Дәурен Қуат. Ауру – астан. Бірақ қай астан?
05.02.2020
874
1

Апта басында Айсұлтан дейтін бала «Айды аспанға шығарып» жатқанда Ақорданы ақ түтек боран басты. Ақ жағалы ұлықтар жаман састы… Оларды айқай боран да, ерке ұлдың елге жария қылған сөзі де бүрсең қақтырған шығар деп мына жақта біз отырмыз.

«Саяси орталықты айдалаға апарып қоныстандырды, жазы жайсыз, қысы қырсыз, «ит байласа тұрғысыз» сондай жерге адам қала сала ма екен?» – деп кейіп жүретіндер мен әулет билігіне қарсы күштердің несін айтасыз, айызы бір қанып, жырғап қалды. Табанының астындағы қара жерге «енді сен маған табынасың» дегенді айтып адам қанша талтаңдағанымен, дүлей табиғаттың алдында дәрменсіз ғой, сондықтан оның (жаратылыстың) ыңғайына бағып, тілін тауып қана отырған абзал. Ал ана тыюсыз кеткен тентекті тезге салуға әбден болар еді, бірақ бәңгі соққан балаға не дейсің… осыларды, осындай «золотойларды» есіртіп қойғандарға қарап, «апыр-ау, мына қоғамды кімдер басқарып келеді?» дейсің де, әзіз жаныңнан қарадай түңілесің.

Бұрынғы ҰҚК төрағасы, бәленің бәрін білетін Әлнұр Мұсаев  www.exclusive.kz сайтына берген сұхбатында: «Бай-бағланның баласы түгел нашақор, есірткіге есі кеткендер, олардың бәрі наркобарларда жабық өмір кешуде. Дүниенің білімін тауысып, қала берді, «успешный бизнесмен» атанып, сыртқа дүрдей болып көрінгенімен, 90 пайызы – құрып, біткендер. Бірақ олар туралы ешкім ештеңе білмейді. Өйткені саясаттан аулақ. Айсұлтан Рахатұлының қателігі – саясатқа араласып кетті», – деді. Солайы солай шығар. Ендеше қазақтың болашақ буржуазиясы да, алымды саясаткері де қара табан, күс білек қара балалар деген сөз. Тәңірден тілейтініміз: сол балалар есірік қапқан елірмелерден вирус жұқтырып алмаса болғаны.

Вирус демекші, апта басы Қытайдан тарап бастаған коронавирус деген көлденең кесапаттан да басталды. ҚХР-дың Ухань қаласынан бас көтерген обаның әзірге беті қайтпай тұр. Қытай билігі  9239 адамның вирус жұқтыру күдігімен дәрігерлердің бақылауында екенін мәлімдеді. Күдіктілердің ішінде  5974 адамның бойынан жұқпалы дерт табылып, 132 адам көз жұмыпты. Обаның Қазақстанды да орап алу қаупі бар. Соны ескеріп Қазақстан үкіметі де қам қылуда. 29 қаңтардан бері  екі ел арасында қатынайтын автобустар тоқтады.  1 ақпаннан бастап Алматы – Үрімжі, Нұр-Сұлтан – Үрімжі, Достық – Алашанькоу, Алтынкөл – Қорғас бағытындағы пойыздар жүрмейді, 3  ақпаннан бастап ұшақтар ұшпайды.  Ресми Нұр-Сұлтан Қытай азаматтарына 72 сағаттық транзит визасын және негізгі визаны беруді де уақытша тоқтатты.

Осылай етпеске амал кем, Қытай іргемізде тұр. Анау алыстағы АҚШ пен Батыс елдеріне жетіп үлгерген оба есік-терезесі далиып ашық жатқан қазақ даласын еңсеріп, дәрменсіз жұртты баудай түсірсе қайтеміз?.. Құдай оның бетін ары қылсын, «қыдырымпаз» қытайдың Қазақстанда аз емес екендігі бесенеден белгілі, соның бірі болмаса, бірі коронавирусты жетелеп жетіп келсе, оны біздің сатымсақ органдағылар (кеденшілер, көші-қон полициясы, бас санитария, т.б.) көзді жұмып қойып өткізіп жіберсе, сұмдықтың көкесі сонда болады! Қазірдің өзінде «Жаркентте Қытайдағы қауіпті коронавирусты жұқтырған бір адам анықталыпты. Вирус жұқтырған адам ауруханада жатыр-мыс», – деген   әңгіме  әлеуметтік желіде желдей есіп жөнелді. Вирус жұқтырған адам Қытайдан Қорғас шекарасы арқылы өтіпті-міс. Алайда бұл сөзді Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Ханағатұлы «Abai.kz» ақпараттық порталына арнайы шығып терістеді. 

– Біздің ауданда коронавирус жұқтырған адам анықталды деген жалған ақпарат, – дейді Нұрбол Ханағатұлы. – Екі күн бұрын «Нұр жолы» пунктінен  өткен жолаушыларды тексеру барысында екі азаматтың дене температурасы 37,5 градус екені білінді. Бұны арнайы құрылғы анықтады. Мамандар сол сәттің өзінде азаматтарды емханаға жеткізіп, толық тексеруден өткізді. Ол тексерудің нәтижесі кеше шығып, әлгі адамдардың вирустан аман екені белгілі болды.

Е-е, ылайым солай болсын! Бірақ біздің биліктің сөзіне сену қиын. Кейде олар (биліктегілерді айтамыз) «өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» етіп «қиыстырып» айтқанымен, кейде шынды (шындықты) шыңғыртып шыңырауға тастай салып қарап отыра береді.  Неге десеңіз, қазақ билігінің Қытай мен Ресейге қатысты мәселеде қаңтарылып қалатын әдеті баяғыдан бар. Осыдан екі-үш жыл ілгері, баспасөз, соның ішінде жаңа медия өкілдері, қоғам белсенділері ҚХР-да аз ұлттардың қысымға ұшырап, зар илеп, запыран құсып жатқанын жария етті. Әсіресе, қазақ сорлының (арғы бетте 2 млн-ға жуық қазақ ирриденті өмір сүреді) соры сорпадай қайнап, сорға түсіп, сортаңда қалғанын жазудай-ақ жаздық. Бұл сұмдықтан, тіпті, Еуропа елдері, Еуропарламент депутаттары тегіс құлағдар болды. Сонда да қазақ билігі қыңқ етпеді. «Жолдас, Жыңзыпын! Сен көзіңді алартып отырған ел – менің елім, менің қазағым, тиме оларға. Қазақтың қара басын артық көрсең, өзіме қайтарып бер!» – дей алмады. Ал геоэкономикалық қисынға салсақ, ресми Нұр-Сұлтанның (сол уақтағы Астананың) «дей алатын» мүмкіндігі әбден бар еді. Себебі: «әлемнің екінші экономикасы» атанып, аспанға түкіріп отырған Қытайды қазақ билігі қазақ жерінің ырыздығына кенелтіп-ақ келе жатыр. Турасына көшсек, Қытайдың кейінгі 20-30 жылда қабындап, қауырт дамыған экономикасына қосқан біздің үлесіміз ұшан-теңіз. Ал қараңызшы, осы жарты ғасырдың ширегінде түрлі-түсті металлымызды кімнің аран апанына құлатумен болдық? – Қытайдың. Мұнайымыз бен көгілдір отынымызды құбырмен апарып кімнің аузына құйып отырмыз? – Қытайдың. Кен орындарын игерудің иелігін де Қытайдың қолына ұстатып қойдық. Осынша мырзалығына орай қазақ билігі қажет жерінде қаталдық көрсетіп қойса, Қытай қыңырайып бір жаққа ауып кете ме? Жоқ, әрине. Жымсиып күліп алдыңа келеді. «Келісейік» дейді. Сен керігіп келіспей, Арқаның сақылдаған сары аязын сылтау қылып, мұнай құбырының құлағын бірер аптаға жауып тасташы, Қытай экономикасының бір бүйірі сол сәтінде-ақ солқ ете түсер еді. Бұны біздің қулар білмейді емес, біледі. Білгенде әбден біледі. Бірақ «қытайша үйреніңдер, қытай тілін білсеңдер байисыңдар» деп балпылдап жүргендер қазақты қайтсін, қара шыбындай қырылып қалса да мейлі…ішсе, жесе, байыған үстіне байи түссе болды, олар басқаның қажеті жоқ!

Қазақ: «Ауру – астан» дейді. Алайда қандай астан екенін айтпайды. «Өзің ұқ, тұспалдап біл» дейді. Сонда қазақтың «ауру – астан» дегендегі асы – арам ас. Арам ас, ұрлық ас не өзіңді құстырып, құса қылып алып ұрады, не ұрпағыңның бойына дерт болып жабысады екен. Бұны медицина ілімі айтады. Жоғарыда басталып барып үзілген әңгімемен біздің жемеңгер биліктің арасында бәлкім осындай бір қисын болса керек…

Ал, қытайлар жылан мен жарқанаттың етінен уланып жатқан көрінеді.

Дәурен ҚУАТ   

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.02.2020 | 15:44

Дәке, өте дұрыс жаздыңыз.Айызымыз қанып қалды. Осы бағыттан таймаңыз. Сәттілік тілеймін.

Боранбай .Атыраудан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір