Бақытжан Сағынтаев: БІЗДІҢ МАҚСАТЫМЫЗ –ҮЗДІКТЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА БОЛУ
03.12.2019
1315
0

Алматы – жастар қаласы. Үміт қаласы. Махаббат қаласы. Соңғы айларда көне шаһар жаңаша тыныс алуда, рухани, мәдени тұрғыдан кеңею үстінде. Осы ретте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың www.ruh.kz сайтына берген қала тіршілігі, алдағы жоспарлар мен игі шаралар ауқымы хақындағы сұхбатынан қала басшысының түйінді ойларын назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

«БІЗГЕ ЕҢ АЛДЫМЕН РУХАНИ БІЛІМ КЕРЕК»

«Рухани жаңғырудың» әр бағдары, әр жолы – ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың өнегесі. Сол өнегені жастардың санасына сіңіріп, ұлттық кодты, мәдениетімізді, қасиетті салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, одан әрі дамыту – қастерлі парыз. Жалпы өскелең ұрпаққа, оның ішінде тұлға ретінде енді ғана қалыптасып келе жатқан мектеп оқушыларына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-мағынасын, мақсаты мен міндеттерін кеңінен түсіндірудің маңызы зор.

Елбасының сындарлы саясаты мен ел халқының береке-бірлігінің арқасында еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ биік белестерді бағындыра бастады. Бүгінгі Қазақстан – әлем картасында шекарасы айқын, ұлттық валютасы, мемлекеттік рәміздері мен Ата Заңы және, ең бастысы, халқы сайлаған басшысы мен бақытты тұрғындары бар тәуелсіз мемлекет. Оған қоса еліміз тұрақтылықты, ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтауда әлем халықтарына үлгі болуда. Азғантай ғана уақытта Еуропалық қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына, Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етумен қатар, Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі атандық, дамыған 50 елдің қатарына ендік. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып сайланып, кеңес жұмысына төрағалық еттік. Халықаралық қауымдастықтың шынайы қолдауына ие болдық. Бірақ осының бәрі оңай келе салған олжа емес. Бүгінгі жастарымыз төл тарихымызбен етене таныс. Ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты та­лып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ту­ған жеріміздің ұлан-ғайыр аумағын қорғап қалған ата-бабаларымыз бізге ерлік пен елдіктің, өрліктің, қайсарлық пен даналықтың өнегесін көрсетіп кетті. Елбасы айтқандай, «Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей ұрпағына мирас етті». Міне, көрсетер жолы, үйретер ілімі мол, үлгі-өнегеге толы осы том-том тарихымыз бен бүгінгі қолда барымызды бағалай білгеніміз абзал. Жастарымыз болашаққа жасайтын әр қадамын білім мен біліктілік аясында ғана емес, осы тарихи-тәлімділік тұрғыдан да бағамдай білуі керек. Ол үшін бізге ең алдымен рухани білім, рухани байлық, рухани жаңғыру қажет.

«ҚАЗАҚ ПЕН ӨМІРДЕН ӨТУ…»

Біздің мақсатымыз – алдыңғы қатарлы елдермен иық тірестіру, үздіктердің қа­та­­рында болу. Біз дамыған елдер меңгер­ген ғылым мен білімге, техника мен техно­логияға, нарыққа сай қалыптасқан кәсіпке қол жеткізуіміз керек. Бірақ өзгенің тілі мен дінін, мәдениеті мен өнерін түгелдей бойымызға сіңіріп алу – өзгеге қызмет ету екендігін үнемі есте сақтаған жөн. Қазақ болып туу және қазақ болып өмірден өту мақ­тануға тұрарлық дүние. Өйткені біздің тарихымыз терең, тіліміз бай, дініміз ас­ыл, діңгегіміз мықты. Іргетасымыз аңыз-әңгімелеріміз бен ертегілерімізден, әсем әніміз бен күйімізден, қанымызға сіңген салт-дәстүрімізден және соған деген сүйіспеншіліктен, ұлы махаббаттан құралса, онда қай биікке көтерілсек те құлап кетпесіміз анық.

«…ӘЛЕМНІҢ 118 ЕЛІНДЕ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ КӨРСЕТІЛДІ»

Алматы еліміздегі мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің, туризм мен бизнестің ең ірі орталығы. Мұны мектеп оқушыларына дейін біледі. Содан кейін де көпшілігі мектеп бітіргеннен кейін арман жетелеп Алматыға келеді.

Қалада 400-ге жуық мәдениет орындары, оның ішінде мәдениет ұйымдары мен мекемелері, мұражайлар мен театрлар, кие­лі нысандар мен ескерткіштер бар. Жыл басынан бері 190 мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, 2 миллионға жуық адамды қамтыды.

Ай сайын қала мұражайлары мен бір кездері ұлт зиялылары тұрған мемориалдық пәтерлерде тақырыптық көрмелер, кон­церттік шаралар мен қойылымдар ұйым­дастырылып, ашық есік күндері өткізіліп тұрады. «Музей түні» жобасы ұтымды іске асуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске қосылған кезден бастап жыл сайын «Star of Asia» халықаралық музыка фестивалі жоғары деңгейде өтуде. Фестиваль күндері алыс-жақын шет мемлекеттерден, Азия елдерінен, тіпті АҚШ пен Ресейден келген танымал әншілер алматылықтардың мақтанышына айналған «Медеу» мұз айдыны алаңында көрермендерге керемет концерт, мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Мәселен, биыл бұл шараға жастарға кеңінен танымал МОТ, НАZИМА, Dan Balan, оңтүстік корей әншілері, бойзбенд PENTAGON, Таиландтан келген Golf Pichaya, OUTLANDISH тобы, Түркиядан Джема Белеви және еліміздің әншілері Бүркіт пен Айша, Айдана Меденова, Төреғали Төреәлі, Мадина Сәдуақасова мен Ninety One тобы қатысты. Ауқымды шара әлемнің 118 елінде тікелей эфирде көрсетілді.

ЗИЯТКЕР ЖАСТАРДЫҢ ЖЕТІСТІГІ

Алматы – тек өзінде туып-өскен аза­мат­тардың ғана емес, сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен арман арқалап келіп, асуларды бағындырған қалың жұртшылықтың қаласы. Талай тағдырды табыстырып, жалғыз жандарды қауыштырған, қаншама жастың көкірек көзін ашып, нағыз өмірге қанат қақтырған қала. Жастық пен қарт­тықтың, жомарттық пен мәрттіктің куәсі болған, тамаша табиғаты тамсандырып, сал-серілерге ән салдырған көрікті де құтты мекен. Қалада, әсіресе, жастардың қалыптасуына мүмкіндік мол. Республика бойынша ең үздік білім ордалары да осында.

Жалпы білім саласындағы нәтиже – бұл баланың алған білімін сабақта ғана емес, сонымен қатар оларды түрлі зияткерлік сайыстарда көрсету қабілеті. Қалалық мектеп оқушыларының түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы, зияткерлік байқаулардағы жетістіктері қуантады.

Биыл алматылық оқушылар 28 түрлі зияткерлік және шығармашылық конкурстарда бақ сынады. 358 оқушы халықаралық, республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар конкурстарында 90 алтын, 126 күміс, 142 қола медаль алып, жүлделі орындарға ие болды.

«САҚ МӘДЕНИЕТІ ОРТАЛЫҒЫН» САЛАМЫЗ

 Еліміз тарихи қазынаға, рухани мұраға өте бай. Көне шаһар – Алматы өзінің табиғи климаттық жағдайының аса қолайлығына байланысты мыңдаған жылдар бұрын да көшпелі халықтардың рухани және мәдени орталығы болғандығын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

Сақ дәуірінен біздің заманымызға дейін жеткен бірегей ескерткіш – қаламыздың солтүстік батыс аймағында, 430 гектар аумақта орналасқан – «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі соның айқын көрінісі деп айтуға болады. Бұл тарихи нысан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген. Киелі нысанды сақтау және кеңінен насихаттау мақсатында, біз «Сақ мәдениеті орталығын» салу бойынша жұмыстарды қолға алдық. Оның эскиздік жобасы және жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді. Орталықта ашық аспан астындағы музей, көпкешенді зал (концерттік және көрме техникасымен жабдықталған), конференция және мультимедиялық зал, кәдесый мен медиатека дүкені, археология музейі, заманауи құрылғылармен жабдықталған реставрациялық шеберхана және қаламыздың туристік тартымдылығын арттыратын тағы басқа да түрлі нысандар салу көзделген.

Қазірдің өзінде археологиялық парк аумағында ерте сақ тайпасы үйлерінің макеті мен қолданған бұйымдарының көшірмелерін көруге болады. Жыл басынан бері тарихи нысанмен танысу және тамашалау экскурсиясына 46 мыңнан астам мектеп оқушылары мен 14 мыңнан астам колледж студенттері қатысты. Мұнда жыл сайын «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этникалық фестивалін өткізу игі дәстүрге айналған. Фестиваль ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүрлерді, түркі әлемінің спорт ойындарын насихаттауға және өскелең ұрпақтың ұлттық өнерге, тарих пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір