– Екі-ақ орын бар екен. Ақын Александр Шмидт пен прозашы Советхан Ғаббасов барсын деп шешіпті. Әбден бел байлап, дайындалып, әрең деп, Светаны да көндіріп қойып едім, – деді.
Горький атындағы Әдебиет институ­тының Ә.Тәжібаев, Ш.Айтматов, С.Мұрат­беков, М.Мақатаев, Ж.Нәжіме­денов, Р.Сей­сенбаев, т.б. ақын-жазушылар оқыған екі жылдық Жоғары курстарын менің де бітіріп келгеніме екі-ақ жыл болған еді. Оқу орнының сол тұстағы проректоры, орыстың белгілі ақыны Валентин Сорокинмен достасып қайтқан болатынмын.
Мен диплом алып, Алматыға аттанып бара жатып, қоштасуға кіргенімде ол кісі:
– Егер өзің сенетін қазақ ақын-жазушы­лары біздің оқуға келгісі келетін болса, маған хабар бер, өзім бас-көз боламын. Әдеби-достық байланысымыз сонда үзілмей жалғасады, – деп, визиткасын берген болатын.
Хабарласып едім, сәлемімді қуана алып:
– Несі бар, квотадан тыс қабылдау тәжірибемізде бар. Әр курс сайын бір республикадан артық, екіншісінен кем келіп жатады. Егер сен Құлахметовты аса талантты ақын әрі прозаик деп ұсынып отырған болсаң, сөзсіз қабылдаймыз. Уәдемді ұмытқан жоқпын. Байланысымыз жалғаса берсін. Қазақстан Жазушылар одағынан тағы бір хат жібертсеңдер болды, қалғанын өзім реттеймін. Сен оқу бітіргелі екі жылдан бері бірінші рет өтініш жасап отырсың, мен қалай орындамайын? – деді.
Сөйтіп, Ғабиден Мәскеуге оқуға қабыл­данды.
Менің сол тұста Мәскеуге жолым түскен сайын Әдебиет институтының Добролюбов көшесіндегі жеті қабат жатақханасына барып, өзім тұрған бөлменің жаңа тұрғынымен танысатын әдетім болушы еді.
Бірде Мәскеу арқылы ұшқанымда кешкілік уақыт тауып, ат басын бұрсам Ғабиден де, Советхан аға да, Саша Шмидт те орындарында жоқ болып шықты, үшеуі де бірер күнге Алматыға кеткен екен.
Есесіне, Ғабиденнің жақын араласатын екі курстас досымен жолықтым. Бірі баянөлгейлік ақын Қуанған Жұмаханұлы, екіншісі шешен ақыны Зелимхан Яндарбиев болып шықты. (Қуанған кейін Қазақстан Ғылым Академиясында ауыз әдебиетінен кандидаттық диссертация қорғады, мен оның өлең кітабын өз алғысөзіммен шығардым. Ал Яндарбиевке аз-кем тоқтала кетсем деймін)
Зелимхан Шығыс Қазақстандағы Шемонаиханың тумасы екен. Ата-анасы бұның бала кезінде Шешенстанға, атажұртына қайта оралыпты. Екеуміз жер­лес болып шыға келдік. Оның саясат­қа үйірлігі сол кезде-ақ сезіліп тұрды. Бөлме­сіне шақырып, шай үстінде маған Таулы Қарабахқа қатысты сұрақтар қойып, жауабыма көңілі көншіген кезде тіпті жік-жапар болып, сыйлап қалды. Азаттық, бостандық, еркіндік, тәуелсіздік ұғымдарына құштар ақын ретінде көңіліме ұялады.
Міне, кейін «Сен төрде отырып қабыл­дасаң, ешқандай келіссөз болмайды. Тең дәрежеде ресми сөйлесем десең – алдыма келіп отыр», – деп, мәмілегерлік этиканы алға тартып, еңсегей Ельцинді елпектеткен, шешен-орыс соғысын тоқтату пактісіне қол қойған Зелімхан Яндарбиев мен көргенде Ғабиденнің Мәскеуде бірге оқитын ақкөңіл ақын досы еді.
Кейін 1988 жылы Ұзынағаштағы ше­шен-қазақ оқиғасы бұрқ еткенде Шешенстаннан арашаға келген Емилхан Хазбулатов (Олжастың досы, оған арнаған өлеңі бар, Ресейдің жаңа тарихында аты қалған Руслан Хазбулатовтың туған ағасы) бастаған 20 жазушының ішінде Зелимхан да Алматыға келді. Бірер күн бірге жүрдік. Біраз әңгімелестік. Оған, неге екенін білмеймін, менің сөз арасында қызды-қыздымен айтқан: «Халықтар достығы деген түбiрiмен жалған ұғым. Достасатын халықтар емес, жеке адамдар ғана. Халықтар бiр-бiрiмен достаспайды, соғысады. Өйткені бүкіл тарих – соғыстардың тарихы. «История воин» – «Соғыстар тарихы» деген оқулықты әскери сабақта оқығанбыз. Ал «Достық тарихы» деген ешқандай оқулық жоқ. Адамзатта ешқашан бейбiт тарих болған емес», – деген оғаштау пікірім қатты ұнап, жазып алып, «Менің досым, қазақ ақыны Ұлықбек айтқандай» деп, кездесулерде қайталап айтып жүрді. Содан жылжып жыл өткенде олар Қазақ әдебиетінің Шешенстандағы күндерін ұйымдастырды, ішінде Ғабиден бар, біздің бір топ қаламгерлер Грозныйға барып қатысып, елін аралап, қазақтарға деген ыстық ықыластарына аса риза болып қайтты.
Соны естігенде мен Ғабиденге: «Мен қателесіппін, халықтар да достасады екен. Осы пікірімді Зелимханға жеткізші», – деп әзілдегенім есімде.
Шешендер қазақ әдебиетіне өз әдеби журналының жеке бір нөмірін арнапты. Ғабиден екеуміздің өлеңдерімізді шешен тіліне ортақ досымыз Зелимхан Яндарбиев өзі аударып, шығарыпты. Бір қызығы, кейін журнал қолға тигенде қарасам, Ғаби­ден екеуміздің өлеңдеріміздің тұсына жария­лаған суреттеріміз ауысып кеткен екен. Оның өлеңдеріне менің суретім, менің өлеңдеріме Ғабиденннің суреті түсіп кетіпті. Бұған күлісіп жүрдік.
Ғабиден мен Зелимханның достығының арқасында қазақ ақыны Рафаэль Ниязбектің «Шешендер» поэмасы сол елде жарық көрді. Оны бүкіл шешен халқы бауырлас қазақ ұлтының тілектестігіндей қабылдап, мемлекеттік марапаттарын Грозныйға шақы­­рып табыстады. Оған Ғабиден екеуі бірге барып қайтып, жыр қылып айтып келді.
Зелимхан кейін Қазақстанға бір келгенінде маған хабарласты, бірақ жолығы­са алмадық. Күрескер ақын Яндарбиев келе-келе шешен халқының тәуелсіз­дік тұсындағы идеологына айналды, артынан Ичкерия Республикасының Дудаевтан кейінгі Президенті болды. Есіл ерді Ресейдің құпия қызметі Катар елінде көлігімен бірге жарып жіберіп, қапыда қаза тапты.
Мен сол суық хабарды теледидар жаңалықтарынан ести сала, Ғабиденге көңіл айттым. Қатты қамығып отыр екен.
– Екеуміз Мәскеуде оқып жүргенде «саясатпен айналыспаймыз» деп уағдаласып едік. Елінің ауыр тағдыры оның айналыспауына қоймады ғой… – деді күрсініп.
Ресей билігі «Халықаралық лаңкес» атандырған Зелимханның қайғылы қазасынан кейін Катар үкіметі Ресейдің Елшілігінің бірінші хатшысын персона нон-грата етіп жариялап, елден қуып, арнаулы операцияны орындаған ГРУ-дың екі барлаушысын ұстап, соттап, мәңгілік бас бостандығынан айырды. Мұны да кейінірек Ғабиденнен естідім.
Мәскеудегі қаламдас достары Әдебиет институтының архивінен Яндарбиевтің өлеңдерінің орысшаға жолма-жол аудармасын тауып, «Живой журнал» деген порталға жариялады. Артынша журнал жабылып тынды. Сол өлеңдерін мен сақтап қалып едім.

На Земле от нас останется,
друг мой, —
Хорошее [доброе] ли, плохое ли,
не знаю, слово людское;
Там, где на колени мы стали,
два пятнышка позора,
Там, где знамя мы подняли —
цвет нашего знамени.
* * *
Трудно очень, отчизна –
Чечня, моя мать,
Любя тебя больше жизни своей,
Родимой землей называть
Казахстанские степи,
Потому что сущая это правда.
* * *
Отаным Шешенстан, анам менің,
Өзіңді жанымнан да жақсы көре тұрып,
«Туған жерім Қазақстан даласы» деп айту қандай қиын,
Өйткені бұл ащы шындық, –
деп жазған екен.
Зелимханнан кейін екі жылдан соң Ғабиденнің өзі де бақилық болды. Үзеңгі жолдастан айрылғанымды жолда жүріп естідім. «Қазақ әдебиетіне» қоштасу сөз жазып, анасына, жары мен бала-шағасына көңіл айттым:
«Ғабиден Құлахмет өмірден өтті!» деген суық сөзден есеңгіреп, өз құлағыма өзім сенбедім. Алпамыстай тұлғасы анадайдан көрінетін, екі иығына екі кісі мінгендей атпал азаматты құлата қояр күш жоқ сияқты көрінетін еді… Мына бір тосыннан келген аяусыз, арсыз ажал болмаса… Қайрат-жігері тасыған қатарлас, қаламдас досым нағыз толысқан дер шағында аяқ-астынан ақиретке аттанып жүре берді. «Ақындардың ажалы жүрегінен…» деген ой менің де жүрегімді жуалдыздай шаншып тұрып алды. Мынау жарық жалған бар мән-мағынасынан жұрдай болып, тоналып қалғандай көрінді», – деп жаздым.
Ғабиденнің тұла бойында нағыз алып­тарға тән ерекше қасиеттер тұнып тұратын еді. Әттең, сол қасиеттерін түгелдей, толы­ғымен ашып үлгере алмай кетті. Дегенмен де не жазса да жанының жалынына орап, жүрегінің сүзгісінен өткізіп, жеріне жеткізіп жазатын қаламдастың соңында өлмес шығармалары қалды. Соңғы жылдары ірі бір туындыны қолға алып, архивке көп қамалып отыратынын естіп едім. «Жұлдыз» журналында жүргенде Тобағұл ақын туралы «Сібірден жеткен өлең-хаттар» атты шығармасын жарияладым. Маған оның осы төңіректе жазған бірнеше әңгіме, мақала, зерттеулері көкейіндегі аңсары болған «Алашорда» романына жасаған баспалдағындай болып көрінді.
Туған ауылы Шолпанның қақ ортасынан Ғабиденнің өз қаржысына тұрғызған көк күмбезді еңселі мешітін бір жылдары курстас досы Серік Байхонов екеуміз арнайы барып көрдік. Еліне иман нұрын себетін игілікті, еңселі ескерткіш сыйлап кеткен көрегендігіне риза болып аттанғанбыз.
Міне, енді Алланың үйін салған ақын жоқ, көзіндей болып, жерлес жамағаттың игілігіне айналған мешіті тұр.
Уақыт кімді аяған?! Содан бергі жылдарда адамды қойып, мешіт те мүжілейін деген екен. Ғабиденнің мың жасағыр кенжесі, кәсіпкер Шыңғыс Құлахметов Шолпан ауылын­дағы әкесі салдырған Алланың үйін күрделі жөндеуден өткізіп, аптап-күп­теп беріпті. Қарасаң – көз қуанады. Осы Шыңғыс баласы үйленгенде әкесінің орны­на өзім бас құда болып барып едім. Жарасты отбасын құрып, абзал азамат болып тұлғаланды. Әкесінің Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатып, соңында қалған мол мұрасын жинақтап, томдарын шығаруды қолға алды. Тіл-көзден аман жүрсін!
Елуге толар-толмастан ел-жұртының шапағаты мен алғысына бөленген Ғабиден бауырым енді сол туған жерінде, жұртының ортасында жатыр.
Мен Ғабиденнің таңдаулы шығармалар жинағына баласы Шыңғыстың өтінішімен арнайы алғысөз жазуым керек еді, бірақ соның қалай естелікке айналып кеткенін байқамай қалдым.
Жаныңды қанша құлыптап ұстамақ болсаң да естеліктер тіріліп келіп, кілтке айналады да ашады, содан жадыңның түкпіріндегі жасырын сырларың «мен мұндалап» бас көтереді. Олардың бәрін жазып бітіру қиын. Сондықтан бұл жазбамды бес жыл бұрын Ғабиденнің 60 жасына арнаған өлеңіммен аяқтасам деймін.

ШОЛПАН – CЕНІҢ АУЫЛЫҢ
(Ғабиден Құлахметке)

Қайран досым,
Алыбым,
Алпамысым,
Аңсарымның үзілмес арқауысың.
Тарбағатай тауында мәңгі қалған,
Қара сөздің қасқиған арқарысың.

Барқытбелдің баурайын биіктеттің,
Өр шыңдарын әлемге сүйікті еттің.
Өз отыңа өртеніп, күйіп кеттің,
Өрт сезіммен өмірді сүйіп кеттің.

Аягөздің әулие әр бұлағы,
Көкке шашып кәусарын зар жылады.
Өзіңді іздеп белдеуде жер тарпиды,
Тұлан тұтқан Алаштың арғымағы.

Сағыныштан сенделтіп мың сан ағын,
Өзіңді іздеп, ішем де жыр шарабын,
Шолпан деген ауылды есіме алып,
Шолпан жұлдыз,
Өзіңе мұң шағамын…

БАЯН
(Ғабиден ағамның рухына)

Бұл жырдың баяны өзге еді,
Басқа адам жайында болмақ.
Бастауы Аякөздегі
Бір ғұмыр пайымға қонбақ!

Боз дала төріндегі ауыл~
Бағы сол, жердің шыңындай!
Борап тұр өмір де дауыл,
Батырға «Ердің сынындай!»

Бөлтірік қалғанда жалғыз,
Бөрі де таппады үйірін…
Бес күндік жалғанда жанбыз
Бойралап, сақтар иірім;

Бұла күн бұра тартқанда
Біз… Жақып, Тобағұл болдық!
Бүтін жыр мұраты артқанда,
Бұдынның… Одағын көрдік!

Бәдәуи күйін кешкенде
Бар жастың қорғаны да едің.
Бұлдыр күн, қиын кештерде –
Бас қамқор, Ордалы Бегім!

Байтақ Ел таңдаса… көрер,
Бар биік, нағыз тұғыр да!
Бұл баян жалғаса берер
Бүгінгі Ғазиз Ғұмырға…
Ержан АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір