ШЫҒЫСТЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ, БАТЫСТЫҢ БІЛГІРІ
06.11.2015
1524
0
   Уәлиханов_ШоқанКиіз үйде дүниеге келіп, киіз үйде ержетіп, киіз үйде өмірден өткен даңқты перзентіміз, маңдайын әр елге әр түрлі құлайтын күн сәулесі өбіп, табаны талай-талай елдің топырағына тиіп, қазақтың ізін қалдырған алғашқы сұңқарымыз – Шоқан.   

Ол дүние салғанда күллі қазақ даласы жыласа, орыс достары көздеріне жас ала тебіренген деседі. Заманында күллі ғылыми орта қызыға да қызғана көз тіккен, армандаған, «құлыптаулы» қиырларға саяхаттау, саяхаттап қана қоймай, құпиясын ішке бүккен өңірдің ау-жайын Батыстың зиялы ортасына таныстыру далада өсіп, ержеткен Шоқанның пешенесіне жазылыпты. Орыс достарының қай-қайсысының да естеліктеріне көз жүгіртіңіз, Шоқан бойындағы ізгілікті, кеудесіндегі шуақты, жүрегіндегі арманды жыр ғып айтады. Шоқан замандастары оның ғылым жолындағы жанкештілігін, ұлтына деген ғажап сүйіспеншілігін сыр қылып шертеді.
Орыс достарының арасында қазақ  жайлы әңгімелерін талмай айта беретін Шоқанның мінезін Потанин досы Пушкин мен Лермонтовқа ұқсатыпты. Орыс халқына сәуле шашқан тұлғалардың бойындағы шуақты Шоқаннан көрген Потанин ол жайлы: «Шоқан өз замандастары арасында өмір сүрді. Олармен өз қызығушылығын бөлісті, бірақ ол болашақтың тағдырына қатты алаңдады», – дейді. Осы алаңдаулы көңілді еске алып, сән-салтанаты жарасқан орыс ақсүйектерінің ортасында жүріп те, «қазақ жайлы талмай әңгімелей беретін» Шоқан көз алдымызға келеді.
Ол – Батыс үшін ұлы ғалым, білімдар білгір атанды. Ал қазақ даласы үшін ол қыр баласы, дала киесін білетін қазақ ұланы еді.  Көзі тірісінде қазағы «аққан жұлдыз» Шоқанын дұрыс бағалай  алды ма, жоқ па, білмейміз, алайда, ол құйрықты жұлдыздай ағып түскенде Шоқан жұлдызын жоғарылатқан – туған ұлына деген Шығыстың сүйіспеншілігі мен ғалымға деген Батыстың құрметі еді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір