ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ НЕГЕ ТӨМЕН?
1984 жылдың 1 қыркүйегінде 71 жастағы Қызболған әжем мені қолымнан жетектеп В.И.Ленин атындағы орта мектептің 1-сыныбына апарып, бірінші партаға отырғызып: «Мына сары бала менің немерем», – деп, Жұмагүл апайдың қолына тапсырғаны еміс-еміс есімде. Алғашқы қоңырау соғылып, қазақтың көрнекті композиторы Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым менің, ұстазым» әнін естіп едік. Содан бері міне, 31 жыл өтіпті.
Негізі, парсы тілінде «ұстаз» сөзі қазақтың «ұста» деген ұғымына жақын келеді. Ұста қолына түскен кез келген темірді балғаның күшімен иілдіріп, шынықтырса, ұстаз қанатының астындағы қалың шәкірттерге озық ойымен, білікті, білгір парасатымен өнегелі өмірге жол сілтейді. Өз кәсібіне салақ қарайтын, мамандығына таңдап емес, адасып түскен кейбір мұғалімдердің кесірінен «ұстаз» деген ұлы атаудың атына кір келіп жүр. Кейде мұғалімнің біліксіздігін, шалалығын көргенде қараптан-қарап қаның қарайып, «қазіргі ұрпаққа тәлім беріп отырған ұстаз осы ма?» деген ойға қаласың. Алайда, бұл барлық мұғалім қауымына топырақ шашқанымыз емес.
Кезінде Ахмет Байтұрсынұлының: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болады. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептің балалары білімді болып шығады. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білім, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», – деген сөзі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Бүгінде қоғамның сесі мен сынынан жасқанып қалған ұстаздар қауымы көпшіліктің алдына шыққанда да, мектеп директоры мен ата-аналар алдында да жалтақ, тіпті оқушылар алдында тұрса жасқаншақ екені көзінен көрініп тұрады дейді көпшілік. Ең бір өкініштісі, көп жылдардан бері әкімшілік жұмыстардың дені мектептегі мұғалімдердің күші арқылы атқарылып келеді. Басқаны айтпағанда, қоғамдағы кез келген саяси іс-шараларға жегіледі, қандай да бір жұмыстар осы мұғалімдерсіз шешілмей-
тіні рас, «барып кел, шауып келмен» бүгінде олар нағыз қолбалаға айналып бара жатқандай. Астанадан бастап кез келген ауыл аймақтардағы түрлі мәдени шаралар, үлкен стадиондағы жиналыстар мен конференцияларға адам қарасын көбейту үшін мұғалімдер тартылады. Түрлі қоғамдық жұмыстардың насихаттаушысы ретінде сондай іс-шаралардың басы-қасынан табылатын да мұғалімдер. Мектептің қағазбастылығы өз алдына таусылмайтын жыр-дастан. Одан қала берді, жоғарыдан келетін сан алуан бітпейтін тексеріс те осы ұстаздар қауымын жүдетіп жібереді.
Оның үстіне директордан бастап ата-аналарға дейін мін айтуға дайын тұрады. Олар біз оқыған кездегі ата-аналар мен бүгінгі ата-аналардың айырмашылығы жер мен көктей. Қазіргі ағайын қит етсе, мұғалімді жазғыруға бейім. Әсіресе, жыл сайын атышулы ҰБТ да көбінесе оқушы мен мұғалімді әуре-сарсаңға түсіреді. Осы мәселеге байланысты ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «ҰБТ-ға көп жағдайлар байланысты болып тұр. Мұғалім, мектеп, аймақ жұмысы осымен бағаланады. Мұның барлығы – қысым. Алдағы жылдары ҰБТ-ны күйзелісі аз етіп ұйымдастыруымыз керек», – деп отыр.
Жыл өткен сайын білім саласын дамытуға билік тарапынан қыруар қаржының бөлінетініне қарамастан мұғалімдер ата-аналарға қол жаюға мәжбүр. Осының барлығы, сайып келгенде, қоғамдағы ұстаз беделінің құлдырауына әкелмегенде қайтеді? Бірақ мұғалімнің мәртебесі мәселесі тек жалақыны жоғарылатумен шешіле салмасы анық. Бедел маманның ой-өрісінің кеңдігіне, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, педагогикалық қызметіне көзқарасы, шығармашылық еңбегі мен жаңашылдық ізденістері, жеке-дара қабілетінің мықтылығымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» жанынан Педагогикалық шеберлік орталығы, Педагогтардың біліктілігін арттыру орталығы жұмыс істеп жатыр. Заманауи орталықтарда мұғалімдер әлемдік тәжірибеге сай әзірленген жаңа бағдарламалар бойынша арнайы үш айлық қайта даярлаудан өтеді. Мұндай қайта даярлаудан алдағы 5 жылда 120 мың мұғалім, яғни еліміздегі мұғалімдер корпусының тең жартысына жуығы өтпек. Алайда, бұл да азшылық етеді.
Сыртқы объективтік факторларға біріншіден, мектеп ішінде мұғалімнің дұрыс еңбектенуіне жасалынатын оқу-әдістемелік, әкімшілік-ұйымдастырушылық жағдайлар мен психологиялық-педагогикалық ахуал, т.б. жатады. Екіншіден, мектептен тыс факторлар деп мұғалімнің жалақысы, мұғалімнің ісін марапаттау, мемлекеттік атқару органдарының жан-жақты қолдау көрсетуі, бұқаралық ақпараттық құралдар арқылы жүргізілетін үгіт-насихаттар, ата-аналардың көзқарасы, т.б. айтамыз. Мұғалімнің оқушылармен педагогикалық қарым-қатынасы, білім-білігі, өзін-өзі дұрыс ұстауы, киім-киісі, жүріс-тұрысы, әрбір қимыл-әрекетіне дейін жағымды әсер қалдырауы тиіс. Ұстазға тән қасиеттің барлығы бойынан табылып тұрса, ешкім оған негізсіз мін таға алмайтыны ақиқат. Сондықтан мұғалім мәртебесін көтеруді жоғары жақтан күтпей, әрбір ұстаз өз атына лайықты қызмет атқарса, барлық нәрсе реттеледі деп ойлаймын.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға», – деп хакім Абай айтпақшы, ол заманда молдалардың барлығы дерлік ер кісілер еді, бүгінде ең «ұшынып» тұрған мәселенің бірі – мұғалім мамандығы бойынша гендерлік сәйкессіздіктің реттелмеуі. Елімізде мұғалімдік қызметті атқаратындардың 86% әйелдер екенін ескерсек, бұл салаға ер-азаматтарды тартудың қажеттілігі «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері. Өйткені, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, мектептегі, жоғары оқу орындардағы тәрбие жұмысына ер-азаматтардың қосар үлесі ұшан-теңіз.
Тоқтамды түйін: Елімізде біріншіден, кейбір мектептер тұтастай мұғалімдері мен оқушылары қазақтар болғанымен, мектеп орыс немесе аралас мектебі аталады. Парадокс, ішіне кірсең, бір орысты таппайсың, кім үшін бір-бірімен орысша сөйлесіп жүр, бір Аллаға аян. Кейбір өз қандастарымыз өз ұлы мен қызын орысша оқытып жатқанын мәртебе санайды, Құдайым-ау! Ертең өз ұрпағы қарттар үйіне жетектеп алып бармасына кім кепіл? Өйткені, жүрегінде иманы жоқ, ар-ұяттан жұрдай, обал-сауаптан бейхабар, әке-шешесіне «сен» деп тұратын тасбауыр өсіп шығуы ықтимал. Ата-анасын қарттар үйіне апарып тастап жатқан қазақтардың барлығы орыс мектептерін бітіріп шыққандар екеніне күмәнім кәміл.
Екіншіден, ұстаздың жалақысы сатылап көтеріліп келе жатқанымен, әлі де болса айлығы шайлығына жетпей жататыны жасырын емес. «Ұстаздық ету» әлеуметтік-кәсіби статусы, мамандық мәртебесі әлі де болса төменгі сатыда тұр. Соның салдарынан бүгінде педагогикалық корпус қартаю үстінде. Білімді жастар айлығы жоғары кәсіптерге ұмтылатыны сөзсіз. Сондықтан мұғалімдік саланы таңдайтындар жоқтың қасы. Бұл тұрғыда шығыстағы Қытай Халық Республикасының үлгісі қызықтырады. Өйткені, ондағы мұғалімдердің айлығы елдегі жоғары айлықтардың қатарына жатады. Соның арқасында «ұстаз» атануға ұмтылатын жас кадрлар жыл санап көбеюде. Осылай білім саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеруде ұстаздар қалтасына түсетін айлықтың қомақты болғаны да маңызды.
Жұмамұрат Шәмші,
тарих ғылымдарының кандидаты.