Бағдат МҮБӘРАК: КӨКТЕМ, МЕН СЕНІ СҮЙМЕЙТІН БОЛДЫМ…
17.03.2020
2629
14

КӨШ
Әжемнің көзбен көріп ертектерін,
Ай көрдім,
Шолпан көрдім,
Айман көрдім.
«Тәтем-ау» – деп айтатын еркектерін,
Әкем-ау, Алматыға қайдан келдім?

Құзға біткен армандап еңлікті,
Қызғанышпен етекте қурадым ба?
Азығы халал болған, тегі мықты,
Жазығым – жылқы жылы туғаным ба?

Сатқынмен табақтаспай,
Тамырласпай,
Ұлтшыл,
Кекшіл,
Ұр да-жық,
У тілді едім.
Шыр айналған ғұмырда бағымды ашпай,
Шыңғырып кермеде тұр рухым менің.

Елемесе…
Егерде елесеңдер,
Ойламаңдар,
Тым ерке өскен ұл-ау.
Арқаның бөлтірігі демесеңдер,
Арқардың қатысы жоқ көшке мынау.

Ұлттық рухты қойып, руға жақын,
Мақтамен бауыздаған майдан құрсын.
Ақпанда сәби болып туған ақын,
Қақпанға көп түсерін қайдан білсін?

Сенде еді ғой Қызыларай, терек-шынар,
Мейірімге қайтейін тұл қаланы.
Сахарада сандалту керек шығар,
Сарыарқаға сыймаған бұл баланы.

Көрмегенді көрсетіп жүрген аяқ,
Алматыда алақан жайған адам.
«Жас жүрегім саусағын күнде жаяд»,
Ұнамай ма?
Кет! – десе, –
Қайда барам?

ТЕЛҚОҢЫР
Бұйырған Соқыр мәңгі ғұмырға,
Киерміз кебін солардың.
Құлын боп келіп барлығы мұнда,
Құлы боп кеткен қоғамның.

Күңіреніп таулар, далаң еңкілдейді,
Төбесін бұлт торласа…
Ауылың қазір адам өлтірмейді,
Ауруханасы болмаса.

Жолыңа қарап жүзі қараяды-ау,
Өңмені – өксік өлеңдей.
Менмұндалап тұрған Қызыларай анау,
«Мені көрдің бе?» дегендей.

Ауасы да оның алабөтен ғой,
Тұрғандай тіреп төбең көк…
Поэзия деген далада екен ғой,
Қалада ондай өлең жоқ!

Өткердік талай аламанды да,
Азулы дейтін аз ақын.
Қара таппаймын Қарағандыда,
Қайраттай мөлдір жазатын.

Абайдың өзін ұмытты-ау бәрі,
Біз кімге енді медетпіз?
Еске алулар мен құттықтауларды,
Шығару үшін керекпіз.

Бүйтіп көгерген көсегем құрысын,
Ұқсамасаң – тумағыр,
Мен қайғырғанда осы өлең үшін,
Сен қайда қалдың, қу бауыр?

Кіріптар болып өмірім Арға,
Шылқыта алмадым шекені.
Көзің жетпесе (көңіліңе алма)
Сезімтал болсаң, жетеді.

МЕЗГІЛ
Көктем, мен сені сүймейтін болдым,
Жаһанды жұмақ қылсаң да.
Басымды имейтін болдым,
Мың жерден ұнап тұрсаң да.

Күз, мен сені сүйдім –
Сары алтын кейпіңді.
Кезінде ызғары ұнамаған,
Даламда жанар тұр сүйкімді,
Дәл бұлай қызға құламағам.

Ақшулан ақ қырау шалған,
Сыңары жүрегім күздің,
Ұқсайды ұсқынымда әрі,
Құс жолынан күдерімді үздім,
Балқашта құс қырылғалы.

Қаланың сайқал қызындай,
Бұл көктем несін біледі,
Көңілді арудай аулайды немен?
Бәрібір күз жігіт шешіндіреді,
Айттым ғой – аумайды менен.

Бір көктемді сүйгенім бар-тын,
Беріліп бекер сезімге.
Жақсы көруші едім,
Қойылды нүктесі неден?
Бірақ ол кетер кезінде:
«Қош, жаным, күтпеші», – деген.

Көктемді сағына тосқан,
Түсірдім көпке беделімді, –
Һәм бәлкім ұнамады өлең,
Не үшін өкпелегенімді,
Сұрама менен!

МҰҢ ШАҒУ
(Абайға)
Уа, һәкім, сен жайлы ода көп,
Мен жайлы өсекте жоба жоқ.
Алтыннан ардақты абызым,
Алаңда тұрсың ба, қола боп.

Түгенделмеген соң жоғымыз,
Арылмай қойды бір сорымыз.
Не деген жеңіл ед, тұзымыз,
Не деген ауыр ед, жолымыз?!

Осыдан бірнеше жыл бұрын,
Кеудемде өзгеше ед күмбірім.
Ал бүгін бозторғай боздайды,
Ол кезде сайрайтын бұлбұлым.

Мінезден болдым-ау қарабет,
Шартпа-шұрт кететін бар әдет.
Уайым мен ойлардан қажыдым,
Жынданып кетпесем жарар ед.

Көріне бермейді сұлбаң көп,
Әйтеуір, қалада тұрған боп.
Құныңды қойшы, ол – көк тиын,
Мұңыңды шағатын бір жан жоқ.

Адамға ұқсаған пішіні,
Ей, өңшең, қорқаудың күшігі,
Сендердің тәкаппарлығыңнан,
Ақынның мейірімді мүсіні.

Уа, һәкім, сен жайлы ода көп,
Мен жайлы өсекте жоба жоқ…

***
Сескеніп, сыр білдірмей күн көресің,
Біреудің бүлдіргендей бірдеңесін.
Өлеңім өнерім емес – тағдырым бұл,
Жетіскеннен жыр жазып жүр демесін.

Сенен де түк пайда жоқ, жарықтық ән,
Семіз сөйлеп, ортамнан арық шығам.
Қалың ойға батқанда келе жатып,
Басқа дәліз, басқа есік қағып тұрам.

Жақсысы – басымнан сөз асырмадым,
Жаманы – тәлкегі көп тасыр жаным.
Компьютермен жыр жазған ақындар бар,
Мен әлі жиырмасыншы ғасырдамын.

Мұңдастың да ғұмыры күңгірт семер,
Ұқсастырып қойған соң сұмдық шебер.
Шер тарқатып, бір жасап қалушы едік,
Аққайың мен аққуға тіл бітсе егер.

Уақыт пен жүрегім бірдей қағад,
Болмаса екен екеуі қырғиқабақ.
Қырмызыға қызығып құлай ма деп,
Жұлдызыма қоямын ылғи қарап.

ҚЫРАНДАР МЕКЕНІ
Қыздары сұлу һәм саумалдай,
Алтайдың ұлдары таулардай.
Ақынын оқыңдар шөлдесең,
Шығыстың шайырын аудармай.

Сорғалап ырзығын бүрген боп,
Жырды ермек қылғандар мүлдем көп.
Жидебай қасында Абай бар,
Кеңсайдың басында кімдер жоқ?!

Байланып қалғандай кіндігім,
Сағындым «Жорғатай» күмбірін.
Шығыстың келіні сияқты,
Ұлыстың түретін түндігін.

Алтайдан әрі асып нар жүгі,
Жаншыды-ау, Ұлы көш тағдыры.
Үш шекті домбыра шертілсе,
Үш жүздің шығады зарлы үні.

Келтіріп шанақтың тиегін,
Боздатып жырлайтын киелім, –
Біреудің көзінше сүймеймін,
Мен сені өзімше сүйемін.

Ақша бұлт жамылған сеңсең боп,
Онсыз да түсті ғой еңсең көп.
Жетермін мен саған қуанып,
Кетермін содан соң кемсеңдеп.

Көз жасы секілді Алакөл,
Мөлдіреп, сарқылып барады ол.
Ажалды жазбаса шыңдардан,
Алтайдың құзына қарап өл!

***
Алматы гүлзәр – бағы, самал – әтір,
Санама селкеу салған қала кәпір.
Жырқанат қомданады деген арман,
Сырғанап жанарымнан бара жатыр.

Ақындар,
Кімге абырой әперген мұң?
Шіркін-ай, құлдыраса пәтерден құн.
Жанымның қиналарын біліп тұрып,
Тәнімді әрең сүйреп әкелгенмін.

Қалай арулады екен дәті шыдап,
Көрге құлай бергендей қапы сұлап.
Біздің буын – жалғасы Кеңшіліктің,
Кеңсайға жерленбейді ақы сұрап.

Ауыл-ай, аңғал ұлдың кетті бәрі,
Аз жазып, байғұс іштен көп тынады.
Айтуға құрғыр жүрек дауаламайд,
Қайтуға жібермейді беттің ары.

Құрдымға кеткен қоғам құбыла ма?
Құлай берген дұрыс-ау, құбылаға.
Өгей ұлдың өксігі демесеңіз,
Өлең деуге бола ма, мұны да, аға?

***
Ызаланып сындырдым қаламымды ұрып,
Домбырамның тастадым шанағын жұлып.
Жазған өлең, салған ән – бәрі мұңлы,
Амалым құрып.

Абай, Жамбыл артса да түбінде өкпе,
Мезі болған не десін жүгірмекке?
Қорқыт қобыз болған жоқ әттең, үйде,
Таза оның ұшырушы ем күлін көкке.

Бозбала күн – аз емес, боздағаным,
Рас, менің қалмады өзге амалым.
Баққа барып құстардың әнін тыңдап,
Енді соған әдемі сөз жазамын.

Затың жалған, дүние, атың – базар,
Құстар маған құсни хатын жазар.
Бұлбұл біткен шетінен композитор,
Сөйтсем, олар екен ғой – ақынға зар.

Шыңғыстауға қаққан соң жақын қазық,
Балаң шақтың өткіздім сәтін қажып.
Құстар ғана жаттайды сол өлеңді,
Әйтеуір, атым қалды-ау, мәтін жазып.

АҒА
Болмысым болғаннан соң қысқа жақын,
Бозарып сағынамын құс қанатын.
Өңінде – өлерменнің ортасында,
Түсінде бұлттан биік ұшқан ақын.

Заңдылық дегендерге мүлдем көнбей,
Жалғанды жан бар ма екен сүрген мендей?
Достарымды білмеймін…
Бір қызығы,
Дұшпандарым болады жын көргендей.

Айтқым келді!
Айтамын, өлем бе, Аға?
Ұялсаңыз мен үшін төмен қара.
Ығай мен сығайлардан аулақ жүр деп,
Құдайдың бергені осы өлең ғана.

Маңдайыма жазылған ұлттың қамы,
Таңдайымнан кетпейді құрттың дәмі.
«Бағдат ішет», «Бағдат тұрақсыз» деп,
Қыртылдата бермесін жұрттың бәрі!

Кеткендей тұяғымнан қайран дүбір,
Манаурап көз алдыма байланды іңір.
Асыранды бөрідей арсыздардан,
Асыра алмай қойдым ғой айламды бір.

Жұртына анасындай үздігетін,
Арыстың бәрі марқұм, Сіз білетін.
Сатқындай өкінішпен өтеміз-ау,
Жолымыз бұл емес деп, біз жүретін.

АСҚАР ТАУ
Дархандық дарыса да халқыма кең,
Жан баласын таппадым нарқыңа тең.
Ел айтады – білмесе, неге айтады,
Шіркін менің мықты еді-ау, марқұм әкем.

Таң,
Бесін,
Екінті,
Ақшам,
Құптанға ұйып,
Бір адамдар жүрсін деп сырттан күйіп.
Қолда – қалам, қызыл тіл – кәлимада,
Сол үшін сен тұрасың, жұрттан биік!

«Жығылма», – деп айтып ең, «жасыма», – деп,
Жағаласып тірлікпен басым әлек.
Төрде тұрған мән бермей суретіңе,
Жібитінім несі екен, тасыңа кеп.

Қабіріңе шөп емес, гүл шығыпты,
Гүлдей іңкәр етіп ең тіршілікті.
Сен кеткелі Жосалы мылқау еді,
Кейін көзі жетті ме, тіл шығыпты.

Таршылықты ертерек аңғарғанбыз,
Қазір, әке, қол создық арманға біз.
Мені сүйіп, Сізге бас ием дейді,
Бір қыз барып тәу етсе, таңқалмаңыз.

Қалам ұшын іздеді домалап ой,
Көп көрсетпей кетіп ем молаңа бой.
Жыр оқыдым, содан соң қолды жайдым,
Қайсы жақса рухыңа соны ала ғой.

ПІКІРЛЕР14
Аноним 17.03.2020 | 15:08

Тамаша ! Сөз жоқ!

Аноним 17.03.2020 | 15:21

Мен үшін- бұлттан биік ұшқан Ақын!

Аноним 17.03.2020 | 15:21

Жарайсың Бәке! Биіктерден көріне бер!

Аноним 17.03.2020 | 15:28

Бөлексіз.

Аноним 17.03.2020 | 15:38

Бағдат ағам Асылдың сынығы ғой. Қаламың мұқалмасын Бәке.

Аноним 17.03.2020 | 16:13

Керемет! Қаламың ұштала берсін!

Аноним 17.03.2020 | 17:41

Керемет!! Тамаша!!

Аноним 17.03.2020 | 19:30

Керемет екен.Жыр жазуда қажымаңыз,талмаңыз!

Аноним 17.03.2020 | 21:32

Тағы не бар оқитын?

Аноним 17.03.2020 | 21:39

Өткен күнді қалайша ұмытайын,
Ақын жаны -түтілгіш түбі,пайым!
Өлеңіңді сүйсіне оқығанда
Көз алдымнан кетпеді Үмітайым!

Аноним 17.03.2020 | 21:42

Ақын жаны- түтілгіш түбіт,айым!

Тезекбай Амандықұлы

Аноним 17.03.2020 | 22:18

Кім келіп, кім өтпеді бұл жалғаннан. Боғы қалып, өзі құрып, ғайып болған. Өмір сағым, қас-қағым, бәрі бекер, қалмаса артыңда, айтылмаса фәлсапа бір. Өшпес із, қаламыңның үшінде тұр, қол бұлғап, өңшең наданға, төгілгер нұр.

Аноним 18.03.2020 | 10:07

Қазіргі ақындардың маңдай алды маңмаңгері осы Бағдат бауырым.
Өмірдің ащысы мен тұщысын жеткізіп жазып жүрген ақындардың бірі де осы Бағдат бауырым.
Ақындықтың ауыр жүгін арқалап жүрген ақындардың бірі де осы Бағдат бауырым.
Өлең мен өмірге деген көзқарасы ерекше, өзі де сөзі де ерекше ақындардың бірі осы Бағдат бауырым.
Ақ жол тілеймін ақын бауырыма.

Аноним 01.04.2020 | 10:22

Жұматай ғой екінші Бәкең

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір