ҚАЗАҚ ЕЛІ ЖАЗУШЫЛАРЫН РУХАНИ ТІРЕк САНАЙДЫ
15.12.2019
921
0

Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдық мерейтойына орай өткен пленумға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы қатысып, арнайы баяндама жасады. Мемлекеттік хатшы Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин секілді Алаштың үш арысының 125 жылдығының аясында ұйымдастырылған шараларға тоқталып, Одақ пен «Қазақ әдебиетінің» 85 жылдығымен зиялы қауым өкілдерін, қазақ қаламгерлерін құттықтады. Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан істерді айта келіп, «Жазушылар Одағын бюджеттен қаржыландыру мәселесін Мемлекет басшысы Одақтың ерекше мәртебесін ескере отырып, қоғамдық ұйым екендігіне қарамастан, Үкіметке оңтайлы шешуді қарастыруды тапсырғанын Сіздерге жеткізгім келеді», – деді. Қаламгерлер бұл сөзді жылы қарсы алды. Біз Мемлекеттік хатшының баяндамасын оқырман қауымға толықтай ұсынып отырмыз.

Қырымек КӨШЕРБАЕВ, ҚР Мемлекеттік хатшысы

Құрметті зиялы қауым!

Қадірлі Пленумға қатысушы қаламгерлер!

Биыл қазақ әдебиетінің қарашаңырағы Қазақстан Жазушылар одағы мен қазақ сөз өнерінің көркемдік кеңістігіне ай­нал­­ған «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жыл­дық мерейтойы аталып өтіп жатыр. Сон­дай-ақ осы қарашаңырақтың негізін қалаушылар – қазақтың үш бәйтерегі: Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің туғанына биыл 125 жыл толып отыр.

Ұлтқа ұран тасталған кезде алдымен үн қосып, өнегелі істі өрге сүйреп іліп алып кету – қалам ұстаған қайраткерлер қалып­тастырған игі дәстүр. Сондықтан қазақ елі қашанда жазушылар қауымдастығын жанына сүйеу, рухына тіреу санайды.

Ежелден сөз өнерін кие тұтқан, асыл сөзді ардың ісі санаған қазақ, өткен ғасыр басында бір ұйымға ұйысқан ақын-жазушылар қауымдастығына да дәл сондай үкілі үміт артқан болатын.

Сексен бес жылдық тарихында сөз зер­герлері сол үмітті халық қамы мен ел сенімінің темірқазығына айналдыра білді.

Қазақстан Жазушылар одағының бір ғасырға жуық тарихын тарата зерттейтін болсақ, одан қазақтың қилы кезеңдерімен тұтасып жатқан жүздеген томға жүк болатын қызығынан қасіреті басым, тауқыметті тағдырлардың шежіресін көреміз. Оның бірсыпырасы жазылып та жүр, ал қалтарыста жатқаны одан әлдеқайда мол…

Жазушылар одағы 1925 жылға дейін Қазақ пролетар жазушылар ассоциациясы (КазАПП) деген ұйым ретінде жұмыс істеп тұрды. Сол тұста аталған ұйымның басында Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин болғанын білесіздер. Кейіннен бұл ұйым 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағы деп қайта құрылып, тұңғыш төрағалығына Ілияс Жансүгіров сайланды.

Дәл сол жылдың 10 қаңтарында «Қазақ әдебиеті» газеті де жарыққа шықты. Оның алғашқы редакторы Ғабит Мүсірепов болғанымен, идеялық жетекшілері Сәкен, Ілияс және Бейімбет еді. Газеттің алғаш­қы бетінде «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұранның жазылуы да көп нәрсені аңғартады емес пе?

Міне, ұлт тарихындағы екі ұлы құбы­лыс­тың қазақтың «үш бәйтерегі» аталып кеткен алып тұлғалармен тұтаса байланысып жатқанын көреміз. Бұл үш тұлғасыз өткен ғасыр басындағы қазақ руханиятының тарихы тарқатылмайды. Сондықтан оларды бүгін де біртұтас құбылыс ретінде қарастырып отырмыз.

Қазақстанның әр түкпірінде дүниеге келген үшеуінің ат жалын тартып мініп, ел ісіне араласқан жастық шағы ХХ ғасыр басындағы дүрбелең кезеңге дөп келді.

Мәселен, Сәкен Сейфуллин отызға жет­пеген жасында Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы болды. Айналасы оншақты жылдың ішінде қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушы, Қазақстан Жазушылар одағының іргетасын қалаушы, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері болып биік шыңға шықты.

Мемлекеттік қызметті атқара жүріп әдебиет пен мәдениетте ол араласпаған сала жоқ. Биыл 100 жылдығын тойлап отырған «Егемен Қазақстанның» да басында Сәкен тұрған. Ұлтты сүюді, оған адал қызмет етуді алдындағы Алаш арыстарынан мұраға алса, өзінен кейінгі Сәбит, Ғабит, Ғабидендерге сол дәстүрді аманат ете білді.

Қазақ поэзиясының құлагері атанған Ілияс Жансүгіров – қазақ поэзиясында ерекше ардақталатын дара тұлға. Ілияс, жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі ұлттық бояуы айрықша қанық ақын. Оның шығармаларының тақырыбынан да, мазмұн-мәнінен де, идеялық мақсат-мұратынан да, тіл кестесі мен сөз саптауынан да қазақы орта ғана мейірі қанып сусындайтын, тұшынып, тебірене ұйып тыңдайтын табиғилық есіп тұрады. Ол ұлы даланың бар рухани құнарын бойына сіңірген, Абай даналығы мен Алаш арыстарының азаматтық рухын биікке көтерген дүлділ ақын.

Ал «Шұғаның белгісі» сияқты таңғажайып туындысымен бірден әдебиет төріне озған Бейімбет Майлин шығармалары ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірі мен мінезінің көркем энциклопедиясы деуге болады. Бейімбет шығармаларының келешекте де қолдан түспейтініне сенімдіміз.

Тұтастай алғанда, «Үш бәйтерек» – қазақ әдебиетінің мәңгі жас, уақыт өткен сайын тұлғаланып, биіктей беретін алып шынарлары.

Биылғы жыл сол арыстарды ұлықтау жылы болды, тұғырлы тұлғалардың мерейтойлары атап өтілді. Бейімбетке Президент Жарлығымен Қостанайда бір ауданының аты берілді. Бұл игі істің бастауы болар!..

Барлық өңірлерде жазушылардың шы­ғар­малары басылып, кеңінен насихатталды. Алматы облысы Ілиястың 25 томдық шығармалар жинағын шығарды. Үш тұлға тойын Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы да кең көлемде атап өтті.

Мінеки, сол үш арыс негізін салған бұл күнде еліміздің рухани игілігіне айналған «Қазақ әдебиеті» газеті де 85 жылдық белесіне толып отыр. Ғасырға жуық уақыттан бері талай жас дарынның қанатын қақтырып, қайталанбас дарындардың дариялы арнасы болған басылымның ғұмыр жолын оқырман қауым жақсы біледі.

20 ғасырда қазіргі заманғы әдебиетіміздің қалыптасып, әлемдік озық әдебиеттердің үрдісінде дамуына ықпал жасаған бұл басылымның қазақ руханиятынан алатын орыны әрине ерекше. Кезінде Жүсіпбек Аймауытов «Әдебиет – халықтың жаны» деген екен. Қазақтың жанын байытушы – әдебиетіміздің негізін салған алыптар мен одан кейінгі тамаша таланттардың үздік туындылары болса, сол мәртебеге көркем әдебиет басылымдары да, соның бірі де бірегейі «Қазақ әдебиеті» газеті де лайық деп айта аламыз.

Газет бетінде қазақтың маңдайына біткен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұс­тафин, Мұхамеджан Қаратаев сынды алып­тардың алғашқы жүрек сиясы та­мып, қолтаңбасы қалған. Ұлы Абай мен Махам­беттің, Алаш арыстарының қай­таланбас мұраларын халқымен қауыштырған да осы газет.

Сонау 1934 жылдың қаңтарынан бастап жарыққа шыққан газет ел-жұртымызды әде­биетіміздің сиясы кеппеген жаңа шығар­маларымен таныстырып, авторларымен қауыштырып келеді.

Сонымен қатар, қай кезеңде болсын ұлттың сөзін сөйлеп, мүддесін көздеп, тіл мен ділдің жанашыры, тарихымыз бен дәстүріміздің жоқтаушысы болудан танған емес.

Жыл өткен сайын заманға сай мазмұны жағынан байып, биіктеп, тереңдеп келе жат­қан газеттің оқырмандары алдағы уақытта да көбейе беретініне сеніміміз кәміл.

Қадірлі қаламгер қауым!

Өзінің 85 жылдық белесіне шыққан Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі алқалы жиынында ұлттық сөз өнерінің тарихи тамырына да аз-кем тоқталып өтпеске болмас. Біз дүниедегі ең көне кітаптың бірі «Авестада» – тұр, «Шахнамада» – тұран, қытай жылнамаларында – туқиу, юнандар, парсылар – сақ, массақ деп атаған ұлы көшпелі халықтың ұрпағы екеніміз белгілі.

Ата-бабамыздың жүріп өткен жолында тек қана жойқын жеңісті жорықтар жатқан жоқ. Әлемдік тарихта маңызды роль атқарған руникалық жазбалар, темірден түйін түйіп, алтын, күміс, жез, қалайы сияқты металдардан небір ғажайып ескерткіш сомдай білген металлургия жетістіктері біздің қазақта болды. «Сөз өнері дертпен тең» деп ұлы ақын Абай айтқандай, ауыз әдебиетінің қайталанбас жауһарлары да осы Ұлы Далада жасалды.

Ежелден келе жатқан киелі таңбалар мен жазба белгілері, ұйқасқа құрылған шумақтар, мақал-мәтелдер, өлеңдер мен тақпақтар, ертегілер мен аңыздар дастандардың, поэмалардың, қазіргі заманғы әңгімелер мен романдардың, драмалық шығармалардың дүниеге келуіне даңғыл жол ашты емес пе? Бұлардың барлығын әдебиетіміздің баға жетпес байлығы деп түсінуіміз қажет.

Қазақ әдебиеті – түбі бір түркі халық­тары­ның рухани құндылықтарының ажырамас бөлігі. Тарихқа үңілсек, сақ-ғұн дәуіріндегі әдеби туындылар, Орхон-Енисей руна жазба ескерткіштері, «Қорқыт ата» кітабы, «Кодекс Куманикус» жазба туындысы, «Оғызнама» дастаны, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Махмұд Қашқаридің «Диуани луғат-ат-түрік» кітабындағы аңыздар мен әпсаналар қазақ әдебиетінің түп-тамыры саналатын түркі халықтарының ортақ рухани қазынасы.

Қазақтың жазба әдебиетінде ұлы ойшыл ақын Абайдың орны әрине ерекше. Кемеңгерден қалған терең ой, жауһар мұ­ра қазақтың тарихымен дәуірден дәуірге жалғасып, асыл жәдігерге айналды. Сондай-ақ, Абай екі ғасырға жуық уақыт бұрын қазақ даласына әлемдік әдебиеттің үздік қазынасын алып келген ұлы ағартушы. Алдағы жылы елімізде дала данышпаны атанған ұлы тұлға­ның 175 жылдығы өздеріңіздің атсалысу­ла­рыңызбен кең көлемде атап өтілмек. Мем­лекет басшысының Жарлығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылды, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар бекітілді, мерейтой ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне енгізілді.

ХХ ғасыр қазақ сөз өнерінің әлемдік әдебиет көшіне ілескен алтын ғасырына айналды деуге әбден болады. Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы, қазақ тарихын көркем тілмен кестелеген Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» көптомдығы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы және басқа да ондаған іргелі туындылар қазақ әдебиетінің мәртебесін арттырып, мерейін үстем етті.

Поэзияда Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Олжас Сүлейменов және тағы басқа да талантты ақындар қазақ сөз өнерінің, ұлттық поэтиканың жарқын үні мен жаңашылдығын бүкіл әлемге паш етті.

Тәуелсіздік жылдарында халықтың та­ри­хи санасы жаңғырып, мәдени-ру­хани құндылықтарымыз қайта қалпына келтірілуде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әуелгіде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ла­масы жасалды. Жоғалтқан, жабылған, тарихи санадан өшірілген қаншама рухани байлықтың алтын көмбесі аршылды?! Елімізде үш жылдан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұған «Ұлы Даланың жеті қырын» және қосыңыз!

Бұл бағдарламалар тарихи мұралары­мыз­ды түгендеп, руханиятымызды жаңғыртумен қатар, ұлттың жанына айналған төл әде­бие­тімізді ұлықтауға, ұрпақтың рухани игілігіне айналдыруға бағытталып отыр. Соның ең бір елеулісі – қазіргі қазақ әдебиетінің поэзия мен прозаға арналған екі томдығы Біріккен Ұлт­тар Ұйымының алты тіліне аударылып, сол тілдерде сөйлейтін әлемнің 70-тен астам еліне таратылуда. Бұл елдерде 2,5 миллиард xалық тұрады! Халықаралық дәрежедегі мұн­дай ауқымды шара тарихымызда болған емес.

Бұл маңызды жұмыста орын алған кем­шіліктер де бар, бұйырса «көш жүре түзелер» дегендей оның да бір ретін келтірерміз….

Қазақстан Жазушылар одағы өзге елдердің әдеби ұйымдарымен халықаралық келісімдерге келуде. Өзбекстан, Ресей, Түркия, Иран, Қытай сынды өркениетті елдердің жазушылары қауымдастықтарымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум­дарға қол қойылды. Осының арқасында шетелдерде қазақ авторларының кітаптары аударылып, басылатын болады.

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысқан «Азия елдері қаламгерлерінің І форумы» өтті.

Бұл форумға жалпы саны 300-ден астам ақын-жазушылар қатысты. Олардың ішінде – Азия құрлығын мекен еткен 38 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары да болды. Дәл осындай Азияның әлемге танылған қаламгерлерінің басын қосатын ауқымды әдеби форум Тәуел­сіздік жылдарында Қазақ жерінде тұңғыш рет ұйымдастырылып, дәстүрлі болмақ.

Барша қаламгерлерімізді, оның ішінде 800 мүшесі бар Қазақстан Жазушылар одағын қолдау – мемлекетіміз үшін мерейлі де мәртебелі іс. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселені тікелей өз назарынан шығарған емес. Биылдың өзінде ел Президентінің тапсыруымен Жазушылар одағының ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Жыл сайын мемле­кеттің қолдауымен елімізде жүзге жуық ақын-жазушының кітаптары және шет елдік қаламгерлердің қазақ тіліне аударылған үздік шығармалары жарыққа шығып, рес­пу­бликаның барлық кітапханаларына таратылуда.

Сондай-ақ, Жазушылар одағын бюджеттен қаржыландыру мәселесін Мемлекет басшысы Одақтың ерекше мәртебесін ескере отырып, қоғамдық ұйым екендігіне қарамастан, Үкіметке оңтайлы шешуді қарастыруды тапсырғанын Сіздерге жет­кіз­гім келеді. Айтпақшы, Мемлекет басшысының өзі белгілі қазақ қаламгерінің ұрпағы екені Сіздерге мәлім.

Ардақты ақын-жазушылар!

 «Әр дәуірдің әдебиеті сол дәуірдің айнасы» деген сөз бар. Футурологтардың болжамынша, 2044 жылы жасанды интеллект биологиялық санаға қарағанда миллиард есе (!) ақылды болады. Осындай технологиялық дәуірден бізді бар жоғы 30-ақ жыл бөліп тұр екен. Біздің ойымызша, сипаты мүлде бөлек осы заманда Сіздер қазақ әдебиетін әлемдік әдебиетке кіріктіру, оның жаһандағы мәртебелі орнын бекемдеу жолында талмай қызмет атқаруларыңыз керек. Қазақ әдебиетінің біртуар тұлғасы, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы: «Өзге мәдениеттен үйрену ешбір ұлттық мәде­ниетті құлдыратып жібермеген, қайта көр­кейткен, озық мәдениеттің деңгейіне тарт­қан, қатарға қосқан. Ендеше, біз бүгінгі таңда дәстүрімізді қалай қорғау керек деген мәселені емес, оны қалай байытудың қамын көбірек ойлағанымыз дұрыс. Байытудың өзі – қорғау» деген сөзін жақсы білесіздер деп ойлаймын.

Шын мәнінде, ұлттық әдебиет – ешкім­нің қорасындағы малы, қазанындағы асы, қалтасындағы ақшасы емес, оны тек бір өзім ғана иемденем дейтін іштарлық томаға-тұйықтыққа, ал оны өзгелердің мәдениетінен жоғары санап, жоғары бағалау – рухани астамшылыққа, өзгені өгейсітіп, өзіңді бағаламау – рухани именшектікке соқтыратыны ақиқат.

Сондықтан, алдағы уақытта қаламгерле­ріміз қасиетті Отанның, қазақ халқының арман-мұратын, талайлы тағдырын ар­қау еткен әлемдік деңгейдегі үздік шығар­малары­мен оқырмандарын қуанта беретініне сенімдіміз.

Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдық және қазақтың үш бәйтерегі: Сәкен, Бейімбет, Ілиястың 125 жылдық мерейтойлары құтты болсын! Баршаңызға шығармашылық шабыт, зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, бақытты ғұмыр тілеймін.

Назарларыңызға рақмет!

 

 

Елен ӘЛІМЖАН, жазушы:

 Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдық мерейтойына арналған пленумға алыс-жақыннан жүздеген қаламгерлер келіп қатысты. Бұл пленумда шынайы баяндамалар оқылып, өзекті мәселелер кеңінен қозғалды. Әсіресе, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың «Қазақстан Жазушылар одағын бұдан кейін үкімет қаржыландырады», – дегені бәрімізді қуантты, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің болашағына деген үмітімізді еселеді. Әдебиетке мемлекет тарапынан қолдау көрсету – жазушыларға ғана емес, бұл сондай-ақ қазақ халқының руханиятына, болашағына деген қолдау болып табылады. Бір кездері «бәрі нарыққа кетсін, әр жазушы өзімен-өзі күн көрсін» деген пікір қалыптасты. Біз испантілді, ағылшынтілді ұлт емеспіз ғой, біздің басылып шыққан кітаптарымыздың тиражын, сатылымын олардікімен салыстыруға мүлде келмейді. Егер осылай жалғаса берсе, мемлекет өз алдына, шығармашылық орта өз алдына бөлек кетер еді. Міне, осы күрделі жағдайдың шешімін табатын сәт жеткен сыңайлы. Дәл уақытында оңтайлы шаралар жасалмаса, екеуінің арасы ажырай түсері сөзсіз. Ал бізге керегі – билік жүйесі мен шығармашылық саланың бірлігі. Руханиятымыздағы маңызы бөлек қос ұйымның 85 жылдық мерейтойының атап өтілуі барысында осындай шешімдер мен басқа да әлеуметтік мәселелер туралы көп айтылды. Соның бәрі бірте-бірте жүзеге асар деген ойдамыз.

 

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын:

Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерзімді артқа тастауы – үлкен тарихи белес. Бұл тек қазақ жазушыларының ғана мәртебелі мерекесі емес, бүкіл қазақ руханиятының тойы. Әдебиетсіз, мәдениетсіз ешқандай ел дамымайды, ешқандай ел алға баспайды. Халықтың өрлеу жолына күш-қуат беретін оның әдебиеті, көне тарихы. Сондай тұғырлы тарихты арқалаған күн – ұлт бойына нәр еккен зиялыларымыз ұлықталған берекелі той болды. Маған ерекше ұнағаны – Қырымбек Көшербаевтың « Қоғамдық ұйым бола тұра, Жазушылар одағына бюджеттік, қаржылық қолдаулар көрсетіледі», – деген әңгімесі. Бұл дегеніміз – тұралап жатып қалған Одаққа ғана емес, қазақтың руханиятына көмек деген сөз. Бұл – үлкен оқиға. Той құтты болсын дегім келеді!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір