Еркін – жырдың аспаны
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Ақындық – Алладан» дейді…
Кімнің айтқаны, қашан және қандай жағдайда айтқаны белгісіз… Шамасы жанын – жырға, тағдырын – сырға балаған есті жұрттың көкірегін жарып шыққан тұмардай киелі, шынардай асқақ, осынау сары алтындай салмақты сөздің асыл бір жанды тербетіп, ой төрінен ұшқаны, Абай айтқандай, «Хақтықтың сәулесіндей» шашырап, «жүрек-көзін» жарып шыққаны ақиқат.
Осы сөз сана төрінде жаңғырған сайын өлең дейтін сиқырлы, сырлы дүниенің арбауына ілігіп, алғаш жыр жазған сәт-сағаттарым, жыр жазуыма кереметтей себі тиген туып-өскен жердің табиғаты, көктемдегі жұпар иісі мұрын жарар Қарадаланың қара жусаны мен изенінің гүл атқан шағы, Кетпен тауының сұлу бөктерін көмкерген өлең-шөпке төрт түліктің тұмсығы тиген тұмса кезі көз алдыма елестеді. Нағашымның бәсіреге берген қара жорғасы, бабам Өмірдің қара диірмен алдында отырып, ауық-ауық бас алғызбай, ұзақты күн оқытатын қазақтың батырлық дастандары мен лиро-эпостық жырларынның жұлым-жұлым беттері еске түсті… Арқамнан тамыздың аптабы өткен елуінші, алпысыншы жылдардың жайдарлы жазы бұлаңытып, құлағыма туған ауылым Бақағаштың іргесіндегі сайды жаңғырта тіл қатқан ескі диірменнің үні келгендей болды.
Атамның диірмені, шанақтың үні…
Шанақ үнімен жарысып, түу алыстан әлдебір сарын жеткендей ерекше күй кештім… Қарадаланың апайтөсін кезген Тәңіртаудың ұлы сарыны…
Бабамның үні…
Даламның үні…
Ғаламның үні…
Еркін Ібітановтың сексен жылдығы туған елі – Аспантауда аталады дегелі осы бір текті сарын жиі-жиі құлағымның ұшын қозғап, жүрегімді аунатуын қоймады… Қарасаз бен Қарадаланың арасында жатқан Үйсін тауының қарағайлы бөктерлері мен қайың-талы сыңсыған белдері, бозқарағаны мен қою аршасы теңселген сайлары жүрек қақпасын жиі қағып, ертелі-кеш жадымды сілкілеумен болды.
«Жаза алсам – айналамның бәрі де өлең,
Сан қырлы сан құбылған сәніменен,
Әлдилеп әуелеген әніменен,
Бойыма қуат құйған нәріменен.
Тұлым бұлт тусырылған тауыменен,
Талаулап толықсыған, таңыменен,
Бал иіс балбыраған бағыменен,
Жаза алсам – айналамның бәрі де өлең…
Өмірдің шуағынан нұр алып бір,
Әр минут өлең болып құралып тұр…
Егіліп еміренсем, тебіренсем,
Қан емес, тамырымда жыр ағып тұр…», – деген текті ақынның ертеректе жазған мінезді жырлары мені өткен ғасыр қойнауында қалған шуағы мен нұры мол шақтарға жетеледі.
Иә…
Ібітанов есімін мен алғаш ауылымызға қонақ болып келген белгілі қазақ ақыны Нүсіпбек Исахметовтың аузынан естіп едім.
Өткен ғасыр… Алпысыншы жылдардың басы… Нүсіпбек ағамыз біздің үйде болып, араларындағы жас алшақтығына қарамай, түннің бір уағына дейін әкем екеуінің әңгіме-дүкен құрғаны, ұзақ сырласқандары есімде. Әңгіме көбінесе әдебиет туралы болды. Әкем марқұм әдебиет пәнінің мұғалімі болғандықтан, көркем әдебиетке жүйрік еді. Алматыда тұратын жиен ағамыз Дәулетияр Әлімжанов деген кісінің үйінде болғанда сол тұстағы белгілі, беделді ақын-жазушылардың талайымен кездесіп тұрғанын сөз арасында айтып отыратын. Дастархан басында айтылған ағалы-інілі екі кісінің әңгімесінің бір тұсында Нүсіпбек ағамыз:
– Айғайтастың бөктерінде екі бірдей талантты інілеріңіз бар… Мұқағали, Еркін деген… Бұйырса, екеуі қазақ жырының болашақтағы екі шыңы, – деп қалды.
Аттары аталған екі ақынның екеуінен де хабарым бар… Ара-тұра «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті», «Жетісу» газеттерінен жырларын оқып тұратын авторларым. Еркін Ібітановтың «Қойшылар» поэмасы жиі-жиі айтылып, сол тұстағы әдебиеттің дуалы ауыз ақсақалдардың аузына ілігіп жүрген кезі.
Тіпті:
«Біздің қазақ қой десе бала жастан,
Ішкен асын қоя сап араласқан.
Эстафета таяғы – қойшылықты
Бір ұрпақтан бір ұрпақ ала қашқан…», – деген шумақты жаттап алып, клуб кештерінде мәнерлеп оқып та жүруші едік…
Еркін ақынның аты жырқұмар қауымның аузына ерте ілігіп, даңқы да тым ерте жайылды. Әсіресе, студент кезімізде Сағат Әшімбаев: «Сұрапыл ақын. Ауылда жүргені болмаса, Алматының қазіргі атақты ақындарының ешбірінен кем емес», – дейтін. Аспантаудан келген үш-төрт жігіт кездесе қалсақ, Мұқағали мен Еркін еді айтатынымыз.
Сөйтіп жүріп…
Біздер әдебиет дейтін тартылыс күші қуатты жұмбақ әлемнің айдауына біражола түсіп, Алматы дейтін ұлы шаһарға қоныс тептік… Ойдан, қырдан, батыс, шығыстан қалам мен қағаздың желі айдап, Алматыға келіп, қызметке орналасып жатқан ақын-жазушылар қатары күн санап молая түсті. Ел-елде, жер-жерде әдебиеттің туын ұстап, оқырман мен сөз дейтін киелі дүниенің арасына дәнекер болған Асқар Тоқмағамбетов, Зейнолла Шүкіров, Ибраһим Еркеш сынды қазақ танып мойындаған біраз дарынды қаламгеріміздің қатарында Еркін Ібітанов та кіндік қаны тамған киелі Аспантау өңірінде тұрып қалды. Өлеңнің қадірі мен қасиетін бағалай білер өткен ғасырдың өркенді жұрты, қаймағы бұзылмаған қалың қазақ оқырманының құйқасы мен құнары табысқан ортасы ақынын алақанына салып ұстады. Еркелетіп ұстады… Марқұм Ерекең осы бір сөздерді ерекше мақтанышпен айтып, еліне сүйеніп, жұртына сүйініп, халқына тұтқа болған үлкенді-кішілі бауырларын тізіп отыратын. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» дейтін тереңінде тектілік жатқан тәрбиелі сөз, тағылымды ойды да ол әсте есінен шығармаушы еді…
«Тянь-Шанның адыр-адыр алабы,
Текшелене көзді тартып барады.
Аңғарынан ерте соққан ескек жел
Жас қайыңның бұйра шашын тарады.
Көрдіңіз бе тау өзені – албырт-ты?
Толқындарын тастан-тасқа қарғытты.
Ақыр шаршап, көлге жетіп дамылдап,
Жеңіл бумен тұмшалана қалғыпты…», – деп, тамылжыған тау суреті мен кескінін өлеңмен өрген қуатты жырдың иесі алыста Нарынқол мен Қарасаз арасында жүріп-ақ шынайы шебер өрілген көркем өлеңнің ұлттық кескінін әрлеумен, өрлеумен болды. Сол ертерек жылдарда жазылған мына «Таң» атты үш шумақ өлең осы айтқанымыздың дәлелі.
«Оралып күн сапарынан кешегі,
Кең төскейге мол сәулесін төседі.
Тау басында үлбіреген ақша бұлт,
Бір шоқыдан бір шоқыға көшеді.
Шық моншағын жылтыратып ырғала,
Жарқабақта жалғыз қурай тұр дара.
Кілегей мұз тоңазыпты жағалай,
Түн ызғары аунап кеткен жылғаға.
Момын тұман толтырып боп ылдиды,
Өрге қарай жер бауырлап жылжиды.
…Су алған қыз, сылдырлатса шелегін,
Арғы бетте елік үркіп ырғиды…».
Бейнелі өлең-сөзбен өрілген сурет! Шынайы жырмен әшекейленген сурет!
Еркін Ібітанов – өлеңде де, өмірде де өрісін тарылтпаған, өзін-өзі қайрап, өз жігерін өзі жанып жүріп жетілген нағыз ақын. Тұғыры биік, тұлғалы ақын! Ол – өзгеге ұқсамайтын өз өрнегі бар, өз тағдырын өзі ұштаған ақын! Өмірде жүрісі мен тұрысы қалай қарапайым болса, өлеңі де солай қазақтың жанына майдай жағатын сұлулық-сымбаты бойына жарасқан тұтас әлем. Еркіннің жырларын оқып отырып, ақын табиғаты мен жаратылысы туған халқының жаратылыс-табиғатымен біртұтас екенін, егіз екенін аңғарамыз. Айтарын әдемі айту, жеріне жеткізіп айту – Ібітанов поэзиясының басты нысанасы. Ақын Қарасазы мен Қарқарасын, Шалкөдесі мен Мыңжылқысын, Лабасы мен Айғайтасын жырлап отырып, күллі Қазақ жері мен Қазақ елінің тағдыр-талайына ортақ жағдайларды жыр етеді.
Табиғат ортақ! Жартылыстың бар құбылыстары ортақ! Адамшылық асыл қасиеттер ортақ, жер ортақ, ел ортақ, әлем ортақ!.. Ақын ойының кеңістігі Аспантау өңірінің сұлулығына сүйсіне отырып, әлгі айтылған іргелі де күрделі ортақ құндылықтарымыздың тұтастығын жырлайды.
Ақын ойы мен қиялының жүйріктігін, өлеңмен сурет салу, өлеңмен ой қопару қабілетінің ғажайып мүмкіндігін танытар мына өлең жолдарын толқымай оқу мүмкін емес.
«Бұлттар…
Бұлттар…
Барады қайда маңып?
Нөсерлетіп жауады қайда барып?
Қай өлкені көктетіп-көгертеді,
Найзағай-сүңгілерін сайлап алып?!
Бұлттар…
Бұлттар керуенін жөнелтуде,
Нөсерлетіп кәусарын төгер кімге?
Нөсер керек шаңдарды шаю үшін,
Өзектерді, өлкені көгертуге…
Бұлттар…
Бұлттар тағы да жаумай кетті,
Қаталады қара жер, таңдай кепті.
Ақшоқының басына ақшулан бұлт
Қонбай кетті. Тек аунай кетті.
Тұқымдас-ау бұл бұлттар (анық сенем)
Осынау ақын деген халықпенен.
Найзағайсыз, түнеріп, жаңбыр іздеп,
Бетім ауған бағытпен маңып келем…».
Табиғат пен ақын тағдырын шендестіре отырып, тереңнен тартып сыр айту, адам ойын алуан-алуан сипаттарға кенелту, көңіл төрін эмоциялық тебіреніске жеткізу – нағыз өлеңге, көркем жырға тән қасиет.
Мына өлеңде сол қасиет бар!
Дүниелік құбылыстарды екшей отырып, адамның жан әлемін қозғау, жанды тәрбиелеу, жанды аялау дейтін өнердің қай түріне де ортақ, тән қасиет бұл!
Ақын бойындағы ой алғырлығы мен сөз тапқырлығы шығармаларының шырайын кіргізіп тұрады. Өтімді сөз, жетімді ой – Ібітанов поэзиясының алмастай өткір болмысы.
Еркін ақын – ойы еркін, ерік-жігері мықты, құлаш қарымы кең, тынысы терең, сөзі ерен эпик ақын. Үгіліп, бүгілуді, өтірік жарамсақтануды білмейтін, айтса, кесіп айтар тілі бар, алысқа жетер үні бар, шынайы ұлт ақындарына тән мінезі бар саңлақ жүйріктеріміздің бірі, бірегейі!..
«Анау тұрған Хантәңірі Заңғары,
Мынау жатқан асау өзен аңғары.
Қарағайлы бұйра қаптал жан-жағы,
Тораңғысы, қайыңдары, талдары…
Хаңтәңірі – қария шың, дара шың,
Жалғап тұрған жер мен көктің арасын.
Сақалынан тулап түскен толқынды,
Ағыл-тегіл көз жасы деп қаласың…».
Немесе:
«Адамзатқа сана беріп,
Тіл шығып,
Тәй-тәй басып, тік жүруге құлшынып,
Миллион жыл өтті дейді ғалымдар,
Жер бетінде басталғалы тіршілік.
Кім біледі одан бұрын жаралған,
Кембіс-тірлік көр-зынданға қамалған?!
Жаңа дәуір жанданғалы әйтеуір,
Жылнаманың екі-ақ мыңы саналған.
Көне тарих – жұмбағы мол бір масыл,
Тереңінде шөгіп жатыр тұнба сыр.
…Мына біздің еншімізге тиіпті,
Қасиетті, қасіретті бұл ғасыр.
Мына ғасыр жанды жалмап, қан сорған,
Қантөгіске жұмылуға жар салған.
Тау сағалап қиыр қонған аңқау ел,
Қайдан білсін
Арманым, деп қарсы алған?!
«Тау қыранын жоқтатпайды» атты алаштұлғалы ұлт перзенті Нұрбапа Өмірзақов хақында толғайтын кең тынысты дастаннан алынып отырған осынау үзінділерді оқыған зейінді, талғампаз оқырманның ақын қолтаңбасын салған жерден таныры, осынау поэмаға тән эпикалық сарынға риза болары күмәнсіз.
Өлең өру үлгісі мен жыр сомдау мәнерін айғақтар осынау эпикалық кең құлаш, психологиялық терең талдау ақынның «қарағайға біткен қарсы бұтақтай» өзгеге ұқсай бермейтін сипаттарын тануға, бағалауға көмектеседі.
«Ойлы пенде мекенінде қартаяр,
Оқ тисе аққу айдынында шалқаяр.
Шама келсе жараланған жолбарыс
Өзі туған жартасына жантаяр.
Науқас қиын, науқас мені меңдеді,
Шипа болар емнің сәті келмеді.
Көңілдегі кейбір дәрі табылмай,
Кей дәрінің босап қапты шөлмегі.
Төтелеп кеп науқас мені меңдеді,
Жарық сәуле күңгірт тартты сөнгелі.
«Қарасазым! Қайдасың? деп ұмтылдым,
Қарасаздың ақ бораны емдеді…», – деген еш күшеніссіз, еш іркіліссіз төгіліп түскен жолдарды оқып отырып, менің есіме өткен ғасырдың бір көрінісі елестеді.
Екі машинаға мініп, Нұрқанат Жақыпбай бала-шағасымен және менің отбасы, бала-шағам бар Шалкөдеге төрт-бес күнге демалып қайтуға бара жаттық. Аттап өте алмай, жолай Қарасазға – Мұқағали мұражайына бұрылдық. Фаукен мен Шолпан Мұқаңның ескерткішіне гүлдерін қойды… Кеш екіндіге ауған кез… Мұражай директоры ауылда болмай шықты. Осындағы үйіне келіп, дем алып, ем алып жатқан Еркін ағамыз біздің келгенімізді естіп, алашапқын болып, мұражайға жеткен.
Келген бетте мені көріп:
– Әй, Нұрлаш-ау! Мына жүріс қай жүріс? – деп ақсия күліп кеп, бауырына қысты: келе жатырмын… – деп айтпаймысың?
– Жайлауға бара жатқан бетіміз еді, аға… Мына балалар мен немерелерді Шалкөденің шалғынына аунатып қайтайық, деп…
– Дұрыс болған. Бірақ үнсіз келгенің дұрыс болмаған. Алматының бір шалажансар бастығы келеді десе, тайлы-таяғымыз қалмай жол тосуға дағдыланған сорлы басымыз… Батыр-ау! Сен төраға екеніңді мына елдің есіне неге салмадың… Алжан атаңның бір-екі ақсарыбасын аядың ба? А?… Атаңды аясаң, ая, бірақ Алтынкүлдің дастарханын аттауға қақың жоқ. Үйге жүріңдер!..
Еркін ағамыздың өңі жүдеулеу көрінді. Осыдан бірер ай бұрын ауруханаға жатуына көмектесіп едім.
– Денсаулығыңыз қалай?
– Денсаулық бірде олай, бірде бұлай… Алматының емі қонбап еді. Қарасаздың ақ бораны шипа болды. Ағаңның жағдайы оңала бастады…
– Өлеңнің жағдайы ше?
– Өлең? Қалай болушы еді? Бастық інім, тақымдай бермей, үйге бұр аттың басын, – деді. Деді де:
– «Жазармын» деп бұл ағаң еңсеріп жыр,
Ескерткіштер ішінде теңселіп жүр», – деп гүж ете қалды. Сөйтті де Мұқағалидың бюстіне, сонаң соң Асан ақын Барманбекұлының ескерткіші тұрған жаққа бұрылып, қолын жайды:
– Жағдайды жолда тұрып сұрай ма екен? – деді.
– Бағжан ініңіз Шәкірамбалдың аузынан үй тігіп еді. Жеңешем екеуіңіз бірге жүріңіздер. Айғайтастың таза ауасын бірге отырып жұтайық… – дедім. Дедім де Ерекеңнің әлгі екі жолына ақынның «Қарасазым – қара жұртым» деген Фариза Оңғарсыноваға арналған өлеңінің екі жолын сәл өзгертіңкіреп, төмендегідей екі жол қостым.
– «Аспантаудың аспанын сілкіндірер
Туарына бір жырдың ел сеніп жүр!», – дедім.
Еркін ағамыз мәз-мәйрам жадырай қарап, мені қайыра құшақтады.
– Жарадың! Ағалы-інілі екеуміз бірігіп, бір шумақ өлең шығардық. Қандай өлең! Біздің бәйбіше байғұстың естісе жүрегі жарылады, – деп ішек-сілесі қата күлді.
– Өлең Сіздікі. Мен редакциялап жібердім. Төрелігі Сізден!.. Ренжімесеңіз… Аға, кеш қалып, мәшинеміз қараңғыда сазға тығылып жүрмесін десеңіз… Бізге рұқсат беріңіз. Батаңызды ертең Шәкірамбалға қалдырайық, – дедім…
– Мақұл… Ертең арттарыңнан барамыз, – деп ағамыз жүріп кеткен машиналардың соңынан қолын бұлғады.
Жолдың бір шетінде – Алаштың ұлы ақыны Мақатаев мұражайы мен ақынның ескерткіші, жолдың екінші бетінде Албан Асан ескерткіші қалып бара жатты. Қара жолдың қақ ортасында еліне өлмес өлең сыйлаған қазақтың тағы бір ақиық ақыны тұрды… Еркін Ібітанов!
Құлағыма Еркін ақынның саңқ еткен зор даусы жеткендей болды:
«Қанат бітіп, қаз болып ұшқанында –
Алыста,
Қиыр шетте, тысқарыда…
Қарасаз деп аталған бір мекен бар,
Ілінбеген картаның пұшпағына.
Пұшпағына картаның ілінбеген,
Жөн-жосығы беймәлім – білінбеген,
Айқыш-ұйқыш қайшылар – қара сулар,
Кеудесін осып түсіп, тілімдеген.
Шалажансар талықсып жатқан жерге,
Саңлақ сөзге тіл бітті…
Тірілді өлең!..
Содан соң Қарасаздың – Қара жұрттың
Атағы аспан шарлап дүрілдеген…
Амал қанша картаға ілінбеген…
– Жыр дәнін Қарасазға шаштың ба? – деп,
– Тегіме теңестім бе? Астым ба? – деп
Осынау ел-жұртымның көз алдына
Мұқағали орнады тас тұлға боп…
Өз қанымен суарып алмас жырды,
Өлсе-дағы өмірін жалғастырды.
Жалқы тұрған перзентін жағалап кеп,
Албан Асан атасы малдас құрды…
…Осынау қара бұлтта мағына көп,
Қара тікен қадалған санама кеп…
Мен қорқамын Қарасаз – Қара жұртта,
Тек қана ескерткіштер қала ма деп?!
…Күрсінейін қандай жан наз ұғады?
Қайран мына Қарасаз қазыналы!
Қазынасын игеріп үлгірмеспін,
Күндердің көбі сөніп азы қалды…», – деген қорғасындай салмақты, құйылып түскен жырлар жүрегімнің қақпасын ұрды.
Әнебір жылдары елді, жерді тастап, тұрмыс қамымен қала жағалап көшкен қалың қазақ ауылдарының қатарына кірген Қарасазға ақын жүрегі қанжылап отырып жазылған осы бір қасиет пен қасірет арқалаған өлең кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық.
Бұл өлең, шынында да қазақ ауылдары уақыт артқан өтпелі дәуірдің қиындығын басынан кешкен тұста туған болатын… Еркін ақын соны жан-жүрегімен сезініп отырып жазып еді…
Осыдан бірер жыл бұрын Мұқағалидың 80 жылдығы өткенде қалың Алаш тағы да Аспантауға көшіп келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыруымен мерейтой комиссиясының тізгінін ұстаған сол тұстағы облыс басшысы Серік Үмбетов бастаған азаматтар Қарасазды түрлендіріп, кішігірім қалаға айналдырғаны жадымызда.
Ел қуанды. Әттең, сол қуанған жұрттың ішінде Еркін Ібітанов болса, төбесі көкке жеткендей шаттанар еді… Алла бұйыртпады.
Осыдан аз ғана уақыт бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде қазақтың ғұлама сөз зергері, үлкен ойшылы Әбіш Кекілбайдың арғымақ-жылдар Аспантауға қарай ала қашқан сәттерді парақтап отырып, Еркін досы жайлы тебіреніп жазған «Елшенбүйрек етегінде» атты ғажайып мақаласын оқып, қатты әсерленіп едім. Сөз түсінетін жандардың өн-бойына жып-жылы ағыс ала келген сол эссе-естелікті оқып болған бетте той басталып кеткендей керемет бір күй кештім. Расында, тойбастар күйді Әбекең қара сөзбен шертіп берген екен!
Енді міне, Аспантау ақын тойын өткізіп жатыр.
Амал қанша?..
Ер-Ағаңның жанындай жақсы көретін құрдастары – Тұманбай Молдағалиев жоқ… Қадыр Мырза-Әлі жоқ. Аяулы қарындасы Фариза да жоқ…
Бірақ…
Ел орнында. Тау орнында… Қазақтың Тәуелсіз жұрты орнында!
Тәңіртау да – орнында… Басынан Үркер ауған Үйсінтау да орнында.
«Әй, Алтынкүл! Әй, бәйбіше, дастарханың мол болсын! Әй, Ерлан, еліңнің қабағына қара! Қабағынан таны жұртыңды! Айналайын, қара жұртым – Қазағым!» деген ақын үні зорая түскендей…
Қайқының басына бір ұлар құс қонып алып, күнді түнге, кешті таңға жалғап, белгісіз бір тілде ән салып жатқандай!.. Алтынкеннің көкке шаншылған асулы жолын кесіп өтіп, әлдебір қарқара мүйізді қарт бұғы тауға қарап мөңірейтіндей. Ұлар үні мен бұғы дауысы Шалкөденің қою шалғынын кешіп, Айғайтасты қанатына қондырып, әлдеқайда көшіп бара жатқандай үздігеді.
Қазақ жырының аспаны сөйлеп тұрғандай көрінеді.
Еркін – жырдың аспаны…
ПІКІРЛЕР3
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.