Жадыра ШАМҰРАТОВА. «РУХТАР ЖЕРДЕН КЕТЕДІ» – КЕЛЕШЕГІМІЗГЕ  СҰРАҚ ҚОЙҒАН ШЫҒАРМА
16.04.2020
2448
0

Мөлдір, сіз «карантин кезінде не жазып жатсыз?» деп сұрақ жібердіңіз, оған үлкен ақын-жазушылар жауап беріп жатыр, оның үстіне біздің «Астана ақшамында» жұмыс тоқтаған жоқ. Дегенмен егер әлі де оқымағандар болса карантин кезінде оқысын деп өзім жақсы көретін жазушының шығармасы туралы айтудан қашпас едім.

Тынымбай Нұрмағамбетов

 «Рухтар жерден кетедіні» жайбарақат отырып оқу мүмкін емес. Бұл шығарма көбірек оқылса екен деймін. Распутиннің «Матерамен қоштасу» деген шығармасы бар, онда деревняны су басады деп тұрғындарын мәжбүрлеп көшіреді, әсіресе, кәрі кемпірлерге бұл ауыр болады, туған жермен қоштасудың қандай боларын суреттеген осы шығармаға уағында үлкен баға берілген. Дегенмен мен сізге әділін айтайын, Т.Нұрмағамбетовтың «Рухтар жерден кетеді» шығармасы одан да биік, мұнда тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын жылдар, тек Қызылорда облысындағы бір шағын ауылдың адамдарының басындағы жағдай сөз болғанымен соңында мына біздің – қара  халықтың келешектегі тағдыры не болады деген сұрақ қалдырады. Шығарма сонысымен дәл қазір өте актуальды және мазмұнымен биік.

Қасына мұнай магнатын ертіп келген облыс әкімі Талдысудың егіншілеріне бұл жердің жеке кісіге сатылып кеткенін айтады. Есіркепке «осы жерге ие болыңыз, күзден бастап жұрт бұл араны босататын болсын» деп тапсырады. – Бұл  айтқаныңызға тіріміз көнейік, бірақ ендігі өлетін кісілер… деген Есіркепке:  – Басқа   жерге барып өлсін. Қазақта басқа жетпесе де жер жетеді! – деп  қайырады.

Мұнай магнаты Шойын Білаловтың түсінігінше,  тірсегі тірсегіне соғылып, күнін әрең көріп жүрген бейшара кедей қазаққа жердің керегі қанша, өлгенде жататын жер таңдау не сәнін алған болып шығады. Өз тілінде сөйлеуге арланатындардың атақоныс, кіндік қаны тамған жер деген ұғымнан алыс болатынын көргеніміз бірінші рет емес. Ал әкім Алшын Сердалиевич миллионер  Шойын Шалғынбаевичтің қолтығына су бүркіп, «осы шипалы суды сатасыз ба, әлде арақ зауытын саласыз ба, өзіңіз білесіз» деп қомпылдатып қояды. Мансапқұмардың бар ойы – осы  адамның көңілін табу  арқылы жоғарылау, президенттің көзіне түсу.

– Жоқ-жоқ, мен бұл арадан әуелі курорт санаторий ашамын, әрі қарай бақуаттылардың сұранысына қарай жоспарлау керек, қара халықта не сұраныс болсын? Қара халқыңызды мен мұнда жолатпаймын да! – деп  жауап береді миллионер.

Міне, халықтың маңдай терінен доллар сауып байығандардың пиғылы осы. Отыз жылда жеткен ұшпағымыз – біз  осыларды байыттық, біздің ұрпағымыз біз батқан сордан шыға ала ма, бір қайрат қыла алар ма екен… Біз құрдық деген мемлекеттің өз ішінен қалай іріп жатқанын аяусыз, бұтарлап тұрып көрсетуден ауыр не бар? Жоғарыдағылар қалай есіріп, тасып, шайқап-төгіп жатса, төмендегілер жоқшылықтан аза береді. Жоғарыдағылар сіз бен бізден алыс. Тым алыс…

  «Кит те қартаяды. Болмаса басына іс түседі. Сосын жоғалады. Бірақ оның орнына келерміз деген басқа Киттер бар емес пе? Олар үлкен Кит, кіші Кит сосын көп Кит болып мұхитты билеп-төстеу үшін таласады. Қан болып қырқысады. Сондай бір күрес нышаны қазірдің өзінде-ақ байқалады. Әзірге ол су астында. Ал күндердің күні болғанда жеңіске жеткен Кит бәріне көрініп, танылып су бетіне шығады. Ал жаңа Киттің заманына да есті акулалар әзірленеді. Айламен күш жинайды. Бұл да саясат» деп өзара сұхбат құрғандардың әңгімесі де, айласы да бізге тым түсініксіз болса да түбі сол билікке таластың зардабын халық көретіні анық.  

 ***

Осыкүнгі адам ғұмырында талай жер аралайды, ел көреді. Есбол болса осы ата қоныстың маңайынан ұзаған емес, сонда да еске алары көп. Оның кіндігі тек осы жерге байланған. «Осы сәтте Есбол машинамен көшпей, есек арбамен көшкеніне де соншалық қуанған. Егер машинамен көшсе мына көкбалақ жусандарға көзі түсе қояр ма еді, әлде қайтер еді. Ол кезде бұрқыраған мына ғажап ашқылтым иіс мұрнына жетер ме еді деші» деп бастағанда автор ұзақ уақыт ауру меңдеп, содан басын әрең көтеріп, көптен сыртқа шығып тұрған науқастың бұлтқа да, көкке де, шөпке де, арба артынан ілескен лақтың шөп жеген аузына дейін мән беруінен  кейіпкердің туған жердің қара топырағына, жусанына, тау-тасына деген сағынышы мен аңсарын жеткізеді. Есбол осы маңның ой-шұқырын жатқа біледі, оның есекарбамен Байтастың қыстауының тұсынан өтіп бара жатқан кезде әкесі мал баққан қыстаумен байланысты оқиғаларды, Ескелді сайына жеткенде де көңілінде ұмытылмастай болып жатталған естеліктерді ойында жаңғыртқаны содан. Есекарба дәл Шырағданның басына келіп тоқтағандағы дімкас адамның қуанышын жазушы  былай баяндайды: «Төменде сол қолы жағында Ақүйік, оң қолы жағында Талдысу өзендері бұраңдап ағып жатқан атамекеніне қарап көзінен жас парлады. Көп сыр айтқысы келіп, бірақ ештеңе де айта алмаған жанның көмейіне кептелген  өксігі болады емес пе?» деген сөйлемнің өзі жай жазыла салмағанын аңғарамыз.  Бірақ, ақырғы рет бой жазып ата қонысына есекарбамен жеткен Есболға сол ата қоныстан орын бұйырмайды. Ол жер Есболдың, осы ауылдағылардың ата қонысы болса да, ол жерде олардың ата-баба, әулеттерінің сүйегі жатса да енді олай қарай аяқтарын аттап баса алмайды. Оған рұқсат жоқ! Жер сатылып кеткен. Ақыры әйелі Ұлту сүйекті есекарбаға салып кері алып қайтуға мәжбүр болады

Есіркеп молданың Ұлтуды жұбатып отырып өзі қосыла кемсеңдеп айтатыны бар:c – Шырағым, сен ойлап отырған шығарсың, Есболдың өлгеніне ғана жылап отыр деп… Ол да мүмкін… Үйреніскен жанды бақилыққа қимау сезімі адамда болуы мүмкін… Пәндәміз ғой… Бірақ бұдан да ауыр іс болып жатыр… Шүкіман-софы маған аян берді. Мына жалған дүниеде болып жатқан ұятсыздықтарға… арсыздықтарға… наразылық білдіріп, рухтар жерден кетпекші екен… Бұл жаман іс-с… шырағым… Түсіне білген пәндеге бұл қарғыстан да ауыр іс-с… Бұл айта беретін заманақырдың жақындауы. Мен біржағынан осыған жылап отырмын…

****

Жеті күн бойы соғып, дала мен өзеннің ұйқы-тұйқысын шығарып, шаңын аспанға көтерген желдің бұл мінезін неге жоруға болады? Жайберген, Есентай, Қайқыбас Қайырхан сияқты естиярлар Есіркеп молдаға кіріп, «Молдеке-ау, мынау бұрын-соңғы болмаған алапат қой. Бұл не? Шүкіман-софының шәкіртісіз, бірдеңе айтсаңызшы» дегенде Есіркеп молда сақалын қайта-қайта сипап ұзақ отырып: «Бұл рухтар… Рухтар заманға…мына біздерге ашулы» деп жауап береді. Автордың шығармасының түпкі ойы, түйіні осы. Әруақтардың, жер иесінің мазасын алмау керек еді. Ата қонысты талан-таражға салудың артында бір кепиет тұр ау.

Шығармада  жазушы ел ішінде халықтың тұрмысы сондай ауыр болғанын былай көрсетеді. Ақылдасқан жұрт «Сұрауын тапсақ кебіндік мата Қарекеңнің үйінен-ақ табылып қалар» деп, атақоныстан топырақ бұйырмаған марқұмды  түнімен  күзетіп, таңда жуындырып арулап ақ жауып Қосүйеңкіге алып кетпекке келіседі. Біз ғой, тоқсаныншы жылдардың қиындығын ұмыта бастадық, қарапайым жұрт үшін соңғы сапарға дұрыстап шығарып салу да зор шаруа болған кездер өтті. Мен де есте қалғанын айтайын. 1992 жылдың қысы, ақ боран тепсініп, ауданға баратын жол жабылып, көптен қаламен қатынас болмай қалған еді, ауыл халқы тамағын шақтап ішіп, қиналып отырғанда бір адам қайтыс болды. Сол кісінің туысы келіп, әжемнен марқұмды орайтын кебін сұрады. Сол кезде 11-12 деміз, өлген адамды орайтын нәрсенің өзін біреуден сұрағанның сұмдық нәрсе екенін іштей шамалаймыз. Арасына қалампыр салып, көптен бері дайындалып жүрген әжем кебін киімін әуелі бергісі келмей, бірақ, ақыры әруақты ренжіткісі келмеген. Сонда ел ішінде жөндем кебін де табылмағаны ғой. Қазір соған адам сенбейді.

***

Әркімнің өз авторы болады, барлық шығармасын оқыған оқушы ретінде байқағаным – оның шығармасында гиперболаланған сезімталдықпен әрқилы эмоцияға берілетін кейіпкер міндетті түрде табылады және ол оқырманға жүрек түкпіріндегі шығару үшін міндетті түрде өткен шағын ойға оралтып отырады. Шығармада суреттеулердің ұзақтау, кейде шұбалыңқы көрінетіні бар, бірақ, өзіме автордың өз кейіпкерлерінің ішкі сырын ашуда егжей-тегжейлі баяндауы ұнайды. Солай Есболдың алғашқы жары Зияшқа деген ақ махаббатын өмір бойы кеудесінде әлдилеп өткенін, оны өкпелеткен кездері үшін өмір бойы іштей өзін кінәлы санайтынын түсінеміз. Оның әйелі Ұлту қандай адам? Ол да бірауық өткен күндерін, сүрінген кездерін еске алады. Зияшпен екеуінің балалық шақта құрбы болғаны, Зияштың өз тұмарын бұған сыйлағаны – кейін Есболдың алғашқы жары Зияш өліп, Ұлтудың Есболға күйеуге шығуында да тағдырдың біз жауап бере алмас жұмбағы бар. «Кәртөшке алғаш түйнектеген кезден бастап, жаңа кәртөшкеден өзіңе пюре жасап беремін, – деді, сондайлық қуана сөйлеп. – Мүмкін, сол ас дертіңе шипа болар! Тәуір боп кетерсің… Есекарбамен тырбаңдап көшіп жүргенімізде Алла бізді де бірдеңеге бастап жүрген шығар-ау… Есбол үндеген жоқ. Бірақ бұған жүзін бұрды. Жүзін бұрып отырып күлімсіреді. Бар болғаны сол… Сонда осы жауаптың өзі де Ұлту үшін жетіп-артылған. Күйеуінің бір рет күлімсірегені үшін әлі де қырық күн кәртөшке егіп, қырық күн оның қызыл қоңыздарын теріп, аптап күнге қақталып тоңқаңдап кетуге бейіл еді-ау. Күйеуі қуанып, көңілденген күні мұның бойындағы шаршап-шалдығудың бәрі өз-өзінен ұмытылып кететін» деген жолдардан тағдырға мойынсұнған, ері үшін, отбасы бүтіндігі үшін арқасын бейнетке тосудың өзін өмір деп ұғатын қазақ әйелін көреміз.

 Шығармадан момын да, пысығы да, пайдакүнемі, намыссызы да табылады. Жалпы әлем әдебиетінде мінезсіздік деген мәселе бар ғой, осы мінезсіздік, өз пікірінің жоқтығы жағымпаздықты, икемделгішті туғызады. Талдысудың суы шипалы екенін естіп, осы жерді сатып алмақшы миллионер мен  облыс әкімінің көңілінен шығатын қызмет көрсетем деп сүрініп-қабынған, «ата-баба жері елге бұйырмай, әлдекімнің пайда табатын жеріне айналды-ау» деген  ойдан ада, одан гөрі «дөкейлердің алдынан киіп шығуға деп берген шапандар өзіме бұйыра ма, бұйырмай ма»  деп көп уайымдаған, тікұшақтан сайлауға шақыру қағаздары жауғанда оны еріккен байлар ақша шашты деп ойлап, құр қалмайын деп жанұшыра жүгірген, байлар сатып алатын жерге ешкімді маңайлатпағаны үшін алған 600 долларды өмірінің ең ғажайып сәті деп есептейтін Әжібай бар. Несін айтасыз, соңғы кездері Әжібайлар көбейді бізде. Миллионерге жалбақтаған облыс әкімінің  бейнесі де, қалтасына түсетін тиын-тебен үшін ата-баба қонысының сатылғанына титтей де шамырқанбайтын Әжібайдың образы да Цвейгтің Лепорелласын еске салады. Рас, Лепорелла қатыгездікке надандығынан барды, ал Әжібайлар мен Алшын Сердалиевичтер өзінен күштіге адал қызмет еткісі келген сайын рухани тұлғалық жағынан құлдырай түседі, олар тіпті жағымпазданған сайын  ессіз әрекетке барады.  Жазушының осы кейіпкерлерін ақымақтығы, бейшаралығы, ұятсыздығы мен жағымпаздығы үшін жек көрудің орнына жиіркенесің, бір жағы аяйсың. Олар мешеу адамдар. Біздің сорымыз – біздің тағдырымыз солардың қолында.

Шығарманы оқып болғанда біз осы индеецтердің тағдырын қайталап жүрмесек жарар еді деген уайымның қалыңдағанын да жасырмаймын. «Санаторий салып, оны барларға, байларға ғана арнаймын. Олар бұл жерге республикамыздың әр тұсынан тікұшақтармен келіп демалатын болады. Көрерсіз. мен жұмысты тікұшақтар қонатын алаң жасаудан бастармын, сірә» деп арман еткен байшыкеш үшін біз шынында да сорлы индеецтер секілдіміз.  Өз жерімізге өзіміздің еркіміз жоқ, халықтыкы деген жер ақшасы барлардың иелігіне өтіп жатыр, ел үшін жайылымдық жер  түгілі өлгенде жамбасы жерге тиетін жердің өзі мұңға айналған. Бүгін баспаналы болам деп қанша қазақ банкке жем болып қуықтай пәтер үшін жанын жалдап жүр, ертең бір қытай немесе құлқынын ақша тескен өз қазағың келіп «мына сенің пәтерің тұрған аумақты түгел сатып алғам, не босатасың, не менің жерімде тұрғаның үшін салық  төлейсің» десе кімге барып шағынатынымызды да білмейміз.

Біздің әрекетіміз де, әрекетсіздігіміз де келешегімізге өз ізін қалдырады. Ендеше қазақ деген жұрт өз таңдауын қашан жасайды, ол үшін өзінің осынау тағдырынан қашуы керек пе? Қашқанда қайда барып, не әрекет қылуы керек?

***

Сөз соңында

Тынымбай Нұрмағамбетов шығармаларының барлығын оқыдым,  дегенмен осы «Періштелер өлімі» мен «Рухтар жерден кетедіні» неге біртұтас дүние деп  қабылдағанымды түсіндіре кетейін. Тәуелсіздік алған жылдары ауылдағы қарапайым жұрттың ішер асқа, киер киімге жарымағанын көрдік. Шағын ауылда болып жатқан оқиғалар да, жұпыны дастархан да, жартыкеш көңілдер де бір-біріне ұқсас еді. «Жылан уындағы» ауылда қалған Шырай жеңгесін, бауырларын  қуантқысы келетін періште көңіл Шертайды, Байшұбарды, «Сәмбі талдың мұңындағы» әйелі өліп, қызын жалғыз өзі мәпелеп өсірген Алдиярды, оның қызын, «Рухтар жерден кетедідегі» ата қоныстың әр тасына шексіз ықыласпен көз суаратын Есболды да танитынымыз сондықтан. Шертайды ойласам кеудем қысылғандай болатыны да содан. Ағайынды жігіттердің жұмыс іздеп, жұмбақ мекенге тап болуы, нарықтағы бағасы удай қымбат тұратын жылан уын алу үшін артында сұрауы жоқ адамды жыланға шақтыратын іші қара залымның аса қатыгез әрекеті, ақжелең Шертайдың «аға, мен бірінші түсейін» деп аңқылдаған күйі жылан толы құдыққа түсуі… жазушы өзі бастан кешпеген оқиғаны аса дәлдікпен шебер жеткізеді. Адам жанын әр қырынан қарастырып үйренген жазушы оқырманының эмоциясын байқағысы келетін де шығар, әйтеуір, сол уды өзің ішкендей боласың. Авторға сенгендіктен де соның бәрін – күйзелу, үрей, ыза,  дәрменсіздікті өз ішіңнен өткізесің, оқырманды ана шеттен мына шетке лақтыра беретін кульминациясы әлдебір қорғансыздықты, айықпас мұңды сезіндіреді. Шығарманың ойдан шығарылған дүние екенін біліп отырсаң да автордың аузымен айтылған шындыққа қарсы ештеңе дей алмайсың. Ол шындық – мейірім, адамгершілік жоғалған жерде жер-әлемде қара түнек қана орнайтыны.

«Міш» деп сөйлейтін кемпірлер мен кебісін киіп жатып та қара сөздің қаймағын айыратын шалдарды көрмедік, бірақ жазушы суреттейтін оқиғалар біздің ауылда да болған, тек басқаша қалыпта көрінуі мүмкін. Бүгін қит етсе «стресс алды» деп жатамыз. Тоқсаныншы жылдың стресінің салдары ұзаққа созылды. Сол жылдары шағын ауылдан он бес шақты  бала таң қараңғысында бес шақырым жаяу жүріп мектепке баратынымыз, жолда талай тоңғанымыз да есте. Қарап отырсам,  сол кездегі 12-15 жаста болған қыздар алды қырыққа жетсе де әлі күнге сәби сүймеді. Олар біреу емес, үшеу де емес, әдейілеп санап көріп едім, есіме түскені 8 қыз бала болды. Мүмкін, олар сол он шақырым жолда суық тигізген шығар, дұрыс ас ішпегеннен әлжуаз болды ма, бірақ әлі буындары бекімей жатып тұрмыстың тауқыметін көргені, әкесінің рухы басылып, шешесінің шарасыз күйінен жанына жара алғаны, іштей күйзелгені анық. Оның бәрі шарасыздықтан еді. Алдияр секілді… Алдиярдың қызының бақытсыздығы да, Женяның теріс жолға түсуі де сол бағыттан адастырған стресс жылдарының себебі екені анық. Шығарма Алдиярдың күйреуімен аяқталады. Расында, үмітсіздіктен жаман ештеңе жоқ. Одан кейін ұзақ уақытқа дейін санаңды мұңға билетесің, сондықтан өзі де депрессияда, әлдебір дағдарыс жағдайында жүрген адамдарға мұны оқуға кеңес бермес едім. Мұнда жан-дүниеңде қопарылыс жасалады.

Жадыра ШАМҰРАТОВА, журналист

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір