Есей Жеңісұлы. Бәрі де – тағдыр…
10.01.2020
1165
0

Кітап – адам баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білімнің биік шыңына жетелейтін де – кітап. Дана халқымыз кітаптың маңыздылығын «Кітап – алтын қазына» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – қаламгер Есей Жеңісұлы «Сүйікті жазушыңыз кім? Оның қай шығармасы жаныңызға ерекше жақын?» деген сауалдарға ол былайша жауап берді...

Мен осы сұраққа көп жауап іздедім. Өмірге күмәнмен кіріскен адамда жалтақтық көп болады, сондықтан Оралханды жақсы көретінімді әредік айтып қалсам да, «осыным артық болды ма?» деп қарадай қысылатынмын. Өйткені адам өмірдің белгілі бір кезеңдеріне жеткенде, бұған дейін мызғымас көрінген талай ойынан, принципінен, ұстанымынан айныйтыны бар. Өйткені кезінде Оралханды қадір тұтқан талай оқырман есейе келе одан сырттап, тіпті «Бөкейдің шығармасын бозбала шақта оқу керек» деп үкім де шығарып қояды.

Бірақ бәрібір мен Оралханнан алыстай алмадым. Қайта күн сайын жақындап, етене болып келе жатқан секілдімін. Оным – қырықтың белесіне жұрнағы ғана жеткен романтикадан адасып, айырылып қалмауға деген жанталас болса керек. Әсіресе, «Қар қызы»…

Ақ шағылдар ән салады…

Қоңқайына оралған Аманжанды, ауылға – Упрай әкесіне қайтқан Бақытжанды айтпай-ақ қояйын. Қар қызының ауылында қалған Нұржан… Оралхан аға осы кейіпкері туралы жазып отырғанда кімді ойлады екен? Кімді көз алдына келтірді екен?

Қаламгер Бөкейұлы менің әкеммен құрдас. Бірақ менің жанымды, яғни перзенті дерлік толқынның жан арпалысын сөзсіз түсінген, сөзсіз ұққан. Қиялға батып, өмірдің өзгелер байқай бермейтін, байқай алмайтын сәулелі, ойлы тұстарына үңіліп, әр қиындықтың астарынан жақсылық көргісі келетін Нұржан… Адамның хайуандығы мен қатыгездігінен тағдырын түбегейлі басқа арнаға бұрған Қар қызының енді бұрылар жолы жоқ па, қайырылар үміті қалмады ма?

Қар қызы дегеніңіз – санасында сәулесі бар әрбір адамның аппақ тағдыры ғой. Сол кіршіксіз жаратылысқа әлдебіреулер өзіндік бейшара таныммен, қатерлі ақымақтықпен, ойсыз тоғышарлықпен қойып кетіп, былғап, ойрандап, соны ерлік көретіні – адамзат жаралғалы бері келе жатқан кеп. Демек, адамның ішіндегі адам не нәрсеге көбірек ұмтылса, сонысы ақыры көрініс бермей қоймайды. «Қой терісін жамылған қасқыр» бір күні азуын көрсетеді, «сырты дүрдей» жанның ішкі нәзіктігі бәрібір аңғарылмай тұрмайды.

Қар қызы – сыртқы болмысы былғанған, ішкі нәзік әлемі сол былғаныштан жеркенетін, сонымен өмірді бітті деп ұғатын, сондықтан да өзіне тірлік қана күйттеген адамдар арасында орын жоқ деп білетін беймаза жаратылыс. Ол өзін аяйтын әкесін, реті келсе, бір асап жоқ қылуға тырысатын айналасын енді байқамайды, байқаса да солардың қалауымен тірлік кешуге тиіс екенін мойындамайды. Ол, ең бастысы, Нұржан сияқты мұнарға оранған, жерлік емес, көктен де орын таба алмайтын жан қиялында ғана өмір сүреді деп есептейді, жолыққан күні… өмірдің өзіне ашпаған картасы әлі де бар екеніне таң қалады, сүйіне тұрып күйінеді. Демек, тағдыр өмірдің қай кезеңінде де түзетілуге, өзгертілуге құқылы.

Қоңқайлар өмір сүре береді, Бақытжандар бағзы заманнан бері бар.

Мен осы шығарманы – «Қар қызы» хикаятын сонша албырттықпен жақсы көремін. Оқи бастасам-ақ айналам аппақ мұнарға толып кетеді, дауыл тұрып, ақтүтек бораннан көз аша алмай қаламын. Бірақ бәрібір шығарма соңында Қар қызына жолығатынымды білем де, ешқашан үміт ізбеймін. Оралхан Бөкей адамның аппақ болмысына ғажайып ескерткіш орнатып кеткеніне күмәнсіз сенемін.

«Қар қызы» – күңгірт тірліктің жарқылы. Адам қанша жасаса да, ізгіліктен үміт үзбейтініне, өзі сонша былғанып жатса да, бір кездердегі тазалығын үздіге, аңсата еске түсіретін ғажайып туынды ол!

Ал жалпы алғанда, мен жақсы көретін жазушылар көп. Аса көп. Жақсы шығармаларға кезіккен сайын, оны туындатқан адамның біліміне, ерік-жігеріне, ұшқыр қиялына, салқын ақылына сүйсінемін, қызғанамын, бағалаймын.

Paris; France — december 22 2017 : the Victor Hugo house

Әлем әдебиетінен Виктор Гюгоны ерекше қадірлеймін. 2016 жылы Парижге жолым түсіп, адасып жүріп Гюго көшесінен бір-ақ шыққанымда, өзімнен-өзім ырза болып, адасқаныма түк те өкінбей, мұрнымның астынан ыңылдап жүріп алғаным естен кетер ме? Немере ағам Құдай-Ана ғибадатханасына апарып, алдында әрі де, бері де суретке түскенімде, тура төбесінен мұңлық Квазимодо сығалап қарап, айран-асыр болып жүрген маған таңдана, есіркей, түсіне үңілген секілді болды да тұрды. Қайбір жылы Ресейдің үш әншісі (Петкун, Голубев, Макарский) Гюго романының желісіндегі француз әнін орысшалап шырқап, біраз уақыт хит-парадтардан түспей жүрді. Бірақ оқырман ретінде маған «Я душу дьяволу отдам за ночь с тобой» деген жолы мүлде ұнаған жоқ. Гюгоның «Париждегі Құдай-Ана ғибадатханасы» романын оқыған әрбір адам Квазимодоның да, Фебтің де, тіпті архидиакон Клодтың да Эсмеральданы көргенде, адами құштарлықты ойлаудан гөрі, мінсіз сұлулыққа арбалып қалатынын біледі. Сөйтіп, Эсмеральданың тілеулесіне айналып кететінін сезбей қалады.

Осындай сәттерде бәрін де адамның сыртқы қалауына әкеп таңып қоятын пенделерді аяудан басқа ештеңе қалмайды…

Өткен жылы «Нотр-Дамның» өртенгенін естіп, қатты күйзелдім. Ғибадатхана алдында флейтаны сызылта тартқан көше музыканты көз алдыма келді…

 «Күлетін адам» романында бір сәттік оқиғаға соншама баяндаудың оп-оңай бағынып кететіні таңдандырады.

«Тоқсан үшінші жыл» шығармасында Лантенактың үш сәбиді өрттен құтқаратыны алдын ала сезіліп қалады. Бірақ мемлекет тағдыры, тіпті адамзат тағдыры таразының қай басына ауатыны шешілер сәтте оның адами нәрсені, адам болашағын таңдайтыны кейінгі әдебиетке көп бағыт нұсқағаны күмәнсіз.

Гюгоның кейіпкерлерінің ұсағы жоқ, бәрі ірі. Тіпті бүкір Квазимодоның мойнында да адамзаттық жүк бар. Гаврош ысқырған оқтың ортасында жүріп неге ән салады? Өлім қарсаңындағы қорқынышты еңсеру ме? Әлде ешқайда барар жол жоқ, төрт тараптың бәрі өлім, ақыры бәріне мойынсұнғандық па? Сонша азап көрген Жан Вальжан неге өмірден өз еркімен бас тартты? Ол өмір бойы ізін аңдыған Жаверден, өмір бойы тонаған Тенардьеден құтылды ғой, енді неге адамша өмір сүрмеске? Жоқ, жазушының үкімі қатал. Жан Вальжан ең алғаш епископтан қайырым көрді. Мейірім дәнегі сол сәттен-ақ оның жүрегінен бүр жарды. Мадлен ағай ретінде бай болып өмір сүре берсе, «құда да, құдағи да тыныш» еді. Жоқ, ол Козеттаның өміріне араласады, соны туннельдің арғы жағындағы жарыққа сүйрейді.

Адамның өмірі де осы ғой. Дұрыс па, бұрыс па – әйтеуір бір жарыққа ұмтыласың. Тіпті өмірің аяқталар сәтте де жүріп өткен жолыңның қандай болғанын шамалай алмайсың. Сондықтан да «Париждегі Құдай-Ана ғибадатханасы» романын Гюго «тағдыр» сөзімен аяқтайды. Бәрі де – тағдыр…

«Теңіз бейнетқорларындағы» Жильят Летьери қарттың «ғашығы» «Дюранданы» теңіз құрсауынан азаптанып құтқарды, бірақ Дерюшеттаның басқа адамды сүйіп қалғанын көріп, теңіз суына неге тұншықты? Гюго адамның жанын қопарады, дағдартады, тығырыққа тірейді, шешімін өзі тауып, сол шешімнің оң екеніне күмәндандырады.

Дегенмен Гюгоға да дауым бар. «Күлетін адам», «Теңіз бейнетқорлары», әсіресе «Аласталғандар» романдарында артық тұстар тым көп сияқты көрініп кетеді. Әлде сол дәуірге тән ерекшелік пе? Жан Вальжанның ізгілік әлеміне оралғанын аңдату үшін епископтың өмірін сонша тәптіштеудің қажеті бар ма еді? Генерал Понмерсиді майдан даласынан Тенардье құтқаратынын Ватерлоодағы қырғынды тереңдей сипаттап отырып аңғарту қажет пе еді? «Күлмейтін адамның» тағдырын көз алдымызға келтіру үшін сарай маңындағы лордтардың иелігін сонша термелеудің не қажеті бар?

Қысқасы, сұрақ көп… Сүйікті жазушы осынша сұрақ тудырумен де сүйікті болатын шығар…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір