Абайдың сол кітәбі қайда екен?
«Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы».
Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан
Осы сауалдың алдымнан шығарын күтпеген едім. Себебі, бұл әңгіме әлдеқашан жабылған деп ойлағам. Сөйтсем, жабылмапты. Ал бұл әңгіменің түбі тым әріге кетеді. Әрі болғанда, осы сауалды қойып отырған (бәлкім, қойып кеткен) ақын, этнограф-жазушы, журналист Аманжан Жақыпов ағамызбен 1995 жылдың көктемінде жүздескен сәтімізден бастау алады…
Иә, басынан бастайын. Тәуелсіздіктен кейінгі ала-көбең кезең. Жартылай ашқұрсақ болсақ та, ел-жұрттың көңілі көтеріңкі. Бұған дейін саясат бұғауында болған ел билеген хандарымыз, қол бастаған батырларымыз, сөз бастаған жырауларымызды жаппай түгендеп, ұлан-асыр той көбейген шақ. «Той – халықтың қазынасы» деп білетін қазақ ешқашан да тойды көпсінген емес. Сол тұста халықаралық ең беделді ұйым ЮНЕСКО қолдап, Абайдың 150 жылдығы да дүбірлетіп кеп қалды. Енді, бұған дейінгі өткен тойлар бір бөлек те, бүкіл адамзаттың ойшылы атанған Ұлы ақынның тойы бір бөлек қой. Үкіметтік деңгейде қолға алынған дайындық шараларына ғалымдар өз зерттеуін ұсынып, әдебиетшілер ақынның шығармаларын қайта бастырып, қаламгерлер естелік жазып дегендей, мерейтойға әркім шама-шарқынша үлес қосуға атсалысып жатты.
Мамырдың мамыражай күндерінің бірінде, студент кезден бірге келе жатқан досым, жас ұстаз, аудармашы Мақсұтхан Жақыпов телефон шалды: «Ауылдан әкем келіп еді, өзіңде бір шаруасы бар екен. Менің жатақханама соғып кетсең қайтеді?».
Бұрын Мақаншы жаққа барып-келіп жүргенде, бірер мәрте аудандық газетте көргенім болмаса, емен-жарқын тілдеспеген Аманжан Жақыпов ағамыздың текке іздемегенін біліп, жұмыстан соң кештетіп, Шет тілдер университетінің Шевченко көшесіндегі аспиранттар тұратын жатақханасына келдім. Аядай бөлмеде дастархан жасаулы тұр. Ауылдан келген сүр ет пен қазының исі мұрын жарады. Ақсұр өңді, орта бойлы, тарамыстау келген отағасы жайдары қарсы алды. Қасында ұлы мен келіні ғана бар екен.
– Ассалаумағалейкүм!
– Әликсалам! Жоғарылат. Інілеріме дәм татырайын деп, қысқы соғымның сыбағасын ала келдім, – деп, қазақы бауырмалдығын да танытып жатыр. Бұрын мән бермедім бе екен, алпыстың асуына енді шыққан қаламгер ағамыздың самай шашы ағарып қалғанын байқадым.
Астан кейінгі негізгі әңгіме алда келе жатқан Абайдың тойына дайындықтар төңірегінде өрбіді.
– Мен өзі бұрыннан, студенттік кезімнен Абаймен ауырғанмын ғой. Жазған-сызғандарым да жетерлік. Менің ізіммен келе жатқан мына Мақсұтхан да «Абай» энциклопедиясын жасасуға қатысыпты. Жап-жақсы шығарған екен. Көлемді еңбек. Бірақ әлі толық қарап шыға алмадым, – деді Әбекең мейірлене.
«Әке балаға сыншы» деп бекер айтылмаған ғой, үнінен шығармашылық іске араласа бастаған талапкер ұлының алғашқы қадамына деген ризашылық сезімі білінеді. Ағаның бұл айтып отырғаны Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына орай Зәки Ахметов, Мекемтас Мырзахметов, Рәбиға Сыздықова, Мұхтар Құл-Мұхаммед сияқты басқа да қабырғалы ғалымдардың қатысуымен «Қазақ энциклопедиясы» әзірленіп, «Атамұра» баспасынан жарық көргені туралы еді. Оның ерекшелігі – бұрын тек мемлекеттік баспалар ғана шығаратын мұндай ғылыми-энциклопедиялық еңбек жеке баспадан тұңғыш рет шығып тұр. Тәуелсіз қазақ елі тарихындағы тосын жаңалық! Қалыңдығы бес елі осынау сүбелі еңбектің редакциялық алқа тізіміндегілер қатарында өз баласының ныспысы тұрғанына әке ретінде мақтануға Аманжан аға хақылы да еді.

Иманғали Тасмағамбетовке жазылған хат
– Бүгін өзіңді шақыртқанымның мәнісі былай, Қайым-Мұнар бауырым, – деді ол сосын негізгі айтарына көшіп. – Мен көптен бері он ойланып, жүз толғанып, көзімнің ағы мен қарасындай сақтап келген аса қымбат бір дүниемді ел Президентінің қорына тапсырсам деп отырмын. Соны ақылдассақ.
Аманжан аға терезе жақтағы сандықша үстінде тұрған қара портфельді алып, асықпай ашты. Ішінен мұқабасы әбден ескіріп, тоза бастаған бір қоңыр кітапты шығарып, оң алақанымен аялай сипады.
– Бұл менің жарты ғасырдан бері бойтұмарымдай болып, өзіммен бірге келе жатқан ең асыл қазынам – Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербург қаласынан шыққан түпнұсқа кітәбі. Бұл ғажайып кітәп енді тұтас еліміздің ортақ игілігіне айналуы тиіс деп шештім. Осы уақытқа дейін өзіміздің қалталы ағайындар мен шетелдіктер қаншама рет қомақты қаржы ұсынып, сұрады. Бермедім. Егемен елімнің төрінде, Президенттің Орталық мұражайында тұратын асыл жауһарымызды ешқандай ақшаға айырбастай алмайтынымды айттым.
Әңгіменің мәнісін енді ұға бастаған сияқтымын. Маған қолқа салып отырғаны – сол уақытта елдегі өзгерістер мен еркіндіктің алғашқы толқынымен Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінде жұмыс істеп жүрген кезім еді, ауылдан арнайы келген ағамыздың көңіліндегі үмітін үзгім келмеді.
– Абай мерекесінің қарсаңында бұл ұсынысыңыз өте орынды екен, аға. Ойланайық. Ертең әкімшіліктегі бер жақтағы басшылармен сөйлесіп көрейін. Сосын Сізге хабарласам.
Бұл енді, шынымен өте жауапты өтініш болғандықтан, ойлануға тура келді. Белгіленген қатаң тәртіп бойынша Президентке қатардағы қызметкерлер өз бетімен кіре алмайды. Ал, тікелей бастығым, сол кездегі Баспасөз хатшысы ауызекі тілдескенімен, қазақ тілін терең білмейтін және қазақи ортадан бойын аулақ ұстайтын, шетте оқып, шетте өскен тік мінез жан еді. Сондықтан оған ұлттық мәселелер туралы бірдеңе айтудың өзі артық болатын.
Кенет, ойыма әкімшілікке келіп-кетіп жүретін белгілі ғалым, абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі Қайым Мұхамедханов түсті. Мерейтой қарсаңында абыз ақсақалға үкіметтен үй беріліп, Алматыға көшіп келген еді. Абайтануға байланысты бұрын айтылмай келген тың жаңалықтарын, естеліктерін жариялап, ақынның екі томдық академиялық жинағын текстологиялық жағынан әзірлеуге көмектесіп, тыным таппай жүретін. Үйіне телефон шалып, ақылдасатын бір әңгімеміз бар деген соң, «Қазір «Қазақ әдебиеті» газетіне бара жатырмын, сол жерге келе ғой», – деді. Бардым. Жағдайды естігеннен кейін, кәдімгідей қуанып қалды.
– Рас болса, бұл өте үлкен жаңалық екен! Абайдың бұл жинағы 1909 жылы Петербор қаласында Бораганскийдің баспаханасында басылып шықты. Ақынның мұраларын жинақтап, баспаға дайындауды Кәкітай мен Тұрағұлға тапсырған адам Әлихан Бөкейханов болатын. Ал қолжазбасын атақты Мүрсейіт Бікеұлы деген молда көшірген. Сапасы, әрине, аса жақсы деп айта алмайсың. Сонда да, тарихымыздан ойып орын алатын, өте сирек кездесетін кітәптің табылғаны, шынымен, сүйінші сұрайтын жаңалық!
– Қайым аға, бұл жинақтың қанша данасы сақталғанын білесіз бе?
– Білуімше, бесеу-ақ болар. Екеуі Алматыдағы Ұлттық академия мен Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында, біреуі Семейдегі Абай музейінде тұр. Анау Мәскеу мен Ташкенде бір-бір данасы бар болатын. Ал Аманжан ұстап жүрген мына кітәп туралы естімеппін.
– О кісіні біледі екенсіз ғой?
– Білгенде қандай! Ақындығы да, жазушылығы да қатар танылған қабілетті жан. Әсіресе, Әсеттің (Найманбаевтың – авт.) шығармашылығы туралы жазған көркем әдеби зерттеулері керемет. Облыстық газетте жарияланғандарын тұшынып оқығам. Өзімен Семейде, Мақаншыда бірнеше мәрте кездескенбіз, – деп, Қайым аға Аманжан ақынның қаламгерлік қырын бір кісідей білетінін, әрі жоғары бағалайтынын аңғартты.
– Ал, сенің өтінішіңе келсек, бұл кітәпті мен Нұрсұлтан Назарбаевқа бере алмаймын. Президенттің қабылдауында жақында ғана болғам. «Абайдың шәкірттері» деген өз кітәбімді сыйладым. Енді қашан қабылдары белгісіз. Сен, ең дұрысы, бұл туралы Иманғалиға айт. Ол осы мерейтойды ЮНЕСКО көлемінде тойлауға өзі мұрындық болып, енді жоғары дәрежеде өткізудің басы-қасында жүргенін жақсы білесің. Барып, сөйлескенің жөн.
Ғалым ағамыздың бұл ақылы да көңілге қонымды еді. Айтқандай-ақ, Президент әкімшілігіндегі бір жиында Иманғали Тасмағамбетовты кездестіріп қалып, мән-жайды түсіндірдім. Тізгін тартып, ел басқаруға араласқалы бері қазақ руханиятының басы-қасында жүрген, халқымыздың көне мұраларын өзі де зерттеп, жинақтап, кітаптар шығарып, өзгелердің де еңбектерін мұқият зерделеп отыратын көшелі басшы елең ете түсті. «Жазушы ағамызды осындай уақытта маған ертіп кел», – деді, сөзге келместен.
Ол кезде Үкімет басшылары ескі алаңдағы ғимаратта еді. Вице-премьер министр Иманғали Тасмағамбетовтің кабинеті Панфилов көшесі жағындағы ортаңғы қабатта екен. Келісілген уақытта, түс қайта Аманжан Жақыпов аға екеуміз қабылдау бөлмесінде отырдық. Бастықтың көмекшісі, жас шамасы отыздың үстіндегі Аманияз Ержанов көп сөйлемейтін, біртоға, биязы жігіт. Бізбен қысқа сәлемдесті де: «Шеф таңертең кеткеннен әлі келген жоқ. Күтесіздер ме?» – деді. Еліміздегі бүкіл идеология саласына тікелей жауапты мемлекет адамының мерейтойдан өзге де қат-қабат шаруасы толып жатқанын жақсы түсінеміз. «Күтейік» деп шештік.
Алматының күнбатыс бетіндегі Абай ауылына таяуда көшіп келген Аманжан аға қала тірлігіне әлі үйрене алмай жүргенін айтып, сағаттап тостыратын қоғамдық көліктерге ренжіңкіреп отырды. Ол кісінің шаршаңқырағанын сезіп, төмендегі буфетке апарып, шай әпердім. Көңілін аулап, әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғап, фоэде ұзақ уақыт отырып қалдық. Сөйтіп, сағат тілі кешкі бестен асқанда, Аманияздың кабинетіне қайта бас сұқтық.
– Иманғали Нұрғалиұлы бүгін келе алмайтынын ескертті. «Егер, қарсы болмасаңыздар, әкелген кітабын қалдырып кетсін, қараймын», – деді.
Мен Әбекеңе қарадым. Ол кісінің өзім дегенге өзегін жұлып беруге дайын, әрі сондай сенгіш жан екенін бір-екі көргенде-ақ байқағам. Сөзге келген жоқ, жарты ғасыр бойы жұрт көзінен тасада сақтап келген Абайдың қастерлі шығармасын портфелінен алып, Аманияздың қолына ұстатты.
– Иманғалиға аманат, жарығым! Президенттің өз қолына тапсырсын! Дұғай сәлем айтарсың…
Арада бір апта өткен соң, Аманиязға қайта барып сұрағанымда: «Имекеңе өтініштеріңізді айттым. Кітапты бердім. Алаңдамаңыздар!» – деп, сенімді үнмен шығарып салды. Өзім кездейсоқ куәсі болған, бүгінде Абайдың 175 жылдығына байланысты қайта жаңғырып отырған сол бір уақиғаның қысқаша мазмұны осындай еді.
– Қақа, мына бір хат әкеміздің архивінен шықты. Оның анық-қанығын өзің біліп бермесең, біз ұшығын таба алмай отырмыз, – деп, жуырда келіп жолыққан Мақсұтханға осы жайтты бүге-шігесіне дейін айтып бердім.
– Солай, Мақсұтхан дос! «Судың да сұрауы бар» екені рас, ендігісін сол кезде іс басында болған азаматтардан сұрау керек шығар.
Әрине, менің ісім осымен бітті, қалғанын «өзгелерден сұрау керек» деген сөз айтуға ғана оңай. Ағайынгершіліктің аясына да сыя қоймас. Олай болса, уақыттың ағынымен, тағдырдың көшімен жан-жаққа тарап кеткен адамдарды іздеп табуға бұл күнде Тіл білімі институтының қатардағы ғылыми қызметкері болып істейтін Мақсұтханның шамасы келер ме? Мәселе сонда. Ойласа келе, бұл сауалды баспасөз арқылы жеткізуді жөн көрдік.
Ақын Абайдың барша адамзатқа ортақ жауһар сөздері жинақталған құнды жинағы Аманжан Жақыповтың отбасына қайтарылып, олар құп көрсе, «Елбасының кітапханасында немесе мемлекеттік мұражай қорында тұруы тиіс» деген хақ иесінің соңғы өтініші орындалар деген үмітіміз бар. Кезінде Абайдың 150 жылдығын әлем тамсанарлық дәрежеде өткізген, руханияттың үлкен қамқоршысы, жуырда Қағбаға барып, тәу етіп келген қоғам қайраткері Иманғали Нұрғалиұлы да, оның сенімді серігі болған, бүгінде үлкен лауазымда отырған Аманияз Қасымұлы да «екі дүниеде аманатқа қиянат жүрмейтінін» жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Уақыт көшінен әлдеқашан озып кеткен Абай атамыздың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген ғақлиясы да бізге көп салмақ жүктейді.
***
Ал хакім Абайдың түпнұсқа шығармасын ұзақ жылдар бойы көзінің қарашығындай қастерлеп, сақтап келген Аманжан Жақыпов кім еді? Алдымен, ол – ақын. Ф.ғ.д., профессор Зүфар Сейітжановтың айтуынша: «Өлеңді жазып та шығарады, суырып салып та шығарады. Ол 1970-1980 жылдары Семей өңіріне белгілі ақындар (Жабайыл Бейсенов, Құсмілия Нұрқасымов, Тұяқ Әбді¬райымовпен) айтысып, жүлделі орындарға ие болады. Ақын 2003 жылы Түркияның Сивас қаласында өткен Түркі дүниесі ақындарының бас қосуына қатысты».
Бұл күнде насихаты кемшін болғандықтан, есімі оқырман жадынан ұмытыла бастаған Аманжан Жақыповтың 1974 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Қыр лебі» атты тұңғыш лирикалық жинағын Тұманбай Молдағалиев жоғары бағалағанын білетін жан аз. «Оның өлеңдерінен жаңа ашылып келе жатқан гүлдей нәзік жастық сезімін, алғыр ойларын көріп қуанып ем, ақын жігіт екеніне шексіз сеніп ем. Сөз құдіретін терең түсінетін, сөзден от лаулата алатын жігіттің жазғандарын оқи бастағанда-ақ оған деген ілтипатым арта түскен болатын», – дейді Тұмағаң.
1935 жылы Шығыс Түркістанның Шағантоғай деген жерінде дүниеге келіп, 1955 жылы атажұртына оралғанға дейін Абайдың түпнұсқа жинағын бойтұмарындай сақтап, туған жерге ала келгені де Аманжан Жақыповтың ұлы ақынға деген шексіз құрметінің белгісіндей болар. Ал Абайдың жинағы ол жаққа қалай барып жүр? Ел басындағы алапат үркіншіліктің зардабын бір адамдай бастан өткерген ұрпақтың бүгінгі тұяғы Мақсұтханның айтуы бойынша, атасы Назардың Жақыбы 1919 жылдары ақ пен қызыл шайқасы кезінде Қытайға Тарбағатайдан ауып барған бай қазақтың бірі еді. Абайдың кітәбі Жақып әулетінде сол кезден бері сақталып тұрса керек. Ал енді, сәті түссе, ақын, жазушы, публицист Мұхтар Әуезовтің шәкірті, абайтанушы Аманжан Жақыпов жайында кең толғап жаза жатармыз…
Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,
журналист-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
ПІКІРЛЕР14