Әзілхан Нұршайықовтың «Жауынгер жазушылары»
09.12.2019
1431
0

«Қазақ әдебиеті» газеті – Қазақстан Жазушылар одағының органы ретінде тұңғыш 1934 жылдың қаңтарында жарық көргені белгілі. Әдебиет пен мәдениет және өнер саласын қамтитын апталықты газеттің алғашқы Бас редакторы Ғабит Мүсірепов қаңтардан шілдеге дейін басқарып, шілдеден 1935 жылдың наурызына дейін Бейімбет Майлин Бас редактор болады. Ал наурыз бен 1936-ның қазанына дейін газет тізгінін Сәбит Мұқанов ұстады. Осылай жалғасын тапқан басылым Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан 1940 – 1954 жылдар аралығында уақытша тоқтап, 1955 жылдың қаңтарында қайта шыға бастайды. Майлин мен Мүсіреповтерден басталған Бас редакторлардың көшінде жазушы Әзілхан Нұршайықовтың та болғанын әдеби орта ұмыта қойған жоқ.

зілхан Нұршайықов «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторлығына 1963 жыл­дың қаңтарында тағайындалыпты. Кеңес өкіметі дүрілдеп тұрғандықтан басы­­лымның маңдайшасынан «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран сөз түспейтін. Сосын газет бетінде әдебиет, өнер, мәдениет мәселесі ғана емес, шопандар слеті, құрылысшылар, механизаторлар, диқандар өмірі де қамтылып отырыпты. Әсіресе сол тұстағы одақ басшысы Н.С.Хрущевтің көлдей баяндамалары жиі ұшырасады. Ең қызығы, 1 мамырға арналған ұрандар КПСС Орталық комитетінде бекітіліп, айқара бетке арнайы жарияланады екен. Ол кезде үлкен маңызға ие мерекеге орай газет жұма емес, сәрсенбі күні шыққан кездер де болыпты. Айтпақшы, сол 1960 жылдары газет бағасының 4 тиын болғаны да қазіргі оқырман үшін қызық ақпар шығар.

Енді Әзілхан Нұршайықовтың тұсында «Қазақ әдебиетінде» жарияланған екі-үш мақалаға тоқтала кетейік.

Белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов «Абай музейіне қамқорлық керек» деген проблемалық мақала жазыпты. «Ұлы ақынның басына келушілер көп болғанымен, жергілікті билік тарапынан тиісті көңіл бөлініп отырған жоқ», – дейді ғалым. Алда Абай хәкімнің 175 жылдығы келе жатқанын ескерсек, бұл да назар аударатын мәселе.

Нұршайықов басқарған «Қазақ әдебиетінде» балалар әдебиетіне алаң көңіл болған мақалалар көп екен. Газет бетінде «Балдырған» жайы сөз болды» деген тақырыпта мәселе көтеріліп, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінде талқы­ланып, балаларға арналған «Балдырған» журналының жетістігімен бірге кем-кетігі де сөз болыпты. Көрнекті ақын-жазушылардың басылымға аз тартылатыны, кейбір шығармалардың баланың қабылдауына ауыр екені, суреттердің солғындығы қатты сыналған.

Сосын «Көңілде жүрген ой еді» деген мақалада көтерілген мәселе қазір де құнын жоймаған сияқты. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мақаладан үзінді келтірейік: «Қазіргі орта мектептерде әдебиетті оқытудың бет-бағдары қандай? Ең жаңа оқулықтар мен программалар замана талабын қанағаттандыра ала ма?

…Осы орайда эстетикалық тәрбиенің басқа түріне де тоқтала кетейік. Мектептерде ән-күй, сурет пәндері мардымсыз, сапасыз өтіледі. Бұл пәндер көбіне кездейсоқ, тиісті дайындығы жоқ адамдарға жүктеледі. Содан барып көркемөнерге керең, соқыр болып тәрбиеленеміз».

Осы өзекті мақаланың авторы – бұл күнде қазаққа кеңінен танымал ақын Сә­кен Иманасов болып шықты. С.Има­насов ол кезде, яғни, 1963 жылдың сәуірінде Алма­ты облысы  Алакөл ауданында Ленин атын­дағы мектептің мұғалімі екен.

Әзілхан Нұршайықов майдангер қа­ламгер болғандықтан, «Жауынгер жазушылар» айдарымен талай мықтылардың соғыс кезінде түскен суреттерін, түрлі шығармаларын топтап беріп отырыпты. Сол суреттер мен шығармалар «Қазақ әдебиетінің» шежірелі бетінен бұл күндері сыр шертіп тұр…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір