Көкірегінен сел аққан ақын
29.11.2019
1388
0

«Жон Эйшбэри тірі!

Поэзия да өлген жоқ!»

Харолд БЛУМ

Сараптық мақалаға сары пышақтың қынындай дөп келетін бояуларды іріктеу барысында көп ойлануға тура келді. Осы жолы да көк төрінде шалқып жүрген шаһирлардан нысана етіп алар оңтайлы деген бір ақынды көздедік. Сағыныш іспетті! Иә, оның тек өзі ғана сызған өңді үнінен іздедік. Расында, менің оң жамбасыма келер ақын осы ма, әлде… деген сұрақтардан жүрексінетін секілдіміз. Ол – Мұрат Шаймаран еді. Бірнеше жеңіл-желпі, жекен желбір сөйлеммен ғана бөгенайлай салуға келмейтін дүр ақын! Мағынасына, астары сіңген, бойына ойы сәйкес, қаламының ұшына кие қонған, рәміздерге толы қоңыр үнді жаны сақар даладай, үнінен жусан мен жұпар астасқан ақыннан іштей кешу өтіндік. Шамалы шарқ ұрып тағы іздедік!

Тәкәппарлық тапшылыққа тұр сынбай,

(Күңіренді Күн, жанын мүжіп күрсінді Ай)

Ақ қайыңдар саған созып саусағын,

Жапырақтар тартып берді мың сырнай…

Әлқисса ақынның әлемі деген не?!

Ақынның, һас жазарманның жандү­ниесі – ғарышты саналы поэзиямен табысқан жерде көркем тіл өмір сүреді екен. Сананың бояулы жағы көркем сүгі­ретті кескіндерді жасап жүрсе, екінші жа­ғында мың түрлі түс, жүз түрлі үнмен кер­неулі сөзжасам жатады! Батыста баяғыд-а-а айтқан?! Бірақ қазақта оны Батыстан бұрын бастан-аяқ түгендеген.

Киіз үйдің іргесінен енген самал,тоғыз пернелі домбыраны көктей өтіп көкірекке қонған жырлардың үлпіл қауырсыны шаңырақтан ұшқын болып зіміле көкке жетеді. Жыр құдіреті осы! Ешбір пенденің көзі мен көкірегіне ілінбейтін үнсіз бояулар туралы ойлансақ: «…Ал адамдар сенің әсемдігіңді, көздерімен шешіндіре бастады…». Бұл енді шыраш шумақты occultus-ді елестетуі мүмкін!? Үні – Тәңірге жеткен ақын дауысы. Өрт секілді шарпып өткен тірі алау – жыр! Адамның шынайы болмысын көретін қырағы көздің кімде болатыны әзірге құпия. Көзге көрінбейтін, тек көңілде һәм сезімде ептеп сезілер тым нәзіктік, шым ілуде мың шумақтың бірінде ғана сезілсе, ол өлең – өміршең.

Сен – жалынсың, (даладағы от қандай!?) Көңіл біткен ала қашқан көкпардай,

Аққу – мойын, ақ күмістей арқаңнан,

бұрым емес, бұлақ ағып жатқандай…

Өлеңдегі шүңет тереңдік, мөлдір сарын, нәзік күбірлер тарақай тамырымен өркениеттің көшпелі жолын жағалай жорта береді. Сүрлеу жымның дің жиегін бүркей өскен сарғыш тарылаудың нәріндей таныс. Тылсымдықтың ішінде оянған тың ойлар түрені бұрқырап қайнап жатады. Желідегі құлынның сүт сіңді оқырануындай пәк! «…барады, әне, уақыт-арба ышқынып, Жырлайды кеп түсіме ылғи құс кіріп…» Мұрат Шаймаран лирикасындағы теңдессіз тылсымдық – өлең өріміндегі тұнған үндерді бар жандүниеңмен құныға, сыңғыта естисіз.

Ақынның кірпігінен ағып түскен тамшы жас ұстараның жүзіне тамып түскендей қақ жарылған мөлдір сәтті елестетеді. Бәрібір ол сіздің көкірегіңізді көре алады. «…Жанарыңды жасырғанмен кірпігің…» Бұл енді оқыстан келген теңеу емес.Тағылым! Адамзат – мәңгілік сеп, себептердің арасында өмір сүретін жан. Көркемдікке қимажол салу, құдіретті талпыныстардың бәрі оның сұлбасында жазулы. Егер осы жазбаны өзге қырынан қарайтын жанарың болса – ол ақынның өлеңінде шықтай тізіліп, шоқтай жайнап тұнып тұрары айқын-ды. Мұрат ақынмен түйдей тағдырлас Америкалық Жеймс Тейт (James Tate) деген өте мінезді ақын бар. 1943 жылы өмірге келген болуы керек, бүгіндері жетпістің соңына қарай аяқ басқан ұлы тұлға. Мизоури өлкесіне қарасты Канзастық өрентума. Айовада білім алған. Қазір әйгілі Массачусет университетінде оқытушы. Сезімтал. Өлеңдері өрттей ыстық, күйік татыған өршіл, шамкөс. Қоршаған азғын орта, салынды тұрмыс, тірлік тауқыметі мен күрделі жағдаяттардың аражігін тырнап ашқан уытты жырлары керемет. Оның үні қарсылыққа қарай икемделеді кейде. Іші алақұйын кіжінісі мен күмәні Мұраттың «Ей,тәкаппар Алатау», «Түңілу» өлеңімен үндесіп жатады. Мұрат Шаймаран:

…Ей, тәкәппар Алатау,

Асуларыңа Ай қонып,

Асқарларыңды Күн емген.

Биіксің, бірақ шіренбе.

Тарыдай болып шашылған,

Табанына жаттың басылған,

Тағдырларыңды түгенде;

Жер өссін десең, Ел өссін.

Бүйірің бұған бұрмаса,

Қазақтың тауы емессің… – дейді.

(«Ей,тәкәппар Алатау» жырында!)

Ал «Түңілу-дегі» түңілуі де қияпар, кіді, шамшыл, өр!

…бәрі солай

болатынын ұқтырып,

Қаңтар өтті

көзқарасы сұп-суық.

Жалғыз шырақ –

(жана, жана біткендей) Бітті үміт…

Ол соны, сарғыш тарылау өлеңдерімен Ұлы даланы төсеніп, ұлық тауларды жастанып жатады, ұланғайыр аспанды жамылып, өзен мен көлдерден көбісті түс көріп ұйықтайды. Аймаңдай қағылез аспаннан ағып өткен тыраулар, құрақ ұшына түнеген қыраулардың бәдіздері сіңген өлеңдерге қарап, қарадай күбірлеп тынасың. Көз жиегіңе жанды жас жүгіреді… Жапырақтардың бір-біріне қарай жәудірегенін келтіру, өбістіру шеберлігі табиғатқа тән болса, ақын өлеңіндегі тылсыммен үндестік өз алдына дара һәм ең шырқау сезім дерлік.

 «…Әйтеуір аяр күннің айбары анық,

 сарқылар сенім біткен майдаланып.

 Сабағынан үзілген жапырақ – ғұмырым,

 Желге ұшты, құлар екен, қайда барып?!»

 Күзгі аспанның көгілдір мұңын шегіне жеткізе шертер нәзік жырлар Тұманбай (Молдағалиұлы) ағада болса, оның тіптен үлпіл түрін Мұрат Шаймаранның жыр кестесінен ұшыратамыз. Мұнтаздай мұңның мұнтаздай өңі, тең тырнаның мұңлы тырауы аспаннан саулап Мұраттың сүлей жырынан табылады. Бері қайтқан ойлар мен кері қайтқан жібек күрсініс аясында шумақ жырлар ұшады биік. Қуман тұманның иісінен аңқыған Шумер іздеріндей нақты. Мұрат Шаймаранның «Ақын өлімі» деген өлеңі екі дүниенің өсиетіндей… Ақынның өз қиялымен сызған әлемінің өлең болып қағаз бетіне қонуын осылай десе не болады?! Дүниеде ақ, қара түсті екі өңнен өткен бояу болуы мүмкін бе?! Сол тәңіри бояуды өңге өңді қиыстырып, құлпыртып жіберетін сең күш – ақында болғаны ғой… Қара бұлттардан жерге аунай жалбыраған ақ шаңқан тұманды жаңбырдың түрін кескіндеп сызып көрсету үшін ақын жаратылса керек!? Шаңырақтан жаңбырлатқан тылсымдықтан көне уақыттың иісі сезілер еді. Аттың дүбірі, иттің үргені, бөрінің ұлуы, қыр айқай, сүрен, нәрестенің іңгәлауы т.с секілді. Қар жауып жатыр, саумалдай әппақ қанатты нұрлар қалқақтап. Адамның рухы секілді ып-ыстық күртіктер! «…Көбелек қар көз алдыма көлбемей…» Ешкім сызбаған сүгіреттер көк Тәңірінің сыздаған сала желінінен саңырап жауады. Үнсіздіктен сорғалаған үнсіз сұлулық туралы қалай сызады,ә? Төбемдегі жыртық – аспан, жыртық – күн, ақынмын мен, бір-ақ талмын, бір түппін…

 Мұраттың өлеңіндегі поэтикалық сарын оқырманның көкірегіне «тіл» болып орнығады. Өлеңнің поэзияға айналуына «код» болатын оқырманның ішкі құлпының «тілі» осы. Мұнда «кілт» туралы бір ауыз сөз айтар едік, алайда оны қазақ қара өлеңімен әлдеқашан айтып кеткен. Кейде толық шумақтан бір үлкен метаэтикалық өлең (интуитивизм) туатыны бар. Есенғалидағы серке мүйізді сексеуілдің салалы сүгіреті секілді. Қаңсыған далаға нәр сүйреген сексеуіл-өлеңдер кейде баяу мұңлы Омарғазы Айтаннан, тіпті бояусыз зіңгіт сырлы Өтежаннан көрінетін-ді!? Тылсым әлеммен сырласудың өзі оқырманды бір керемет кеңістікке бастайтыны бар. Опасыз дүниеге ода жасау ежелгі дағды болғанымен, дүниедегі барлық ақынның өз кеңістігі, өз сыры бар. Сарқыт, тапшылық, бейәлемнің қиыс сүгіреті, өлең оқып тұрған масаң шаһирдың сиқын көресің!!!

…Сарқытындай Хафиз сынды жыраудың,

Теңгесіз де тірі жүретін шығармын.

Не болмаса шляпамды қолтықтап,

 Бір мүйісте өлең оқып тұрармын… Поэзиядағы мұң атаулының бәрі адамды қайта түлеуге шақыратыны аян. Күннің нұры, Айдың шалман шуағы, гүлдің бейкүнә шырағы, жапырақтың үркек жаны секілді мәңгілік көріністердің өлеңмен құбылуын не дейміз? Өлеңдегі Ай сүгіретінің адамзаттың сүйініші мен күйінішіне үндесе келетінін ғарышпен тіндес ақын «сорлыдан» өзге кім көтерді!? Мұрат ақын айтады: «…Сен биледің, Айдың уыз сәулесі, тұрды жамап иығыңның жыртығын…» Ақынның тек өз көз жасына малып түрлі сүгіреттер салатын қылқаламы болатын секілді. Соңғы заманғы ақындардан осыны көреміз. Хош!

 Кететіндей ұлы ақыны адасып,

Барлық шырақ тұрар бізге жол ашып.

Сұп-суық сол терезелер тамсанып,

Сенің мәрмәр омырауыңа қарасын!

 Алайда жаһандану атты өлмелі құрылымның күйін шертіп, қит етсе сөнгелі тұрған білтеге түкіретін мүгедек саналы, ұятсыз жазармандар да қисапсыз. Осындай алапес кейіп төніп келген кезде зейініңмен оқып, ерекше әсер алар ақынды аласұрып іздейсің. Тұманды көктің көгілжім таң мұнарын жамылып тұрып Таң дәуіріндегі — «…аяғымның астында айдан тамған нұр аунап…» деп есе жөнелер паң Ли Бай (701-762) текті бұла жырды аңсайсың?! Орманның ойлы, оймышты ақыны Александр Блок (1880-1921) «…Әппақ іңір жөңкіген мамыр айы – мұңым бұл…» немесе Уоллс Стивенстің Wallace Stevens (1879-1955)-тің «…өлең – іштегі ортаны толтыру…» дейтін таңырқау қағидатымен өзектес пе, әйтеуір еске түскен кермек елестерге малынасың. Өзіне, өзінің «мейірімді» ортасына көңілі толмаған тұсында көкірегін жырмен емдеп, ортасын өлеңмен толтыратыны ақындар үшін жаман қылық емес әсте. Ақын, түзем кезіп, таң адасып жүрген дара ақылман секілді!? Мұратты да солай деске бола ма?! Кім білер?! Кейде оның төкпелеп, төпелеп, құйындатып, мөлдіретіп өтетін (sintagma) құбылысты, жарылысты сәтін де ерекшелеуіміз керек секілді. Біз оның өлеңінен соншама бір жарамсақ оданы ұшыратпадық.

Поэзияның баяғы тақырыбы мен жанрына да айналып тұрғысы келмейтін ақынның жаңсақ, жайдақ тапсырыспен шаруасы да жоқ. Ода жазып нәпақа табарлық небір өзір «тәсілдер» тұрғанда одан бойын аулаққа салуы зерделі оқырманға екіұдай ой туғызуы сөзсіз!? Біріншісі – жақсыны айыратын жанары басқадан бөлек көреді, екіншісі – одаға татитын жайсаңдар тақа таусылған!? Егер үшінші жағы болса, ол әрине көп біледі…Сонау ХІҮ ғасырдағы Асан Қайғы айтқан: «…әділдіктің белгісі, біле тұра бұрмаса, ақылдының белгісі өткен істі қумаса…» деген қағидатқа бек беріктігінен. Ақырзамандық болжалдар мен болашақтағы болмыстың азғындыққа ұшырауына деген сәуегейлік осы заманғы ақындардың жырларынан нақты көрінбей кеткенін байқаймыз. Жалпы үн мен мұң жағынан Мұрат Шаймаранның жырларының идеалдық қырлары Мұрат Мөңкеұлының (1843-1906) тұжырымдарымен тұрғылас келетінін дәстүрлік ұласымның игі құбылысы деп те ұғынсақ.

 «Ақық дүние бойына талай сіңген,

Тәңір – көкке шашылған бояусың сен.

Кебенектің ішінде кемді күнді,

Мәзір тұтқан біздерді аяйсың сен…» («Ақын өлімі») Осылайша Мұрат Шаймаран әлеміне кемді уақытымызды арнадық. Ілкідегі ішкі бұлқынысы мен монолог секілді күміс сыңғыр құймалары сәтті зерленген шумақтарына әлі де ауқымды сараптар қажет екен деп… Иә!? 

Сұраған Рахметұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір