Уақытыңыз қалай өтуде?
24.04.2020
1801
0

Карантин кезінде жазушы, спортшы өнер адамдарының да уақыты қалай өтуде? Бәлкім бұл уақытты өздеріне тиімді пайдаланып жатқан шығар деген оймен белгілі тұлғалар мен өнер адамдарына хабарласқан едік.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, абайтанушы, ғалым:
АБАЙ ЖАЙЛЫ ЗЕРТТЕУІМНІҢ ОН ТОМДЫҒЫН ДАЯРЛАДЫМ

– Бұл індеттің бір жақсысы адамдарды үйіне байлап, бір-біріне деген сезімін оятуда. Балаға ең алдымен үйдегі тәрбиеден артық тәрбие болмайды. Жұмысбасты болған соң, балалар ата-ана тәрбиесінен ажырап қалады. Әсіресе әкесі балалар ұйықтап қалғанда келіп, таңертең ерте жұмысына кетеді.

Егер қытайлар осы індетті саналы түрде ойлап таратқан болса, дүние жүзінің елдері  пандемия кезіне жоғалтқан қаржысын қытайларға төлеттіру керек. Олар айыпкер. Ең болмаса алдын ала ескертпейді. Бәрін жасырын істейді. Сондықтан бұл мәселеде қытайлар қашып құтыла алмайтын жағдайда. Осыны не мақсатпен ойлап тапты? Бұл өзі о баста биологиялық соғысқа даярланғандықтың белгісі болуы мүмкін. Өзге дамыған елдердің бәрі биологиялық қару жасап, оны тығып отырғаны жасырын емес қой. Ал қытайлар сөйтіп тыққандарының біреуін ашып отыр. Тасада ұстап отырған бұдан да жаман  «қарулары» бар шығар. Сол себептен қытайды бүкіл адамзат баласы айыптау керек.  Өйткені бұлар, біріншіден, дінсіз халық. Екі миллионға жуығы ғана будда дінін ұстанады. Бұрынғы компартияның кезіндегі «Құдай жоқ» дегеннің бәрі қазір оттама сөз болып шықты. Адамдардың материстік көзқарас қалыптастырғанының бәрі жалған дүние болды да, әлем ғалымдары «дүниені ұлы сана билейді» деген байламға келді. Абайдың жолы ұлы санаға қарап жүретін жол. Шәкәрімнің де. Қазір бізде  бүкіл қоғамдық ғылым  дағдарыста. Абайтану да дағдарыста. Содан шығу үшін ұлы сана жолына қарай бағытталу керек.

Абайдан 30 томдай дүние жаздым. Бар өмірімді арнағанмын ғой. Соның ішінен суырып он томын мерейтойына орай баспаға ұсынып отырмын. Әрқайсысы 400 беттен тұратын осы кітаптардың карантин кезінде төрт  мың беттік материалын даярлап, соңғы томын жинақтау үстіндемін. Әр жерге жиындарға барып, уақыт таппай жүр едім. Шоқитып отырғызып қойған соң жұмыс істейсің. Сендер бір нәрсеге көңіл аударуларың керек. Қазіргі жазылып жатқан әдебиет оқулығына қанағаттана алмаймыз. Оқулық жазуды тапсырғанда тек бір адамның қолына бермей, бірнеше кісіге жаздыртып, ұнағанын таңдау керек. 9-10  кластардың әдебиет оқулығында  Абайдың Шығысқа қатысы туралы бір сөз айтылмайды. Әлі кеңестік жүйемен дәріс беріп келеміз. 1949  жылдары Абайдың Шығысын айтуға тиым салған. Сол кезде шығыстық ілім туралы жазғандарды шетінен қамады. «Абайдың Батысынан Шығысы басым» деген сөзі үшін Әуезовтің өзі қудаланды. Сыншылар күніге тоқпақтайтын.  Абайдыкі дұрыс болып шықты. Мен де зерттеуге Абайдың Шығысын алып едім, академияда бәрі  қарсы болды. Өлермендікпен қаулыға қарамай, тақырыпты қолдан тастамай жүріп алдым.  Әуезов керемет білетін еді, заманында оған сөйлеттірмеді. Докторлық диссертациямның тақырыбы «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» болатын.  Сонда «Абайдың Шығысы Әуезовтің зерттеуінде» деген тарау болды. Барлығы осыған қарсы тұрды. «Қорғатпасаң қорғатпа, алмаймын» дедім. Академиктер сегіз жыл ұстап, болмаған соң ләж жоқ жіберді ғой. Қорғадым. Бірақ уақытым кетті де.  «75 жылда Абайды қалай таныдық» деген кандитаттық жұмысымды қорғау үшін алты жарым жыл күттім. Ол тақырыпты Мұхтар Әуезов пен Қажым Жұмалиев берген. Отыз жыл менің еңбегімді шығартқызбай қойды. Ақынның 150 жылдығында  диссертациямды зорға бастырдым. Содан бері Абайды зерттеу басталып кетті. 

Жалпы, Абайды зерттеу үшін тереңінен алу керек. Қазіргілер тереңіне бойламайды. Академияда  еңбектерін көріп жүрмін,  журналистік стильмен жазады. Ол болмайды ғой. Нақты ғылыми стильмен жазылғаны дұрыс. Ғылыми стиль бізде қалыптаспай жүр. Абайды зерттеудің әбден жүйесіне түскен адаммын. Бәрін біліп отырамын. Абай шығармашылық жұмыспен 20 жыл айналысты. Сол 20 жылда Абайдың әрбір ойының даму эволюциясы бар. Мен ақынның жұмбақ қырының көбін сол арқылы ашамын, кейінгілер арасында солай ашатындар аз. 

Төрегелді ШАРМАНОВ, академик: 
ОПТИМИСТІК КӨЗҚАРАСПЕН ҚАРАУ КЕРЕК

–  Талғарда үйім бар. Алпыс соттық жерде түрлі ағаш еккенмін, күніне үш мезгіл скандинавиялық таяқты ұстап, таза ауада серуендеймін. Ол таяқ қартайғандыкі емес, қолданысқа жеңіл. Кішкентай бақшамызға егін егіп, суғарамыз.  Ермек болар күшіктерім бар дегендей. Немерелерім АҚШ-та тұрып жатыр. Үйде балам, келінім үшеуміз. Бірге ас ішкен соң, қызық әңгімелер айтып, мәселе болса ортаға салып, шешу жолдарын табамыз. Бірімізді біріміз жетектеуге тырысамыз. Мен көргенімді, осы жасқа дейінгі білгенімді түсіндіремін. Балам менен отыз жас кіші болғандықтан, қазіргі заманға сай қалай болу керектігін айтады.

Қазір осы індеттен күн сайын қаншама адамдардың дүние салғанын жариялайды. Ал менде «бәрі жақсы болады» деген оптимистік көзқарас басым. Бұл кесел дүниені тығырыққа тіреп отыр. Дегенмен әр жаман көрінген істің оңтайлы тұсы бар. Көпшілік бұрынғыдай жайбарақаттықтың жақсы болмайтынын ұқса дейсің. Бәріміз де «Құдайым бере гөр» деп тілейміз. Бірақ оған өзің де қарап отырмай, қимылдауға тиіссің. 

Адам өзі еңбекке жаратылған. Бәрін бақытты ете алмайсың, бірақ «айналама не беремін? Қандай  жақсылық жасаймын?» деген оймен жүріп, соған сай іс жасау керек.  

Карантин болғанмен, бұрынғыдай жұмысым жүріп жатыр. Біраз жыл бұрын үкіметтен несие алып, сүт өнімдерінен ұлттық тағамдар дайындайтын  зауыт ашқанмын. Шоколадтың жаңа түрін жасадым. Йогурдтың жаңа түрін бие сүтінен дайындаймыз. Табиғи таза өнім болғандықтан йогурдты «Кәусар» деп атадым. Қазір екі зауыт бар, күніне 10-15 тоннаға дейін балалардың тағамын шығарады. Бүгінде тәтті деген барлық тағамға қант қосады. Қанттың ағзаға келтірер зияны орасан, сондықтан қантты «жау», «әзәзіл» деп атаймын. Менің тағамдарыма қант қосылмайды. Балалар тәттіге құмар ғой, соның пайдасы болмайтынын халыққа түсіндіру керек.

Ал енді карантиннің бір пайдасы адамдар Құдайын еске түсіреді. Яғни табиғи қалпын ойланады.  Құдай ол – адамның бойындағы адамгершілігі. Адам ішінен таза болуы керек. Құдай деген көрінбей тұрған нәрсе емес, төңірегіңе жасқылық істесең, «Құдайы бар жақсы адам екен» дейді.  Адамның қадір-қасиеті төңірегіне жасаған жақсылығымен есептелінеді. Ешкімге зияныңды тигізбесең –  ол да жасаған жақсылығың.

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,  Олимпиада чемпионы:
ДҮНИЕ ҚУЫП, ТОЙ-ТОЙЛАП КЕТІП ЕДІК…

   –  Карантинде жер үйде тұрғандар  ағаштарына қарап, аулада серуендеп кішкене сабыр табады. Телефон бар дегендей. Мынадай жағдайдан кейін өзімізді сақтап, сақтанғанымыз жөн ғой. Мұның не екенін түсініп те тұрған жоқпыз. Бірақ жақсылық емес. Осыны аман-сау  өткізіп жіберсек, содан басқа бақыт бар ма?! Абай бабамыз айтпақшы, әр нәрсе өз ортасына байланысты. Ортаң қалай болса, өзің сондай боласың. Бұрын отбасында бұлай ұзағырақ шүйіркелесіп отырмайтынбыз. Енді ешқайда шыға алмайсың, күнұзақ әйеліңмен әңгімелеспегенде қайда барасың? Өмір бойы сыртта  жүрген адамбыз. Өте қиын екен. Анда-санда балалар келеді. Немерелерге баруға тағы қауіптенеміз. Бір жағынан тәубемізге келдік пе деп ойлаймын. Әйтпесе «кедей бай болсам, бай құдай болсам» деп қатты кетіп қалдық. Бірімізге біріміз қарамай. Алдымыз миллионер, артымыз түгі жоқ зейнеткерге айналдық. Әйтпесе жаман тоқал тамда да өстік қой ауылда. Сонымен салыстырсаң, қазір жер мен көктейміз. Анадан мынаған секіріп дегендей. Басымызға әрқайсымыз дәу-дәу үйлер салып, жарысып кеттік. Тек дүние қуып, той тойлап кеттік пе деймін. Кеңес одағы кезінде үйіміз ашық жататын, ұрлық болмайтын. Бір қазаннан бәріміз тамақ ішіп өмір сүрдік.  Соны ойлап қарасам бұл да Алланың жіберген сынағы шығар.  Спортшыларыма күш беріп, биыл Олимпиада ойынына баратын болғанбыз.  Менің Олимпиада чемпионы болғаныма 40 жыл толып отыр. Сол қырық жылда тағы бір қазақ күрестен Олимпиадаға қатыса ма деп едім. Ол болмайын деп тұр.  Келесі жылы барармыз.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
БҰРЫНҒЫ КЕСТЕМ ӨЗГЕРМЕДІ

 –  Бұрын күніне 8,5 шақырым жаяу жүретінмін. Қазір де кешкі алтыға дейін есебін тауып осы межені орындап келемін. Гимнастика жасаймын. Ағылшыншам еркін, арабшам нашар. Ұмытып қалмас үшін  аптасына екі-үш рет скайп арқылы достарыммен ағылшын тілінде сөйлесемін. Бұл менің барлық уақыттағы кестем. Ішім пыспайды. Интернеттен ютуб қараймын. Жаңалықтар көремін. Уақыт көп, соны жемісті пайдалану керек.

Болат ӘБДІЛМАНОВ, актер:
БҮГІНГІ КҮННІҢ АБАЙЫН ЖАСАУДАМЫЗ

 – Биыл Абайдың 175 жылдығына орай драматург Мәдина Омаровамен  бірігіп «Абайдың ұлы жұмбағы» атты хакімнің өлеңдерінен, қара сөздерінен құрастырып, өз ойымызды қосып, пьеса жазғанбыз. Режиссері Әридаш Оспанбаева. Сол пьесаны М.Әуевов атындағы драма театрында сахналағымыз келген. Дайындалып жүргенде карантин басталды. Қазір актерлермен онлайн режимде репетиция жасап жүрміз. Үйде отырып-ақ,  біраз жерін еңсеріп қойдық. Енді жағдай дұрысталған соң 10-15 күнде дайындап, прьемерасын қоямыз. Кеңестік дәуірде Құнанбайдың бейнесін шынайы ашпай,  қараңғы, надан адам ретінде суреттейді. М.Әуезовтің өзі де «Құнанбайдың әруағына қиянат жасадым» деген екен. Біз керісінше Құнанбайды қазақтың ұлы тұлғасы ретінде көрсеткіміз келеді. Құнанбай болмаса Абай қайдан туады? Абай қақтығысқа түсіп қиналған кезінде, таяқ жейтін сәттерінде түсіне Құнанбай кіріп, ұлына жол көрсетеді.  Мекемтес Мырзахметов ағамыздың Абай жайлы зерттеуінде қазақ бодан болғаннан бастап, өз табиғатынан айнып, мінезін жоғалтқаны жазылады. Абай да қара сөздерінде: «Бұрынғы қазаққа жақсылық жасасаң, қаншама жыл өле-өлгенше айтып жүруші еді. Қазіргі қазаққа жасаған жақсылығың келесі жылға жарамайтыны несі?» дейді. Яғни, бұрынғы біздің бабаларымыз бір сөзді, айтқанында тұратын, кесек тұлғалы біреудің жасаған жақсылығын ешуақытта ұмытпайтын болса, Ресейге бодан болғаннан бастап қазақтың табиғаты, мінезі өзгере бастаған. Хакім соны көп сынайды. «Масғұт» поэмасында Абайдың: «Ей балам, пәлен күні жаңбыр жауады. Бұл жауынның соңында кесапат бар. Жеті жыл жынды болар ішкен адам. Жеті күн өткеннен соң және оңалар», – дейді. Өзге елдің қоластына кірген қазақ тілінен, ділінен қол үзіп, неше түрлі жынды суды ішіп, азғындыққа дейін барды. Біз символикалық тұрғыдан 70 жыл деп алдық. Осынша уақыттан кейін ұлттың  қайтадан рухы көтеріліп, тілі, діні жаңғырғанын көрсеткіміз келді.

Абай қазақта болғанмен, қаншама ұлттарда жоқ. Біздің жарқыраған шамшырағымыз. Абай – қазақ руханиятының биігі. Президентіміз Қасымжомарт Тоқаев ақынның 175 жылдығына орай халыққа үндеу тастады. Біз де қолдан келгенше Абайды қазақтың, әріден айтсақ адамзаттың биігіне көтеру үшін жұмыс істеудеміз. Абайдың сол кездегі жазып кеткен қара сөздері, өлеңдерін қарасаңыз бәрі бүгінгі күнмен астасып жатыр. «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы. Закон білді деп қуанар ата-анасы. Ойында жоқ олардың шариғатқа шаласы» дейді. Абайтанушы Омар Жәлел айтқандай, қазіргі «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқып келген оқымысты, білімді  жастарымыз елін сүймейді. Керісінше тонап, жеке басының қалтасын қампитумен жұмыс істеп жатыр. Абай заманында айтқан  проблемалар әлі де өзекті. Біз бүгінгі күннің Абайын жасағымыз келді.  Яғни, ол  кеңестің дәуірдегі сол идеологияға қызмет еткен Абай емес.  Карантин біткенде сахнаға шығарамыз деп, екі қолды ысқылап отырмыз.

Қыдырәлі БОЛМАНОВ, продюссер:
БҰЛ КЕЗЕҢНІҢ ДЕ БІР ҚАЙЫРЫ БОЛДЫ

 –  Қарапайым бөлмедегі гүлдерге дұрыс қарамайды екенбіз. Су құйып кете саламыз. Топырағын қопсытпаймыз. Гүл де жаратылыс, оған да көңіл бөліп, шын ниетпен қарау керек екен. Балаларды мейірімділікке тәрбиелеу үшін гүлді суғарып, баптауға бір күнді арнап жүрміз. Карантинде көпқабатты үйде 25 күн тұрдық.  Бала-шағамен үй ішінде ары-бері жүреміз. Не дұрыс күн түспейді. Сосын «Қарақат мектеп студиясы» деп аталатын  жекеменшік мектебіміздің ауласындағы шағын баспанаға  көшіп алдық. Балалармен далада жүріп, талдардың түбін қопсытып, не үшін бұлай істеп жатқанымызды түсіндіріп дегендей. Бұл жұмыстарды карантиннен  басқа уақытта да атқарамыз ғой, бірақ дәл қазіргідей байыбына барып, асықпай балаларға да көрсетіп жасамаппыз. Жекелеп жүріп, әр талға, әр гүлге көңіл бөлу деген болмапты. Біздер ауылда жалаң аяқ өстік, балаларды  далада жалаңаяқ жүргіземіз. Ұл-қызымызбен араласып, күнде бірге ұйықтап, бірге тұрып, бірге жұмыс істеп, жақсы болып қалды. Өзіңнен туған балаға жақындау үшін де күнделікті әңгімелесуің керек. Тәрбиесіне қарамасаң олар да өз бетінше өседі. Ютуб каналында «Моя история» деген өмір жолым жайлы жарты сағаттық бағдарлама шыққан. «Ұлытау», өзге де еңбектерім жайлы.  Балаларыма соны көрсетіп, талдап түсіндірдім. 

Карантиннің үлкен бір қайыры болды. Жалпы осы қайыр деген сөздің мағынасын түсіндіретін бір аңыз бар. Ертеде бір патшаның қасында көсем ақсақалы жүреді. Бірақ оны  уәзірлері жақтырмайды. Бір күні патша шыбықты жонып отырғанда саусағын кесіп алады. Сол кезде уәзірлері алдына жығылып жағымпазданғанда, көсем кісі орнынан қозғала қоймайды.   Өш болып жүрген бас уәзір ақсақалға барып: «Патша қолын кесіп алғанда сен неағып отырсың? Барып халін сұрамайсыңба?»,- дейді ғой. Ақсақал: «оның да бір қайыры болады»,- депті.  Осы сөзіне ашуланған патша көсемін зынданға жіберерде: «Ал бұдан не болады?»,  – деп   сұраса, көсем: «мұның да қайыры болады»,  – деп  кете беріпті. Патша бір күні аңға шығады. Құлан қуып жүріп, алға озып, адасып бір тайпаның қолына түседі. Олар адамды құрбандыққа шалады екен. Патшаны да құрбандыққа шалайын дегенде, саусағының жоқтығын көріп, «он екі мүшесі бүтін болу керек, жіберіңдер» дейді. Сонда сау қалған патша көсемінің «бір қайыры болады» дегенін еске алады. Келіп  көсемнен кешірім сұрайды. «Зынданға түскенде неге бір қайыры бар дедің?» – деп   сұрағанда көсем соның арқасында аман қалғанын, зынданға түспесе патшаның қасында жүріп, он екі мүшесі сау болғандықтан құрбандыққа шалынатынын айтады. Бізге де карантиннің қайыры болды дегенім, бала-шағамен  жақындастырды. Кішкене демалып ес жидық. Күнделікті қауырт жұмыс істегенде адам есін жия алмай қалады екен. Анамен, мынамен кездесіп, тіршіліктің соңынан қуып жүріп түсінбей қалған екенбіз. Не істеп жүргенімізді. Ертеңгі үмітің болатын бала-шағаға қарайтын уақытың жоқ болса  не тіршілік ол?  Босқа өтіп жатқан уақыт болады да. Бала өз бетімен, сен өз бетіңмен. Ең басты нәрсеңнен ажыратылып жатырсың деген сөз. Өмірдегі басты нәрсе екінші жақа ауып кеткен. Ата-ананың негізгі мақсаты – ұрпағының тәрбиелі болып, жүрегіне жақын болуы ғой. Күн сайын беттерінен сүюің, суын дайындап ішкізіп әр нәрсені түсіндіруің. Алла Тағалла мұның жақсылығын осылай жіберіп түр. Адамзат есіңді жи, қайда кетіп бара жатырсыңдар дейтіндей. Билік те көп нәрсені түсінген шығар.

Меруерт ТҮСІПБАЕВА, әнші:
ӨЗ ЕЛІМДІ АРАЛАЙТЫН БОЛАМЫН

 – Төрт қабырғада отыруды  керемет демалыс деген адамға сенбеймін. Мен холерикпін. Яғни, бір орында ұзақ отыра алмайтын адаммын. Алғаш театрда, сосын эстрадаға кеттім. Оқытушы болдым. Теледидарда бағдарлама жүргіздім. Жалықсам ол жұмысты тастап, басқасына ауысып кетемін.  Қазір өз ютуб каналымды ашып, осы карантин кезінде Адырна сайтымен бірлесіп «Керек адам» атты телевизиялық жоба дайындадық. Бір хабарда Ерлан Төлеутай қонаққа келіп, әсерлі сұхбат ұйымдастырдық. Алдағы уақытта жазушы, ақындарды осы жобаға шақырамыз.

Соңғы жеті жылда ұлым екеуміз Жапония мен Австралиядан басқа елдің бәріне саяхаттап келдік. Есейгенде досымен, әйелімен қыдырар. Жасөспірім кезінде екеуміз бірге уақытты әдемі өткізгіміз келді. Бұрын Алакөлге шақырғанда жолдың нашарлығын сылтаурататынмын. Баянауылға туыстарым шақырса қаладағыдай тұрмыстық жағдай жасалмаған деп  қашантынмын. Енді адам кейде ақымақтық жасайды ғой. Әйтпесе өзім де сол ауылдан шықтым.  Өйткені адам жақсы жағдайға тез бейімделеді. Уақыт та өзгертеді. Мына жағдай мені өз еліме жерсіндірді. Қазір шет елге шыққым келмейді.  Баянауылға барғым келіп отыр. Жолы нашар болса да Алаккөлге, көрмеген Текеліге барғым келеді. Шет елге шекараны қашан ашатыны маған маңызды болмай қалды. Қазақстанның өз ішінде шекаралар ашылса екен.

Астанаға, Екібастұзға анама баруды тілеп отырмын. Енді шақырған жердің бәрінен қалмаймын. Студенттерге  сабақ беремін. Қашықтықтан оқыту болған соң үйде отырғанмен жұмыс істеймін. Арасында студенттермен, әншілермен челлендж жасадық. Соңғы күндері шыдамым таусылып кеткендей болды. Осы көктемде Абай хакімнің, Бекет атаның басына баруды ойлаған едім. Қазір жасым 48-де. Бұған дейін мұндай жағдай басымнан өтпепті. Карантин деген кәдімгі стресс. Қазақстан түгілі Алматыда аулаға, былай қарай тауға шыға алмайтын жағдайда отырмыз. Бұдан кейін тағы қайталанама деп, қауіптеніп жүремізбе… Өйткені бір рет карантин дегеннің қандай екенін көрдік. Өмірдің жартысын күліп ойнап, пандемия дегеннің не екенін білмей өткіздік қой. Ұрпақты уайымдайсың. Қит етсе оларды пандемия деп жауып тастай ма, биологиялық қарудың түрін  ойлап таба ма. Кім біледі. 

Берік ӘБДІҒАЛИ, саясаттанушы,  Ұлытау ауданының әкімі:
АТА-АНА ҰСТАЗДЫҢ ҚАДІРІН БІЛДІ

– Біз жұмыстамыз. Штабтағы шаруаларды бақылаймыз.  Карантин уақыты ата-анаға мұғалімнің, халыққа дәрігердің, полиция қызметкерлерінің қадірін сездірді. Өмірдің мәнін ойлайтындар мұндайда отбасы жылулығын түсінеді. Бір-бірінің қадірін біледі. Бұған дейін көзге ілмеген дүниелерді бағалауға тырысады.  Шығармашылыққа жақын азаматтар еңбегін жазады. Алайда барлық адам ондай емес қой. Кейбіреулер уақытын өткізе алмай әлек. Үйде отыра алмайтын адамдар көп. Жоғарыда айтқандарды түсіну үшін оларға бір ай аз. Сондықтан бұны әркім әрқалай қабылдайды. Бәрі ертерек аяқталсын деп тілейміз.

Сауалнама жүргізген Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір