Абзал СҮЛЕЙМЕН. ЖЕЛГЕ ҰШҚАН ТҮСТЕР
19.04.2020
1875
4

Абзал Сүлеймен

 

ТҰМАН

Қырау сояуын шаншып, гүл сабағын құрсауға алды,
Терезеден шыққан ыстық ауа –
Кеше де,
Бүгін де қалаға жайылған тұманға сіңе береді,
Сіңе береді міз бақпай тұрған аспанға…


Таксиде,
Үйде,
Дүкенде де радиодағы жүргізушінің дауысы естілді:
«Анасы баласын таба алмай қалды»,
«Анасы баласын таба алмай қалды»…
Қырау құрсауындағы гүлдің өлімі,
Тұман құрсауындағы қаланың ұйқысы,
Радиодағы диктордың дауысы –
сіңе береді, сіңе береді міз бақпай тұрған аспанға…

 

ЖЕЛГЕ ҰШҚАН ТҮСТЕР

Тағы біз,
Тәніміз байланған қараңғы көшені кезуге мәжбүрміз,
Біздің көзіміз де, қолымыз да байланған.
Жалаңаш ағаштар қолдарын созып шақырады тағы —
жел ізін салған көшеге…
Яки бір қыстың,
Яки бір күздің
салқыны кезеді,
самалы еседі,
Көп қабатты үйлерді әлдилеп.
Түс пен өңнің сірескен жібін үзуге тырысып.
Үнсіз бақылауға ғана жетеді шамамыз,
Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді…
Сосын тағы жүреміз көшеде түнекке ұмтылып,
Күн орнына күн болуға тырысқан шамдарға көңіліміз толмай,
Менің де жел болғым келді…

БАҚЫЛАУШЫ

Қақ айырылған мұз жарығын қиялымызбен жамап,
Тесілген бұлттарды қиялымызбен жамап,
Жаңбыр аққан жырықтарды қиялымызбен жамап,
Бақылаймыз тек,
Құшағын ашып жүгірген баланы.

Құшағын ашып жүгіреді ол –
Ауада қалқыған мыңдаған ойларды құшып,
Құшағын ашып жүгіреді ол –
Уақыттың тоқтамауы да үшін.
Сарғыш шамдарға қонып үлгермей аққан қарға,
Жерге түсіп үлгермей кепкен жаңбыр тамшысына,
Гүлдеп үлгермей солған бәйшешекке қарап,
Асфальтқа салады ол қауырсын суретін,
Оның да ұшқысы келді…

РЕЛИКТІ ШАҒАЛА*

Жүздеген,
Мыңдаған шақырымдарды
Артқа тастап,
Аралтөбеге** қайта оралғанда,
Өзіне таныс көлдің бетінде шағала,
Өзіне бейтаныс көлдің бетіндегі балапан
Қайта ұшуға қамданады,
Көк ала толқынның жалында қалқып.

Ескі де емес және жаңа да,
Өліара кезеңнің ұлы құсы,
Тамырының тереңге бойлағанын да, бірақ
Планетаға әмірі жүрген динозаврлар дәуірінің
Қайта келмейтінін де біледі.
Біледі сосын ол мынау көлдің де
Көне теңіздің бөлшегі екендігін.

Ештеңе өспейтін аралдағы
қиыршық тастарға,
Жемтігін төсеген,
Шуылдақ мыңдаған шағала
Адам қолынан қаза тапқанда;
Ештеңе өспейтін аралдағы
Қиыршық тастарға,
Мамық қауырсынын төсеген,
Шаңқылдаған жүздеген шағала,
Адам қолынан қаза тапқанда;
Ештеңе өспейтін аралдағы
Қиыршық тастарға,
Өз денесін төсеген,
Сыбырлаған қос шағала
Адам қолынан қаза тапқанда,
Ешкім де азалы дауыс естімеді..,
Биыл да Аралтөбе жетім…

*Реликті шағала – көне заман шағаласы
**Аралтөбе – Алакөл көліндегі реликті шағала ұя салатын арал

 

ҮРДІС

Көрдіңіз бе сіз Айды?
Бетін сипаған әже төсек тартқалы бері
Айға сәлем беруді қойған.
терезеден түскен сәуле
Оның да бетінен сипай алмас.

Шекара сызығына айналған өзен де тартылуға шақ,
Бұл жерде тіршілік болмағалы қашан?
Жағадағы қамыстар жапырылғанда
Су бетінде тек Ай сәулесінің дірілі ғана көрінетін.

– Жүріңіз , тас атып ойнайық!
–  «Енді бұл жерде су да жоқ!»*
– Жүріңіз, қолымнан ұстаңыз!
– «Шіркін, бір тамшы су болсашы!»*

Сор түбінен ұшқан топырақтан да ауыр қайғыға,
Жон арқасын желге тосқан
Дала шөбі де шөгеді.

Сіз зират басына көшкен мыңдаған Айды көрдіңіз бе?
Мүктің үнемі ағаштың солтүстік бетіне бітетінін айтқанда,
Сіз көрдіңіз бе
Мыңдаған айдың сөнгенін?

(*Т.Элиоттың «Шөл» поэмасынан)


 ҚАРҒА ЖАЗЫЛҒАН ЕСТЕЛІК

Сонда біз қарадық көшеге,
Мең-зеңдіктен ажырауға тырысып,
Жаңа жауған қарға тамсанып.
Өміріміздің бір күні қайталанғандай,
Естеліктерімізді еріксіз айтамыз…

Мынау ызғарлы түнде,
Жол бетіндегі шалшықты мұз қармағандай,
терезелерді қырау басқандай,
Көктемге дейін мүлгіген ағаштардай,
Жартылай өледі бәрі.

Шам жарығында анық көрінген қар ұлпаларына қараған қыз,
Тағы бір жылдың келгенін енді сезінгендей,
Қолдарын жазады,
Лезде жолды кесіп өтуге тырысып.

Қала солай жартылай өледі,
Тәнінен босап,
Құстар түнде ұйқыға кеткенде.
Ұшады солай,
Ұшады биік,
Қалқиды ұзақ уақытша.
Уақытша естеліктерін ойлайды ұзақ,
Тағы бір мәрте қар жауғанға дейін…

КАРАНТИН 

(Өлең авторы: Лисо. Орыс тілінен аударған: А.Сүлеймен)

Құрсағым кеңіп,
Төсекте жатамын да, мен
еш ауырсынусыз, еш рәсімсіз босанамын.
Дәрігер сол сәтте сәбиді алып,
Кіндік бауын қияды да, ұл екенін айтады.

Түсінде қанша қиял жетегіне ерсе,
Соншалық тез өсіп келеді.
Міне — ол енді күлімдей де алады,
Көзіне жас торламай, ұйқы құшағында
Тырс еткен дыбыс та естілмес, тоқтап қалған сағат іспетті.
Барабан мен пианинода да шебер ойнайды дерсің,
Қарғып қалып Айға мініп алардай.

Менің өңімдегі COVID-19
Бақылаудан шығып, абдыраған елді жайпап бара жатқанын түсінгенімде,
Партеногенезді ана ретінде
Бір сәттік қуаныштан кейін,
Түсімде баламды карантинге жабуды үйреніп жүрмін,
Бойымды қорқыныш билеп.

 

 

 

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 19.04.2020 | 21:05

тамаша өлеңдер

Аноним 19.04.2020 | 23:46

Ерекше 👍

Аноним 20.04.2020 | 04:27

Мықты🌟

Аноним 24.04.2020 | 23:55

👍👍👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір