Қайрат Айтбаев. Әнші
29.05.2020
2533
6

 «…Я не распространяюсь о важности народных

 песен. Это народная история, живая, яркая,

исполненная красок, истины, обнажающая

 всю жизнь народа».

Н.В.Гоголь

«О малороссийских песнях» атты мақаласында: «…Халық әні – халықтың тарихы,  халық өмірінің, оның жарқын да шынайы келбетінің айнасы», — деп тебіренген екен ұлы жазушы.

Әсіресе аға буынның қазақтың халық әндерін иін қандырып орындаған Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Байғабыл Жылқыбаев, Манарбек Ержанов, Қосымжан Бабақов, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Дәнеш Рақышев, Жәнібек Кәрменов сынды әншілерді зор ілтипатпен еске алуы тегін емес. Халық әндерін жинап, нотаға түсіріп, келешек игілігіне ұсынған А.В.Затаевич, Б.Ерзакович сынды фольклористтердің қазақ ұлтына сіңірген еңбегі өлшеусіз екені де белгілі.

Ғалым, әлемге аты мәлім физик, А.Эйнштейн музыка жайында мынадай пікір айтқан екен. Ол: «музыканың дамуы үшін міндетті түрде сабақтастық болуы керек және жасампаздық жолы (новаторский путь) – тек қана ежелден қалыптасқан дәстүрлерден нәр алғанда ғана шын мәнінде құнды әрі өміршең болады», – депті.

Әдетте тамсанып жүрген өнерпаздарымыздың өткеніне көз салып, зерделейтін болсақ, ол туған өлкедегі халықтың өнерінен, тәлім алған ұстазынан, тағлым алған айтулы өнерпаздарынан хабардар боламыз.

Бүгінгі мақаламыз қазақ әнінің корифейі жайында болмақ. Қайрат Байбосынов, әсілі, «мен жайында біреу жазса» — деген ойдан ада. Мақтауға мұқтаж емес. Әнші туралы аз жазылған жоқ. Бірақ, әншінің ән өнеріне сіңірген еңбегі жайында шама-шарқымызша жазғанымыз оқырман елге бір пайдаға асуы мүмкін. Орыстың белгілі музыка сыншысы В. В. Стасов: «Сын – автордан көрі, көзіқарақты қалың бұқараға көбірек қызмет етеді. Сын – тәрбие» — деп жазыпты.

Еуропада музыка сынының өркендеуіне жазушылар мен композиторлар үлкен ықпал жасағанын музыка сынының қалыптасу тарихы жайында жазылған еңбектерден байқаймыз. Қазақ жазушыларының да музыка турасында айтқан сын пікірлерін кездестіріп қалатынымыз бар. Көп емес, аз. Аз болғанмен құнды. Кітапхана қол жетімсіз болғаннан кейін тұспалдап айтуға тиіспін. Оралхан Бөкейдің әнші Бибігүл Төлегенова жайында жазған мақаласында: «Біздің халық әндерімізді орындап жеткізген Жүсіпбек, Әміре, Ғарифолла сынды әншілерімізде қазақтың өзіне тән мәнер бар, ұлттық нақышта ән салу үшін осы әншілерді үлгі тұтқанымыз дұрыс, бірақ, тым еліктеп, көшірме жасауға да болмайды», —  деген сыңайда пікір айтқан. Бақсақ, жазушы музыка үшін үлкен мәні бар мәселе көтереді. Мысалы, осы күнгі тенор дауысты әншілердің дені Жүсіпбек Елебековтың шекпенінен шыққаны байқалып тұрады. Қайрат Байбосыновқа еліктейтін баритондар да көп. Көптігі соншалықты, баритондар кейде тыңдармандарды жалықтыра бастағанын да байқаймыз. Өз басым, «анау күрілдек пе?!» дегендей міней айтқан сөздерді талай байқадым. Асқар Сүлейменовтың «оригиналдың жауы – көшірме», — деген сөзі осыны аңғартады. Сахнадағы киім киісі мен жүріс-тұрысын былай қойғанда, мұрт қойып, шақша тартып, көзілдірік таққанына дейін көшірме жасағандар ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп жүргендерін де көріп жүрміз. Енді байқасақ, оның шәкірті еліктегіш ұстазына ұқсап тұрады. Постмодернисттік философияда «симулякр» деген ұғым бар. Ол көшірменің көшірмесі деген мағынаны білдіреді. Көшірмеге көшірме жасалғанда, жалықтырмағанда қайтеді.

Ал, Қайрат ағаның шәкірттеріне «маған еліктемей өздеріңше салыңдар әнді», — деп отырғанын талай көрдім.

Жүсіпбек Қали Байжановқа, Манарбек Ержанов Байғабыл Жылқыбаевқа, Қосымжан Бабақов Әміре Қашаубаевқа ұқсамайды. Әр қайсысы бір-бір стиль. Әнді үйрену бар да, өзінше өрнектеп салатындар болады. Үлгі тұту мен еліктеудің арасында құдайдан дарыған талант қана байқай алатын шекара тұр.

 Қайрат ағамыз Жүсіпбек Елебековқа шәкірт болды. Үйренді. Еліктеп-солықтаған жоқ. Мүлде ешкімге ұқсамайтын әншіліктің жотасын жас күнінде байқатты. «Қыз жібек» фильімінде «Қаракөз» бен «Ақылбайдың әнін» айтқанда не бары 18 жаста болған екен. Бозбала әнші батыр Төлегеннің образын қандай ашқан?! Сол дауыс, сол тембр халықтың жадында мәңгі өшпестей болды.

 Ертеректегі үнтаспаларында даусы қою болғанымен, кейін келе жоғарлағанын байқаймыз. Табиғатында жеңіл лирикалық баритон. Ілия Жақановтың «Түнгі сырын» айтқанда дауыс сұлулығы ерекше байқалады. 15-16 жасар балағашықтың образын көз алдыңа алып келеді. «Мөлдірейсің тұнып жатқан көл дей боп» деген жолын айтқанда алқоңыр дауыстың мөлдір бұлақтай сыңғырлағанын байқайсыз. Әнді мұнша сезіну, терең сезіну, тыңдаушыны да сезім құшағына жетектеп алып кететіні айқын.  

Ортада болған бір әңгімеде  «Сыдықтың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әніндей бір ғана ән жазған композитор бақытты» — деп еді Еркеғали Рахмадиев ақсақал. Шынында да Сыдық Мұхаметжановтың  «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әні Абайдың сөзіне жазылған ән, романстардың алды. Сыдық Мұхаметжановтың «Өзгеге көңілім тоярсың» деген романсымен Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» әнінде формасында да, әуенінде де ұқсастық бар. Композитор ұлы ақынның музыкалық мұрасын зерттеп барып жазғаны анық. Сол себепті де ән Абай сөзімен тұтасып кеткен. Өлең табиғатын ән дәл ашқан. Сыдықпен қадірлес болғанын Қайрат аға талай айтқан. Сахнада басын бұлғақтатып, «мен әнді қаншалықты сезінетінімді көрдің бе?», — дегендей, немесе дастарханда қызара бөртіп отырғандай, көзін жұмып, бетін жүз құбылтатын әншілерге Абай сөзі қол емес. К.С.Станиславскийдің әйгілі «Не верю!» дегені осындайда еске түседі. Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық», «Жиырма бес», «Он саусақ» сынды ойнақы әндерін айтқанда дауыс техникасымен, домбыраны шебер тартуымен, актерлік қабілетімен, керек десеңіз, ән салып тұрғандағы жесттерімен де көрерменді қыздырып, қыздырмалатып, желпінтіп жіберетін Қайрекең кең диапазонды талап ететін «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін салғанда барынша ойлы, әр сөздің мағынасына тереңдей еніп, жұлын-жүйкесімен сезінен отырып салады. Пафостан ада, шынайы.

Маған бірде Тәттімбеттің «Саржайлауын» шертіп бергені бар. Байғабыл мінезіне қанық Қуат Есмұхановтың айтуынша ол да «Саржайлауды» керемет орындаған көрінеді. Жалпы, Байғабыл шертісі Әбікеннің тартысын еске түсірердей аса көркем. Домбырамен ән айтатын халық әншілері ән бастарда әнге кіріспе жасайды. Ән кіріспесі де ұзақ жол жүріп өткендей. Кіріспе кейде айтқалы отырған әннің мелодиясына құрылады да, кейде тіпті өзгеше бір формасы бар бөлек дүние болып шығады. Кіріспенің жетілген түрі Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Қайрат Байбосыновтарда айқын көрінеді.

Осыдан біршама уақыт бұрын әріптестермен болған бір әңгімеде ән бастардағы «қара шертіс» немесе «ән кіріспесі» (ғылыми тұрғыда әлі анықтамасы нақтыланған жоқ) жайында сөйлесіп қалғанымыз бар. Ән бастардағы «қара шертістің» ән мәдениетіндегі маңыздылығы жайында аз-кем сөз болды. Қазір сахнада уақыт аласың деп кіріспені мейлінше қысқартқанға ұқсайды. Әннің өзін бір шумағын ғана айтқызады. Мысалы, «Ән шашу» деген дәстүр пайда болды. Абайдың (Арқа) «Көзімнің қарасы» — деген әнінің бір шумағынан кейін, Махамбеттің (Батыс) «Ерулі атқа ер салмай…»-дың басы айтылады да, ол, халық әні «Ой жайлауға» ұласады (Жетісулық әншінің орындауында), сосын ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының (Сыр өңірі) «Кәнекей, сөйле қызыл тіл» деген толғауымен аяқталады. Өстіп жүріп әнге қызмет жасап жатырмыз деп жүргендер бар. Ән әуелі форма ғой. Әдетте әннің бірінші шумағынан кейін қайырмасы айтылады, сосын екінші шумағы қайырмасымен. Кейбір әншілер екінші шумағына келгенде шешіліп, ширатып салады. Мысалы Қали Байжановтың орындауындағы «Жиырма бесті» тыңдасаңыз немесе Қайрат Байбосынов шырқаған көптеген әндердің екінші шумағында әншінің еркінсігенін байқау қиын емес. Бұл халық әншілерінде жиі кездесетін әдістің түрі.

Әнді жартысын айтып, басқа әнге ауысып кету, менің ойымша, дұрыс емес. Біріншіден, ән авторынының келісімінсіз әннің формасын бұзады, екіншіден, бұлай істе деп мәжбүрлеу әнді айтушыны еркінен айырады, үшіншіден, талғампаз тыңдарманға кері әсерін тигізеді. Жас бүлдіршіндеріміз «ән» деген осы деп өсіп келе жатқан болар. Себебі, бұл дәстүрге айналып кетті. Астанадан бастау алған «ән шашу» дегеніңіз бүткіл Қазақстанға тарап, ел-елді аралап болып, шетел асып жатыр. Оны «ұлттық дәстүріміз» дейді. Ұлтымызда ондай дәстүр болмаған. Бұл жерде түсінбейтін ештеңе жоқ, ұлттық өнердің иісі мұрнына бармайтын адамдар үлкен деңгейде дәстүрлі өнердің тағдырына араласқан. «Ән шашу» дегеніңіз – антимузыка. Бір-бірімен еш үйлеспейтін әр түрлі стильдегі бес әнді айналасы бес минутка сиғызғанда қандай эстетика бар?! Сұлулық сахнаға бір топ болып «Ән шашуды» айтуға шыққан әншілердің киген оюлы шапанында ғана қалғандай.

Қайрат ағаның жас кезінен бастап әндері үн таспаға түсе бастаған. Салған әнінің көбіне жаңаша аспаптық сүйемел жасаған. Әннің шумақтарының арасына ән табиғатына, аспаптық музыкаға, яғни домбыраға тән қайырма еңгізуі де әнші аға әкелген жаңалықтың бірі. Оны Ілия Жақановтың «Толағайы» мен Біржан салдың «Ақсеркеш» сынды әндерді орындауынан байқаймыз. Біржан салдың «Айбозым» әнін шырқарда шертпесі қаншалықты көркем болса, халық әні «Ағаш аяқ» пен Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес» әніне жасаған кіріспесін «Қайраттың төкпесі» деп айтса да жарасады. Әнге домбырашылық шеберлігі ажар беріп, характерін ашты.

Музыканттың жас күнінде, жігіт ағасы болған шағында, егде тартқанында салған әнінде айтарлықтай өзгешеліктер бар. Әнші үнемі ізденіс үстінде болған. Қазірдің өзінде көңілінің толқыны тулап, шабыттанып отырғанда «мына әнді осылай айту керек екен» деп шешім қабылдап отырады. «Сыр сандық» кітабын жазу барысында бір-біріне ұқсап тұратын, совет дәуіріндегі композиторлардың ырғағы бір (3/4 вальс ырғағына құрылған) жүздеген әнді әуенін шатастырмай айтып отырғанда музыкалық жадына қайран қалғаным бар.

Сабағына міңгірлеп кіріп, саңқылдап шыққан әнші балаларды талай көрдім. Нағыз вокал теоретигі.

Айқайлап, аңыратып айтуды талап ететін халық әндерін, халық композиторлары әндерін жас жеткіншектер жаппай тыңдайды деп ойламаймын. Қазақта «Айқайлаған – әнші емес» деген сөз бар екені рас. Осы сөз кейінгі кезде көп айтылады. Дауыс мүмкіндігі ыңылдаудан әрі бармайтын эстрада жұлдыздарының кредосына айналғандай. Абай өлеңінде «Көбінесе ән басы келеді ащы, «Кел тыңда» деп өзгеге болар басшы» дейді, Әсеттің «Інжу маржан» әні «Әсеттей сал ән салсаң аңыратып, Орман, тоғай, өзенді жамыратып» деп басталса, халық әні «Тілеу-Қабақ» «Айқайлап, әнге салсам-ай, Тілеу-Қабақ-ау» деп басталады. Әуелі әншінің шырқап салатын айқайы болуы керек шығар. Ал, ол айқайда мәдениет бар ма, жоқ па – кейінгі әңгіме.

Тұтас өмірін ұлттық музыкаға арнаған ән ардагерінің 70 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Қайрат Айтбаев

 Қайрат Айтбаев, Қазақ Ұлттық музыка академиясының ұстазы, күйші, өнертанушы,

«Мәдениеттану» мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар   магистрі

 

 

ПІКІРЛЕР6
Аноним 29.05.2020 | 12:58

Бәрекелде Қайратжан көп рахмет!

Аноним 29.05.2020 | 13:09

Ғажап жазылған мақала!

Аноним 29.05.2020 | 13:59

міне, Өнерді Ұғар шын Жампоздың- Жағасы Құрақ,Кеудесі Бұлақ Сөзі осылай Болмақ!
Саз Мұхиты Ішінде қатар жүзген Жайынды Желкен күсе айтқан,күмістеп уыстатқан екен барын!
Тұшына Қуандым!
Серік Ағаң.

Аноним 29.05.2020 | 14:30

Керемет!

Аноним 29.05.2020 | 23:15

Рақмет!

Аноним 10.06.2020 | 17:06

Əнді əңгіме айтқандай қылып жеткізе білу — бір ғанибет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір