Ғұлама Абай жырлары
25.10.2019
1506
0

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Абай атамыз Алла Тағаланың хақтығына байланысты бұрын-соңды ешбір ақын айтпаған «Рас сөз ешқашан да жалған болмас» деп «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» деген аксиома ұсынады және осы зәредей жалғандығы жоқ Ақиқатқа қалтқысыз бой­ұсынуға шақырады. «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер, Жарлықпен Ол сіздерге, сіз де оларға…» Бұл жолдар да Алланы танудың үлкен ілімімен астасады. Себебі, Құдыреті күшті Тәңіріміздің Киелі Құранда кейде «Мен», кейде «Біз» деп айтатыны ислам дінінен кінәрат іздеген бәзбір діни сауатсыз адамдардың көңілінде «Ол жалғыз болса, неге біз деп айтады?» деген күмән тудырады. Алла Тағаланың еш өзгермейтінін, адамзаттың күнде өзгеретінін мәлімдей отырып ғұлама атамыз «Жарлықпен Ол сіздерге», яғни, күллі жаратылыс иелеріне Жарлық беретін бір ғана Алла Тағала болатындықтан «Жарлықпен Ол» деп жалқы түрде атап өтіп, «сіз де оларға» деп жалпы түрде де айтады. Құранды терең зерттесеңіз онда Алла Тағаланың Өзінің Құдайлық Құдыретті сипаттарына ғана тән мәселелерді қамтығанда, мысалы, «Ол жалғыз, Ол тумады да туылмады, Оған ешкім тең емес, Ол ешкімге мұқтаж емес, Оған бәрі мұқтаж; кешіру, тәубаны қабылдау, бәрін көру, бәрін есту, бәрін білу, адастыру, тура жолға түсіруге» қатысты нәрселерді айтқанда «Мен, Алла Тағала» деп жалқы түрде, ал, кей аяттарда «Біз» деп жалпы түрде айтатынын біледі. Ал ілімі тереңірек жандар араб тілінде, негізінен «біз, олар, сендер» сөзі орыс тіліндегі «вы» сөзі сияқты жекеше де, көпше де мағынаны білдіріп, жалқыға тән қолданылғанда құрмет белгісін көрсететінін есте ұстайтындықтан, оларда бұл мәселеге байланысты еш күмән туындамайды. Яғни, «Біз» арқылы – Алла Тағаланың ерекше құрметке лайық екендігін меңзесе, екіншіден, кейде «Жібердік, түсірдік» сияқты аяттарда «Алла Тағаланың әмірін періштелер жеткізіп, орындайтындықтан «Біз Кітаптар түсірдік, Біз апаттар жібердік» деп көпше түрде Өзіне тән әділдікпен, әрі Өз әмірін орындайтын періштелерге деген құрметпен оларды қоса айтады. Сөйтіп, мұсылмандарды бір нәрсе жасаса «мен» емес, «біз жасадық» дегендей, өзімшілдіктен ада, көпшіл, сыпайы болуға тәрбие­лейді.

Абай өлеңдерінің мағынасы терең. «Сіз де оларға…» аяқталмай қалғандай көрінсе де, жыр ба­сындағы ойды жалғастырып, «Алланың Жарлығына, періште­леріне, киелі Кітаптарына, Пай­ғамбар­ларына құлақ асың­дар» деп осы мәшһүр өлеңнің алғашқы жолдарымен ұштасып, ақынның қалам қолданысындағы шеберлігін білдіреді.

«Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез-кезімен нәби келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де, Тағриф Алла еш жерде өзгермеді».

Киелі Құранда бұл жолдарды айқындайтын қандай хабар бар? Заман, мінез, шаруа күнде өзгере ала ма? Алла Тағала Адам ата, аләйһис-сәләм мен Хауа анамыз жер бетін мекендегеннен бері адамдар да, олардың мәдениеті, ұстанымдары да, ғылымы мен дүние танымдары да түрлі дең­гейде өзгерістерге ұшырап отырғандығын, тіпті, қазіргі адамдардан әлдеқайда алып, қуатты, әлдеқайда озық өркениет иелері болғанын, ал жер бетіндегі елу мың жыл Өзі үшін бір-ақ күн екенін айтады. «Елу жылда ел жаңа» десек, әрине, елу мың жылда «заман, шаруа, мінез» күнде өзгеріп отырғанмен пара-пар ғой. Уақытқа байланысты Абайдың дәл осындай теңеу қол­данғанын өлеңнің келесі жолын «Оларға кез-кезімен нәби, (яғни, Пайғамбар) келді» деп түйіндеуінен аңғарамыз. Алланың соңғы Елшісі Мұхаммед, салләЛлаһу аләйһи уә сәлләм, жер бетіне шамамен 224 мыңнан астам Пайғамбар келгенін, барлығының әкесі бір, шешесі әр түрлі тәрізді, діні бір (ислам), шариғаты әр түрлі бауырлар екенін айтқан. Өзіне төрелікке жүгінген иудаизм, христиан дінінің өкілдеріне олардың өз шариғаттары бойынша үкім шығарған, бәрі оны бұлжытпай орындаған. Иә, нәбилердің діни қағида, шариғаты өзгерсе де «Та’риф Алла» өзгермейтінін ашып айтқан Абай даналығына тағы бір таң қаламыз. Ол «Бәрін білуші» деген ойын жеткізу үшін Құранда Жаратушы Иеміз Өзінің осы қасиетін сипат­таған «әл-А’лиим» есімін қол­данбай, Алла Тағаланың Өзінің сипаттарын білдіретін көркем аттарында кездеспейтін, бірақ, «таныстыру, түсіндіру, көрсету, анықтама» деген бірнеше мағынаны қамтитын «Та’риф» сөзін қолданады. Яғни, Алла Тағала бәрін Таныстырушы да, Түсіндіруші де, Көрсетуші де, Анықтап Беруші де – Та’риф. Экономикада бұл сөз «белгіленген баға, нарық көрсеткіші» деген­ді білдіретін термин, одан еш ауытқуға болмайды, ауытқы­ған­дарға жазалау шаралары қолда­нылады. Бұл сөздің түбірі – а’раф – ең Білгір, ал, діни тағы бір мағынасы – ғарасат, махшар (жұмаққа кірер алдында күнәдан тазаратын орын), сондай-ақ киелі Құранның 7-ші сүресі «әл-А’раф» деп аталады. Ендеше Ғұлама Абай бір-ақ сөзбен осының бәрін қамтушы Құдырет – Жаратушы Иеміз екенін меңзейді.

«Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес, Әћли кітап бұл сөзді бекер демес». Иә, заманалар толқынында барлық махлұқ (жаратылған нәрселер) өзгеру үстінде, Мәңгі бар, Мәңгі Тірі Тәңіріміз ғана еш өзгермейді. «Әһли Кітап – Кітап иелері» деп Құран мен Сүннетте Інжіл, Тәурат сынды көктен түскен кітап иелері – христиандарды, иудаизм діні өкілдерін атайды және мұсылмандарға дін жағы­нан ең жақындары осы Кітап иелері екенін білдіріп, олармен дауласуға, жауласуға, дөре­кі сөйлеуге болмайтыны айты­лады. Пайғамбарымыз, с.а.а, Кітап иелеріне үлкен құр­мет көрсетіп, олардың шір­кеу­лерін, синагогаларын қира­туға тиым салған, олардың ғиба­датханаларын, діни қызмет­керлерін түрлі салықтан босат­қан. Сондай-ақ бәріміздің Кітап­тарымызда айтылатын біршама ортақ ақиқат болғанымен, ең маңызды нәрселерде айырма­шылықтарымыз барлығы себепті Кітап иелерінің сенім-нанымына еліктеуге, еруге болмайтыны да ескертіледі.

Гүлбаһрам Жебесін

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір