Тұрсынзада Есімжанов: Үнемі оқып отыратыным – Құдайдың сыбыры…
27.12.2019
2544
0

Тұрсынзада Есімжанов

«Қазақтың маңдайына өлең бітсе, өлеңнің маңдайына бітіп ең сен» деп Құлагер ақынға жыр арнаған бозбала ақын әдеби ортаға ерте танылды. Небәрі 16 жасында Эдгар По, Пушкин мен Есенин, Байрон мен Гейне, Расул Ғамзатовтарды қазақша сөйлетіп, аудармалары баспасөз бетінде жарық көрді. Өлеңдері хақында Ғабит Мүсірепов: «Тұрсынзада өз соңынан талай талант туғызып, әрбір жаңа жинағымен оқырман талғамын тереңдетіп, қазақ жырының көкжиегін кеңейтіп келеді. Ол талантын ылғи бір маңызды жаңа тақырыптарға арнайды, жаңа бояулар, жаңа теңеулер табады…» – дей келе, тұтас шығармашылығына пайымды шолу жасаған болатын.

…Ақынның үйіне барғанымда, есікті өзі ашты. Кең бөлмеде отырып сұхбат құрдық. Жолдасы Тыныштық апамыз ақынды ерекше құрметтей білетін. кісі екен. Сұхбат арасында ойларын айтып, қосылып отырды. Ақын: «Маған жазуға мүмкіндік туғызып отырған бірінші Құдай, екінші осы жетпіс жылға жуық отасқан жан жарым, Тыныштығым», – деп ризашылығын жеткізіп қойды. Сірә, оңашалықты сүйетін шайырдың ой сарайы айтар сырға толып қалса керек, аз ғана жағдай сұрасудан соң еш сауалсыз-ақ әңгімесін бастап жүре берді.

«Сексен томға жуық поэзиялық шығармалар жаздым…»

– Мен – құдіреттің қолындағы қаламмын. Сондықтан осы міндетті ғана орындаймын, құдірет не десе – соны істеймін. Табысқа малданып, жазу-сызуды тоқтатқам жоқ, сексен томға жуық поэзиялық шығармалар жаздым. Мұны ешкім көрмейді, ешкімге бермеймін де. Ол өлеңдерімді шығаруға қазір уақытым да жоқ. Кезінде «Бір бөлмелі үйіміз» деген өлең жаздым. Сонда адамдар бұлар төрт бөлмелі үй алды, бұл қалай деп ойлайтын болуы керек. Ал мен «бір бөлмелі үйіміз» деп бүкіл жер шарын айтқан болатынмын. Шынында солай, біз бәріміз, барлық ұлттар, елдер бір ғаламшарды мекен етеміз. Әр ұлттың мәдениетіне құрметпен қарау керек.

Ақын жары Тыныштықпен бірге

– Ерте танылдыңыз. Ерте танылу сізге не берді, сізден не алды?

– Бала кезімде барлығы қолпаштап, қошеметтеп жүретін. Мен 4-сынып оқып жүргенде ұзақ-ұзақ жырларды жатқа айтатынмын. Ауданның бас дәрігері әкеммен дос еді. Сол кісі кейде қолыма күректей-күректей ақша беретін. Әкем болса: «Ой, Хасан-ау, мұның не, кішкентай баланың іші үлбіреп кетпей ме?» – деп бәйек болатын. Адамды көбіне мақтау құртады.

Ақша бұлт анау қаптаған,

Селі жоқ бойда жауар түк.

Мінімді көзге айтпаған,

Достардан маған жау артық,

– дегенді кейінгі кезде жаздым. Ал енді:

Сен жоқта барлық ақын бала шәкірт,

Бәрі ұлы сен жоқ болсаң арамызда,

– деп Ілияс ақынды қатты мақтап жіберген болуым керек. Бір кісіге бұлай айту қиындау. Прогресс деген жүре береді. Жаңа буын келіп поэзияны дамыту үстінде. «Абайдан асырып не жазамыз?», – дейді біреулер, онда, жаза алмайтын болса, қаламды тастау керек. Принцип біреу – келдің бе оз, бірақ оздым деп кеудені қағудың керегі жоқ. Ісің озық болсын. Түптің түбінде поэзия авторынсыз жетім қалады. Сонда көретін күні қалай болады?! Бұл жайында көзіңнің тірісінде ойлану керек.

– Сіз көбіне жиналыстарға, жиын-тойларға қатыса бермейсіз. Оңаша жүресіз. Сізге оңашалық не берді?

– Оңашалық – жазу берді. Мәселен, соңғы шыққан кітабым бүгінгі заман ауқымын қамтиды. Осы заманға берілген жауап. Ал енді, өмірде мәселелер таусылмайды. Мен сәл ерте тұрамын, жаттығу жасаймын, бойда қан айналса, қаламға қарай жүгіртеді. Тек жазу, жазу.

– Яғни, тек жазу үшін оңашаланасыз?

– Әрине, оңашалықсыз жазу жоқ.

– Бір байқағаным, сізді қай буын өкілдері де жақсы таниды, құрметтейді. Мәселен, аз уақыт бұрын ғана Ғалым Жайлыбай ағамен сөйлескенде, жырыңызды жатқа айтып берген болатын.

– Ғалым Жайлыбай – ақын. Жалпы, «ақын» не «ақын емес» деген екі сөз жетеді. «Ұлы ақын» деп әспеттеудің қажеті жоқ. Ұлы ақын – Құдай ғана. Ұлылық Аллаға ғана жарасады.

– Абайдың биіктігі неде?

– Абайдың биіктігі – оның оқығандығы. Ол дер кезінде оқыған, ізденген. Қолына домбыра алып «әләуләймен» кеткен ақын емес. Абайдың әлі де зерттелуге тиіс жақтары бар. «Бес дұшпанның» өзі осы күнге дейін маңызды дүние. Алдағы бес ғасырда да маңызын жоғалтпауы мүмкін. Оның мықтылығы – мәңгілік тақырыптарды қаузауында. Болмыстан өшпейтін тақырыптарды тереңірек меңгеруге талаптанғандығында. Ал ол талаптың арғы жағы қашанда дами береді. Даму шегіне жеткен ақын болмайды. Адамзаттың даму шегіне жету мүмкін емес.

– Мәңгілік тақырыптарға толығырақ тоқталсаңыз?

– Мәңгілік тақырыптарға қандай қоғам келсе де, мейлі ол қоғамның аты социализм болсын, коммунизм болсын, Тәуелсіз қоғам болса да, ескірмейтін, құндылығын жоғалтпайтын тақырыптарды жатқызар едім.

«Қыздың жолы жіңішке»
деп Фариза Оңғарсыноваға жол бердім…»

– Сізді дүниенің құрылымы қызықтыратын секілді…

– Ең ұлы іс – құрылыс! Көзіміздің алдында көрініп тұрған Астананың салынуы да, жарқырап тұруы да – адамзаттың қолынан сирек келетін істердің бірі. Сондықтан ол да – шығарманың ең үлкені. Ол қалаға Нұр-Сұлтанның атын қоюы қай жағынан болса да дәлме-дәл келіп тұр.

– Өткенге өкінішіңіз бар ма?

– Өкініштің өзі кейде мақтаныштан, қуаныштан, шаттықтан артық жеміс береді. Өзіңді өзің қайрамай, Құдай Тағаланың тапсырған шаруаларын толық орындамай жатып, құр мақтанға бой алдыруға болмайды. Өкініштің жақсы жағы да, жаман жағы да болады. Сондықтан бұл мәселеге тәубемен қараймын. Қалай болғанда да, жасалған іс өлмейді. Егер болар болса, өкініш – жұмыс істемеген, іс атқармаған адамда болуы мүмкін. Менде өкініш жоқ. Ал атақ-даңқ жағына келер болсақ, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, бірден-бір үміткер болғанмын. Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Олжас Сүлейменовтер барлығы дауыс беріп, қолдап отырды. Бірақ өзім «қыздың жолы жіңішке» деп жолымды Фариза Оңғарсыноваға бердім. Фариза сонда рақметін айтқан болатын. Мұны ешқашан қателік деп санамаймын.

– Мұқағалимен дос болыпсыз.

– Иә, мінезі қызық кісі еді. Милиция­ның машинасы көрінсе, қаңбақтай ғана Шәміл құрдасына «Әне, әне келе жатыр, мені салып әкете алмайды, сен жеңілсің, сені алып кетеді», – дейтін. Сөзі мен әзі­лі жарасатын өзге де құрдастары, тұр­ғы­ластары көп еді. Менен он жас үлкен бол­са да, өз атымен Мұқағали дейтінмін. Бізді дәм-тұз жақындастырып, дос қылып жіберді.

– Әдебиеттің даму көкжиегін бақылап отырасыз ба?

– Әрине, қалай болғанда да, өмір дамымай тұрмайды. Ал өмір дамыған соң әдебиет дамиды. Қоғам ешқашан кері кетпейді. Алға адымдап отырады. «Тек қана аппақ көгершін ұшады, тек қана жақсылық бола береді» деп ойлау – қате. Бұл – арманға ғана сиятын дүние. Мәселен, қазақтың даналық сөздері Шекспирдің шығармаларынан кем соқпайды. Тілді дамыту – ең негізгі мәселе. Шынымен қазақ тілі дамитын болса, әлем халықтары ағылшын тілінде емес, қазақ тілінде сөйлеуі мүмкін.

– Классика деген не?

– Классика деген – өзгермейтін, ең жақсы үлгілер. Қарапайым тілмен айтқанда – шексіз шеберлік.

– Үнемі оқып отыратын кітабыңыз бар ма?

– Үнемі оқып отыратыным – Құдайдың сыбыры.

Ақын мен әкім

«Менің ұғымымда ең ұлы ақын – Құдай…»

– Сіздердің замандарыңыз аумалы-төкпелі болды ғой…

– Жас кезімде:

Мен сенбеймін Құдайға, пендеге де,

Сенейін сағымдар мен желге неге?

Көктемге де сенбеймін кейде жаумай,

Ырыс құймай кетеді жерге көне.

Мен сенемін өзімнің еңбегіме,

Халқымның қажырына, жеңгеніне, – деген өлең жазғанмын. Ал қазір басқаша ойлаймын. Бәрі де Құдай Тағаланың көмегімен жасалған. Менің ұғымымда ең ұлы ақын – Құдай.

– Еуропаның «Дон Кихотын», «Робинзон Крузосын» алсақ та, формасында Інжілмен ұқсастық бар. «Бүкіл әдебиет атаулы киелі кітаптардан бастау алды» деп айтсақ бола ма?

 – Болады.

– Сізді көбі мінезді кісі дейді…

– Жер бетінде 7 миллиард адам болса, бармағының ізі ұқсамайтыны секілді, ешбірінің мінезі де бір-біріне ұқсамайды.

– Бүгінгі қоғамға көңіліңіз тола ма? Ренішіңіз жоқ па?!

– Жоқ. Мүлде жоқ. Сыннан гөрі, менде ризашылық мол. Атақ деген не? «Мен Нобельден жоғарымын» деп ойлағын. Атақты алудың ең оңай жолы сол. Бірақ Нобель сыйлығын алған адамдардан кем жазбау керекпін деп, жазуыңның сапасын жөндей бер.

– Жас күніңізде көп жазған секілдісіз.

– Мықтылардың көбі – Сәкен, Бейімбеттер, Пушкин, Лермонтовтар жас кезінде өмірден өтті. Мұқағали да елуге толмай кетті. «Жас күнде бәрін тындырамын» деудің өзі – зор қателік. Жас келген сайын ақыл да, шеберлік те толысады. Бұл әр адамның өзінің табиғатына байланысты. Сондықтан жас кезімде бәрін тындырып кетуім қажет, қартайғанға жұмыс қалмауы керек деген – жай нәрсе. Бәрін бір Құдай біледі.

– Жаңа кітаптарыңыз бар ма?

– Шынымды айтсам, өзімді насихаттауды білмейтін адаммын. Керек нәрсе өзі-ақ көрінеді. Өзіме Құдай Тағаланың құралы есебінде ғана қараймын. Қалам болсам – Құдай Тағаланың қолындағы қаламмын. Не жаз десе, соны жазамын. Ешуақытта кітапты оқып алып, сондағы әсермен жазған адам емеспін.

– Туған жылыңызды қарап отырсам, Мұхтар Шахановпен құрдас екенсіз.

– Мұхтар бір сөзінде жақынырақ жүрейікші дегендей ілтипат танытты. Мұхтарды жоққа шығаратындар бар, олай болмайды. Ол – әдебиетке өзіне-өзі үлкен талап қойып келген жігіттердің бірі. Әрине, оны Абаймен, Махамбетпен жарыстыру – бұл жай ғана спорттық пікірлер.

– Адамзаттың ойлау жүйесі, сіздіңше, жаңа сатыға көтерілді ме?

– Әлі күнге әр жерде соғыстар, қантө­гіс­тер болып жатыр. Соның бәрі адамзат баласының санасы әлі де болса біз ар­ман­дағандай дәрежеге жетпеуінен деп білемін.

– Мылтықты қай кезде тот басады?

– Ұсталмаса – тот басады.

– Ғабит Мүсіреповпен біршама уақыт бірге жүріпсіз…

– Ғабеңмен Жапониядан келе жатып та­ныстық. Көбіне преферанс ойнауға шақыратын. Кейіннен бұл ойынға қолым тимейтінін айттым. Ғабит – бір ауыз сөзге сыймайтын адам. Толып жатқан атақтың бәрі адамға өздігінен келіп жабыса бермейді. Ал ол – шетелде де мойындалған кісі еді.

Осы тұста әңгіме ауаны аяқталып та үлгерді. Ақын қысқа және нақты сөй­лей­ді екен. Сөзге өте адал қарайтынын бай­қадым. Бір мезетте ақынның жары Тыныштық апай сөйлей жөнелді: «Бұл кісі ешкіммен бақталаспайды. Біреуге артық сөз сөйлемейді. 80 жылдығында кітаптарының бәрін шығару керек пе деп ойлаймын…».

Ақын қабырға толы кітапханасын көрсетті. Иық тірескен, жүзі қартайған кітаптар… Мұнан соң жеңіл қоштасып шығып кеттім. Иә, ол тағы да қалам мен қағаз аталатын киелі ұғымдармен бетпе-бет қала берді.

Сұхбаттасқан
Батырхан СӘРСЕНХАН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір