Екі әңгіме
Бақытгүл СӘРМЕК
Раушангүл жылаған күн
Ол келді… Келетініне сенімді болсам да, көбіне керісінше орындалатын тілектерімнің бірі шығар деген күдік те қылаң беріп, күні бойы мазамды қашырып еді. Есіктің қоңырауын үзіп-үзіп екі рет басты. Оның бойында да күмән мен күдік араласқан сенімсіздік пен үміттің әдемі арпалысы болып жатқанын сездім. Қоңырау соғысынан-ақ. Есікті қалай ашатынымды, оны қалай қарсы алатынымды күні бойы көз алдыма миллион рет елестетіп, бір нәрсе жетіспей тұрғандай болып, көз алдымдағы көріністі миллион рет өзгерттім. Енді миллион бірінші көрініс шынымен жүзеге асқалы тұр. Есікті аштым, ол кірді:
– Мазаңды алған жоқпын ба? – деді. Сәлемдесуді абыржып тұрып, ұмытса керек.
– Ұйықтағалы жатыр едім…
(Қайдағы ұйқы… 1 аптадан бері күттірген кеш емес пе еді).
– Алдымен хабарласып алуым керек еді, ыңғайсыз болды-ау. Қолындағы жылтыр қағазды пакетін қолыма ұстата салды. Аяқ киімінің бауын шешуге ыңғайланды. Осыншама бәлсініп тұрғаныма енді өзім өкіне бастадым:
– Қош келдің, төрлет!
Жүзіне нұр жүгіріп жымиды да, есік алдынан төрге қарай озды. Екі адам қатар тұра алмайтын тар дәлізбен өтіп бара жатып қабырғаға тіреліп тұрған мені жанай өтті. Үстіне сеуіп алған жағымды иіссуына араласқан аз ғана мөлшерде ішілген шараптың иісі бойыма құмарлық пен құштарлық отының әлсіз ғана шоғын тастап үлгерді. Шарапты батылдық үшін ішкеніне сенімдімін. Жұқа жібек көйлекшең тұрған менің кеудемді иығы жанап, оның да қандай сезіммен өтіп бара жатқанын білгім келіп кетті.
– Жаңа жолдас жігіттермен отырып қалып едім.
Тым көп күттіріп қойғанына кінәлі адамдай жымиды. Төргі бөлмеге кіріп отырғанымен үйге күнде келіп жүрген адамдай жан-жағына назар аудармады. Екі күннен бері бөлменің түсқағазы мен жердегі кілемдерді ауыстырып, әншейінде гүл өсіруге желкем жібермейтін мен ең әдемі деген гүлдерді сатып әкеліп жасаған еңбегімнің біреуіне де мән беріп қарамай отыра берді. Қорқынышқа ұқсас құштарлық пен ынтызарлық сезіммен бірге осыншама тыраштанудың қажеті де жоқ екен ғой деген ой миымда жылт ете қалды. Бөлмеге өсіруге лайықты емес болса да әдемілікті еселеу үшін әкелініп қойылған, құмыраға отырғызылған раушангүлге қарап мырс етіп жымидым. «Раушангүл, мұңаймашы…».
Екеуміз де үнсізбіз… Ұзақ қарап отырып, әдемі жымиды:
– Ұйықтағалы жатсаң да әдемісің…
Бетімнің өрті шығып, қызарып кеттім. Ұйықтағалы жатыр едім деп бәлсінгенім қалай, ерніме алқызыл далап жағып алғаным қалай? Дегбірсіздене күткенімді сезіп отыр. Иығымнан сенімсіздеу құшақтап өзіне қарай ақырын тартты. Өзіне қарай ақырын тартты дегенім де артықтау, тіпті, білінбейтін күшпен ғана тартқан сияқты, мүмкін жай ғана иығыма қолын салды. Ал мен өзіне қарай тартты деп шартты рефлекспен ойласам керек, иығына басымды қойдым. Тап-таза, ұқыпты үтіктелген жейдесіне басымды қойып жатып, былтырғы тойда кездескендегі жанында отырған толықша келген ақсары жүзді жұбайы көз алдыма елестеп кетті. Ұқыпты әйел болса керек.
– Отыздан асқанша тұрмысқа шықпай жүрген қыздардың өз есебі бар. Олар қоғамға қауіпті, – деген пәлсапасына:
– Қоғамға ма немесе күйеуін қызғыштай қоритын әйелдерге ме? – дедім қиқарланып.
– Күйеуін қоритын әйелдерге ешқандай қауіп жоқ, үйін шаттыққа бөлеп отырған әйелін ешбір еркек уақытпен текетіресіп, қартаймауға бар жанын салып, қарабасының қамы үшін ғана жүрген отыздан асқан қыздарға айырбастай алмайды, ал қоғамға қауіпті. Не демографияға үлесі жоқ, не ер адамның жағдайын жасауға атсалыспайды, жасаған істерінде еш болашақ жоқ, – деді нық сеніммен. Әңгіменің нүктесін қойдым дегендей, айналасына маңғаздана қарады. Мойнына тағылған алтын алқаның ұсақ жылтыр көздері де мейрамхананың шамдарына шағылысып, менің алдымдағы оның жеңісін одан әрі қолпаштағандай жалт-жұлт етті.
– Тым сенімдісіз ғой, – бар айтқаным осы еді. Себебі, өзеуреп сөз таластыру жеңіс емес деп түйіндедім. Жанындағы күйеуіне қарадым. Сұңғақ бойлы, қара торы келген жігіт. Біздің әйелдерге тән әңгімемізді естігенімен, барынша мән бермеуге тырысып, жанындағы жігітпен машиналардың қосалқы бөлшектері туралы ақылдасып жатты. Жаңағы әйелге деген іштей пайда болған қарсылығыма қоса, күйеуінің мына ұсақ әңгімелерге назар аудармаған әрекеті жағымды пікір қалыптастырып, ойыма адами қасиетке жатпайтын азғындыққа ұқсастау ой тастап та үлгерді. Мен оны аңди бастадым. Бағанадан бері қалай назар аудармағанмын?! Кең маңдайы – кең пейілділігін, қоңырқай жүзі мен қалың қабағы – нағыз еркекке тән айбатты, қыры шыққан мұрыны – сымбаттылығын, жымиғанда бірге күлімдейтін қоңыр көзі – ақкөңілділігін ешкім айтпаса да ұқтырып тұрғандай. Қадалып қарағаным әйеліне күмән тудырып, одан сайын менімен тәжікелесе ме деген оймен көзімді тайдырып әкеттім. Оны тану үшін 4-5 секунд қана жетті. Барлап, іштей ол жайлы пікір қалыптастырып та үлгердім. Ал, оған қараған осыншалықты қысқа ғана секундтар ішінде әйелдік қырағы көздер сезіп те үлгерді. Мен оның күйеуін барлап, ал әйелі менің көзқарасымнан ойымды да оқып үлгерді. Ән айтылды. Баяу ырғақ басталысымен жаңағы ақсары жүзді әйелді оң жақ жанында отырған ер адам жұп-жұмыр білектерінен ұстап, биге алып кетті. О-о-о, енді қарап қалмау керек.
– Билеп қайтсақ дау шыға қоймас, – дедім жымиып. Ол күтпесе керек, абыржып күліп, басын изей берді.
Жұқа капрон көйлегімнен қолдарының ып-ыстық табы сезіліп тұрды. Суық тиіп ауырғанда әжемнің беліме, аяғыма, ішіме басатын, жаныма жайлылық орнататын ыстық бұлауы есіме түсіп кетті. Менің де дірілдей шыққан ып-ыстық демім оған мейлінше жақын сезілді-ау деймін… Жанымда уақытша тәттілік сыйлап тұрғанын да аңғардым. Билей жүріп, жұмысым жайлы, өзім жайлы, сыр тартып, жағдайымды сұрады. Шығармашылықтың адамы екенімді біліп, қызығушылығы арта түсті. Не жайлы жазатынымды сұрады, ерекше тақырыпқа ауысқым келетінін, тың ойлар әкелгім келетінін, көп ешкім айта қоймайтын тыйым салынған тақырыптарда ашық ой қозғағым келетінін білген ол 4 минуттық би уақытының аздық ететінін ұғынды. Оның қызығушылығы артып, ары қарайғы ойымды білгісі келе түсетініне сенімді едім. Қолы тигенде жұмыс жағыма соғып кететінін де айтты. Ызғарлы көз сыртымнан дәлденіп тұрғанын қарамасам да сездім, қызғаныш пен шамалы уақыттың ішінде ғана пайда болған ерегес отының да табын сездім. Енді қалудың реті келмейтінін біліп, той иелерімен қоштасып, шығып кеттім.
Бұл кездесудің қалай басталғаны да есімнен шыға бастаған екен. Иығына басымды қойып жатып, жейдесінің жағасынан саусақтарымның ұшымен ғана аялай сипадым. «Сен тазалап, үтіктеген жейдені дәл қазір мен иеленіп отырмын!». Бұл әйел затының ең осал тұсы болса керек, өзге ойларға жол берілмейтін қатты қуанышта да, өте ауыр қайғыда да, ең жауапты сәттерде де өзіне тән жымысқы ойларынан ешқашан ажыраған емес. Есі шығып қатты қуанып жатып та, жанындағыларды көзімен бір сүзіп шығып, қуанышына ортақтасып тұрған әйелдерді барлап шығуы мүмкін. Риясыз күліп тұрған құрбысының ерніне жағылған помаданың тісіне жұғып қалғанын көріп, мысқыл ой пайда болуы мүмкін. Әнебір шетте зорлана жымиып тұрған тағы бір құрбысының қатты күлсе бетінде пайда болатын ұсақ әжімдерінен ыңғайсызданып тұратынын да ұғып қалуы мүмкін. Әйтпесе, дәл қазір ерегес ойларға жол беретін сәт емес еді. Көптен аңсап жүрген бақты уысыма түсіргендей, рахаттана көзімді жұмдым. Сұқ саусағына салынған неке жүзігі бөлменің шамына шағылысып, бетіме түскен шашымнан сипап ысырды. Шамға шағылысқан неке жүзігі «Бәрі де уақытша ғой, есіңді жисаңшы…» деп, ортамызға жік салғысы келгенмен, мен уақытша бақтың болса да дәмін сезінгім келгендей, аяулы сәттен ажырап қалғым келмей, оның құшағына кіре бердім.
– Не үшін шақырдың?
– Ұнаттым, мені де ұнататыныңды сездім.
Маңдайымнан сүйді. Ұшы-қиыры жоқ сахараны кезіп келіп, әбден шөліркеген ерін мен таңдай бір тамшы ғана мөлдір суды көрсе қалай ынтығатыны белгілі ғой. Мүлгіген тыныштықты дамылсыз дүрсілдеп тұрған менің жүрегімнің үні ғана бұзып тұрғандай болды. Ернімнен сүйгенше ғасыр уақыт өтіп кеткендей болды, маңдайымнан, кейін ернімнен сүйетінін алдын ала сезіп, күтіп отырсам керек. Жауырынымнан қапсыра ұстаған ып-ыстық алақандары денемді күйдіріп бара жатыр, күйдіргені былай тұрсын, күл қылып өртеп жіберсе де көнуші едім. Әлсіз сезілетін шараптың иісіне көміліп, мен де мас адамдай мең-зең едім. Оның әрбір қимылын, тіпті қарашықтарын қалай қозғалтқанына дейін есімде сақтап қалуға тырыстым. Өзіне қарай қапсыра құшақтағанда оның бар денесін өзімнің тәніммен, жаныммен сезінгім келді, сездім де. Жейдесінің түймелерін ағыта бастадым, тар көздерінен өтпей тұрған әлде сүйір тырнақтарыма ыңғайсыз келіп шешілмей тұрып алған бір-екі түймесіне іштей «өшігіп» алдым. Тіпті, түймелерге дейін үйіндегі қожайынның тілеуін тілейтіндей, маған қарсылық көрсетіп тұрғандай әсер қалдырды-ау!.. Сиқырға толы рахатты сезініп тұрып, мынадай ұсақ ойға жол берген мені «әйел» демей көріңіз. Көйлегімнің сырмасын ағыта бастап еді, дәл жанымда тұрған шамның түймесін басып, өшіре салдым. Ортадағы дәліздің шамы бөлмеге әлсіз ғана жарық сыйлап тұр еді. Мойнымнан, иығымнан сүйгендері бойымды сиқырға бөлегендей, біртіндеп өз күшімнен ажырап бар жаттым. Иығынан қапсыра құшақтаған да, кеудесін өртей сүйген де, шешілген көйлегімді кейінге қарай ысырған да, оның жейдесін шешкен де мен емес секілдімін. Өң мен түстің ортасындағы тәтті кез өтті. Құшағынан шығып кетсем, мына ертегіге ұқсас күйден ажырап қалып, сұп-сұр ортада аңырап отырып қалатын Күлше қыздың күйін кешкендей болатынымды ұқтым. Ол жинақтала бастады. Уақытша бақыттың баянсыздығына өкпелеп тұрғанымды сезгендей, жұбатқысы келіп, қапсыра құшақтап, құшырлана сүйді:
– Көреміз ғой әлі…
Мен басымды изедім. Бірақ кейін қайталанатын кездесулер дәл осындай толғандырып, дәл осындай сезімге ие болатынына сенімді емес едім.
– Жарайды, сау бол…
Есіктен шығарып сала, жаңағы тәп-тәтті уақыттың әрбір қас-қағым сәтін жоғалтып алуға қимайтын ең аяулы сәтімді ойыма кері қалықтатқым келіп, жастыққа басымды қойдым.
…Таңертең құмыраға отырғызылған раушангүлдің бозғылт тартқан түрін көріп, кеуде тұсым шымыр етті. Жұбатқым келіп күлтесін аялай сипап едім, қауызынан бөлінген бір тамшы сөл жапырағына қарай тамып бара жатты… Даланың, жердің табиғи топырағына жаратылған оның тағдыры құмыраға бәрібір телінбейтін еді… Жылап тұрған раушангүлді емес, өзімді аядым…
Жеріну
– Арқалы ақын… Арқыраған ақын… Сона-а-а-а-а-ау Атыраудан келген арда ақынымыз Итбай! – деп сампылдап тұрған асаба жігіттің сөзін аяқтатпастан қолындағы микрофонын жұлып алған күйі Ақын шықты ортаға арқаланып. Айналасын шөп басқан айдын көлге ұқсайды екен басы… Шаш атаулыдан ада болған төбе мейрамхана шамдарына шағылысады. Жұдырықты түйіп алып, жерді теуіп тұрып ұзын сонар дастан оқыды. Тойға жиналған қауым жалыға бастады. Шетте отырған Елтай қалғып кетіп, кері оянып еді, Итбай әлі сөйлеп тұр. Әйелдер жағы өзара әңгімеге көшкен. Музыкант жігіт құлаққабын киіп алып, өз рахатын өзі сезініп отыр. Арақты сүйетін ақжүрек бажалар өздері кішігірім орта құрып алған. Шетте жалғыз мөлиіп Орынгүл ғана тыңдап отыр ақынды. «Өлең түсінбейтін бейшаралар!» деп сөкті іштей өзгелерді. Бірақ өзі де нақты нені түсінгенін білмейді. Ақын арқыраған сайын бойын діріл билеп, көзі жасаурап, қолының, сирақтарының балапан түктері үрпиіп барып басылады (қолтығын қысып отыр). Өзінің ойынша Орынгүл өлең үшін жаралған. Бала кезінен апасынан бастап, көрші-көлем, ұстаз, ағайын туысқан, ең ақырғысы тауық қорада жаңа туған жұмыртқаға да өлең шығарған. Жұмыртқаға арнап шығарған өлеңі «Өмір» деп аталады: Ей, тас жұмыртқа, сенде де өмір бар. Өмірді қазірден бастап көріп ал. Қазір-ақ таспен жарып тастасам біттің ғой. Мына өмірді көрместен «блинчик» болып кеттің ғой… деп басталатын өлеңі өзінің ойынша шедевр. Көзін ақыннан алмады. Ортаға шығып бұл да бір-екі өлеңін оқығысы келді де, алайда ішіп отырған ағасынан ығысты. Сонымен не керек, қандай жолмен тіл табысқаны белгісіз, ақынмен танысып та үлгерді. Тері шыпшып сыртына шыққан шыт көйлегінің қалтасынан Итбай визиткасын алып, Орынгүлге ұстатты. Визиткасы дымқылданып қалған екен, Орынгүл бетіне басты. Қаланың асфальтіне табаны тиісімен Итбай ақынды іздеді. Он бір ойланып, тоқсан тоғыз рет толғанып отырып хабарласты ақыры. Итбай жетіп келді. Кредитке алған қара «14» машинасына Орынгүлді отырғызып алып, селкілдетіп Жайықтың жағасына алып келді.
– Өлең оқы, ақын қыз! – деді. Орынгүл телефонынан «Көңіл толқыны» әуенін жіберді де, аса бір қайғылы кейіппен «Өмір» атты өлеңін оқыды. Итбай ойланып отырып:
– Өлең жаман емес. Бастысы сенде жүрек бар. Өлеңнің не екенін білесің. Қара борбай халық оны да түсінбейді. Біз адамдардың ең жоғары сатысымыз! – дегенде Орынгүл елжіреп, көзіне жас келді. Жылауға батпады, көзіне жағылған сүрмесі ағып кетіп, албасты түрімнен Итбай шошып кетер деді.
– Мына ағаң тегін адам емес. Сенде батылдық бар, жүрек бар, ең бастысы ақынсың! Мен сені әлемге әйгілі етем. Газетке берем, бүкіл ел мойындайтын ақын боласың! – дегенде Орынгүл ақыры шыдай алмады, көздің жасына ерік берді. Итбай телефонын шұқылап отырып:
– Мына ғалым ағаңды танисың ба?
– І-і-і-і… Мына жазушыны ше? Теледидардан көретін мына ақынды ше? – деп бүкіл аты мәшһүр тұлғалардың телефон нөмірі сақталған тізімін көрсетіп шықты. – І-і-і-і… танысаң сол. Мен бәрімен хабарласып тұрамын. Жолыңды ашамын. Менің бір ауыз сөзім. Бізде жүрек бар. Сүйе аламыз. Ғашық бола аламыз… Ал өзге қараборбай халық… Иә, қойшы соларды… Орынгүлдің көз алдынан өзінің теледидардан сұхбат беріп отырған сәті жылт етіп елестеп кетті. Атақты болғанда былай деп сұхбат берем деп бұрыннан іштей дайындалушы еді. «Ақындық жолға түсірген, осы жолға баулыған ардақты адамдарыңыз бар ма?» – деген сұраққа бастауыш сыныптағы мұғалімін айтамын деп ойлаушы еді. Ол ойынан айнып қалды. Дәл алдында асқар таудай болып Итбай отыр емес пе?
– Ертең газетке өлеңіңді береміз! Сағат үште дайын бол! – деп қоштаса бере:
– Аузыңнан сүйейінші, – деді. Ерін деген жоқ, аузыңнан деді! Ақындардың өжеттігі осы шығар деп ойлады Орынгүл. Кеудесінен кері итеретін дәрмен жоқ, Ақынға бәрі жарасатындай көрінді. Ең бастысы оларда жүрек бар, сезім бар. Көзін жұмды. Бетіне тақала бере Итбайдың басындағы бас киімінің күнқағары бұның маңдайын тіреп қалып, ығысып кетті де, айнадай жылтыр таз басынан жиналып қалған қайызғақ тектес қаспақтар бетіне шыбын қонғандай әсер қалдырып, жауып жатты. Ақынға бәрі жарасады. Ертеңгі сағат үште кездесті. Итбайдың артынан ілескен иттей болып зәулім ғимаратқа келді. Ішке кіріп кетіп біреулермен сөйлесіп болғасын бұны шақырды:
– Бұлақтың көзін ашайық! Таланттардың самғауына жәрдемдесейік, – деп газет редакторына аса тебіреніспен сөзін жеткізді Итбай. Редактор адам көңілін қалдырмайтын ақкөңіл жан екен, өлеңді оқып алып, аздап жымиды да:
– Келтіреміз ғой жайлап, – деп басын шұлғып, келіскендей болды. Ғимараттан шыға салысымен Итбайда бұрын байқалмаған маңғаздық, көкірек пайда болды:
– Ағаң тегін емес дедім бе, – дедім. Өлеңіңді өткіземін дедім бе, дедім. Енді сен де менің айтқанымды орындасаң, ертең теледидардағы бағдарламаға шақырту жіберткіземін. Асыл тастың су түбінде жатпайтынын дәлелдейміз, – деді. Аспан жерге түсердей аптап ыстықта өртенердей болып тұрған қара машинаға мінген екеу көпқабатты үйдің алдына тоқтады. Міңгірлеп отырып Итбай сезімін білдірді. Орынгүлдің түріне емес, алдымен талантына бас игенін, ұнатып қалғанын, қазір бейшара күйге түскенін жеткізді. Сөздерінің арасына Мұқағалидың өлеңдері де Итбайға телініп, шарасыз күйде кетіп жатты. Екеуі үйге кірді. Темекінің иісі әбден сіңген үйдің төсегі көптен жуылмаса керек, гүлді түрі көзге белгісіз түске боялыпты. Түгі жыпырайған кір-кір кілемнің үстінде 42 өлшемді крассовканың ізі жатыр. Асығыс біреу кіріп кетсе керек, шамасы. Жан-жағын барлап үлгермей жатып Итбайдың құшағында кете барды. Бір кезде көзін ашса аса ауыр салмақтағы Итбайдың астында ақ бөлкедей иленіп жатыр екен. Аюдай арқыраған Итбайда ес жоқ. Екі көзі тарс жұмық, өн бойын тер басқан. Бір кезде ғана барып сылқ етіп аунап түсті. Мұрынына қолаңсаның ашқылтым иісі келіп, есін жиғызды Орынгүлдің. Төбеге қарап еді, бір жағы сынған люстраның сымдары шығып, үзілейін деп тұр екен. «Осыны ілмесе де ренжімес едік» деп ойлады іштей. Газетке басылған өлеңін көріп, іштей күліп алды. «Өмір» деген тақырыбы ғана бар, бірақ мүлде өзге өлең, бірақ авторы Орынгүл деп жазылған. Ақкөңіл редактор бұлардың көңілін жықпай, өлеңді өңдеген екен. «Ақыны да, өлеңі де құрысын!» деді.
Ақын деген сөзді естісе көз алдына сынық люстра елестеп, мұрынына қолаңсаның иісі келетін болды.
ПІКІРЛЕР1