Ұлт келешегінің кепілі – білімді ұрпақ
20.11.2019
1285
0

XXI ғасыр. Ақпараттар тасқыны еселенген кезең. Соған орай, заман бедері де өзгеше  өрнектелуде. Уақыт тынысын тап басуға тырмысып, көштен қалмауды мақсұт тұтқан ұлттар жанталасын да аңғару қиын емес. Ал осындай сан түрлі құбылыстарға толы шақта қазақ елі қай биіктен көрінбек?.. Оның негізгі өлшемі ұлттың интеллектуалдық көрсеткішімен айқындалары  анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөлінді. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы, көпбалалы отбасылардағы бала­лардың білім алу деңгейі, терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысатын жоғары оқу орындарындағы келеңсіздіктер, тағы да басқа маңызды мәселелер Президент назарынан тыс қалмаған. Білім саласының тізгінін ұстаған әрбір министрдің тұсында «қырық құбылған» реформалардан әбден зәрезап болған халық көңіліне ел Президентінің осындай негіздегі оңтайлы шешімдері қаншалықты сеп болары алдағы күндердің еншісінде.

Ұлт болашағының кепі­лі саналатын жас ұрпақ­тың, бал­дыр­ғандардың қалып­тасуының алғашқы баспалдағы отбасында қаланса, балабақша мен мектеп қабырғасында бұл маңызды бастаулар негізгі тұғырға көтеріле түседі. Бала бойындағы тұлғалық ерекшелік пен танымдық түйсік те дәл осы  кезеңде жетілмек. Ел тағдырының аманатын ар­қалайтын ертеңгі азамат, бү­гінгі оқушы білім нәрін толық­қанды сіңіре алып жүр ме? Бұл сұрақтың төңірегіндегі көзқарастар мен пікірлер легі әрқилы.

«Осы замандағы жан таңыр­қарлық нәрсенің бәрі де ғылым­мен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дү­нияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым», – деп, ғы­лым­ның ел дамуына тигізер игіл­і­гін терең зерделеген Ахмет Байтұрсынов мұрасы халық жадынан ешқашан өшпек емес. Ұлт ұстазының «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші» деген тәмсілі де білім саласы байыпты байламдарды талап ететінін дәйектейді.

Ал  мектептің бүгінгі жай-күйі қалай? Орта білім беру жүйесінің қазіргі ахуалын бағдарлап көру мақсатында өзінің саналы ғұмы­рын ілім жолына арнап, ағарту ісіне ерен еңбек сіңіріп келе жат­қан Аягүл Миразова апайдың ойларына жүгінуді жөн санадым. «Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, дамыған елдердің қатарына енуге бағытталған бір­қатар жұмыстар атқарылуда. Сондықтан білім саласында да өзгерістердің орын алуы, оқыту­дың жаңа әдіс-тәсілдерінің ен­гізілуі заңдылық.  Алайда бұл өз­герістердің біртіндеп, жүйелі түрде жүргізіліп жатпағаны көңілге кірбің ұялатады. Ескі бағ­дарламамен оқып келген сы­ныптардың бірден жаңа жүйе­ге көшірілуі біршама қиын­дық­тарды туғызды. Ата-аналар тарапынан да наразылық біл­діру­шілер көп. Себебі, жаңа жүйенің тапсырмаларына, бағалау системасына шәкірттер әлі дайын емес еді», – деп   бастады ұлағатты ұстаз өз әңгімесін.

Өзі 25 жыл үздіксіз басқарған білім ордасын сапалық тұрғыдан дамытып, ұлттық мектептің үлгісіне айналдырған Аягүл Төре­қызы ұстаз үшін өмір бойы ізденудің, жаңалықтың жаршысы бола білудің маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Өзін дамытқан ұстаздан ғана дамыған шәкірт шығатынын айта келіп, «Ұстаздарды қағазбастылықтан арылтамыз деп, оларға артылар жүктің үлесі тіптен артып кеткендей. Өзінің БЖБ, ТЖБ-сымен әуре болып отырған мұғалім оқушыларға жеткілікті түрде көңіл бөле алмай, нәтижесінде мектептегі білім толымсыз болып қалады. Әрі қазір репетитор жалдап оқыту да белең алуда. Оған кез-келгеннің шамасы ке­ле бермейтіні – бөлек әңгіме. Мұғалімге бір, репетиторға бір жалтақтап, екі ортада, ата-ана абдырап қалады. Оқушыға түсер салмағы батпаңдай.

Жаңашылдыққа бет бұрамыз деп, шетелдіктердің системасына көп сүйене беруге болмайды. Шетелдік отбасыларда көбіне бір ғана баладан, бар көңіл сол балаға бөлінеді. Ал қазақтың баладан бөлек, келім-кетім қонағы бар, туысы бар. Әрі-беріден соң, өзге ұлттармен менталитетіміз сай келе бермейді. Бір кездері «өзімізге тән оқулығымыз болады» деп қатты қуанған едім. Қазір оқулықтардың мазмұнының қойыртпақтанып кеткені өз алдына, тапсырмаларда шетелдік есімдер қаптап жүр. Осындайдан бала санасы дүбәраланып кетпей ме?!» – деп сөзін жалғастырды.

Иә, оқулықтағы олқылық­тар­ға қатысты дау-дамай толастар емес. Оқытуға арналған кітаптардың сын көтермейтінін, оқулықтардың мазмұны дидактика талаптарына әрі ғылыми негізге үйлеспейтінін айтып халық қалаулылары да жиі-жиі дабыл қағуда. Және мұндай кемшіліктердің орын алуын елімізде оқулық жаза алатын білікті мамандардың аздығымен, оқулықтану ғылымының тіп­ті дамымағанымен және жауап­кершілікті арқалайтын ар­найы бір мекеменің болмауы­мен байланыстырады. Ал осындай қателіктерден көз ашпайтын оқулықтардан білім сәулесін іздеу оқушы бойындағы немқ­ұрайылықтың отын тұтатып алмайтынына кім кепіл.

Соңғы жылдары байқалып жүргендей, оқулық мазмұнының ауық-ауық  өзгеріске ұшырап, жиі басылуы да  – көңіл қуанта­тын жай емес. Бәлкім, бұл – оқытудың жаңа формасын іздеу жолындағы бетбұрыстар болар. Бірақ дамыған елдердің көп­шілігінде оқулықтардың тұрақ­тылығы сақталатыны жөнінде жиі айтылады.

Бүгінгі білім жүйесіне қа­тыс­ты әңгімесін Аягүл апай: «Қазір кей мектептерде  қырық оқушыдан құралған сыныптар бар. Мұның білім сапасына тигізер кері әсері орасан. Қан­дай мықты мұғалім болса да, қырық минуттың ішінде қырық баланың бәріне бірдей жоғары білім игерту мүмкін нәрсе емес. Бір сыныптағы оқушы саны жиырма бестен аспауы тиіс. Сонда ғана ұстаз әр балаға толыққанды көңіл бөле алады.

Тағы бір айтпай кетуге болмайтын нәрсе – жалақының төмендігіне байланысты әр ұс­тазға қырық сағатқа дейін жүктеме алуға рұқсат етілген. Өзіңіз ойлаңыз, аптасына қырық сағат сабақ беру деген – адам үшін өте ауыр салмақ. Мұғалім де темір емес қой. Темірдің өзі үгіледі. Сол себепті мұндай шектен тыс жүктемелер арқылы білім сапасына нұқсан келтіретін дүниелерді болдырмауға тырыс­қан дұрыс.

Қазіргі кезде мектептер білім­ді, білікті жас мамандарға өте мұқтаж. Бұл тапшылық әсіресе қала мектептерінде көп байқалады. Өйткені нағыз өз таңдауымен, зор құлшыныспен ұстаздық мамандыққа баратын түлектердің саны сиреп барады. Сондықтан мұғалім мәр­тебесін көтеретін шараларды жүйелі түрде жасау керек. Жас мамандарға стимул ретінде ешқандай артық талапсыз үй беріліп, қаржылай қолдаулар көрсетілгені жөн», – деп өрбітті.

Қоғамдағы ұстаз рөлінің ма­ңыз­дылығын айқындап, мұғалім мәртебесін жоғарылату – күн тәртібінен түспей келе жатқан негізгі мәселелердің бірі. Нарықтық сана үстемдік құрған заманда ұстаздардың әлеуметтік ахуалын көтеру – осы бағыттағы басты қозғаушы күш. Қазақстан Президентінің Тамыз конференциясында: «Турасын айту керек. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ең төмен деңгейде қалып отыр және экономика бойынша орташа жалақының 65 процентін ғана құрайды. Мұнымен, әрине, біз келіспейміз. Сондықтан үкіметке білім саласына білікті мамандарды тарту үшін және мұғалім мәртебесін көтеру үшін жалақыны төрт жыл ішінде екі есеге көбейтуді тапсырамын», – деп   айтқаны осы сала қызметкерлерінің  үмітін арт­тырғаны өтірік емес.

Қалай десек те, бала жүрегінің кілтін тауып, өмірлік азығына айналар білім нәрімен сусындату қай кезеңде де өз құнын жоймай­ды. Осынау ұлы қызметке ұлы адамдар ғана лайық деп есептейтін Аягүл Төреқызы: Осы салаға жауапты министрлікті екіге бөлсе, әлдеқайда тиімді болар еді. Балабақша, мектеп, колледж мәселелерін бір министрлік қарастырып, ғылым жүйесі мен ғалымдар, жоғары оқу орындары  келесі бір арнайы министрліктің қадағалауына өтсе, әрі әрбірінде сол төңіректегі жайлармен өте жақсы таныс адамдар тізгін ұс­таса, маңдайымыз ашылар ма еді?..» – деп тәмамдады сөзін.  Ұстаздардың маңдайы ашылса, ұлт маңдайы жарқырай түсетіні хақ.

Мөлдір Райымбек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір