ӘКЕМДЕЙ БОЛҒАН ӘБЕКЕМ

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының бас кезінде жоғары оқу орнына түспек ниетпен Алматыға келдім. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжаттарымды өткіздім. Арада бір апта өткенде ел қатарлы емтихан тапсырдым, бірақ жолым болмады, ауылға қайттым.
Екі аралыққа бірер айды өткізіп барып, Райымбек ауданының (бұрынғы Нарынқол) Сарыжаз ауылындағы Республикалық деңгейдегі жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға жұмысқа тұрдым. Біріне-бірі жалғасқан жадағай күндер өтіп жатты. Қолым қалт еткенде ауылдағы кітапханаға бас сұғып, газеттерді ақтаратынмын, жаңа түскен кітаптарды үйге әкеліп оқитынмын. Сондай күндердің бірінде атақты ақын Әбу Сәрсенбаевтың 1964 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жазылмаған дастан» дейтін кітабы қолыма түсті. Кітаптағы «Шие ағашы», «Ұлым туралы ой» атты поэмаларымен қатар, «Ақша бұлт», «Атырау толқындары», «Қиаш бойындағы толғаныс» деген жеке өлеңдері қатты ұнағанын ұмытқан емеспін. Әлгі кітаптың соңғы бетіне оқырманға арнап, «Осы кітап туралы ойыңызды мына мекен-жайға жазып жіберіңіздер» деген ескертпеге орай авторға арнап хат жаздым. Шығармадан алған әсерімді баяндадым. Бірақ даңқты жазушы маған жауап-хат жазады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ еді. Арада бірер ай өткенде Әбу ақыннан хат алдым. «Сен әдебиетке әуес бала көрінесің, ол үшін көп оқы, жаныңа жақын жақсы ақындардың жазғанын қадағалап қарап жүр. Алматыға жолың түссе келгін. Есігіміз ашық» деп ізгі ниетін таныта отырып, үйіндегі телефон нөмірін де хатқа жазыпты. Ақын ағаның үйінің телефон нөмірі қолымда бола тұрса да, атақты адамды көрмей тұрып, сөйлесуге батылым бармады. Араға үш-төрт ай салып барып, Алматыға жолым түсті. Бұл – 1965 жылғы ақпан айының алғашқы аптасы еді. Ақын ағаның құтханасында біршама уақыт болып, жазған өлеңдерімді тыңдатып, өзі ұнатқан төрт-бес өлеңімді қалдырдым да, ауылыма қайттым.
Әбу ақын секілді ардақты адамның жасаған жақсылығын осы арада айтпай, қалай ғана қалтарыста қалдырайын. Әбекеңе қалдырып кеткен үш-төрт өлеңім Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 1965 жылғы 16-шы наурыздағы нөмірінде жарық көрді. Осындай қамқорлығы мен қайырымдылығы үшін Әбекеңді туған әкемдей жақсы көріп кеттім.
Дәл сол 1965 жылғы жазда ҚазМУ-дың есігін қайта ашып, емтихан тапсыруға дайындала бастадым. Рас, Алматыға келген күннің ертеңіне Әбу атаға арнайы барып, сәлем бердім. Оқуға келгенімді баяндадым. Бөлмеден сыртқа бет алғанымда қарт ақынның: «Балам, үн-түнсіз кетпей, хабарласып тұр», – дегені де есімде. Сондай күндердің бірінде мені Әбекең аталған оқу орнының қазіргі Бөгенбай батыр (бұрынғы Киров) атындағы көшенің бойындағы бас ғимаратына ертіп апарды. Бірінші қабаттағы шағын бөлменің есігін ашқанымызда, көздері баданадай, қою қара шашты, ажарлы келген жігіт ағасы орнынан атып тұрып, Әбекеңе сәлем берді. Жайғасып отырған соң, негізгі бұйымтайына бұрылған Әбу аға жаңағы бейтаныс адамға менің жай-жапсарымды баяндады. Сөз арасында бұл ағаң атақты жазушы, ғалым Зейнолла Қабдолов деп атап өтті. Жасырып, жабары жоқ, Зекеңнің қорғап, қолдауымен сол жылы ҚазМУ-ға оқуға түстім. Оқып жүрген кезімде Зейнолла ағаммен жиі кездесіп тұрдым. Ұшыраса қалғанда: «Әй, Әбекеңнің баласы, емтиханнан құлап, жығылып-сүрініп жүрген жоқсың ба? Жағдайың қиындаса жасырма», – деп ағалық ақылын айтып, арқамнан қағып қоятын.
Бірде жақында ғана дүниеден озған ғалым, жазушы, ұстаз Тұрсынбек Кәкішевтің емтиханынан сүрінгенім бар. Мұны естіген Зекең ертесіне мені әріптесіне ертіп барды. Екеуі түйдей құрдас болатын, содан да болар, Зекең әріптесіне батыл сөйлеп, «Ей, Тұрсынбек, бұл бала атақты ақын Әбу Сәрсенбаевтың номенклатурасында тұрады. Іздейтіні ірі адам», – деп әзілдегені бар. Мәселенің мән-жайын түсінген Тұрсынбек аға менен теріс айналған жоқ, көмек қолын созды.
1977 жылы қараша айының алғашқы аптасында Әбу аға ауылдағы маған телефон соқты. Мен ол кезде Райымбек аудандық (бұрынғы Нарынқол) «Советтік шекара» газетінде қызметте едім. Амандық-саулықтан соң: «Балам, – деді Әбу аға әдеттегідей жұмсақ үнмен. – Сен бірсыпыра жылдан бері жыр жазып жүрсің. Өзің қатарлылардың қайсыбірі таңдамалы кітабын шығарып алды. Дегенмен, әлі де кеш емес, жазғандарыңды жиып, машинкаға бастырып алып кел. Жаңадан құрылған «Жалын» баспасына ұсынып көрелік», – деді.
Арада бір-екі апта өткенде Алматыға келдім. Әбу ағаның қасына ілесіп, «Жалын» баспасының босағасынан аттадым. Бізді аталған баспаның сол кездегі директоры, ақын Қабдікәрім Ыдырысов қабылдады. Әбекең арқылы менің жай-жапсарымды ұққан директор: «Әбеке, бұл жаңадан құрылған баспа. Кітаптардың тақырыптық жоспары бекіп кетті. Сондықтан бұл жігіттің жинағын келесі жылдың қоржынына қосайық», – деп қоштаспақ ниетпен қолын ұсына бергенінде Әбекең: «Әй, Қабдікәрім, менің байқауымша қағаз да, қаржы да тапшы емес, маған деген көңілің тапшы болып тұр-ау», – деп орнынан тұра бергені сол еді, директор ұшып түрегеліп: «Әбеке, мына сөзіңіз арқылы мені аттан аударып тастағандай болдыңыз. Сәл отырыңызшы», – деді де, телефонмен бір адамды өзіне шақырды. Сәлден соң бөлмеге ақын Есләм Зікібаев келіп кірді. Осы арада оқырманға айтар бір сөз бар. Оны баспа директорының қабылдауынан соң барып білдім. Жоғарыда аты аталған ақын Есләм Зікібаев осы баспадағы поэзия редакциясын басқарады екен. Кейін осы ақын ағамен арақатынасым жақсы болды. Бір мәрте Нарынқолға жолы түсіп, біздің үйден дәм татты. Алматыға қоныс аударғанымда кездесіп, әңгіме-дүкен құрғаным да есімде. Өкініштісі – ол өмірден ерте өтті. Бәрі бүгінгідей көз алдымда. Есләм ақын қолындағы қағазды директордың алдына қойды. Әлден уақытта үстелдің үстіндегі қызыл қарындашты қолына алған Қабдікәрім аға бізге беймәлім біреудің атын сызып тастады да, маған қарап, аты-жөнімді сұрап, қағазға түсірді. Әбу ақынның жанашырлығы мен Қабдікәрім ақынның қайырымдылығының арқасында алғашқы жыр-жинағым «Тұңғыш» деген атпен 1978 жылы жарыққа шықты. Одан кейін де осы баспадан «Шалқия», «Жырға сапар» дейтін екі жинағым жарық көрді.
Әбекең жаны нұрлы, жүрегі жұмсақ, ардай таза адам еді. Оның бойындағы асыл қасиетті, таңғы шықтай тазалықты жазбай таныған тамаша ақын Хамит Ерғалиевтың:
Әбу ақ шағала желкеннен де,
Қуанғанда сүйеді ол желкеңнен де.
Ақша бұлтқа қарайды аспандағы,
Жердегі бір пасықтан жеркенгенде, –
деп жырлауында терең мағына жатқанын көзіқарақты оқырман сезінер деп ойлаймыз. Ал ақиық ақын Қадыр Мырзалиев:
Әбеке орның бөлек қой,
Бөлек қой орның әманда.
Құдайдай адам керек қой,
Құдайсыз мынау заманда! –
деп өлеңмен өрілген ойын Әбекеңе арнауында ақын ағасының адал, турашыл адам екенін еске салып тұрғандай.
Әбекең қайырымды жан еді. Қолына қалам ұстаған қазақтың ұл-қызына көмегін аямайтын. Олардың қайсыбірінің жазғандарына сәт-сапар тілеп, аталық ақ батасын беріп отыратын. Әбу ақынның сонау 1936 жылы шаңырақ көтерген қазіргі «Мектеп» баспасының тұңғыш директоры екенін бүгін біреу білсе, біреу білмейтін. Қан сапырған қасіретті соғысқа бастан аяқ қатысып, Алматыға аман-сау оралған соң, «Көркем әдебиет» баспасын (осы күнгі «Жазушы») 12 жылдай басқарып, талай талантты қаламгердің жолын ашқанын атап кетсек артық болмайды. Менің жерлес ағам, даңқты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың бірде: «Мен әдебиеттегі жолымды ақындықтан бастағанмын. Сонда қайырымды қаламгер Әбу Сәрсенбаев өзі басқарып отырған баспадан «Бұлақ» дейтін өлеңдер жинағымды шығарып беріп, еңбегімді жандырғаны жадымда жүр», – деген еді. Әбекең маған туған әкемдей жақсылық жасады. Жоғары білім алуыма, жыр-жинақтарымның жарық көруіне жәрдемдесті. Бір мен ғана емес, өзге де қалам иелеріне қайырымдылық көрсетті. Әбекеңнің алдындағы қарызымды қаншалықты қайтарғанымды ашып айта алмаймын.
Әбу ағаның жан жары Ләзиза Серғазина апай қаламы қарымды журналист болатын. Ол кісі «Жетісу» және қазіргі «Егемен Қазақстан» газеттерінде көп жыл еңбек етті. Өмірінің соңғы жылдарында «Қазақстан әйелдері» журналында жауапты хатшы болды, аудармамен айналысты. Әбекеңнің жан жары мен отбасындағы сыйластығы, тату-тәттілігі кісі қызығарлықтай еді. Ләзиза апамыз 76 жасында өмірден озды. Көзі тірісінде көптеген дәмді мақалалар, көркем әңгімелер жазды. Жан жарының сол жазғандарын електен өткізген Әбекең «Түнгі жыландар биі» деген атпен Ләзекеңнің бір кітабын «Жазушы» баспасынан жарыққа шығарды. Бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылардың сыйластығы осындай-ақ болар.
Әбу ақын қысқа лирикалық өлеңдермен қатар, «Ақмаралдың жүрегі», «Шие ағашы», «Жазылмаған дастан», «Қасиетті махаббат» секілді шоқтығы биік поэмалар жазды. Әбекең проза саласында да ерен еңбек етті. «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері», «Офицер күнделігі», «Жауынгер монологі», «Батырлардың ізімен», «Ұстаздармен тұстастар» секілді құнарлы шығармалар дүниеге келді. Әбекеңнің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі лайықты бағаланды. Оған Қазақстанның Халық Жазушысы атағы берілді. 1-ші Дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Қызыл жұлдыз», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. Әбу ақынның қан майданда жүріп жазған атақты «Ақша бұлт» атты өлеңін үлкенді-кішілі қазақ оқырманы жақсы біледі. Аталған өлең туралы кезінде классик жазушы Ғабит Мүсірепов жоғары баға берген болатын.
Әбекең 90 жасқа толып барып, өмірден озды. Бүгінде Алматыда, Атырауда бір-бір көше, Құрманғазы ауданындағы бір мектеп ақынның есімімен аталады. Алматыдағы ұзақ жыл тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған. Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы дүниеге келген, туғанына 110 жыл толуына орай, үкімет тарапынан ақынның 7 томдық шығармалары жарық көрмек. Ақын аға ұзақ ғұмыр кешті. Өзі танып білген жандардың тағдыры жайлы жыр да, мақала да жазды. Солардың қайсыбірі кітаптарына кірмей, мұрағатында қалып қойыпты. Сол дүниелерін іріктеп-сұрыптаған қызы Райхан апамыз кейінгі жылдары әкесінің бірсыпыра шығармаларын баспасөз бетінде жария етті. Ақынның алдағы кезеңде жарық көретін 7 томдық шығармаларын да баспаға Райхан Әбуқызы әзірледі.
Теңіз жағасында дүние есігін ашып, ес біліп, етек жапқанда әкесімен бірге теңізге шығып, балық аулап, көзін еңбекпен ашқан ақын ғұмыр бойы теңізді жырлап өтті. Атыраудың ақжал толқынындай буырқанған бұйра шашын желге желпіп, айналасын адам таңғалардай әсемдік әлеміне айналдырған ардай таза ақынды енді қайтып көре алмайтынымыз жанға батады. Дегенмен, әкемдей болған Әбекеңнің артында том-том шығармалары қалды. Сол шығармалардың қазақ халқымен бірге жасай беретініне сеніміміз берік. Шүкіршілік ететініміз де осы ғана.
Мінуар Әкімханов,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.