Қадыр Мырза-Әлінің қалжыңы
15.01.2020
831
0

– Тұманбайды бір жолы қатырдым, – деді Қадыр аға күліп, –  Оның менен үш ай кішілігі бар. 50-ге толғанда да, 60-қа толғанда да мерейтойларымызды тойладық. Тұманбай маған қарап отырады. «Қадыр не істер екен?» дейді. Содан кейін тура менің істегенімді айнытпай қайталайды. Мен де оны біліп алғам. 1995 жылы алпысқа толдық. Тұманбай әдетінше маған қарап отыр. Алматыда да, туған өңірім Оралда да той өтті. Жымпиты ауданында жиын болып, өскен жерімдегі өзім оқыған орта мектепке менің атым берілді. Елге рақмет! Сый-сияпаттан кем қылмады. Алматыға оралған соң Тұманбай іздеп келді. «Ал, не болды?» – деді. Бәрін тәптіштеп айтып бердім. Бірақ мектепке менің атымды бергенін бүгіп қалдым. Әдейі айтпадым. Жазға қарай Тұманбай да тойға кірісті. Құдды менің айтқанымдай қылды. Айнытпай жасады.

         Арада екі-үш жыл өткен. Бір жиында Тұмаш екеуміз оңаша сөйлесіп отыр едік, сөздің орайы келгенде:

         – Қадеке, осы сен қай мектепте оқығансың? – деп сұрады ол.

         – Мен ауылда, өзімнің атымдағы мектепте оқығанмын, – дедім мақтана сөйлеп. Тұмаштың ауызы ашылып қалыпты.

         – А-а! Қалайша? Қашан беріп еді атыңды? – деп көздері шарасынан шығып бара жатыр.

         – Тұмаш! –  дедім арқасынан қағып қойып, – алпысқа толғанымда өзім оқыған мектепке менің атымды берген.

         – Сен, сен… Айтпадың ғой, –  деді ол қипақтап.  

         – Есіңде болсын, нағыз ұстаз шәкіртінен әрқашан бір құпияны жасырын ұстайды. Мен сенің әрі ағаң, әрі ұстазың емеспін бе? – деп едім, ол күйіп-пісті.  

         – Әй, Қадыр-ай, қусың ғой. Бұл жолы сен мені қатырдың, –  деді күліп.  

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір