МҰХТАР. АСҚАР. ҚАЛИБЕК…
Биыл қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың 100 жылдығы. Ал ол кісінің «Абай» спектаклін қойғанына 75 жыл болыпты… 1940 жылы 30 қазанда қазақ драма театрында М.Әуезов пен Л.Соболев бірігіп жазған «Абай» трагедиясы тұңғыш рет сахналанғаны белгілі.
Сәуле ӘБЕДИНОВА
Бұл кез – кәсіби қазақ театрының өз алдына отау тігіп, дамуға бет алған, бірқатар табыстарға қол жеткізген, қазақ әдебиетінде драматургия жанры қалыптасып, ұлттық драматургияның идеялық-көркемдік бағыты айқындалған кез еді. С.Сейфуллин («Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар»), М.Әуезов («Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Түнгі сарын», «Қаракөз»), Қ.Кемеңгеров («Алтын сақина»), Б.Майлин («Майдан», «Талтаңбайдың тәртібі»), Ж.Шанин («Арқалық батыр») сынды драматургия жанрына тұңғыш қалам тербеген жазушылардың шығармалары қазақ драма театрының сахнасында бірінен соң бірі қойылып, театр өнері қоғам назарын толығымен өзіне аударған болатын. Қазақ театр өнерінің алғашқы қарлығаштары Жұмат Шанин, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков, Жүсіпбек Елебеков, Хабиба Елебекова, Шәкен Айманов сынды сахна суреткерлері сан қырлы кейіпкерлер бейнесінде қалың көпшіліктің қошеметіне ие болып үлгерген.
Әрине, қылышынан қан тамған кеңестік жүйенің қатаң талаптары мен социалистік реализм принциптері қазақ драматургиясына әсерін тигізбей қоймады. М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» пьесасы осындай қиын-қыстау кезеңде жазылған еді. Пьесаны Мәскеудің театр өнері институтын жаңадан бітіріп келген жас режиссер Асқар Тоқпанов сахналады. «Абай» трагедиясын қойғанда Тоқпанов небәрі 25 жаста еді. Яғни «Абай» – Тоқпановтың тұңғыш спектаклі. Әдетте, әдебиетте болсын, театрда болсын, «тұңғыш» туындылардың бірден төрт аяғын тең басқан толыққанды шығарма болып шыға келуі сирек құбылыс. «Абай» спектаклі осы сиректердің қатарында. Драматург – режиссер – актер үштігі бірін-бірі терең түсініп, толық шығармашылық одақ құра білді.
Тоқпановтың режиссерлыққа келуі кездейсоқ емес. Ол уақытта қазақ театрында іргелі мектептен білім алып, режиссерлықтың қыр-сырын кәсіби түрде оқып, меңгерген маман жоқ еді. Құдай берген дарыны мен талантының арқасында Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбековтер сахнада әртүрлі рөл ойнап қана қоймай, режиссерлық міндетті де өз мойындарына алып, барлық қойылымдарды өздері сахналаған. Режиссерға деген зәрулік асқынып тұрған сол тұста Тоқпановтай маманның келуі қазақ театры үшін үлкен игілік еді.
Осы орайда ол кісінің өз аузынан естіген бір әңгіме ойға оралады…
1989 жылы Т.Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институтына жаңадан оқуға түскен кезіміз. Сонда оң-солымызды әлі онша ажырата қоймаған бізге Асқар Тоқпановтың бірнеше рет дәріс оқығаны бар. Алматыдай алып шаһарға жан-жақтан жиналған жас талапкерлердің қиналып жүргенін сезімтал жан байқаса керек, өзінің студенттік жылдарынан бір естелікті баян етті. «Мен де мына сендер сияқты жас болдым, ауылда өстім. Ол уақытта ауылды жерде қайдағы театр? Театрдың не екенін білмейтін мені Мәскеу Театр институтына «режиссерлықты оқып кел» деп оқуға жіберді. Орыс тілін де жарытып білмеймін. Бірақ жеңілмедім, қолымнан келмейді, қиын деп бас тартып, қашып кеткенім жоқ. Көп оқыдым. Кітаптан бас алмадым. Дәу керсенге суық суды толтырып құйып, орамал салып қоямын. Кітап оқып отырып маужырап ұйқым келіп, қалғи бастасам, әлгі керсендегі суық суға беті-қолымды шаямын да, белуарыма дейін шешініп тастап, орамалды сығып алып, денемді сулы шүберекпен ысқылаймын. Жаттығу жасаймын. Біраз ұйқым ашылып, сергіп қаламын. Сосын қайтадан кітап оқуға кірісемін…».
Уақыт өте келе орыс тіліне төселіп алған студент Асқар театр әлемінің қыр-сырына қаныға бастады, драматургияны, актерлық өнерді, режиссерлық шеберлікті оқып үйренді. Орыс драматургиясын, шетел классиктерінің шығармаларын түсініп, талдайтын дәрежеге жетті. Нәтижесінде, 1939 жылы Асқар Тоқпанов Мәскеудегі Театр өнері институтының режиссура факультетін Ресейдің атақты театртанушысы, профессор Сахновскийдің класын бітіріп, елге оралды. Ол кезде қазақ театр өнері еңсесін тіктеп, дамуға бет алғанын айттық. Жаңа пьесалар жазылып, спектакльдердің саны арта бастаған шақ. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Мәскеуде алған білімін істе сынауға асықты. Ол «Абай» трагедиясындағы басты рөлді бірден Қалибек Қуанышбаевқа тапсырды. Атақты театр зерттеушілері Қалибек Қуанышбаевтың әзіл-қалжыңға жақын болғанын, гармон, сырнай, мандолин сияқты бірнеше аспапта шебер ойнағанын айтады. «Оның актерлік өнерімен қоса, қиыннан қиыстырып өлең шығаратын ақындық, жазушылық өнері де болған. Жас шағында біреудің мінін айтып сықақ-фельетондар жазса, бертін келе Шахмет Құсайыновпен бірігіп «Шаншарлар» атты пьеса да жазды». (Ә.Сығай. «Қаллеки», 9-б., «Фолиант», Астана, 2014 ж.)
«Абай» трагедиясында ойнаған өзге артистер де кілең қазақтың маңдайына біткен майталмандар. Шәкен Айманов – Керім бейнесіне, Серке Қожамқұлов – Жиренше, А.Нұрбеков – Долгополов, Хабиба Елебекова – Күнікей образдарына бойлады. Күнде «читка», күнде дайындық. Ол кезде Мұхтар Әуезов театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Автор репетицияға үзбей қатысып, режиссердың жұмысын, артистердің спектакльге дайындықтарын көріп, көңіліне қонбаса: «Әй, бұларыңнан түк шықпайды!..» деп ренжіп шығып кетеді екен. Бірақ Әуезов қанша ренжісе де, Тоқпанов репетицияны жалғастыра береді. Спектакльдің бас-аяғы жинақталып, түгел көріністер пысықталып біткеннен кейін соңғы «үлкен дайындықтар» («прогон») болатыны белгілі. «Прогонға» артистер гримденіп, киініп, әрқайсысы өз образдарында шығады. Сонда Қалибек Қуанышбаев Абай болып кіріп келгенде залда отырған Мұқаң шаттықтан жүзі балбұл жайнап: «Бәрекелді!.. бәрекелді!.. мінеки… Абай ғой!.. Абай келді ғой… тұрыңдар!..» деп, өзі де орнынан атып тұрып, Қалибек Қуанышбаевқа бас иіп, құрмет көрсетіпті, өзгелерді де тұрғызыпты…
Режиссердің театр алдындағы негізгі міндеті – шығармашылық ұжымның бірлігін, спектакльдің идеялық-көркемдік тұтастығын қалыптастыру. Негізі, спектакльдің келбетін жасайтын – режиссер. Демек, режиссер бүкіл шығармашылық ұжымның артықшылығы мен кемшілігін, бар әлеуетін терең түсініп, сезіне білуі тиіс. Тіпті, режиссер артистердің көзге көрінбейтін, бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктері мен қабілет-қарымын алтыншы түйсігімен табуы керек, ашуы керек. Автордың идеясына, спектакльдің көркемдік деңгейіне, композициялық құрылымына, шындықтың шынайы көрсетілуіне бірден-бір жауапты адам да – режиссер. Өзінің алғашқы «Абай» спектаклін қойғаннан-ақ жас режиссер Асқар Тоқпанов осы міндеттерін жақсы түсінді. Режиссер өнерінде негізгі материал драматургия ғана емес, сонымен қатар, актер де режиссердің жұмыс істейтін «құралы» екенін ол жақсы білді. Әр актер – өзінше жеке тұлға деп қарады. Яғни әр актердің жаны мен тәні, ақыл-парасаты, сана-сезімі, түйсігі, тілі бар. Демек, режиссер үшін актер тек «құрал» ғана емес, егер оның бойында талант болса және оның сол талантын режиссер дұрыс танып, пайдалана білсе, онда актер де, режиссердің өзімен бірге, өнер тудырушы қасиетке ие болады. Актердің тек сырт келбеті немесе оның режиссер тапсырмасын мүлтіксіз орындайтын қабілеті ғана емес, шығармашылық ой-арманы, оның көркем де бай қиялы, сергек сезімі, терең білімі, ой-өресі, тәжірибесі, өмірден көрген-білгендері мен көкірекке түйгендері, талғамы, мінезі, темпераменті, табиғат-болмысы, әзіл-қалжыңы, физикалық түр-тұлғасы мен актерлық сүйкімділігі, сахналық іс-әрекеттері, т.б. – осының бәрі де режиссер үшін ең керекті материалдар. Театр өнерінде режиссер мен актер арасындағы шығармашылық қарым-қатынас – режиссерлық әдіс-тәсілдің негізі. Актер қабілетін жан-жақты дамытуға жағдай жасау – режиссер алдындағы негізгі міндет. Асқар Тоқпанов осы міндеттерін толығымен орындады. Тоқпанов өз ұжымының тәрбиешісі де, қанат бітіруші ұстазы да, шабыт беруші жебеушісі де бола білді. «Абай» пьесасын сахналау барысында артистерге өздерін мазалаған сұрақтардың жауабын дұрыс табуға көмектесті. Асқар Тоқпанов «Абай» спектаклінің идеялық мақсатын жақсы түсінді және сол мақсат төңірегіне өзгелерді де топтастыра білді. Бұл орайда авторлардың да, режиссердің де, актерлердің де түпкі мақсаты – қазақ ұлтының кемеңгері Абай образын қалыптастырып, халыққа өз перзентін етене таныстыру, Абай тақырыбын әдебиетке, театрға енгізу еді. Ұжым осынау биік мақсаттың үдесінен шықты. «Абай» пьесасынан кейін «Абай әні» фильмі жарыққа шыққаны белгілі. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына алғаш сүрлеу салып берген де осы пьеса болды…
Абайды қойған кезде Асқар Тоқпанов бастаған бір топ Абайдың ауылына барып, Абай өмірін ғана емес, сонымен бірге, сол ауылдың тұрмыс-тіршілігін, рулардың киім үлгілеріне дейін зерттейді. Ол кезде киім үлгілері әр руда әртүрлі болып келетін. Тобықтының киімі қалай екен, басқаның киімі қандай, арғын мен найманның өзара қарым-қатынасы қандай… Бірнеше киім үлгілерінің ерекше штрих, детальдарын алып, бір-бірімен композициялық тұрғыда біріктіріп, ерекше сәнді киім үлгілерін шығарады. Тек әр елдің бөріктерін ғана өзгеріссіз қалдырады.
Белгілі театр зерттеушісі Бағыбек Құндақбаев: «МХАТ принципін берік ұстана отырып, А.Тоқпанов орындаушылардан сахналық геройдың ішкі сезімін терең білуді талап етті. Бұл үшін, Станиславский ілімі бойынша, герой бірнеше «кедергілер жүйесінен» өтіп, олардың тұрмыстық, тарихтық, психологиялық шындығы алға қойылған айқын сахналық міндеттерді орындаған жағдайда ғана «адам жаны жарқырап ашылады» деген қағиданы мықтап ұстанды. Әрине, бұл әдіс бойынша ауыртпалықтың көпшілігі актерлерге түсетіні аян. Олардың өз ісіне мамандануы да, оқиғаға әлеуметтік және психологиялық талдау жасай білу шеберлігі де сынға түседі. Осының бәрі коллективтің актерлік шеберлігінің дәрежесін көтере түскені даусыз. Сондықтан бұл спектакльдің ешқашан да жойылмайтын маңызы оның ең үздік актерлік ойындарының дәрежесіне негізделеді. Соның нәтижесінде спектакль қазақ сахна өнерінің тарихындағы елеулі оқиға болып қалды…» дейді. («Қазақ театрының тарихы», 1 т., 335-б., «Ғылым» баспасы, Алматы, 1975 ж.). Осы еңбегінде зерттеуші ғалым Абай образындағы Қалибек Қуанышбаевтың жұмысына ерекше тоқталады. «Актер ұлы ақынның образын жасау үшін тарихи шындықты терең зерттеп, кеңінен толғанды. Соның нәтижесінде Қуанышбаевтың Абай характеріне көшуінің күштілігі сонша, «Абай» спектакліне қатысушылардың барлығы бірдей бұл актердің еңбегін творчестволық ерлік деп атап кетті…» (сонда).
Ал актер Қалибек Қуанышбаев өз кейіпкері туралы былай дейді: «Абайдың бейнесі маған бала кезімнен етене жақын. Жас кезімде-ақ оның өлеңдерін жатқа білетінмін. Бұл рөлді ойнау кезінде Батыс және Шығыс мәдениетінің басын біріктіруді көздеген азамат, күрескер ақын, ойшыл Абайды көрсетуді маңызды мақсат етіп қойдым…».
Актер сол мақсатына жетті. Әрине, әркімнің өз Абайы бар. «Абай» трагедиясындағы Абай – Әуезов пен Соболевтің концепциясы. Спектакльде – Асқар Тоқпанов пен Қалибек Қуанышбаевтың Абайы. Абай өмірінің аңызы мен ақиқатын, Абайдың қуанышы мен қайғысын, трагедиясын әркім өзінше түсініп, өзінше көрсеткені айқын. Дегенмен, «ақын образын сомдауда актер де режиссермен бірге тарихи ақиқат пен романтизмді ұштастыруға күш салды. Осы спектакль арқылы Қуанышбаев өнерінің бағыт-бағдары қалыптасып, өзі сомдаған тұлғаның дүниетанымын ашудағы шеберлігі көрінді». («Абай» энциклопедиясы. Алматы,«Атамұра»).
Мұқаңның сахнадағы Абайға үлкен қошемет көрсетуі – режиссер мен актер өнерінің тұтастығынан туындаған кейіпкердің өз дәрежесінде бейнеленуінен болса керек. Қаллекидің кейіпкері автордың да, режиссердің де көңілінен шықты. Қуанышбаев сомдаған Абай – жаңалық пен жақсылыққа ұмтылушы, өрелі іске үндеуші, өрісті ойға бастаушы. Қалибек Қуанышбаев данышпан Абайдың рухани болмысын, ішкі жандүниесін, психологиялық көңіл-күйін асқан шеберлікпен көрсеткеніне көзкөргендердің естелігі мен жазбалары куә.
«Әр қазақтың жүрек түбінде Абайға деген сағыныш жатады екен». (Т.Шапай. «Шын жүрек – бір жүрек», 7-б., «Жазушы», 2000). Әуезов – Тоқпанов – Қуанышбаев – қазақ театрының үш алыбының қазақ сахнасында Абайды тірілтіп, мәңгі өшпес сахналық ғұмыр беруі – сол сағыныштан болар… Бүгінде Мұхтар Әуезовтің өзі істеген сол қарашаңырақ өзінің атында – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Астанада Қалибек Қуанышбаев атында музыкалық драма театры бар. Алайда, осы күнге дейін бірде-бір театрға Асқар Тоқпановтың есімі берілмеуі – өнерге деген әділетсіздік деп ойлаймыз. Ұлы режиссердің 100 жылдығы қарсаңында республикамыздағы көрнекті театрлардың біріне қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, әрі ұстаз, әрі ойшыл, әрі қоғам қайраткері Асқар Тоқпановтың есімін берсек, артық болмас еді…