Мұхтар Мағауин
10.01.2020
519
1

Биыл қазақтың ұлы перзенті, Халық жазушысы, ұлттың рухани шежіресін кең ауқымда зерттеген сөз зергері Мұхтар Мағауин 80 жасқа келеді. «Қазақ әдебиеті» газеті қаламгердің мерейтойына орай «Мағауинтану мүйісі» атты арнайы айдар ашып отыр. Зиялы қауым мен әдеби ортаның, оқырманның Мұхтар Мағауин шығармашылығы жайында жазған мақалалар шоғырын үздіксіз ұсынатын боламыз.

«Редакциядан»

Қазақ әдебиеті десе, тіл ұшына ең алдымен оралар алыптар тобы бар. ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстары мен өлмес туындылар әкелген үркердей топ, олардың көзін көрген Әуезов, Мүсірепов, Мұстафиндерден соң тілге оралар ондаған есім-сойдың ішінде Мұхтар аға Мағауиннің аты-жөні бөлек, дара естіледі.

Сіз ұлт әдебиетінің классиктерін тү­гелдей оқып, ой иіріміне сүңгіп, өзіңізді рухани түлетсеңіз, соның ішінде егерде қапелімде Ма­ғауинді оқымаған болсаңыз, онда бір бүйірі­ңіз олқы соғып, руханият әлеміндегі сапарыңызда «ұлттың өзін өзі тануы, адамның өзін-өзі танымаққа ұмтылысы» тұрғысынан кемелдікке бағыт түзей алмағаныңыз бірден байқалады. Өйткені Мағауин – қазақтың рухани тарихында аттап өтуге, қайырыла соқпауға болмайтын суреткердің бірі һәм бірегейі. Өйткені Мағауин – тек әдебиетшілер үшін ғана емес, әдебиеттанушы («Қобыз сарыны», сын мақалалары), мәдениеттанушы (танымдық мақалалары мен зерттеулері) ғалымдар мен тарихшылар («Қазақ тарихының әліппесі», «Шыңғыс хан») үшін де мол мағлұмат, соны тақырып, шүйгін ой ұсынған, әр сөзін пафоспен, айғаймен өрмей, дәлел-дәйекпен, өзіндік тұжырыммен кестелеген ойшыл. Өйткені ХХ ғасырдың соңғы ширегінен басталған Ма­ғауиннің салқар көші әр онжылдықтар сайын жаңа өріске бет алып, гуманитарлық саланың әр тобына, тіпті саяси ортаға дейін («Ұлтсыздану ұраны») ойын ашық жеткізіп, қазақ санасын қалғып-мүлгуден сақтандырумен келеді.

Бәлкім, бүгіндері классиктер төрінен орын алған кейбір қаламгерлерді оқымасаңыз, романдарын ақтарып-төңкермесеңіз, өмір жолына жіті назар салмаған болсаңыз, одан тарлық көрмессіз, бірақ Мағауинді оқымай, ұлт руханияты майданында биікке шығандап, көкке самғаймын деу әбестік болар еді.

Бас­қа-басқа, бүгіндері тұтас қазақтың пайым-парасатымен, бітім-болмысымен біте қайнасып кеткен жыраулардың алдаспан рухын ешкім Мағауинсіз атай алмасы анық. Жыраулар мұрасы қазақтың рухани-мәдени қордалануына өлшеусіз үлес қосты. Тілге жаңа леп, ойға орамды мазмұн әкелді. Ұлт рухтанды. Өзінің өткеніне күмәнмен емес, мақатана қарайтын ұрпақ көбейді.

«Көкмұнардан» басталып, «Аласапыранмен» кемерінен асқан, «Сары қазақ» пен «Шахан шерінің» иіріміне бойлатқан, «Қыпшақ аруымен» жаңа сипатта бағыт түзеп, «Одағай әңгімелері» арқылы қоғамдық ортаға бөлек ой тастаған жазушының әр туындысы – ұлттың олжасы, қазынасы. Осы шығармалардың кез келгенін қайталап оқысаңыз, жазушының тек тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіске бой ұрып, өзін-өзі қайталамауға ыждағат танытқанын, әр шығармасын жылдар бойы ой елегінен өткізіп, өз көңілі толғанша сұрыптайтынын, елден ерек жауапкершілікпен қаламға берген сертін ешуақыт бұзбағанын байқайсыз. Шығармалар композициясында босаң арқау жоқ, сюжеттің бәрі шахмат тақтасындай ойластырылған, діттеген мақсатына жетуге қажетті детальдар алдын-ала екшелген, кейіпкерлері әртекті, түрлі мінезді, әр уақытта өмір сүрген, өзгеше болмыс иелері болса да, автор соның бәріне өз дәуіріне сай образ дарыта білген. Біздің көптеген жазушылардың кейіпкерлері қазіргі уақытта өмір сүргенімен, мінез-құлқы, сөйлеу мәнері ерте заман кейпін танытатындай сезілетіні де жасырын емес. Мағауин буыны, оның замандастары осы олқылықты барынша жойған, ұлт тілінің мәйегін көркем әдебиетке кең-молынан пайдаланған, өшпестей мөрлеген «алтын шоғыр» деуге негіз бар. Солардың ішінде Мағауин тілінің екпіні, тынысы, әсерлілігі, дәлдігі өзгеден оқшау. Қаламгер әр өңірдің өзіне тән мазмұнды тілін жатсынбай, дәл орнымен пайдаланады, көне сөздерді керек жеріне қолданып, текске жаңа мағына үстейді, жаңа сөздер мен терминдерді, ғылыми атауларды нығыздап, сөз сәулесін құбылтып, қуатын арттырып қолданады, мұндайда оқып отырып, еріксіз тәнті боласың. Шымыр да ширақы сөйлемдерден ләззат аласың.

Соңғы жылдары көп айтылып жүрген «қала прозасы» деген ұғым бар. Суреткердің «Әйел махаббаты», «Архив хикаясы», «Қыпшақ аруы» секілді бірнеше шығармасын зерделесеңіз, қалаға келген яки қалада өмір сүрген адамның психологиясын, жүріс-тұрысын, тірлік жағдайын барынша шынайы қалыптайтынына риза-қош болар едіңіз.

Бальзактың Парижі, Борхестің Буэнос-Айресі, Памуктің Стамбулы секілді кең ауқымда болмаса да, қазақ әдебиеті оқырмандары үшін Мұхтар Мағауиннің Алматысы – бір төбе.

Осы шығармаларды оқығанда, Алматының жазушы суреттеген сәттерін сағына еске аласыз, көрмесеңіз де көргендей боласыз. Алматы – ән кештерінің, қызылды-жасылды думан тойлардың, түгесілмес концерттердің, бітпейтін жиындардың, сәнді ғимараттардың, бизнес орталықтар мен базарлардың ғана қаласы емес, жұмбаққа, сырға толы кітапханасы мен музейі, театрлары мен ғылыми орталықтары бар, рухани аурасы бөлек, сан-салалы тағдыр иелері мекендеген, өзінің тылсым құпияларын ішіне бүккен тарихы нән шаһар. Аталған шығармаларды оқығанда осындай шаһарда тірлік кешіп жатқаныңызды ой елегінен қайтара өткізесіз.

Мағауин шығармашылығы – арналы өзен секілді. Қайталай оқып, шүңетіне үңілген сайын тереңіне тарта береді. Суреткер туралы көп айтуға болады, одан да көп айтуға болады, әйткенмен, толық айтып, ақыл-тақыл түгесу мүмкін емес. Себебі, қаламгердің жасампаз болмысы – біз сөз еткеннен әлдеқайда кең, ауқымды, көп функциялы, сан алуан дифференциалды.

Т. ТАҢЖАРЫҚ

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.01.2020 | 19:10

Шынайы суреттелген әрі сан-салалы айшықталған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір