Әмірхан Балқыбектің өзекті ойлары
15.11.2019
1697
0

Өткен аптада Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде белгілі ақын, түрколог Әмірхан Балқыбекті еске алуға арналған «Қасқыр құдай болған кез» атты кеш өтті. Ақын әлемін қадір тұтқан қаламгерлер мен оқырмандар бас қосқан іс-шарада жас ақындар Әмірхан Балқыбектің әдеби-танымдық мақалаларынан алынған ой орамдарын алма-кезек оқыды. Жұртшылық «Әмірханның афоризмдері» деп атап кеткен сол үзінділерді ұсынып отырмыз.

…Құдайдың бiр аты – Ар болса, әдебиет – сол ардың iсi. «Өлеңге әркiмнiң-ақ бар таласы» деп, ұлы Абай айтқанымен, Құдайдың жердегi шаруасымен екiнiң бiрiнiң айналыса беруге қақысы жоқ. Iшкi дайындығы, рухы да жетпейдi. Мұхаммед пайғамбар әлдебiр поэзия туралы әңгiмесiнде «Ақын болмысы Алланың қазынасы» деген екен.

* * *

Бiздiң кейбiр қаламгерлеріміз, адамзатқа, қала бердi өз халқына берері болмаса да, әдебиет деген киенiң жағасына жармасуын әлi қояр емес. Әйтпесе, жандарынан идея шығара алмаса, өздерi «сенiммен» қызмет еткен кешегi социализм күйрегенде неге бiр жазушымыз харакири жасамады?! Өйткенi олар халыққа әдебиет арқылы қызмет жасамақ түгiл, сол халықтың болашағына да сенбейтiн едi. Осы бiр қорқыныш бейнесiндегi iбiлiс олардың санасының қыртысында соңғы 50 жыл бойы маза бермей жатып алғандығы анық. Әйтпесе, ертеңгi күнi ең бiрiншi оқырманы болатын туған баласын шала қазақ қып тәрбиелеуiне не себеп? Өз баласының бойына себе алмаған Рухты халқының бойына еге алатындығына сонда, осы әдебиетшiлерiмiз қалай сендi екен? Маргинал қазағымыз «оригинал орыс» болып кете жаздағанына да осы зиялы қауым кiнәлi.

* * *

Әттең, халқымызда «көпке топырақ шашпа, өзiңе тиедi» деген сөз бар. Қалай дегенмен, бүгiнгi әдебиетшiлерiмiздiң халыққа ренжитiн жөнi жоқ. Керiсiнше, халық әдебиетшiлерiне ренжiсе құба-құп.

* * *

Кешегi кемi жүз мың оқырманы бар жазушы бүгiн халқына ренiштi көрiнедi. Солар ертеңгi оқырманның арасынан он оқырман таба алар ма екен, осыны неге ойламайды?..

* * *

…Бiз, тоқсаныншы жылдардың ұрпағы, әтеш екiншi рет шақырған сәттiң куәсi болдық. Қазiр түн жарымы. Ұзамай таң атарын хабарлап әтеш үшiншi рет шақырмақ. Бiз де сенiмiмiзден безiнiп жүрмейiк. Құдайдың екi аты – Ар мен Сөз бiзден осыны талап етедi.

* * *

«Киелi хабардағы» көрiпкелдiк ендi қайталанбаса екен. Халық даналығы «екi рет алдансаң, кiнә – мынанiкi, ананiкi, ал үшiншi рет алдауға мүмкiндiк берсең, айыбы өзiңнен болмақ» дейдi.

* * *

 …Тұрсынжан Шапай дұрыс жазады. «Табиғатынан малшы болуға бейiмделiп жаратылған адам» ғалым болып кеттi. Өйткенi, жақсылы-жаманды кiтап оқи алады, сауаты бар. Олай болса, шын қабiлет-қарымы ауылдағы қатын-қалашқа тақпақ шығарудан әрiге аспайтын сөзуар пенденiң неге атақты ақын болмасына. Өзiне-өзi демеушi болып, екi-үш кiтабын шығарса, жетiп жатыр. Ондайларға эколог­тың көзiмен қарағың келедi. «Кiтап – қағаз, қағаз – ағаш, ағаш – ауа. Ауаны ұрлама­ғаныңыз жөн».

* * *

…Суығы өтсін жаһанның жауырынан,

Ымырасыз ықпасам дауылынан.

Ділім таза болса, ол – табиғаттан,

Діңім тіп-тік болғаны,

       ол – тамырымнан.

* * *

«…Соңғы кезде кiтап оқырманы азайып кеттi» деген пiкiр жиi айтылады. Солай ма? Менiңше, оқырман азайған жоқ. Сүзгiден, дәлiрек айтқанда, ауытқымалы сандық көрсеткiштен тұрақты сапалық деңгейге өтiп жатыр. Кешегi кеңес дәуiрiнде кiтап бiр қабырғаны тұтас алып тұратын пұтқа айналып кете жаздап едi. Қазiргi оқырман ондай асырасiлтеушiлiктен ада, есесiне сұранысы да шынайы.

* * *

…Мен дегенiң белгiсiндей бағы аздың,

Бар болғаны жыр жазылған қағазбын.

* * *

…Ацтектердiң түбiне кiтап жетiп тынды. Ұйғыр қағанатына да. Бiздiң түбiмiзге не жетуi мүмкiн? Менiңше, қазақтың түбiне жетсе, Абылай ханның түсi жетедi. Иә, иә, сол түс…

* * *

…Менiңше, қазақта өлеңiмен ғана емес, өмiрiмен де өзiнен кейiнгiлердi бiраз елiктiрген, тамсантқан, тiптi әурелеген ақын бар. Ол – Мұқағали. Оған елiктегендердiң бiразы «Ұлы бола алмай iшемiз» емес, «Мұқаң бола алмай iшемiз» деп жүрiп сорлап қалды. Алыптардың кейде ергежейлiлермен осылай да әзiлдесiп ойнайтыны бар.

* * *

Бір ғасырдың аяғы, бір ғасырдың

       басында,

Шабыттары құлыпта,

       шашы ағарған отызда,

Қырығында қарт болған

       ақындардың да барлығын

Еу, уақыт, ұмытпа!

* * *

Өлеңге таласы бар жастардың көбі әдебиетке «Мұқағали арақ iшкен, бiз де iше аламыз» деп келдi. Сәби түсiнiк пе? – Сәби түсiнiк. Иә, санасын арақ улаған жаңағы перiлер аз ғана уақыт iшiнде рухани күреске қабiлетсiз мүгедек болып қалды. Әттең, осыларға француз символисi Артюр Рембоның поэзияға адалдығын берсе, киелi әдебиет ауылының ауасы көңiрсiген иiстен сәл де болса арылған болар едi-ау. Өйткенi бұлар әдебиеттi жасаған жоқ, әдебиетпен әуестендi. Құмарын басты. Тәндiк ләззат алғанымен, рухани ләззат сезiну биiгiне көтерiле алмады. Ендiгi әдебиет үшiн қысылтаяң сәтте олардың денi әдебиет майданын тастап кетiп жатыр. Әдебиет – рухани майдан алаңы.

* * *

– Балам, – дедi әкем, – мен осыншама қыруар дүниенi бекерден-бекер жинап жатқан жоқпын. Бiр арманым бар. Саған Оноре Бальзакқа анасы жасаған жағдайынан да артық жағдай жасасам (анасы Бальзакқа бiрнеше жыл демеушi болған (!)), әдебиетпен еркiн айналысуыңа мүмкiндiк берсем деймiн. Жиырма бес пен отыз бестiң арасында, он жыл бойы ешнәрседен таршылық көрмейтiн боласың, ал осы уақытта ешнәрсе шығара алмасаң, өзiңнен көр.

…Иә, сол кездегi әкемнiң маған тек он жыл емес, жиырма жылға болса да демеушi болуға қаржылық мүмкiндiгi бар едi…

* * *

Жүректе жазылмас жарасың,

Қайтейiн, қайран жоқ, көнем де.

Деп едiң:

– Ұлы ақын боларсың…

Құл болып кеттiм мен өлеңге.

* * *

…Есениндi өлең оқып тұрған кезiнде көрген бiреу айтыпты: «Мынау тек мықты өлең ғана жазып қоймайды, қажет болса, адамды да өлтiре алады». Бiзге де сондай ақындар керек. Байрон, Лермонтов, Петефи сияқтылар. Жылауықтар емес!

* * *

Сүйегi батыр ұланның

Шет жерде қалса – несi мiн.

Осылай жаным жеткенде

Шетiне өмiр көшiнiң,

Құдайдан емес, о, Өлең,

Сұрар ем сенен кешiрiм.

 

Қарақшыдай емес содан соң,

Жүретiн жалғыз жол торып,

Жұмаққа бiздер кiремiз,

Кiремiз қалың қол болып,

ҚАЗАҚТАР!

* * *

Кiтап өлген жоқ… Кiтап өлмейдi… Кiтаптың ақырғы күнi – адамзаттың ақырғы күнi. Бұл – Жазмыш.

* * *

Жанды тербеп мәңгiлiктiң ағыны,

Тән арыды,

Арман бiрге арыды!

Жанарымды қытықтайды нұрымен,

Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы.

 

Жаным жұлдыз жылдамдығын қосқанда,

Сәлем айтып кейiн қалған достарға,

«Бұл қаладан кетем түбi көкке мен,

Кетемiн мен Сегiзiншi Аспанға», –

Деймiн iштей,

Дейдi iшiмде бiр дауыс.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір