Ташкент: қазақ мәдени орталығының ыдырауы
04.02.2020
1842
0

Ғасырлар бойы бірге жасасып, бірге ғұмыр кешкен түбі бір қазақ пен өзбекте сонау Қоқанның өзін қыпшақ Әлімқұл, Құдияр, Мұстафа Шоқай, қоңырат Нәзір Төреқұлов, Мұхаметжан Тынышбаев басқарып, Ташкентті билеген шанышқылы Тұрсын хан, сарыүйсін Сыбанқұл, дулат Төле би секілді жарқын перзенттер аз емес. Екі халық арасында пәлендей бөлініп-жарылу, шекара деген бола қойған жоқ. Қазақтар Шаш деп атаған Ташкент шаһары екі халыққа ортақ, кейін бейтарап қала болған. Өзбекке астана болғаны бертінде. Оның өзіндік тарихы бар. Ресей ҒА-ның корреспондент-мүшесі, профессор, Ташкент облысының тумасы Абай Тұрсынов бұл жөнінде осылай дейді де, сөзін әрі қарай сабақтайды. Ұзын-ырғасы былай.

Осы уақытқа шейін ешкім сөз етпей, қазғылап қозғай бермейтін дәйек-деректерде қандай да бір ұлттың мүддесіне кереғар еш­теңе жоғын алдын-ала еске саламыз. Және мұнда баяндалар жайлар қасаң тарихи мәлі­мет-деректерге жүгіну емес, керісінше, сонау аумалы-төкпелі шақтарда қызу айтыс-тартыстың ортасында болып, жәй-күйді көзбен көріп, куә болғандардан естіп-білгендерімді бүгінгі қауым біле жүруіне құмбылдықтан туындайды.

Өткен ғасырдың 17-жылында Қазан төңкерісі болып, Кеңес өкіметі орнағаны аян. Миллиондаған адамдардың қаны төгіліп, шыбын жандарын қиған аталмыш төңкерістен кейін – қуыршақ ретінде – көптеген дербес республикалар өз алдарына шаңырақ көтеріп, Кеңес өкіметінің қарауына бірікті. Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан Республикалары Түр­кіс­тан автономиялық өлкесіне топтасып, біраз жыл Ташкент қаласынан басқарылды. Анығырақ айтқанда, бұл әкімшілік орталыққа Қазақстанның оңтүстік облыстары еніп, қалған (ұлан-байтақ) бөлігі өз алдына жеке автономиялық республика делінді. Астана ретінде (кейін Ресей құрамына өткен) қазақтардың ежелгі мекені – Орынбор қаласы белгіленді. (Орынбор егер қазақ жері болмаса астана аталуы мүмкін еместігі айтпаса да аян).

Түркістан өлкесінің орталығы Ташкент қаласындағы әдеби, мәдени, оқу-ағарту салаларында қазақтар саны басым, әрі ықпалы мол болды. Өлке басшыларының да дені – қазақтар еді (Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов т.б.). Жоғары және орта дәрежелі оқу орындарының көбінде қазақ тілінде дәріс жүріп, қазақша көптеген газет-журналдар шығып тұрды. Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Зиябек Рүстемов, Құрманбек Жандарбеков, Жамал Омарова сынды тұлғалар осында қызмет атқарды. Қысқасы, сол кездегі Ташкент қаласын қазақтың мәдени орталығы деуге толық негіз бар-тын. Оның үстіне, қаланы қоршаған айнала төңіректегі халықтың басым бөлігі қазақтар болғандықтан, Ташкент қаласы ресми тұрғыда пәлен ұлтқа тиесілі деп саналмайтын, бірақ қалада өзбектердің сан жағынан молдау екені рас-тын. Алайда бәрібір, қазақтардың иелігіндегі кәсіпорын, зауыт-фабрика, ірі сауда мекемелері аз емес-ті. Солардың ішінде Жамал Омарованың әкесі Омардың бір өзінде қаншама жылжымайтын мүлік – табыс көздері болғаны, басқа болмаса да, жақын туыстары бізге бес саусақтай белгілі-тін (Омар кейін қаладағы бір дүкен мен бау-бақшаға бөленген үйінен өзгесін мемлекет қарауына өткізсе де, соған қарамай, 1937 жылы «халық жауы» атанып атылып кетті. Басқадай тума-туыстары да байдың ұрпағы ретінде репрессияға ілікті).

Арадан бес-алты жыл өтер-өтпесте Түркіс­тан өлкесі тарап, қырғыз өз алдына, өзбек өз ал­дына республикаға айналды, бұған дейін қырғыздың астанасы – Фрунзе, өзбектің астанасы – Самарқан еді. Тәжік пен түрікмен (Өз­бекстанға қарамайтын) Бұқар республикасы құрамында болды (кейін олар да жеке бөлініп шықты).

Міне, осы шақтарда аяқ астынан Ташкент қаласын өзбектерге астана ету жөнінде әңгіме көтеріліп, оны бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы шешу қызу қолға алынды. Ташкент үшін талас басталды. Оны иемдену үшін қазақ, өзбек, сарт (өзбек емес) – үш халық өкілдері әрекетке көшті. Басы-қасында – кейін РСФСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болған – Тұрар Рысқұлов, сондай-ақ, Өзбекстан Министрлер Кеңесінің сол кездегі төрағасы (семейлік қазақ) Сұлтан Сегізбаев және өзін өзбек емес, сарт деп санайтын Акмал Икрамов тұрды. Алғашқы екі топтың басшысы қазақ пен өзбектен болса, Ташкент үшін тайталасқан сарттардың жөні басқалау еді. Орыстардың мещандары сияқты, өздерін өзбек деуге арланатын сарттар Ташкентті иеленіп, сол арқылы бүкіл Өз­бекс­танға билік жүргізгісі келді. Ол кезде де, оған дейін де сарт атанудың үш шарты болатын: қаланың көрнекті жерінде орналасқан салиқалы мекен-жайы, мол табыс әкелетін сауда дүкені немесе кәсіпорны болуы, міндетті түрде өзбек тілінде сөйлеу керегі сияқты. Осы үшеуіне ие адам ғана «сарт» делінді. Және олар өздерін махалла шайханаларында басқаларға ақыл айтып, көсемсуге тиіспіз деп есептейтін.

Ал дала қазақтары ауыл-ауылды аралап, ұсақ сауда-саттықпен айналысатын, тұр­мысқа қажетті заттарды қымбат бағаға сатып, көп алып, аз беретін өзбектерді де сартқа балап, оларды көргенде кірпідей жиырылатын, жақтырмайтын, жалпы «сарт» деген сөз қазақтарға ұнамайтын. Олардан сақтанатын, күдік-күмәнмен қарайтын. Бір қызығы, Ташкент маңындағы қазақтар ішінде де өздерін сартпыз дейтін сабаздар болды. Бір мысал. Анамның әкесінің туған інісі Мангелді Ташкенттің сабан базарын басқарып, қаланың атақты (саудагер) сартының қызына үйленген-ді. Ағайындары оны «Мангелді сарт боп кетті» деп әжуалайтын. Барша тума-туыс онымен ат құйрығын кесіп, үйіне ешкім бармайтын, өзін де, бала-шағасын да жолатпайтын. Аштық белең алған жылдарда одан ешкім  жәрдем күтіп, қол жайған емес. Мангелдімен  тек менің әкем  Әбдірахман ғана жылы қарым-қатынас жасап, үйге келсе құшақ жая қарсы алатын. Анамның салқын қабақ көрсетуіне қарамай, екеуі оңаша бөлмеде ың-шыңсыз арақ ішіп, таң атқанша әңгіме-дүкен құратын. Әкем қазақтың кейбір әдет-ғұрпына онша пысқырмайтын, содан ба, әлде, бөтелкелес болғандықтан ба, әйтеуір, Мангелдіні кәдімгідей құрметтейтін. Бір жолы ішімдікке қызған Мангелді «мә» деп бір уыс ақша ұсынғанда, әкемнің оны бетіне шашып жібергенін көзім көрген. Шаштары жирен, өңі сап-сары, көк көзді Мангелді ұзын бойлы, көрікті адам еді. Үйге жиі келетін. Анам ол отырған бөлмеге аяқ баспайтындықтан, әкем екеуіне шай-суды мен апарып беретінмін. Мангелді келген сайын әкем маған: «Көрдің бе, міне, Мангелді тағаң (нағашы дегені) кім екенін біліп ал. Бұл Мангелді емес, анаңның әкесі Жүніс атаң»,– дейтін. Сарт боп жүргені түк емес, уақытша нәрсе, қазақтар түсінбейді, босқа жазғырады, түбі қазақ болған соң еш­қайда кетпейді»,– дейтін. Бұл сөзге мәз болатыным сонша, ынты-шынтыммен қызмет көрсетіп, тамақтарын әкеп беріп, шайларын қайта-қайта ысытып, зыр жүгіремін.

Бір жолы Мангелді біздің үйге ұзын бойлы, аяқ-басы келісті, жасы біразға барған тұңғыш қызын ертіп келді. Қызы да – әкесі сияқты. Өзі де, шаштары да сап-сары, көзі көк. Фрунзе қаласында Шу аңғарындағы жергілікті шикізаттан дәрі-дәрмек жасайтын комбинаттың бас инженері екен. Мұның сырын мен көп жылдар өткен соң барып түсіндім. «Сабан базардың қожасы» дегеннің не екенін де кейін ұғындым. Салыстырып-саралап, ой елегінен өткізе қарағанда, мұның бүгінгідей нарықтық экономиканың көрінісі екеніне көзім жетті. Бір қызығы, кеңестік кезең тұсында сол Мангелді нағашының ұлы Өзбекстан Компартиясы орталық комитетінде байланыс және транспорт бөлімінің меңгерушісі, Байланыс министрі, КСРО Байланыс министрінің орынбасары секілді жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Ол да өзін қазақпын дейтін. Қазір ойлаймын: сабан базарды басқарған Мангелді нағашым сарт болып, ештеңе бүлдірген де, біреу-міреудің ала жібін аттап, кісі ақысын жеген де жоқ екен ғой деп. Бар жазығы  қамсыз-мұңсыз ғұмыр кешу үшін тұрмыс жақсартуды жақсы білгені, тынымсыз тыпырлағаны болса керек те.

Сонымен, қазақтардың сол уақыттардағы ірі мәдени орталығы болған Ташкент үшін талас басталып, Тұрар Рысқұлов қазақтардың, Сұлтан Сегізбаев (семейлік қазақ) өзбектердің, Акмал Икрамов сарттардың сөзін сөйлеп, үшеуі аққу, шаян, шортан сияқты үш жаққа тартты. Бүкіл уәлаятта сан жағынан басым қазақтарда Ташкентті қолдан шығармауға мүмкіндік мол еді. Жайбарақат жарықтықтар онша алаңдамай, нақты жағдайға кезінде тиісті мән бере қоймады емес пе? Нақты жағдай былай-тын. Сұрхандария уәлаятынан Ташкент аңғарына қоныс аударған қазақтардың көбі өздерін өзбекпіз деп, соларға қосылды. Сарттар да өзбекке қосыламыз десті. Алашапқын күндерде Сұлтан Сегізбаев «біз сендермен бірікпейміз» деп қанша шіренгенімен, бәрібір, олармен тізе қосты. Сарттар болса «бұдан былай өзімізді ешқашан сарт демей, өзбекпіз дейміз, «сарт» дегенді ауызға алмаймыз» деп ант-су ішті. Сөйтіп, өзбектер сан жағынан көп болып, референдумда жеңіп шықты. Жайбасар, аңқау қазақтар сан соғып қалды. Өзбекстан астанасы Самарқаннан жедел түрде көшіріліп, ендігі астана Ташкент деп жарияланды. Және солай болуы керек деп Мәскеуде арнайы құжатпен бекітілді.

Ойланбастан опық жеп, қолын кеш сермеген қазақтар үшін бұл – үлкен ұтылыс, өкініш еді. Себебі, олар ғасырлар бойы иелік еткен суармалы, құнарлы жерлерден айырылды, сауда жолдарының маңызды жүйелері қолдан шықты. Мұның бәрі оңтүстік өңірде тамырын тереңге жіберген «Алашорда» партиясының күйреуі,  «халық жауларын» талқандау, 30-жылдардағы сталиндік геноцидтің бастамасы іспетті еді.

Енді сол күндерде қапыда қалған қазақтар­дың басына түскен мұң-нала, өкініші мол, жүрек сыздатар ауыртпалықты сәл де болса жеңілдетуге тырысқан Әбділдә Қажыбаевтың басынан өткен (аруақтар кешірсін) кейбір жағдайды айта кетейін.

Үнемі өткір сөйлейтін, сөзге шешен, ойы алғыр, күлдіргі, сайқымазақ Әбділдәні жұрт Әбділдә шайтан деп атайтын. Ол, тіпті ортаазиялық клуб деуге болатын шайхана­лар­дағы өзбектермен сөз таластыру кезінде бас-көзге қаратпай үнемі жеңіп шығатын. Өзбектерде ондай адамдарды «әскияшы» –«эскияшы» дейді. Қазақ Әбділдә көбінесе (кейін өзбектің көрнекті жазушысы болған, «Муштум» сатиралық журналының тұңғыш редакторы) Абдолла Қадиримен сөз сайыстыратын. Абдолланың бүкіл елді бірден елеңдеткен «Қамаудағы шаян» деген кітабын мен өзбек тілінде оқығанмын. Есіл азамат 1937 жылы «халық жауы» деп атылып кетті.

Әбділдә Қажыбаев та қара жаяу емес, жаңа­дан ашылған қазақ театрының директоры, «Алғабас» газетінің редакторы-тын. Абдолла Қадиримен сөз жарысында екеуі алма-кезек жеңіп, бір-біріне оңайлықпен алдырмайтын. Оларды тыңдайтын қазақтар мен өзбектердің күлкіден езулері жиылмай, барған жерлерінде аңыз қылып айта жүретін.

Әне, сол Әбділдә бірде менің әкемнің туған інісі, жұптары жазылмайтын Құлтай көкем екеуі Шайхантаур көшесімен асығып-аптығып келе жатады. Үлкен бір шайхананың жанынан өте бергенде әлдекімнің: «Ей, Балтабай!» – дегенін естіп қалт тоқтайды. Балтабай дегені оны келемеждеп Әбділдә немесе қазақ дегені. Өзбектер қазақтарды қашанда Балтабай деп әжуалайды. Әбділдә әлгі дауыс шыққан жаққа жалт қарайды. Шайхананың алдында өзіне қарсы қарап тұрған Абдолла Қадири оған: «Ей, Балтабай, Тешебайды көрмедің бе?» – дейді, өңінде мысқыл ойнап. Шайханада отырғандар күтпеген жерден оттай лаулап тұтанғалы тұрған сөз сайысына еліре құлақ түріп, тым-тырыс бола қалады. Өзбектер қазақтарды Балтабай десе, қазақтар да қалыспай, оларды «Тешебай» дейтін (Балтабайдың мағынасында).

Әбділдә адас-аттасының мазақ еткендей болған әлгі сұрағына орай: «Тешебайды жаңа ғана көрдім, сенің үйіңнің қорасынан ышқыр бауын байлауға шамасы келмей, асығып шығып келе жатыр екен»,– деп жауап береді. Түпкі ой түсінікті (әйеліңнің жанынан дегендей). Абдолла Қадири: «Ой, шешеңнің…» деп барып, іркіліп қалады. Өйткені ол Әбділдәнің анасы өзбек екенін білетін.

Әбділдә да түсіне қойды. Өйткені қазақ пен өзбектің әзілі қаншама өткір болғанмен, бәрібір, жеңіл, зілсіз келетін. Енді бұл жолы екі жақ та артық кеткендерін іштей мойындады, өкінгендей болды. Өйткені (қанында қызғаншақтық басым) өзбектер қанша жерден әзілкеш болса да, әлгіндей әжуаны көтермейді, төзбейді, бірден пышаққа жүгіреді. Тіпті, анасы үшін емес, қатыны үшін, ештеңеден тайынбайды. Байларына ызасы келетін өзбек қатындар да еселерін қалай қайтару керегін білетін.

Қанына қарайған Әбділдәні де түсінуге болатын еді. Қазақтар қаншама жер-су, байлық, мал-мүлік, бекзаттық, марапаттан айрылып, өз елім, өз жерім деп жүретін сенімнің күлі көкке ұшты. Бұл кезде жалғыз Әбділдә емес, сол төңіректегі миллионға жуық қазақтың жаны жабырқау-тын. Әлгі ауыр әзіл соларға жауап ретінде айтылғаны да түсінікті еді. Осы жолы Әбділдә шайтанның «анасы» өзбек болса да, қазақтық қан басына шапты. Қазақ Әбділдә өзбек Абдолланы сөзден ұтты, жеңіп кетті. Шайханадағы үлкен-кішілер соған куә болды. Қазақ жеңді десті. Мұндай жеңістің Әбділдә көкеме көк тиындық құны жоқ еді. Бірақ болар іс болды. Айтылған сөз – атылған оқ.

О, шіркін, бұл өмірде не болмайды. Бәрі артта. Бәрі ұмытылады. Жоқ, ештеңе де ұмытылмайды, ұмытылуы тиіс емес. Онда мен бұл естелікті жазбаған болар едім. Мінеки, бір кездегі Ташкент үшін таластың маған аян кей парасы осындай. Қазіргі тарихшылар мұны індете зерттеп, мән-жайды толықтырамыз десе, архивтен бай материал табылары даусыз, әрі, ондай іс-әрекеттің тіпті де көптік етпесі анық. Өйткені ол – тарих. Ел тарихы, біздің тарихымыз. Ортақ тарих. Ендеше, іске сәт, жас тарихшылар!

Әзірлеген Зәкір АСАБАЕВ,

«Құрмет» орденінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір