Хан ордалы Сарайшық
26.02.2020
1872
0

Арысы түркі, берісі қазақ ұлысының атақонысы Ұлы Дала төсінде жүздеген қалалар бой көтергені, Азия мен Еуропаның арасын жалғап, керуендер мен саудалардың орталығына айналғаны, сол қалалардың әлемдік саяси-әлеуметтік оқиғалардың ортасында негізгі шешуші рөл атқарғаны тарихтан мәлім. Соның бірі һәм бірегейі Сарайшық қаласы еді. Жошы ұлысы – Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық жайлы тарихи деректер өте мол. Алтын Орда хандары мен Қазақ хандығының баһадүрлері жерленген киелі шаһардың бүгінгі тынысы кімге болса да ой салмай тұрмайды. Жайық жеміріп, уақыт дауылы тоздырған қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Алтын Орда хандығының 750 жылдығын атап өтуді ұйғарған еліміз үшін Сарайшық – «Қасиетті мекеннің» тап өзі.

2018 жылдың 4 сәуірінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан осы киелі мекенді қорғау және пайдалану, туризм аймағы ретінде дамыту, оның тарихын тыңғылықты зерттеу жұмыстарымен айналысатын «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» құрылды. Тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғалуы мен сақталуын қамтамасыз ететін бұл мекеменің бүгінге дейін атқарған жұмыстарын білу мақсатында біз «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт МҰҚТАРҒА жолығып, бірнеше сұрақтар қойдық.

– Әбілсейіт Қапизұлы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы жұмыстарына бүгінгі күні ғылыми негіз беріліпті. Осы турасында толығырақ айтып берсеңіз?

– Ортағасырлық Сарайшық қаласын зерттеумен айналысатын «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының жұмыс істей бастағанына биылғы сәуірде екі жыл толады. Біздің музей-қорық осы мерзім ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен келісілген жұмыс жоспарына сәйкес қызмет атқарып келеді. Яғни, мекеменің жұмыс жоспары Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына және министрліктің қойған талаптарына сәйкес жасалды. Осы бағыттарды саралап, толықтырып, қорытып отыру үшін музей-қорық жанынан былтырғы жылы ғылыми кеңес құрылды. Қазіргі таңда ғылыми кеңес құрамында 17 адам бар. Олардың төртеуі – ғылым докторы, екеуі – ғылым кандидаты. Кеңес мүшелерінің көпшілігі жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар. Өткен жылдың өзінде осы ғылыми кеңес төрт отырыс өткізіп үлгерді. Жұмыс барысында аталмыш кеңес жыл бойына музей-қорық қорындағы жәдігерлерді сақтау және толықтыру жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, ғылыми зерттеу, ұйымдастыру бағыттарында біраз еңбектенді. Ортағасырлық Сарайшық қаласының қорғау аймақтарын анықтап, болашақта оны қоршап, туризм орталығына айналдыру турасында нақты ұсыныстарын берді. Музей-қорықтағы қауіпсіздік мәселелерін зерделеді. Осы ұсыныстар Атырау облыстық әкімдігіне, министрлікке жолданды. Осылайша музей-қорық жұмысына ғылыми негіз берілді.

 – Музей-қорық министрлік тарапынан ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеліпті. Бұл осы ғылыми кеңес жұмысының бір көрінісі болар?

– Дұрыс айтасыз. Аталмыш ғылыми кеңестің нәтижесінде жоғарыдағы жұмыстардан бөлек, тағы бірнеше маңызды құжаттарға негіз қалап, қол жеткіздік. Ең бірінші, музей-қорық тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыруға рұқсат беретін лицензияны иемденді. Одан соң, жаңа өзіңіз айтқандай, 2019 жылы 31 шілдеде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелді. Бұдан бөлек, Сарайшық қаласының тарихы турасында көп мағұлұмат білетін Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов, Семей мемлекеттік университетінің профессоры, ноғайтанушы Амантай Исин, алматылық ғалым, профессор, ортағасырлар тарихының маманы Нұрлан Атығаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Ахметова, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің географ ғалымы, PhD докторы Эдуард Имашев сынды білгір ғалымдар музей қорықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарына ғылыми кеңесші ретінде белгіленді. Осы жұмыстар қорытындысында алғаш рет музей-қорық атынан 2020-2022 жылдарға арналған Ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа төрт жоба тапсырылды. Олардың бірі Қазақстанның батыс өңіріндегі көне керуен жолдары және алтынордалық керуен-сарайларын зерттеу және оларды есепке алу жобасы болса, екіншісі, Ресей, Түркия, Иран және Қытай деректеріндегі ортағасырлық Сарайшық қаласы туралы жазбаларды зерттеу жұмысы. Осыған қоса, Сарайшық қаласы қамалын (цитаделін) қалпына келтіру бойынша археологиялық жұмыстар жүргізу және «Еділ-Жайық өзенаралық аймағындағы Алтын Орда кезеңіндегі қалалардың (Сарайшық, Сарай-Бату, Сарай-Берке мысалында) тарихи-географиялық және мәдени құндылығының туристік әлеуеті» жобаларын жүзеге асыру ниетіндеміз.

– Былтыр «Сарайшық» музейінің құрылғанына 20 жыл толған екен. Қасиетті орынға жұртшылықтың көңіл бөлуі бұдан да ертерек басталған болар?

– Әрине, бұл қасиетті мекеннің халқымыздың тарихындағы алатын орны өте зор. Көне қаланың негізгі іргетасы Атырау қаласынан 55 шақырым жерде. Махамбет ауданына қарасты бүгінгі Сарайшық ауылында сонау, 1960-жылдарда-ақ өлкетанушы Мұстажап Намазғалиевтің бастауымен музей қалыптаса бастаған. 1999 жылы сол кездегі Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағанбетовтың бастамасымен «Хан Ордалы Сарайшық» мемориалдық кешені тұрғызылды. Оның ашылу салтанатына Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келді. Бүгінгі күні осы музей мемлекеттік дәрежеге жетіп, республикалық статус алып отыр. Иә, былтыр музей-қорықтың ашылғанына 20 жыл толуын атап өттік. Мұндағы мақсатымыз музейдің ел ішінде танымалдылығын арттыру және оның мәселелеріне ел назарын аудару еді. Алдымен облыс орталығында мектеп оқушылары мен ұстаздарға арналған «Туған өлкені зерттеу: оның маңызы мен басым бағыттары» атты облыстық конференция ұйымдастырдық. Одан соң, қазан айында республикада бірінші болып Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Жошы ұлысы және Сарайшық: Қазақ мемлекеттілігінің бастауында» атты халықаралық конференция өткіздік. Бұл ауқымды конференция облыс әкімдігі қолдауымен ұйымдастырылып, оған еліміздің түпкір-түкпірінен келген тарихшы-ғалымдардан бөлек Германия, Ресей, Түркия, Қытай елдерінен 18 ғалым қатысты. Сонымен бірге 2019 жылы 1-5 қазан аралығында Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық «Жошы Ұлысы-Алтын Орда астаналары: Сарайшық, Сарай-Бату, Сарай-Берке қалалары ізімен» атты экспедиция ұйымдастырып тарихшы, археолог, географ т.б ғалымдарды ертіп, РФ Астрахань, Волгоград облыстарында орналасқан Жошы Ұлысы астаналары – Сарай Бату, Сарай Беркені ғылыми түрде зерделедік. Осы жолы біз Ресей туристік фирмаларымен келісімге қол жеткіздік. Ал жыл аяғында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесе «Өлке тарихы және оның өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізілді. Осы жиында институт пен музей-қорық басшылары ғылыми зерттеулерді бірлесе жүзеге асыру туралы екіжақты келісім-шартқа қол қойды.

– Музей-қорық археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін құжатты иемденіпті. Бұл бағытта жүргізген жұмыстарыңыз нәтиже бере бастады ма?

– Тұнған тарихтың үстінде аяқ басып жүрген соң, әрине, беймәлім дүниеге үңілгің келетіні айдан анық. Тарихи орынды зерттеп, қазуға рұқсат беретін құжат қолымызға тиген соң, біз де көне шаһардың кей тұстарын зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізе бастадық. Бұл жұмыстардың толыққанды атқарылуына бізге Атырау облыстық әкімдігі қолдау көрсетті. Шілде айында басталған қазба жұмыстары қазан айына дейін созылды. Осы жұмыстар нәтижесінде, топырақ астынан Сарайшық қаласы қамалының (цитаделінің) солтүстік қақпасының орны, өндірістік цех орындары және толық сақталған көрхана табылды. Ерекше айта кетер жайт, осы археологиялық зерттеулер кезінде қала орнынан табылған адам сүйектерімен астаналық антрополог жұмыс істеп, жәдігерлерге ғылыми қорытынды берді. Соңында қазба орындарына сақтау-тұмшалау жұмыстары жасалды. Қараша айында «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің реставраторы Салима Жолдасова қамал (цитадель) қақпасының орнымен, бұрыннан ашылған Сарай кешені нысандарымен танысып, оларды қалпына келтіру туралы мәселені көтерді. Ол турасында Мәдениет және өнер істері департаментіне нақты ұсыныс берілді.

 – Ел тарихшылары Сарайшық қаласын Жошы ұлысы билеушілерінің, даңқты тұлғалардың пантеоны деп жатады. Осы қаншалықты рас? Оны дәлелдейтін нақты дерек көздері бар ма?

– Тарихшылар өз ойларын әрдайым бір негізге сүйеніп айтады. Тарих қойнауына үңілген сайын Сарайшықтың Алтын Орданың астанасы болғандығы айқындалып келеді. Осыны нақты деректермен негіздейтін уақыт жеткен тәрізді. Бұл – күрделі мәселе. Бұған әлі де терең зерттеулер жүргізу қажет. Осымен қоса, Сарайшық ел билеушілерінің мәңгілік мекені болғаны да нақты расталып келеді. Бұл дерек венециялық монах Фра Мауроның 1459 жылғы салған картасында бейнеленіпті. Италиялық саяхатшы өз құжатында Жайық өзенінің оң жағалауын күмбезбен белгілеп, сол орынды «Билеушілер қабірстаны» деп көрсеткен. Кейін, осы атауды нақтылайтын деректер топограф А.Е.Алексеевтің 1861 жылғы жазбаларында және П.И.Рычков, П.С.Паллас, А.И.Левшин сынды ғалымдардың еңбектерінде анық көрініс тапқан. 1937 жылы Сарайшықта археологиялық қазба жүргізген ғалым Н.Арзютов өз жазбаларында бұл орынды «Алтын орда хандарының жерленген жері» деп көрсеткен. Ал көне қаланы 1950 жылы зерттеген археолог Г.И.Пацевич өз қорытындыларында «Сарайшықта Жошы ұлысының астанасы және алғашқы Алтын Орда хандарының жерленген орны болған», – деген жазба қалдырған. Осы жылы академик Әлкей Марғұлан жетекшілік еткен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (БҚАЭ) Сарайшықта жұмыс істеді. Белгілі ғалым осы сапарнамалық жазбасында: «1524 жылы Сарайшықта қазақ ханы Қасымның қаза тауып, жерленгені қайнар көздерден белгілі» деген тоқтамға келеді. Осы деректерге қоса, әйгілі Қадырғали Жалаири өзінің «Жылнамалар жинағы» еңбегінде Қасым хан жөнінде: «Оның хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды. Ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр», – десе, ХVІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Әбілғазы «Түрік шежіресі» кітабында Алтын орда ханы Тоқтағу турасында: «Оның патшалық өмірі алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерленді», – дей келе, Жәнібек хан Өзбекұлын: «Ол он жеті жыл патшалық құрды. Сарайшықта жерленді», – деп жазады. Бұлардан бөлек, Өтеміс қажының, Абдулғаффар Қырымидің жанама деректеріне сүйенсек, Сарайшықта Жошы ханның ұлы Бату ханнан тарайтын ұрпақтары Тоқтағу, Мөңке Темірұлы, Жәнібек Өзбекұлы, Бердібек Жәнібекұлы, Тоқай Темірінен тарайтын Тоқтамыс Тайқожаұлы, Жошының Орда Еженінен тарайтын қазақ хандарының атасы Ақ орда ханы Барақ Құйыршықұлы, Қазақ хандығының билеушісі Қасым Жәнібекұлы сынды Алтын Орда хандары жерленген. Бұл бағытта түрлі тұжырымдар болғанына қарамастан, болашақта зерттеулер әлі де жалғасын табады.

 – Қасым ханның Сарайшықта жерленгенін нұсқаған құжат табылғандығы туралы сөз бар. Осы құнды деректер қайдан алынды?

– Қалың қазаққа қасқа жол нұсқаған Қасым ханның Сарайшықта жерленгенін дәлелдейтін бұл құжатты атыраулық зерттеуші-тарихшылар 2017 жылы Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу қаласына барған сапарларында олжалап қайтты. Жергілікті архивтегі еліміз турасында жазылған құжаттарды ақтарып отырып, олар 1861 жылы топограф А.Алексеев жасаған Сарайшық қаласының сызба картасын тауып алды. Орыс ғалымының құжатында көне қаланың 60 пайызы ғана сақталғаны бейнеленіп, оның бір бөлігінде ел билеушілері отырған қамалдың (цитадельдің) орны көрсетілген. Қамалдың (цитадельдің) ортасында «Аулие склеп», ал карта астында «қоршауды 1836 жылы Жәңгір хан тұрғызған» деген жолдар жазылған. Біздің анықтауымызша, бұл – Жәңгір ханның ата-бабасы атақты Қасым ханның жерленген орны. Болашақта ол жерге толық зерттеу жүргізіліп, қазба жұмыстары жасалатын болады.

 – Сарайшықта Алтын Орда хандары­ның атынан теңге соғылып, шаһарда ақша сарай орталығы болған деседі. Осы турасында не айтасыз?

– Иә, көне қалада теңге соғатын орындардың бірнешеуі болған. Оның дәлелі, қазба жұмыстары кезінде табылып жатқан теңге мен тиындардың сан алуандығы. Бүгінде қасиетті орыннан табылған теңгелердің алдыңғысы Менгу-Темір ханның (1266-1282) тұсындағылар болса, ал кейінгісі 1515-1600 жылдары сауда-саттық жасаған ақшалар. Алтын Орда нумизматикасының негізін салушы Х.М.Френнің анықтауынша, Сарайшықтың өзінде соғылған тиындардың ең көнесі Елбан ханның тұсында шыққан. Тіпті, Дервіш хан тиындарына дейін соғылған. Осымен қатар, 1359-1361 жылдары Қызыр ханның тұсында осында «Сарай әл-Жадид» атымен теңге шығарылған. Ал, 1370-1374 жылдары Сарайшық шайбанилық Айбекке бағынған тұста ақшалар Әли-қожа мен Елбан хан есімдерінің жазылуымен белгілі. Алтын орданы Тоқтамыс хан билеген жылдары оған бағынған барлық тиын соғатын орындар қайтадан билеуші хан атымен тиын шығара бастаған. Мыс және күміс тиындар Хорезмнен тыс мемлекеттің барлық жерлерінде 1,30 грамм салмақпен, ал, Хорезмнің өзінде 1,50 граммен соғылған екен. Бұдан соң, 1400-1417 жылдардағы Шайбан, Тоқа-Темір, Орда-Ежен ұрпақтарының өзара күресі кезеңінде де Сарайшықта тиын соғу үрдісі үзілген жоқ. Соғылым сапасы нашар болғанымен оның көптеп табылуы ханның экономикалық әл ауқатын анықтайды. Тиындар одан әрі Болат хан (1406-1411), Дервіш хан (1413-1420) дәурен құрып тұрған кезеңдерде де дайындалған.

 – Сөз соңында, музей-қорықтың алда атқарар басты міндеттерін және көздеген мақсаттарыңызды айтып өтсеңіз екен?

– Сенесіз бе, күні бүгінге дейін ортағасырлық Сарайшықтың мемлекеттік қорғау аймағы анықталғанымен арнайы бекітілмеген. Былтыр осыған орай «Қазқайтажаңғырту» мекемесі мамандары жасаған қоршау аймағының жобасы Атырау облысы әкімдігіне жіберілді. Биыл осы мәселе шешіледі деген үміттеміз. Сонымен қатар, көне қаланың орнын бөгде адамдар мен мал кірмейтіндей етіп түгелдей қоршап, бақылауға алу бағытында жұмыстар жүргізуіміз керек. Ол тарихи ескерткіштің бұзылмауын қамтамасыз етер еді. Осыдан соң, ұлы тұлға — Қасым ханға ескерткіш орнату мәселесін де, Жайық жағалауынан табылған цитадельдің солтүстік қақпасын қалпына келтіруді де негізгі жоспарымызға енгізіп отырмыз. Әрине, жұмыстар легі бірінен кейін бірі шығып жатыр. Олардың қатарында министрлігіміз бен Атырау облысы әкімдігі жоспарындағы Сарайшықта Сапар орталығын тұрғызу жоспары жүзеге асса нұр үстіне нұр болар еді. Бәрін ғылыми негізде жүргізуді көздеп отырмыз. Сәтін салса бәрі ретке келер.

 –Иә, істеріңізге сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге  рақмет.

 

Сұхбаттасқан
Мұратбек ЖАҢАБАЙ,

Журналист

 Сарайшықтың он кереметі

 Сарайшық – Азия мен Еуропаны байланыстырған алтын көпір, ұлы Жібек Жолының маңызды, ірі нүктесі.
Ол – Қытай, Үндістан мен Қара теңіз аралығын байланыстырған көне шаһар.

 Сарайшық – ортағасырлық қолөнершілер орталығы. Қалада қолөнер жасау жоғары деңгейде дамыған. Қыштан құмыра түрлері, су жүретін құбыр жасалған.

 Сарайшық – ислам дінін Алтын орда империясының мемлекеттік діні етіп бекіткен қала. Асыл дініміздің кең қанат жаю кезеңі Өзбек ханмен байланыстырылады
(1280-1341 жж.).

 Сарайшық – Жошы Ұлысы – Алтын Орда билеушілерінің кіші сарайы. Көне шаһарда 50 мыңға жуық тұрғын мекен еткен.

 Сарайшық – ХІV ғасырда-ақ озық технологияларымен әлемге танылған қала. Мұнда Бағдат қаласындағыдай «жүзбелі көпір» қызмет еткен.

 Сарайшық – Жошы Ұлысы – Алтын Орда, Қазақ хандығы, Ноғай ордасы билеушілерінің пантеоны. Қалада Алтын Орда хандары Тоқтағу Мөңке Темірұлы (1290-1312 жж.), Жәнібек Өзбекұлы (1342-1357 жж.), Бердібек Жәнібекұлы (1357-1359 жж.), Тоқтамыс Тайқожаұлы (1350-1406 жж.), Қазақ хандарының атасы Ақ орда ханы Барақ Құйыршықұлы (т.ж. белгісіз-1428 ж.), Қазақ хандығының билеушісі Қасым Жәнібекұлы (1445-1518 жж.) жерленген. Одан басқа көпте­ген Ноғай мырзалары мен бектері де осында жерленген.

 Сарайшық – Алтынордалық ақша сарайымен белгілі болған қала. Шаһарда Қызыр ханның (1359-1361 жж.), Елбан ханның (1374 ж.), Болат (1406-1411 жж.), Дербіш (1413-1420 жж.) хандардың теңгелері соғылған.

 Сарайшық – Ноғай Ордасының астанасы. Ол Едіге (1352-1419 жж.) би тұсында күшейіп, Нұрадын бидің билігімен танылды.

 Сарайшық – Қазақ хандығының астанасы. Қасым хан (1511-1521 жж.) тұсында халқы 1 миллионға, әскері 300 мыңға жетіп, әлемге танылды.

 Сарайшық – атақты тұлғалардың кіндік қаны тамған жер. Қалада Қазан хандығының 1549-51 жылдардағы билеушісі Сүйімбике ханым (1516-1554 жж.), Қасым (Касимово) хандығының ханы, Ондан сұлтанның ұлы Оразмұхаммед сұлтан (1573 -1610 ж.ж) және де өзге де тарихи тұлғалар дүниеге келді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір