Қиқулап ұшқан қызғышым
Қазақ поэзиясында өз қолтаңбасын қалыптастырып, терең жырынан әлемге нұр төгілген, қара сөзден қамшы өрген, аз ғана ғұмырында Алты алаштың ардақты ақынына айнала білген Нұрлан Мәукенұлының жазған шығармалары өлең сүйер жұртқа кеңінен танымал.
Жаңа кітаптың алғашқы беті:
Қоғам – кедей,
Қайда барам мен асып…
Шидем – шекпен шилі ауылға жарасып,
Үлкендерім үйде отырып бал ашып,
Қоғамымнан қайда барам мен асып?..
деген өлең шумақтарымен ашылған. Бұл ақынның елге, жерге, заман жайлы жыр шумақтарын жүрегінен өткізіп жазғанын дәлелдейді.
Кітапқа Нұрлан Мәукенұлының бұрын жарияланбаған өлеңдерімен қатар, шығармашылығына еліміздің белгілі сөз зергерлерінің берген бағасы, ақынның көзін көрген жанашыр азаматтардың естеліктері топтастырылған.
Өлең өлкесіне өзіндік із қалдырған дарынды ақынның бұл жыр кітабынан оқырман қауым өзіне қажетті рухани дүниелерін таба алары хақ.
Қалың көпшілікке арналған кітап – Абай баспасының өнімі.