Баян Бекетова. «Ақ дениздің» самалы
22.01.2020
1067
0

????????????????????????????????????

Түркиядағы Анталияда (Анатолийде)

Түркі жұрты, қонысың қандай әсем,

Тау үстімен самұрық самғайды екен.

Шетсіз, шексіз сиқырлы «Ақ денизің»,

Көк аспаннан көздерін алмайды екен.

 

Мұзарт таулар қоршаған теңіз қандай,

Жұпар ауа, жұтасыз шөлің қанбай.

Тау бауыры – мүлгіген бау мен бақша,

Қайта алмайды тірі адам әсер алмай.

 

Дей көрмеңіз «жер шалғай, теңіз шалғай»,

Ақ кемемен жетесіз, тегіс қалмай.

Жеміске бай: апельсин, мандариндер,

Сары қауындай бұрқырар, жеңіз,

балдай.

 

Таласуға бола ма жан дауамен,

(Темір қанат құспенен самғағанмен,)

Құс қанаты талатын сары даламен,

Алты сағат ұшсақ та Түркияға,

Құстан жүйрік қиялмен жалғанам мен…

 

….Сағым қуған, сары дала сауыр-сауыр,

Жүк көтерген жоталар жауыр-жауыр…

Кейде ұшақты жер күші тартқандай ғып,

Жүрегімді ауыртты ойлар басып..

ауыр-ауыр.

 

Ғасырлардан сыр бүгіп дана таулар,

Керіп жатыр кеудесін дала, баулар,

Бауырындағы бұйра бас ағаштары,

Мүк басқандай көрінер жаңа қаулап.

 

Шоқ боп жанған қарап ап әр қалаға,

Стамбулдай шежіре, шоң қалаға,

«Қалай ие болып қалды екен?» деп

 ойлаймын,

Талыс жерге, мол байлық, кең далаға.

* * *

…Тарих шерткен серікке мен ұйыдым:

«Жатқан шақта жазып жер кең иығын,

Батыр баба түркілер кездестірген,

Іздеп шығып, жорықта Жерұйығын».

 

«Сырт көз – сыншы» дейді ғой

сырт ағайын,

Байқаған ғой бұл жақтың бұлт арайын.

Түу алыстан ақ бу болып көрінген

көк теңізді,

 «Ақ дениз» деп атапты түркі ағайын.

 

 

Сағасына теңіздің орын сайлай,

Түркі халқы – қайсар жұрт, жаны самғай,

«Ақ деңиздің» демі мен дәмі тартып,

Жағасына беріпті қоныс жайғай.

 

Содан бері сан жылдар, көктем келіп,

Түркі халқы тұрақтап, өктем болып,

Бауырына басқандай үлкен әлем,

Дәулеті мен сәулеті, кеткен молып…

 

Мұның бәрі келеді қайсарлықпен,

Мұң-шері бар, ширыққан,

айтар бүккен…

Түркі жұрты, түсінем, төрткүл дүние

Айнасында тұрсың ғой, айбарлықпен.

 

…Теңіз-айдын, өлеңнен желкен тігіп,

Жолға шықтық, еліммен ертеңді күт.

Түбірі бір, тілі бір түркі жұрты,

Сендерменен көп болам, іргем бекіп.

 

Болғанменен жер шалғай, елің алыс,

Түркі халқы, түсінем, мұңың таныс.

Жыр боп жетіп қалармын Елім барда,

(қолдан жасар бәз біреу қашықтықты –

«Сүйем-сүйем», деп және

«қарыс-қарыс»…)

Тартылысым бар отты – махаббат жыр,

Етпейтұғын ешқашан жақынды алыс…

 

* * *

…Көргеніңде көршіні танып, біліп,

Кетеді екен, теңізде жаның күліп,

Өзі түспес теңізге түркі халқы,

Өзге жұртты жатады шомылдырып.

 

Күдікшіл ғып жіберген өмір бізді,

Өзгергенбіз, тани алмай

қаламыз өзімізді…

Адамдары – ақ пейіл, бәйек болар,

Қонақжайы-ай, болғанмен қоңыр жүзді.

 

Ақ кемелер айналып дәу үйлерге,

Біз тоқтаған баспана болып жүрді.

Ақ пейілі жайылған ақ дастархан,

Мекеменің басшысы алып жүрді.

 

* * *

Аңсап күтіп көріскен асылындай,

Күтіп алар ай жүзі жасырынбай.

Махаббатын аямай аймалайды,

Ақ толқыны теңіздің ғашығыңдай.

 

Жұмсақ жібек, жып-жылы алақаны,

Тербеп теңіз бесіктей баратады.

Райан – жұмақ есігі ашылғандай –

рауандап атқанда дала таңы.

 

Суы қандай мөп-мөлдір, маржан тұнған,

Күні қандай, төккен нұр –

шыңға артылған.

Адамдарды аспанға көтереді,

Күміс жалды толқындар алға ұмтылған.

 

Әрең басып көңілді алып-ұшқан,

Жалын нұрдай жанымнан

жанып ұшты ән.

Табиғаты тұнып тұр, біздегідей –

Бұзылмаған бомбалық жарылыстан..!

 

Күннен қашып тынымсыз сабылысқан,

Ойдан қашып қажаған – жаным қысқан,

Жағасына жайғасып көрісеміз,

оңашалап жандардай сағынысқан.

 

Қыран құсы шаңқ етер әріде ұшқан,

«Тасбақа арал» тарбияр жабығыстан…

Күміс бауыр балықтар шолп-шолп етіп,

Шапағына батар күн шағылысқан.

 

Теңіз тірі…

дөңбекшитін секілді түніменен,

Тілдесетін секілді тіріменен…

Бу бұрқырап жататын айнадай боп,

Анда-санда

қара тартып кетеді түрі неден…

 

 

Табиғат – тамыр

Құм мінезін біледі құмда туған:

Көлдер жатыр ойларға шым батырған,

Шөлдер жатыр бүк түсіп бұратылған,

Жолдар жатыр жыландай шұбатылған,

Анда-санда бұлт көшер аспанында,

Ақ шудалы түйедей ырғатылған.

 

Белес белес белдермен жол асқанда,

Аспанменен таулары таласқанда,

Теңіз сізді жол бастап жүреді ылғи,

«Қонақсыздар, – дегендей, –адаспаңдар»

 

Шөкім бұлт та шөжімей, күн шаңқияр,

Шіліңгірлі шілдеде сары аспанда.

 

Шыршалары жебедей шыңға атылған,

Тау бауыры ну орман нұрға тұнған.

Жон далаға жол салып жөңки аққан,

Өзендері бұрымдай тарқатылған.

 

Шөлі менен орманы жағаласқан,

Тәні күйіп ыстықтан жанады аспан.

Мұндай өлке көрмедім, жер аралап,

Шығысы мен Батысы араласқан.

 

Тастан құрған тас үйлер, қырда тұрған,

Шежіресі бұл жұрттың сырға тұнған.

Түркі жұрты түздегі түйе өсіріп,

Егін салып, мал жайлап күн батырған.

 

Ғасырлар мен басынан, заман көшкен,

Шежіре-мұхит жер ғой бұл, адам кешкен.

Тауға қашап салынған мол мавзолей,

Сан тарихты тірілтер санаңда өшкен.

 

 

* * *

Бата ғана береді бағы асқанға,

Алла асық берер-ау жарасқанға…

Тау қойны – мәрмәр тас, тұнған байлық,

Айналады ақшаға, әр ашқанда.

 

Алатаудан ұшырсам – самғатып ән,

Жанартаудай от болып таңға атылам.

Қаным қызып, қолымда қалам қызып,

Дүбір шықса, жыр-дода зорға отырам.

Түркі жұртын жырға орап ыстық-ыстық,

Сәлем жолдап отырмын Алматыдан.

 Ақ толқының аялап алақанда

 (Жерорта теңізі – «Ақ дениздің» жағасында)

Жағалаулар алтын-құм төсенгені,

Сен түсіндің, көп көрген көсем, мені,

Құшақтасып күміс жал толқындармен,

Жағасында теңіздің өсер ме еді….

 

Қыздар құмар тәттісі – шекер ме еді,

Өмір шексіз – Ақ дениз кешер ме еді?

Шашу шашқан ақ күміс толқындайын,

Ақ сезіммен тербеліп өтер ме еді?

 

Түркі тілдес халықпыз, жақыным деп,

Қиын шақта қол создың батырым боп.

Танығансың, Түркі жұрт, жүлде беріп,

Жыр-додада ең үздік ақыным деп.

 

Өзің жайлы жырларым жетер енді,

Маған артқан Сенімің өтеледі,

Ақ толқының аялап алақандай,

Асқар таулар түу көкке көтереді.

 

Арпалысып ақ толқын сезімдермен,

Жеткенімше асыққам, көз ілмегем,

Ақ бесікке айналып, «Ақ денизің»,

Әлдилейді нәп-нәзік сезімменен.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір