ҚАЛАЛЫҚ «КӨРКЕМСӨЗ ОҚУ ШЕБЕРЛЕРІ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
23.11.2019
1237
0

Өткен аптада, Бостандық ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы 2019 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында талантты жастар арасында «Көркемсөз оқу шеберлері» қалалық конкурсын өткізді.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, талантты жастарды табу және жан-жақты көтермелеу мақсатында өткен конкурсқа қаланың шығармашыл жастарынан іріктелген топ қатысты.

Көркемсөз оқу шеберлігін игерген 17-29 жас аралығындағы бас-аяғы 20 жас бағын сынады.

Конкурста қазақтың белгілі ақын-жазушы, драматургтерінің көркемдігі жоғары шығармаларын немесе шығармадан үзінді оқуы талап етілген-ді. Шығармалар «Қазақстан», «Туған жер», «Тәуелсіздік», «Астана», «Ел бірлігі», «Жастық шақ», «Тіл» туралы тақырыптарда болды. Байқау үш сатыдан – прозалық, поэзиялық және драматургиялық шығармаларды мәнерлеп оқу бойынша өтті.

Алматы қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының басшысы Мамай Ахетов, «Жыл актрисасы» атанған, театр және кино актрисасы Дариға Бадықова, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз Асқар Наймантаев сынды тіл және өнер адамдары қатысушылардың актерлік шеберлігі, көркем шығармаға деген талғамы және т.б. талаптарға сүйеніп қазылық етті.

Жастар Д.Исабеков, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей секілді қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан үзінді оқып, жиналған жұртты тәнті етті. Қайсыбір көрерменнің көзіне жас үйіретін, көңіл босатарлық туындылар да оқылып жатты. Жиналған қауым да қатысушыларға барынша қолдау көрсетіп отырды.

Конкурс қортындысы бойынша, өзгелерден дара көрінген Алмалы ауданының атынан қатысқан, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің студенті Ержан Ысқақов бас жүлдені қанжығасына байлады. (200 000 теңге). 1 орын (150 мың теңге) Абзал Әбдіханға (Жетісу ауданы), 2 орын (100 мың теңге) Ілияс Шүкіманға (Бостандық ауданы),  3 орын (70 мың теңге) Махамбетәлі Әбділдаға (Жетісу ауданы) бұйырды.

Одан өзге де қатысушылар арнайы номинациялар бойынша қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дайындаған: Думан ТЕРЛІКБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір