Он екі бет роман
22.10.2019
1198
0

Әбді-Жәмил Нұрпейс – әдебиетке он екі беттік романмен келген қаламгер. Ахмет Байтұрсынұлы «Үлкен әңгіме» деп атаған роман жанры Әбеңдер тырнақалды дүниелерін жаза бастаған тұста да, одан ілгерідегі уақытта да үлкен көлемді қажет ететін. Жазушыдан кең тынысты, эпостық диапозонды талап ететін. Ал қазіргі кейбір романдардың  «жұқарғаны» соншалық – он беттен аспайды. Бұл, әрине, өз алдына бөлек сөз. Бізді қызықтырған әңгіме – төмендегі әңгіме: оқушы дәптеріне жазылған шығарма­сын қолтығына қысып, Сәбит Мұқановты іздеп келген сұр шинелді жас жігіт. (Ескерту: әдебиетші-ғалым Шериаздан Елеукеновтің естелігі қысқартылып алынды).

… Сұр шинелді жігіт өзін салған жерден арбап алған ақ сырлы биік есікке өздігінен аяқ басып баратын түрі жоқ, өзі тығылып алған жерден  тапжылатын емес. Бір кезде есік ашылып, ар жағынан Сәбең мойнын созып, келесі бір есікке қарай берді де, көзі бұған түсті.

– Әй, бала, сен кімге келіп тұрсың?

– Сіз… сізді іздеп келіп едім…

– Е, кір онда. Кел! Кел! – деп алдынан есік ашты.

Жас жігіт неше күннен бері жол үстінде келе жатып, осы кісінің алдына барғанда   фамилиясын өзгертіп айтпақ болып әбден ойластырып алған-ды.

– Әскерден келгенің көрініп тұр. Аты-жөнің қалай?

– Фамилиям – Каримов. Атым – Әбдіжәмил.

– Жазған бірдеңең бар ма?

– Бар.

– Мен бір баяндаманың үстінде отыр едім. Дәл кәзір қолым тимейді. Ғабиден Мұстафин деген жазушыны   білетін шығарсың? «Өмір не өлім», сосын «Шығанақ  Берсиев» деген романдардың авторы. «Әдебиет майданы» журналының Бас редакторы. Президиум мүшесі. Сені соған жіберем.

Сүйдеді де, алдында жатқан қағазға айдақтатып жаза бастады.

«Ғабиден!

Мына Әбдіжәмил Кәрімовтің шығармасымен таныс. Ертең сағат үште маған келіп, пікіріңді айтуыңды өтінем.

Сәлеммен, Сәбит»

Жас жігіт сыртқа шықты. Жаңа Ғабиденнің қайда тұратынын сұрауды ұмытып кетіпті. Қайта кіріп сұрауға батылы бармай тұрғанда бүйірдегі бір есіктен Мәриям Хакімжанова шықты. Өзі инабатты, жүзі жылы кісі екен. Атақты ақыннан гөрі    ауылдағы өзі білетін рахымды әйелдерге көбірек ұқсайды.

– Ғабиден ағаның үйін білесіз бе?

– Шырағым, мен де сол жақта тұрам. Жүр. Ғабиденнің үйін көрсетем.

Ғабиден Мұстафин ол кезде қазіргі Төлебаев көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысындағы «Динамо» магазинінің ауласында тұрады екен.

Ғабең:

– Тамақтан соң мызғып алатын әдетім бар еді. Бірер  сағаттан соң келе ғой, – деді.

…Бір сағаттан соң келсе, Ғабеңнің үстінде – күпі. Басында – тақия. Шай ішіп отыр екен.

– Ал, кәні, оқы.

Ғабеңнің әйелі ана жақтан орындық әкеліп, бұлардың қасына отырып алыпты. Тәйірі, он екі бет деген не? Ілезде судыратып оқып шығыпты.

– Бұл не? Әңгіме ме? – дейді Ғабиден сонда.

– Жоқ. Роман. – депті бұл.

– Роман – үлкен дүние. Мына он екі бетке не айтуға болады? – депті Ғабиден.

Әбдіжәмил қипалақтап қысылып отырып: «Ағай, роман осылай жазыла ма?» – депті. Осы сұрау арқылы кеше ғана ауылдағы  орта мектепті бітірген жастың қазір де он екі беттік оқушылардың дәптеріне роман жазғанына қарамастан, бәз-баяғы қалпында қарап тұрғанын өзі білмесе білмеген шығар, ал бірақ талай  жасты қолынан өткізген Ғабиден Мұстафин әрине, сөз жоқ білді, бірақ ұстамды да сабырлы кісі сыр бермепті.

– Иә, шырағым, бәріміз де осылай жазамыз. Ертең сағат  үште Сәбит Мұқановта болуымыз керек, – депті де, он екі  бет жөнінде түк айтпапты. Сол күннің ертеңі…

Уәделі уақытта бұлар Сәбитте болған.

Әрине, жас жігіттің «Ғабиден не дер екен?» деп зәресі ұшып, жаны қыл ұшында дызығып отырғаны ақиқат. Мұстафин асығатын емес. Біраз отырып барып, аяқ астынан:

– Баланың қолынан жазу келеді. Он екі бетте «тапалтақ мұртты капитандай» тым жақсы образ бар, – деуі мұң екен, жаңа ғана атақты екі жазушының алдында өзін қалай ұстауды да білмей, бір қызарып, бір бозарып отырған кешегі сұр шинелді солдат, дүниенің бәрі тарс есінен шығып, орнынан қалай атып тұрғанын өзі де білмей қалса керек.

– А-аға… Ағайлар… Кешіріңіздер! Ме… менің фамилиям Каримов емес еді, – депті.

Ғабең баяғы сабырлы қалпынан танбай, ыңыранып, бір ырғалып қана қойса керек. Ал, Сәбең, өзінің  әдеттегі ақ жарқын ашық мінезіне бағып:

– Қой, әй? Сонда шын фамилияң қалай? – дейді бірден.

– Нұрпейісов… Сіздерге жазғаным ұнамаған жағдайда күлкіге  қалмай, институтқа оқуға түсіп кетпек ойым болған-ды…

– Е, оның несі ұят?! Жазушы болам деп талпынып, бола алмай  қалуда тұрған ұят жоқ қой. Ал, кәне, Нұрпейісов жолдас-с… ендігі ойың қалай? Қайда барасың? Әке-шешең бар ма?

– Шешем жас кезімде қайтыс болған. Ал әкем 1944 жылы Батыс Украинадағы соғыста қаза тапты. Әкеммен бірге туған Нәжім мен Қали ағаларым және немере үш ағам  Сталинградтағы қырғын соғыста қаза тапты.  Маңғыстаумен іргелес жатқан алыстағы балықшылар колхозында Нұрпейіс атамның інісі – балықшы Шоқыман ағам бар. Жер қазбада тұрады.  Әкемді 1942 жылы 5 қаңтарда соғысқа алғасын үш айдан кейін туған қарындасым мен екінші анам – Жанбөпе Шоқыман ағамның қолына барған. Сонда тұрып жатыр.

Сәбит Мұқанов үнсіз отырып біраз ойланып қалса керек. Жұмыс аяғында екеуі сыртқа шығыпты. Сәбит есік алдында тұрған машинаға отырыпты да, сұр шинелді жігітке бұрылып:

– Отыр. Апарып тастайын. Қай қонақ  үйде тұрасың? – дейді.

– Мен… екінші вокзалда тұрам.

– Онда қонақ үй жоқ  қой?

– Зал ожиданиеде тұрам.

– Онда  үйге кеттік, – депті сонда Сәбең шөпірге.

Редакциядан: Естелік әңгімеде бұдан әрі қарай сұр шинелді жас жігіттің Сәбеңнің үйіне барғаны, жазушымен қатар отырып ас ішкені, Мұқановтың жары Мәриям апай жұмсақтап салып берген ақжайма төсекте рахаттанып ұйықтағаны баяндалады. Елеукеновтің жазғаны Әбді-Жәмил Нұрпейстің 7 томдығының 1-томына қысқартылып басылған екен. Біз де қысқа қайырдық. Алайда оқырман қауым «Он екі бет романның» авторы кейін қазақ әдебиетінің мұзжарғыш кемесі Мұқановпен үлкен дос-іні болып кеткенін, қос қаламгердің арасында бір-біріне деген сыйластық мызғымай бекіп қалғанын жақсы білетін болса керек.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір