Еркін Жаппасұлы. Теледидаршылар тентіреп жүр
13.10.2019
1412
0

Теледидар – ақпарат көздерінің ең ағындысы екені еш дау тудырмайды. Текпіні қаттылы­ғынан көрермендері көп екені де рас. Телеканалдардың  мемлекеттігі, мемлекеттік емесі бар – барлығы да   тыңдармандар назарында.

Американдықтардың «Еуропа, Азия жұртшылығын шоу музыкамен жаулап алдық» деп, баскиімдерін көкке атып, мақтана масайрап жүргендеріндей, теледидаршылар «көрермендеріміз көп» деп шалқалайды. Енді осылардың сол көзайымдарын «қарқ» қып жатқан «дүниелеріне» назар аударайықшы.

Телесериалдар тамашалату барлық каналдарға «модаға» айналды. Түркінің, үндінің, кәрістердің, қайсыбір өзіміздің теле «дастандарымызды» тәулігіне үш немесе төрт дүркін қайталап көрсету бағдарламалық міндетіміз секілді. Бір қызығы, қазақстандық телетүсірушілер шетелдіктердің көшірмесіне айналды. Оларда әйелдерін жаққа тартып жіберетін көрініс болса, біз де соны істейміз.  Түркіліктерде айтысып-тартысып жатқан екі кейіпкердің соңынан келіп немесе есікті ашып қойып қарап тұрған үшінші «тыңшыны» көріп тұрып, байқамайтын  болса, біздің фильмдер де соны жасайды. Жателдіктердің қайсыбіреулері үйлерінде, көшеде, болмаса, басқа бір жерлерде өздеріне-өздері сөйлеп, ішкі «шерлерін» ақтарып жүретіндері де бізде айна-қатесіз қайталанады. Сонда бұл – еліктеу ме, солықтау ма? Ұлттығымызды танытатын шалт әрекет, мінездер таныту  қолымыздан келмегені ме?

Қазіргі қазақстандық телеарналар күлкі «өнімін» насихаттауда дүниежүзілік бірінші қатарда тұр. Қай түймені басып қалсаң да, ішек-сілелері қатып, бірін-бірі тырағайлата қуып жүргендер. Мен қазақтың осынша күлегеш халық екенін бұрын білмейді екенмін. Сол күлегештер қатарына қайсыбір депутаттар да қосылып кеткен. Бұрын телекеңес, телебақылау, телесаралау бар кезде ең маңызды деген телехабарлар қырық   бес минут, бір сағаттан артық көрсетілмеуші еді. Қазіргі әзілкештер екі, екі жарым сағат бойы  телеэкранды босатпайды. Отбасы, ошақ қасы маңындағы әңгімелерді  көдитетін бұл күлкі көріністері жұртты әбден мезі етіп болды. «Күлкі  әлемінің» көрермені   Жәмила деген сарытіс келіншектен езуіңізді жимай күле бересіз, сах­­­на­дағылардың қалжыңдары шы­нымен-ақ  қызықты ма десем, «оларға назар аударып отырған мен жоқ. Театрға ертіп барған қасымдағы қыздар «жырқылдап» күле береді. Бұлар неге күледі екен деп, мен соларға күлем», – дейді. Ал «жырқылдақ» қыздардан сыр тартсам,  «Как вы думайте, мы ни­че­го не понимающие мамбети что-ли, жұртпен қосылып смеемся», – деп дүрсе қоя берді. Назар   есімді көрермен  ағайды әңгімеге икемдедім.

– «Күлкі жәрмеңкесінде» отыр­саңыз да езуді сирек тартасыз ғой, – деймін.

–  Әдеби көркем күлкі жоққа тән. Қазіргі әзіл театрларының артистері қуланып алған. Қыздардың жі­гіт­­тер­мен, әйелдердің еркектермен арадағы  шәлкем-шалыс «байланыстарын», арақ-шарап ішетіндердің  шаңырақ астындағы іс-әрекеттерін, ауыл-үй маңындағы өсек-аяңды, интимдік жайларды сахнада күлкі етуді«сәнге» айналдырады.  Төсектің қызығына батып жүргендер де, енді-енді дәмін татып жүргендер де оған  жатып кеп мәз болады. Басқа шетелдік сахнагерлерді айтпағанның өзінде, ресейлік әріптестерімізді бір уақыт тыңдап көрейікші. Көрермендер залының бірінші қатарына отыр­ғызып қойып мемлекет басшылары Путин мен Медведевты көздерінше сынайды. Халықтың әлеуметтік қиыншылықтарын, қоғамның өркендеуіне тұсау болып отырған кесірлі әрекеттерді сөз етеді. Қай­сыбір шағын-шағын анекдоттары да астарлы.

– Театр залынан жиі көрінесіз ғой.

– Жиі емес, анда-санда дем ал­ғым келеді. Қай әзіл отауы не дайындап жүргенін  қайдан білейін.

Иә, «Тамаша ТV»-ның қайсыбір сайқымазақтары ауызекі тілдегі «сандырақтарымен» көпшілікті мәз етіп болғандай, енді бөкселерімен күлдіруге көшіпті. Бұл қандай эти­каға жатады? Орта жастан төмен­гілер ішек-сілелері қатқанша езуге ерік беріп, арғы дүниеге өтіп кете жаздайды. Сонда бұл талғамның биіктегені ме?! Құдай, әйтеуір «көп күлген бір жылайдыдан» сақтасын.

Міне, бұл сахнагерлерге  қойы­лар талаптың жоқтығынан демеске шараң жоқ.  Телеарна басшылары не қарап отыр? Кезінде Тұңғышбай Жаманқұлов, Құдайберген Сұл­тан­баев, Уайс Сұлтанғазин, Мейірман Нұ­рекеев, Тоқсын Құлыбеков, Лидия Кәденовалар сахналаған ойын-сауық театрын бірқанша ком­ис­сияға қадағалатып қойып,   республикалық Радиотелеком басшысы Сағат Әшімбаев өзі сүз­гіден өткізуші еді. Ал қазір «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Әр телеканал басшылары әзілкешсымақтарға ерік беріп «қайдан құлақ шығарсаңдар да  өздерің біліңдер» деген ғой. Әйтпесе, миллиондаған телехабар күтіп отырғандардың алдында еркектің бөксесін  күлкі құралына айналдыртар ма еді!..

«Бәрі келді» дейтін тағы бір  күлкі аудиториясы бар. Се­гіз қыз-жігітті екі командаға бө­ліп отырғызады да, жүргізуші қа­тысу­шыларды қылжақ тілмен жер-көкке сиғызбай мадақтап таныстырады. Аты аталғандар көтермелеу сөз айтылған  сайын да­рақылана мақтанып, сандарын шапалақтайды. Мәз болып секіретіндерін неге жорырсың! Үш тақырыпта бәсекеге түседі. Алғашқысы – өнер, әдебиет, мә­де­ниет, спорт  жұлдыздарының өзгерте боялған жартылай жасырылған беттерін экраннан көрсетіп, соның аты-жөнін табуға ұмтылдыру. Екіншіде – таспа арқылы бе­ріл­ген ән әуенін қатысушы қо­лына алған  жеребесымақта көрсетіліп, жазылған аң, құс, жануар, жәндіктердің дыбыс шығару ырғағымен (мияу, құрқ-құрқ, т.б.) айтып шығу. Соңғысында –тағы да мәдениет, спорт, өнер т.б. экраннан портреттерін көрсетіп, солардың жүргізуші айтқан үш санның бірі – жастарын анықтау. Былайша айтқанда, той-томалақтың үзілісінде сасқан асабаның ойын ойнатқаны секілді. Миллиондаған көрерменге бұл не үшін керек? Оларға не тағылым береді, қандай қажетін өтейді? Қатысушылары да құрбыларының оңаша бөлмесінде  өткізіп жатқан туған күнінде жүр­гендей тайраңдайды. «Мына жағымызда дүйім көрермен бар-ау…» деп имену деген болса-шы! Мәдениет қайда? Әрқайсысы эфир­де  әр үйдің еркелерінше шолжаңдайды. Еркіндік дегеннің де жөні болмаушы ма еді!

«Күлтөбе» деген теле-отау бар. Қылжақ, сайқымазақ. Оу, күлтөбе – қазақтың игі жақсы ақсақалдарының, төбе билерінің елдің, жұрттың, аймақтың, ауыл­дың әлеуметтік, қоғамдық, саяси мәселелерін шешетін жиын, басқосу орталығы емес пе еді! Оны неге теледидардың күлкі төбесіне айналдырамыз? Айдарға мазаққа лайық басқа атау табылмаған ба? Қастерлі, қасиетті атауларды жүгенсіздердің ыржағына ай­налдыруға неге ерік береміз?

Кейбіреулердің «бұлар қашанда ауыздарын қу шөппен сүртіп  оты­ра­ды екен?» деулері мүмкін ғой. Барды – бар дейміз. «Айтуға оңай­дан» басталып, «Қарекетке» жал­ғасқан хабардың халыққа берері мол. Тыныс-тіршіліктегі қан­ша­ма қиямпұрыс жайлардың бетін ашып жатыр. Жетім, жесір, жал­ғызілік­тілерге   қорғаныш қыз­метін ат­қарып жүр. Әкім-қа­ралар­дың да жөнсіз әрекеттеріне тиісуден имен­бейді. Сол хабар неге тоқтап қалды?

«Асыл арнаның» да  имани дү­ниелері жұртшылық көңілінен шығып жүр. «Маңызды мәселеде», тағы басқа да  айдарлары парасатты, пайымды жайларды қамтиды. Жұртшылық ортасынан түрлі  мамандықтағы өкілдерді сөйлетеді. Халықтық мәселелерді көтереді.

«Жиенқұлға келгенде шық­пай­ды үнім» демекші, «Евразия» арнасының «Қалаулым» хабары көрермендерді әбден ығыр етті. Алғашқыда қыз бен жігітті таныстырудан басталған көрсетілім шектен шығып кетті. Әйелсіз қал­ған еркектер мен күйеусіз қалған әйелдерді табыстырамыз деп жөнсіздіктерге барады. Небір былапыт сөздер араласқанда өзіңнен өзің ұяласың. Дайындап қойған жалдамалы әйелдер болса керек, кердең қаққанда экранға сыймайды. «Қатын іздеп жүрген еркек» пен «Бай іздеп жүрген қатынды» таныстыруларына құлақ түріңіз. Еркектерді «Бұған дейін неше қатын алдың? Жайларың неғып жараспады?» деген сынды сұрақтың астына алады. Әйелдердің қанша байдан, не үшін кеткені тергеледі. Әркімнің жекебас шаруасының дүйім елге не қажеті бар? Арасында үйлену жасынан  асып кеткендер  де жүреді. Сонда   бұларды мұндайға не түйткіл итермелеп жүр? Үш са­­ғатқа созылатын көрсетілімде анайы сөздер де, өрескел әрекеттер де көз алдыңнан өтіп жатады.

Ауыл мен қала   тірлігіне қатысты түсірілімде ауылдың келіншектерін әкеліп қаланың тірлігін олпы-солпы жасаттырып қояды. Қаланың әйелдерінің от жаға алмай, сиыр саууға, т.б. икемі жоқ әрекетін күлкіге  айналдырады. Сонда қазақ туып-өскен ортасынан басқа жерлерде өмір сүруге қабілетсіз бе? Қаланың мәдениетін көркейтіп жүрген қыз-жігіттердің 80-90 пайызы ауылдықтар емес пе! «Ауылда туып, қалада өледі» дейтін тәмсіл әлемдік болмысқа килігіп кеткелі қашан! Қалалықтардың ауылдың түтінін түтетіп жүргендері де аз емес. Жалпы, қазақ ана орта, мына ортаға үйрене алмайтын қабілетсіз халық емес қой. Әуелгіде  келген жеріне үйреніскенше тосырқай қарау кез келген адамның басында кездеседі. Мұндай өмір заңдылығын мазақ жасаудың қажеті не? Теле тамашалағыштардың көпшілігі бұл хабарды орыстар түсірілімінің көшірмесіне балайды. Дегенмен де бұл көріністің қоғамдық пікірге  ұласатындай не ерекшелігі бар?

«Дара жол» – ұлт тұлғаларының әдебиет, мәдениет, өнердегі, қай­рат­керліктегі биік жетістіктерін дә­ріптейтін тағылымды хабар. Мамандықтың әралуан сала­сын­­дағы ел сүйетін, жастар елік­­тей­тін азаматтарды жақсы қы­рынан қабылдап, сүйінген үстіне сүйсінесің. Әдетте таныстырылатын кейіпкер туралы оның өскен  ортасындағылар, биік шыңға өрмелегеніне куә болғандар, спорт өкілдері болса, оны жаттықтырғандар, шығар­машылық адамы болса, соның ша­бытты шақтарында нені, қа­лай туындатқанын білетіндер со­ған қандай қиналыстармен жеткенін айтып жатады. Қайсыбір кедергілерге тап болғанын көзімен көргендер сол бөгеттерді  қалай тас-талқан еткенін  айтады. Осы «Дара жолдың» да кей тұстарда кілт бұрылып, шаңы шыққан қара жол болып кететіні бар. Кейіпкер маңына жиналған  тілектестерін отырғызып қойып, «мен бала кез­де мынандай болғам, әкем «түбі жарып шығасың» деген, пәленше пәннен сабақ берген мұғалімім «сен  анандай биікке өрмелейсің» деген», – деп өзі  көдитеді. Өзін-өзі мақтау оны дараландыра  қоймайды ғой. «Сырт көз – сыншылардың» сөздері дараның «даналығын» дәлелдеуі тиіс.  Сирек болса да осындай сүріндірер әрекеттерді болдырмаған абзал. Өйткені көрермен жақсыны жадағайландырғысы келмейді.

Ән-жыр көрсетілімдері де ноқтасыз кетті. Жеке әнші-күйші­лер­ді де, топтарды да екі жарым, үш сағат тізгінсіз жібереді. «Шашылып» жатқан неткен тегін уақыт?! Әрі әншілердің ырғақтарының бәрі де болдырған аттай бір тепең. Олары  тыңдарманға ұнай ма, ұна­май ма, ескеріп жатқан ешкім жоқ.  «Судың дәмі – тамшысынан». Тамақты да қарын жару үшін емес, дәмін алу үшін татпаушы ма еді.  Бір қызығы – топтағы енді жұлдыз бола бастаған әнші-күйшілердің бәрі де – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері.  Жастықтарына қарамай, тайраңдап, еден тепкілеп, фонограммамен ән салып жүріп, Қазақстанға қай уақытта еңбек сіңіріп  тастағандарына миың жетпей, таңданасың.  Отыз, қырық жыл қаламын қару еткендерге бұйырмайтын атақ.

Жә, жетер, «Қалжыңдасақ та біраз  жерге бардық» демекші, кө­рермендер сөзін сөйлейміз деп оты­рып, оқырмандарымызды жалықтырып алармыз, доғарайық.

Десе де, қаптаған сериалдарды бірнеше дүркін қайталап көрсетіп, қалжыңбастарымызды сөткелей ыр­жақтатқанша, халықтың мұң­ын мұңдап, әлеуметтік тынысын барлайтын хабарлар неге ұйым­дастырмаймыз? Мына бір сарсаң қоғамда аяғыңды басқан жерің – проблема, жанап өткен тұсың – өзекжарды мәселе. Тақырыпқа тіленіп тұрған жайлар бадырайып көзіңе басылады. Соларды неге теледидарға азық етпейміз? Осын­дай бейберекеттіктерді аң­дап отырып, есі дұрыс хабар ұйым­дас­тырмай, босбелбеу жүрген теледидаршыларды «тентіреп жүр» демеске лаж бар ма?!   Телеарна басшылары, арнайы құрылған  комиссиялар не қарап отыр?

Сұрақ көп, жауап кімнен боларын Құдай білсін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір