Ләйлі-Мәжін (поэма)
16.02.2020
1273
0

Әлішер Науаи түркі жұртына ортақ

Шығыстың кемеңгер шайыры, өзбек халқының ұлы ойшылы Әлішер Науаидың әйгілі Хамсасының «Ескендір қорғаны» дастанын осыдан көп жыл бұрын қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлы көне өзбекшеден (шағатай) аударып, туған тілімізде сөйлеткен болатын. Ақын өткен жылы Хамсаның келесі бір дастаны – «Ләйлі-Мәжінді» де шебер аударып шықты. Хамса деген парсы тілінде «бес дастан» немесе «бес кеніш» дегенді білдіреді. Әлішер заманында Шығыстың ұлы ақындарының бәрі іштей бір-бірімен жарысқа түсіп хамса жазған. Парсы тілінде «Хамсаның» алтын сарайын тұрғызған Әлішер Науаидың тікелей ұстазы Абдрахман Жәми және Гәнжәуи Низами, Әмір-Хұсырау Дехлевилерден соң әдебиет тарихында ғаламат көркем ғимарат соққан ұлы шайыр – Әлішер Науаи! Көрнекті ғалым, әдебиет сынының білгірі Сауытбек Абдрахманов Науаи туралы мақаласында: «Академик С.Е.Малов шыққан түп-тегін « он был тюрк-барлас-чагатай» деп анықтаған Низамеддин Мір Әлішер Науаи – біздің ортақ бабамыз, ортақ мақтанышымыз!» – деп жазды. Сондықтан Әлішер Науаидың асыл мұрасы қазақ халқының да қасиетті төрінде… Халықаралық Түркі академиясы осы екі дастанның басын қосып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғы сөзімен, «Хамса» деген атпен үлкен кітап етіп жарыққа шығарды. Төменде ақын Несіпбек Айтұлын көп жылғы еңбегімен құттықтай отырып, кітаптың алғы сөзімен қоса махаббат дастанынан үзінді ұсынуды жөн көрдік.

 Алғы сөз

Ежелден бір дарақтың көлеңкесіне саялап, бір дарияның кәусарынан нәр алған көршілес қазақ пен өзбек халықтарының бауырластығы мен достығының алтын тамыры тереңде.

Тәуелсіздік алғалы бері екі елдің ынтымақтастығы жан-жақты дамып, жаңа белеске көтеріліп, уақыт туғызған талаптарға сай соңғы жылдары тіптен қарқын ала түсуі – тілі, ділі, діңі бір туысқан халықтардың ортақ арман-мұратының жарасымды тоғысуы. Осы орайда Қазақстан Республикасында «Өзбекстан жылы», ал Өзбекстан Республикасында «Қазақстан жылының» ресми аталып өтуінің жас ұрпаққа беретін тағылымы мол.

Миуалы бәйтерек сынды Науаи мен Абайдай алып тұлғалардың мирасы еншісі ортақ екі елді жақындастырушы бірегей рәміз қызметін атқарып келеді. Ұлы ақын Абайдың рухани ұстазы болған Әлішер Науаи өзінің ана тілінде классикалық поэзияның сан алуан озық үлгілерін тұңғыш сомдап, күллі түркі әлемінің жарық жұлдызына айналған данышпан. Шайырдың түркі өлеңінің әсемдігін әлемге танытып асқақтатқан әйгілі бес дастаннан тұратын «Хамса» туындысы адам мен оның ар-намысы, махаббат пен ғадауат, мемлекет мен халықтың үйлесімі секілді ділгер тақырыптарды қозғап, адамзат баласын парасат пен ізгіліктің шуағына бөлеумен келеді.

Халықаралық Түркі академиясы рухани ықпалдастық аясында түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетінің, тарихы мен өнерінің кешенді зерттелуіне, жүйелі насихатталуына аса жауапкершілікпен серпінді үлес қосуда.

Академияның осы бағыттағы жобасы аясында дайындалған, Әлішер Науаидың «Хамса» шығармасының қазақ тіліндегі көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы аударған қос дастаны руханиятқа қосылған бағалы олжа болары анық.

Лайым, ұлы шайырдың жауһар жырлары жас ұрпақты отансүйгіштік пен достыққа, адалдық пен парасатқа баурай берсін!

Қ.К.Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті

Жиырма үшінші тарау

Мәжіннің Арман тауына көтеріліп,

Ләйліні еске алып,

қарақұйрықты жырға қосуы.

 

Дерттінің ішкі сырын кім аңдайды?

Өтпеген өз басынан біле алмайды:

 

Атқан таң шыққан күнге тез ұласты,

Жаралы Ибн-Сәлім көзін ашты.

 

Жарамай жарасымен алысуға,

Жүдеді тұрған гүлдей сарысуда.

 

Қалған соң аман-есен бұл жалғанда,

Былай деп бұйрық қылды тұрғандарға:

 

«Сауықсақ қайда барар, табылар қыз,

Қайтайық, әзірге оны не қыламыз?».

 

Салып ап қозғалған көш зембілге оны,

Бел асып кете барды енді ілгері.

 

Ләйліні күзеткендер сөзге айналды,

Кеткенін-келгенін де сезбей қалды.

 

Үрпиіп, өңі қашып бозарды да,

Сүйгені келе берді көз алдына.

 

 

Мәжіннің сезіледі оған демі,

Ақ таңның ескен сайын самал желі.

 

Күтіп тұр махаббаттың мың қатері,

Кесесі өмірінің уға толы…

 

Кездесу деді Мәжін сәтті қандай,

Қауышу одан да артық тәтті балдай.

Көрмеген махаббаттың балын татып,

Отырды өзін-өзі таңырқатып.

 

Өртенді мұң отына шөп сияқты,

Рахат бұдан артық жоқ сияқты.

Тартса да қаншама күн мұңлы азапты,

Сезінді енді ғана шын ләззатты.

 

Арылып бойындағы бар қасірет,

Арудың демін жұтты алғаш рет.

 

Тағдырдың жұмбағы көп бір ісі бар,

Білдірмей балмен қоса у ұсынар.

 

Шығарды түскенде ауыр жанға қысым,

Қайғының іште жатқан жолбарысын.

 

Орнынан қозғалмайтын сан барсаң да,

Жөнелді үміт үзіп Арман тауға.

 

Заңғары Арман таудың қара мұнар,

Аспанның қабатындай алабы бар.

 

Сыйынып жалғыз ғана Алласына,

Шыңдардың көтерілді ең басына.

 

Қорғамақ айдың бетін мына тұрған,

Азулы барыстардан тік атылған.

 

Таулардың билік құрған шың-құзына,

Қарады ол Арыстан жұлдызына.

 

Барыстар Арыстанға шабады бос,

Тауешкі жұлдызымен Арыстан дос.

 

Қаһарлы таудың үсті жап-жалаңаш,

Өспейді мұнда мәңгі гүл мен ағаш.

 

Шыңдардың ұшар басы бейне найза,

Қалқаннан аумай қалған толған ай да.

Тау тастар Құдай қойған қатпар-қатпар,

Аспанға шығаратын баспалдақтар.

 

Бұл таудың ең биігін қаһар төккен,

«Махаббат шыңы!» деп жұрт атап кеткен.

 

Шыға алмас мүскін пенде мына тауға,

Тас атар жолдан тайған күнәһарға…

Өрмелеп өліп-талып қаталап тым,

Шыңына шықты шаршап махаббаттың.

 

Заңғардан көзі талды қарай-қарай,

Көрінді бүкіл әлем шарайнадай.

 

Алдына келе қалды бәрі жайнап,

Туған жер, туған үйі, ауыл-аймақ.

 

Аң мен құс көрінді өр мен еңістегі,

Малменен қатар өрген өрістегі.

 

Ләйлінің тұрған үйін танып жазбай,

Қатты да қалды содан көзін алмай.

 

Заматта қайғы-мұңы жеңілдеді,

Дертіне ем тапқандай көңілдегі.

 

Көрді де шұбап ұшқан көк түтінін,

Жүрегі аласұрған тапты тыным…

 

Жанарға ілінгенде шаңырағы,

Аһ ұрып, өз-өзінен аңырады.

 

Қасқырлар көкке қарап тынбай ұлып,

Маңында жабайы аңдар жүр жайылып.

 

Хайуандар тұс-тұсынан келді қаптап,

Тұрғанын білмесе де сандырақтап.

 

Ұшуға көк аспанға мәңгі құштар,

Шуылдап қасына кеп қонды құстар.

 

Адамша жетпесе де аңға тілі,

Осылар жалғандағы ең жақыны.

 

Күтетін жан досындай күнде асыға,

Айналды қарақұйрық мұңдасына.

 

Ол сондай сүйкімдісі аң біткеннің,

Демейді Мәжін қайдан қаңғып келдің?

 

Салғандай қыл қаламмен дәл мүсінін,

Нышаны шын махаббат белгісінің.

 

Мөлдіреп қарақаттай қара көзі,

Аңдардың жұлдызындай жанады өзі.

 

Жанындай жақсы көріп сол себепті,

Құшақтап, сүйіп-құшып еркелетті.

 

Аялап, сылап-сипап үсті-басын,

Көзінің құлағымен сүртті жасын.

 

Таң атса, мұңдасумен күн батырып,

Жанына медеу болды бұл мақұлық.

 

Тебіренбей қылығына тұра алмады,

Елжіреп ет жүрегі жыр арнады:

«Мұңдасы жалғыздардың серігім-ай,

Мен үшін жаратқандай сені Құдай!

 

Мұңлыға сая болған көлеңкесі,

Өзіңсің нәзік жанды тау еркесі.

 

Қарасам жанарыңның тұнығына,

Қызығам судан таза қылығыңа.

 

Қосқан жоқ сені маған босқа сірә,

Әдемі маңдайыңның қасқасы да.

Таулардың теріп жейсің гүлін кейде,

Қып-қызыл қызғалдақтай тілің бейне.

 

Сүйсінем мөлдір суды ішкеніңде,

Маржандай жіпке тізген тістерің де.

 

Жүрген соң биік таудың бұлтын жарып,

Тұрады мүйізің де дымқылданып.

 

Мәңгілік бір-біріне қосылмастай,

Көздерің құдіретті асыл тастай.

 

Жанарың менен басқа кімге айта алар,

Күші бар асыл тастың у қайтарар.

 

Көрмесем сені дертім тереңдейді,

Көзіңнің өткір нұры мені емдейді.

 

Көзіңнің сиқыры бар мың құбылған,

Іздесем табылмайды бұл ғұмырдан.

 

Ләйлінің елесі бар бір ғажайып,

Қаламын көрген сайын нұрға байып.

 

Іздері тасқа түскен тұяғыңның,

Маздатар жаққан отын қиялымның.

 

Жырласам тұяғыңды емес бекер,

Ақ қағаз, көк сияны елестетер.

 

Сүйріктей сирақтарың сүп-сүйкімді,

Қаламдай төрт бөледі түн ұйқымды.

 

Ынтық қып сүйгеніңе Хақ Тағалам,

Қолыңа хат жазар ең берсе қалам!

 

Таудан түс, досым менің, Ләйліге бар,

Жеткізіп менен оған жайлы хабар.

 

Қарамай тұншықса да шаңға дала,

Алыстан бақыларсың, көп жолама.

 

Керек жоқ одан басқа түк те маған,

Көзіңді сала берме тіктеп оған.

 

Тілегін жүрегімнің сен ұғарсың,

Қайтсең де ебін тауып жолығарсың.

 

Барарсың шатырына сәл жақындап,

Көрерсің үй сыртынан сонда тыңдап.

 

Сол сәтте бола алмаймын өзіңдей мен,

Сөнеді жанарыңнан менің бейнем.

Көзіңді дидарына сала көрме,

Жата қап аяғын сүй қара жерге.

 

Тіліңмен ізін сүртіп дос болғайсың,

Дауысын үйіріңнің еске алғайсың.

 

Жолдаған сенен сәлем бишара мен,

Ыңылдап білдіргейсің ишарамен.

 

Қайғыдан қабырғамның бәрі сынды,

Маңырап жеткізгей жан дауысымды!».

 

Жарадай жанға маза тапқызбаған,

Осылай мұң мен зарын жеткізді оған.

Шыңдардың шуға толды үсті мүлде,

Сөйлесті құстарменен құс тілінде.

Мұңайып мұңын шағып махаббатқа,

Үздігіп жүрек сөзін жазды хатқа.

 

Өртеніп күйіп-жанып жан отына,

Құстардың байлады оны қанатына.

 

Аң мен құс тауда барда өлмес енді,

Сол таудан ұйытқи соққан желге сенді.

 

Есіне түсті өткізген сәтті түні,

Ләйлінің от құшағы, тәтті тілі.

 

Кетеді соны ойласа салы суға,

Сағынып адамдардың дауысын да…

Мәңгілік сүйгеніңмен болмасаң да,

Кездессең бақыттысың анда-санда.

 

Шаршаумен шартарапты шиырлаған,

Ол бақыт мен пақырға бұйырмаған…

 

Жиырма төртінші тарау

Мәжіннің әке-шешесінің қалай

қайтыс болғаны, бұл жағдайды

оның түсінде көруі және

марқұмдардың басына баруы

хақында.

 

Қозғаса ішкі дерті жанын кімнің,

Төгеді зарға толы әнін бір күн:

 

Таң ата жұрт дүрлігіп айғайлады,

Шошынып ата-анасы қайғы ойлады.

 

Естіді жай түскендей ашық күнде,

Мәжіннің кеткендігін қашып түнде.

 

Өлімнен тірі жанға ұят күшті,

Еңіреп екі бейбақ құлап түсті.

 

Кеткендей лапылдаған отқа кіріп,

Әкесі қалды содан қатты ауырып.

 

Жан тері қиналғаннан сорғалады,

Секілді ажалының сол хабары.

 

Жиналды бәлігер де, дәрігер де,

Болмады ешбір көмек бәрінен де…

 

Бір пенде құлап түсіп қатардағы,

Айналды таусылуға татар дәмі.

Дәріге ауыр дерті дес бермеді,

Аяқтан алған ажал төске өрледі.

 

Айқасып, арпалысып өмір-өлім,

Қап-қара түнек басты төңірегін.

 

Ем-домның жасаса да не түрлісін,

Кетеуін бейшараның кетірді шын.

 

Ол кезгі дәрілердің дәрмені жоқ,

Сырқаттың жазылғаннан өлгені көп.

 

Келді де әзірейіл жанын алды,

Бес күндік боқ дүниенің бәрі қалды.

 

Бір күні сөне қалса жанған шырақ,

Таппайды адам жаны тәннен тұрақ.

Қалың ел қала берді қара тұтып,

Тірі өлік кемпірі отыр қайғы жұтып.

 

Қойғандай тағдыр басын тасқа тіреп,

Қосылып күйдіреді қос қасірет.

 

Жұбатып шашы ағарған сол жесірді,

Сұңқылдап жоқтауына жел қосылды.

 

Бақытсыз байқұс ана сыртқа шығып,

Қоштасты бұл пәнимен жіпке асылып.

 

Соңынан күйеуінің ол да кетті,

Өмірден ұлын жоқтап зарлап өтті.

 

Қос өлім қалың елге ауыр тиді,

Қайғының күйген иісі қоңырсиды.

 

Үңірейіп соңдарында төрі қалды,

Мәңгілік тыныштықтан орын алды.

 

Демеген қаңғыса да қажып жүрмін,

Түс көрді ұйықтап жатып Мәжін бір күн:

 

Түсінде қос көгершін кез келіпті,

Шығарып бір балапан мәз болыпты.

 

Жетілді қанаттанып асыл көркі,

Сонда тек ата-ананың есіл дерті.

 

Өмірде сан мыңдаған зарлы құс бар,

Жас кептер шөл далаға болды құштар.

 

Қиырға қанат қағып бұл адасты,

Соңынан ата-анасы қуаласты.

Ұқпады айғай салып «тоқта!» деді,

Зарлады қос көгершін жоқтап оны.

 

Қарасын көрсетпеді жоғалғалы,

Сағынып ұясына оралмады.

 

Сандалып іздеп жүрген ата-ананы,

Мерт қылды түздің жыртқыш жапалағы.

 

Шошынып мына түстің сыңайынан,

Сұрады Мәжін медет құдайынан.

 

Көшті де ойдың тура төтесіне,

Жорыды шешесі мен әкесіне.

 

Қарамай аттай шауып тау мен тасқа,

Еңіреп екі етегі толды жасқа.

 

Жалынып, жалбарынып жалғыз Хаққа,

Жолықты келе жатып көп зиратқа.

 

Көре сап қос қабірді жаңа көмген,

Көрісті құшақтасып қара жермен.

 

Жамылған топырақтан қалың қайғы,

Марқұмдар енді ешкімге жалынбайды.

 

Қаптаған қаралы шөп көрдің басы,

Суарған сорғалаған көздің жасы.

 

Басында шешесінің қайғылы гүл,

Білмейді өсіп шықты қай күні бұл?

 

Мүлгиді екі бірдей сөнген шырақ,

Тірілер кетпесін деп дандайсырап.

 

Зираттың өлгендерге керегі не,

Тірілер еске алады көреді де.

 

Мәңгілік көрдің іші тас қараңғы,

Есіктен кіргізбейді басқа адамды…

 

Маңдайын жерге Мәжін ұрғылады,

Бір тұрып, бір отырып, бір құлады.

 

Қысылып күрсінеді көкірегі,

Булығып, бармақ тістеп өкінеді.

 

Сол сәтте жер сілкініп, тау жарылып,

Кеткендей бүкіл дүние аударылып.

 

Қайғысы қара судай жардан асты,

Басында әкесінің зарға басты:

 

«Арабта бір өзіңнен жан асқан ба,

Қол жетпес шығып кеттің көк аспанға!

 

Атыңды өмір бойы салып өрге,

Қамқор боп қайыр қылдың қалың елге.

 

Сен үшін жоқ мейірім шекарасы,

Риза Мекке менен Шам арасы.

 

Пір тұтты жақсы-жайсаң қасыңдағы,

Мен болдым қасіретің басыңдағы.

 

Көп үміт күтіп едің шыныменен,

Кешіргей, жеттім сенің түбіңе мен.

 

Мен үшін қазынаңды шашып-төктің,

Мен сені азапқа сап қашып кеттім.

 

Мен саған күткен бақыт бола алмадым,

Айналды белгі тасқа ол арманың.

 

Қайғырдың мен қашты деп сен далаға,

Тұз септім дуылдатып жан жараңа.

 

Тоқ болғың келіп еді, ашықтырдым,

Көңіліңді жұрт алдында жасыттырдым.

 

Іздеп ең алмас қылыш таптырмады,

Тағдыр ол талабыңды жақтырмады.

 

Қаңғырдың қараңғыда шырақ іздеп,

Жып-жылы жарық үйде тұрамыз деп.

 

Іздедің басқаны емес мені ғана,

Қайғыдан күйіп кеткен жаны қара.

 

Түнекке өміріңді айналдырдым,

Өртедім, ошағыңды ойран қылдым.

 

Дүниеде екі бірдей күнәлімін,

Алдыңда айыбымды жуады кім?

 

Жолыңды ұлың болып қуа алмадым,

Қайтемін, жазғаны осы бір Алланың?».

 

Бұршақтап жанарынан жас төгілді,

Өз-басын өзі жұлып таспен ұрды.

 

Басында анасының еңіреді,

Бақида жатқан адам не біледі?

 

Соқты да қара дауыл қасіретті,

Үстінен зілдей қайғы басып өтті.

 

Ойламай амандығын өз басының,

Көлінде өзі жүзді көз жасының.

 

Аңсаған, сағынышы жан ананы,

Балықтай шыжылдатты табадағы.

 

Түскендей аспан құлап басына тап,

Зарлады шешесінің атын атап:

 

«Сен едің жүрегімнің жұбанышы,

Сен едің көңілімнің қуанышы.

 

Бақша едің, шөл дала ғып құлазыттым,

Қағба едің, шіркеуге мен туа зыттым.

 

Рахат өміріңді азап еттім,

Қағбаны сағат сайын тозақ еттім.

 

Қағбамды өртеп тындым ақырында,

Уа, Құдай, зауал төндір пақыр ұлға?!

 

Сен – ұлутас! Гауһардай көріп мені,

Ішіңе Құдай салып дәріптеді.

 

Кінәрат болса сенің құрсағыңда,

Сөнер ем, туа шөгіп сол шағымда.

 

Мен сенің аспандағы болдым айың,

Жете алмай көкірегіңе толды уайым.

 

Тербетіп бесігімді өзің менің,

Төрт бөліп түн ұйқыңды көз ілмедің.

 

Мен үшін ғұмырыңды сарп қылдың,

Білмедім қадіріңді зарықтырдым.

 

Жылыттың мұздай қалса аяқ-қолым,

Жаныңды көрмедім-ау аяп сенің.

 

Түсірмей от пен суға бағып-қақтың,

Мен бірақ тіліңді алмай лағып бақтым.

 

Мені ойлап ас өтпеді тамағыңнан,

Ешнәрсе аямадың жаман ұлдан.

 

Беліңді азапқа сап бүгілдірдім,

Жалғаннан жаныңды ерте түңілдірдім.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір