ҚАНАТЫ ЖҮРЕГІНДЕГІ – ҚАРШЫҒА
09.10.2019
953
0

(Талғат Кеңесбаевты еске алу)

Шығармашылық психологиясы­ның заңдылығы бойынша, әр таланттың ішкі болмысы –  түпкі көркем әлемінің түйсігі арқылы оның туындыларының бірінен міндетті түрде нышан беруі керек. Ал Талғаттың, өзі жиі айтатын «Талғат Кеңесбаевтың, ұлы жазушы Талғат Кеңесбаев­тың» бітімі, харакеті, кісіге жұғымы, алғырлығы, ұшқырлығы, марғаулығы, көңілін қалдырсаң да көңіліңді табатын «неғылайынсыз» пейілі, өзінің ішкі әлеміне өзінен бөгдені жолатпайтын кірпияздығы, ұқыпты мырзалығы мен көңілінің құлақ күйін үнемі бапсыз ұстауы, еріккеннен-зеріккеннен емес, өзімсінгеннен, балалық еркелігі мен қамсыздығы басылмаған «жылы жүректі жүгірмектігі», анық та қанық, бірақ сондай сараңдықпен қағазға түсетін жазуы, иісалмас жалқаулығы мен қаршыға, иә қаршыға тектес жылдамдығы – өзінің қысқа өмірінің соңында қаламын суытқан  «Түнде ұшқан қаршыға» атты қысқа да нұсқа туындысында анық аңыс танытқан. 

Тұрсын Жұртбай

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы

Ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі қалам тартпақ ниетімен екі-үш рет барлау жасаған қазақ арасындағы «бәйбіше-тоқал» трагедиясының асқынған түріне жататын ағайынды Ике мен Мұсатай оқиғасы талай таланттың көз қиығына түссе де, ақыры сол екеуінің төл ұрпағы Талғаттың еншісіне бұйырды. Қатал да шешімді мінезі жағынан Ике атасына тартпағанымен, ұшқырлығы, қиядағыны тұтқиылдан құйылып алатын қаршыға мінезі тартқан. Айырмашылығы, Талғаттың қаршыға қанаты – жүрегінде еді. Кейде адамның зығырданын қайнатып, тілге көнбей, ашулы арыстанның алдына жетіп барып, сол емін-еркін қамсыздығына басып, жүрегі дүрсілдеместен еш алаңсыз «шолжаңдай» (жақсы мағынасында)  кететін.  Жасқануды, қымсынуды, қорғануды білмейтін. Сондайда, әсіресе, бозбала кезінде: «Ей, сенгенің кім өзі сенің? Сескенуді білмейсің ғой, тіпті. Аяғыңды аңдап бас!» – деп дүрегейленіп тұрғаныңда, қисынсыз бір қыңыр сөзбен мысыңды құртып тынатын.

Сөйтсем, оның ес киесі – қаршыға, жай қаршыға емес, қанаты жүрегіне біткен қаршыға екен. Мұны оның өмірінің соңғы жылдарында аңғарып қалдым.

Ұлы Мұхтарды жүрексіндірген тақы­рыпқа қалам тартамын дегенде:  өткен өмірі маған недәуір мағлұм, ұсталардың алдында менің атам Райбайдың қарсылығына қарамастан оқшау отырысқа барған Ике туралы жазу ниетін жеткізгенде, кәдімгідей абдырап қалдым. Білгенімді бірден лақ еткізбей, әр жолы шым-шымдап жеткіздім. Ондағы қулығым: барлық  тартыстың түп тамырын бірден бойына сіңіре алмас, әр оқиғаны жеке-жеке сіңіріп, қорытуға мүмкіндігі болсын – дегенім еді. Байқағаным: өзіне  ата тектес боп келетін Икеден гөрі Мұсатайға көңіл ауаны құлап тұратындай сезілді. Ол – табиғи да. Өйткені қызылдарды жақтаған Шаймарден Тоқжігітовтің ықпалындағы ауылдық кеңестің идеологиясы өз дегеніне сендіріп кеткен еді. Алаш көсемі Халел Ғаббасовтың жездесі, алаштың туын желбіреткен Ике, өзгені былай қойғанда, Шыңғыстаудың соңғы қаратұяғы Бекен Исабайұлы үшін де жағымсыз тұлға болатын. Ол бетінен кейін біз қайырып ек.

Талғатты ойға қалдырған да осы бір кереғар көзқарас еді. Ол ақыры Мұсатай атасын емес, Ике атасын қалам ұшына іліктірді. Сонда да, Сыпатайдың қазасына байланысты жерді тарқатпай,  оны оқиға өрімінің ішіне сіңіріп жіберді. Абыройлы дүние боп шықты, абырой әкелді. Оның жазушы ретінде қаламының қызығын көрген дүниесі – «Жұлдыз» журналында жарияланған алғашқы хикаяты «Француз әтірінің иісі» мен осы «Түнде ұшқан қаршыға» болды. Біреуі – жиырма жасар жігіттің жазушылық бетін ашты, екіншісі – оның шығармашылық жолының қорытындысы болып қалды.

Ең соңғы нұсқасына: «Үш сөйлем қос», – деп кеңес беріп ем. Талғат: «Өзің жазып қос», – деді. Қандай сөйлемдер еді? Кешеден бері есіме түсіре алмадым. Мүмкін, ұмытып қалғаным да дұрыс болған шығар. Өз сөзі – өзінікі болып қалғаны да жөн-ау. Енді, оның, онсыз да қысқа қайырыммен келетін туындыларына қалам батырудың қажеттігі туа қоймас деп ойлаймын. Оның ой-қырдағы мінезін бір кісідей білетінім рас болса, оның өзі алып-қосуға келісуін – келісер еді-ау, бірақ, бәрібір, істемес еді.

Жоғарыда айтылған мінездемелерімнің ішіндегі бір ғана мінезіне, «қанаты жүрегіне біткен қаршыға» дегенге ғана аялдайын. Ол, жасынан атасының «алдына алған еркесі» болып өскендіктен де, бала құсап жасқануды білмей, ерке, тіпті, шолжың өсті. Алды-артындағылардың Талғатты бетінен қағуға құқы болмады. Мінезін сыртына шығарып: «Атамның баласымын!» – деп қоқиланғанымен, ол өзінің әкесі – Төкіш, шешесі – Меңкебәну екенін, екеуінің баласы екенін үнемі есінде ұстап өсті.  Тіршілігінде де сыртқы пішінімен  сол атасының баласы боп өмір сүрді. Сәл аялдаса, Төкіш пен Меңкебәнудің төл баласы екені білініп қалатындай, біреу соны есіне салатындай көрінетін. Сондықтан да қарапайым өмірдің өзінде қарапайым шындықтың шылбырынан ұстамады, ұстатқан да жоқ, қашанда тіршіліктегі әр оқиғаға тікелей қатысы бола тұрса да, оған «атасының баласы» ретінде саяқсына қарап, түйгенін – ішіне тоқып, шындығын сыртына шығармай өтті.

Еркінсу, кейде өзінің тізгінін қолыңа ұстата салу, саған міндетси сөйлеу, жауабыңды күтпей бітірмеген ісін орындағаның үшін рақмет айта салу, тіпті, оған жүктеме ретінде тапсырмасын қосып беріп кету – ол үшін кәдімгі атасының еркесіне тән үйреншікті мінез еді. Мен алғаш көрген кезімде ол сондай еді, сол мінезбен өмірден өтті.

Шынын айтайын, мен оның «атасы­ның баласы» екенін және өмір сүрудің осы формасынан бас тартпайтынын бір көргеннен аңғардым. Әлі есімде, «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің меңге­рушісі болып істейтін кезім. Жас ақын-жазу­шылардың республикалық кеңесі өтіп жатқан. Бөлмеде жалғыз отырғам. Есіктен асықтай ойнақтаған, еш қымсынуы жоқ, мектепті жаңа бітірген-ау дейтіндей жап-жас, бұйра кекілді бала екпіндей кірді де: «Шағанның шағаласы (менің өлеңім бар еді сондай) Тұрсын Жұртбаевқа   Сарыжалдың (ауылының аты) көк жалы, болашақ ұлы жазушы Талғат Кеңесбаевтан сәлем. Мен сізді жақсы көремін. Міне, сізге аманат. Уақытым жоқ. Оқып шығыңыз да мақтаңыз», – деп шығармасын ұсынды. Апырмау, мынаның нағашы-жиен, балдыз емес екені анық. Кімнің баласы болды екен? – деп таңданып жатуға мұршам болмады. «Әуселесін бір-ақ көріп, әптігін басайын» деген ой келді де, шығармасын оқи жөнелдім. Иә, оқи жөнелдім. Сөйлемі қысқа, сөзі шымыр, диалог басым. Хемингуэйдің бе, Роллан Сейсенбаевтың ба, әйтеуір, еуропашыл қазақы рухтың мәнері бар. Бір-бір жарым сағатта оқып бітірдім де, хикаяттың мазмұнына орай  атын «Француз әтірінің иісі» деп өзгерттім де, шекесіне қолымды қойып, бірден бас редактор Бекежан Тілеге­новке  апардым. Ол кісі көзімен жылдамдатып сүзіп шыққан бойда: «Сен де редколлегия мүшесісің. Ұсынуға қақың бар», – деді де, проза бөліміне оқыттырмай қолын қойып, теруге жіберді. Істің тез шешіл­генін айтқанымда, әлгі елпілдеп отырған «елгезегім» мүттайым боп жуаси қалды.

Енді мен ыңғайсыздандым. Дереу «Жалын» баспасының проза бөлімінің меңгерушісі Мейрам Асылғазинге хабарласып, қолжазбасын келесі жылға жоспарға кіргізуді ұсындым. Өздері де жас жазушылардың кеңесінің нәтижесіне орай жоспар жасап жатыр екен. Содан не қыласың, әлгі хикаят журналға да жарияланды, жеке жинақ болып та шықты. Сөйтіп, Талғат Кеңесбаев деген жазушының тұсауы кесілді. Ал «ұлы жазушы» бола ма, жоқ па, енді оның өзіне байланысты еді.

Ал менің оның жеке басына орай қолымнан келген жақсылығым мынау болды: «Бұл бала маған бауыр боп жарытпайды екен. Бас тартуға мүмкіндік те бере қоймас. Қой, басқа амалын табайын», – дедім де, үйге ертіп апарып, Әминаға: «Сенің бір жоғалтқан бауырың бар еді ғой. Сол табылды. Өзіңе бауыр керек қой. Міне, бауырың – ұлы жазушы Талғат Кеңесбаев. Ал, Талғат, сен маған бауыр боп жарытпайды екенсің. Еркінсіген мінезіңді тиғым да келіп тұрған жоқ. Сондықтан мен сені мына Әминаға тегін сыйлаймын. «Екі туып, бір қалған апайың» осы болады. Енді ағалап, жұрттың көзінше ұялтпа. Сатылған бауыр, жалған балдызсың, ұқтың ба?» – дедім.

Әмина да, Талғат та бұл ұсынысыма қымсынып жарытпады, бірін-бірі жатырқай да қойған жоқ. Кәдімгі «екі туып, бір қалғандар» болып шыға келді. Мен де тіл алмайтын бауырдан балдыз жасап, желпіп те, жекіп те сөйлеудің амалын тауып алдым. Сол күні «құтылған аға-бауырлыққа» қайтып оралғамыз жоқ. Өзіме де оның «сатымсақ балдыздығы» ұнап қалды. Сол қалыппен отыз жылдай өмір сүрдік. Кейінгі кезде жүгі «ағалыққа» қарай  жығыла бастап еді, мен балдыздықтан бері жақындатпадым, өйткені маған да жұмсауға, жекуге жеңіл қолғанат керек бола бастап еді.

Осы аралықта не айтылмады, не қойылмады дейсің. Оның маған жасаған ең үлкен сыйы – Гүлдана болды. Ол қазір кәсіби төселген журналист. Атасының, яғни, менің балам. Қалған екі гүлі – Айдана мен Мархаба да ажарын ашып, ел ісін атқарып жүр. Әрине, маған өз меншігім ыстық.

Ол – қаламды сирек қолына алды. Көрген сайынғы менің «жекуім»: «Аяғыңа қорғасын құйып алып отыр столға. Қозғама. Гүлмира! Үйден шығарма!» – деумен аяқталатын. Ол аз жазды, бірақ жақсы жазды. Ол жазған, өзі айтқандай, «ХХІ ғасырдың әңгімелері», шынында да, қапысыз орындалған туындылар еді. «Гауһар» хикаяты оны өзімен замандас жазушылардың ілгергі легіне шығарды. «Түнде ұшқан қаршыға» – оның жазушылық деңгейін танытты, мойындатты.

Оның көп жазуға да қабілеті жететін. Бірақ шұбатып жазса, шұбатылып отырса, Талғат болмайтынын білді.

Анығы, өмірдің құрығын мойнына салдырмай, «етекбасты тіршіліктің қамытын» кимей, бұла күйінде өмір сүріп, бұла күйінде өмірден өтті. Ондай мүмкіндік жасаған және сондай бұла өмір сүрген азаматқа жар болған Гүлмираға да тағзым. Үш гүлі де оның көңіл қошын  келтірді.  Әрине, ол  еркін ұшуға мүмкіндік бермеген қаршыға-ғұмырында көп қиналды. Ертісті екі аттап өткен кезі де, бір тамшы мырзалыққа зар кезі де болды. Алайда соның барлығын ішіне түсіртпеді. Өзі зарығып жүріп қолы жеткен және аса зәру боп отырған тиын-тебенді табан астында, сол арада шаша салатын, не біреуге сыйлай салуға дайын тұратын. Бір-екі рет, қалталы екенін аңғарып, далаға шашпасын деп, қаражаттан қиналып тұрғансып, ақшасын зорлағандай етіп алып алып, ертеңінде қайырып беруге тура келген сәттерім де болды. Сонда, не рақметі, не реніші жоқ, қалтасына немкеттілеу салып, бұрылып жүре беретін: «Сәлем айт, сәлем айт!» – деп мен қалатынмын шарасыз қалпымда.

Талғат шарықтап шығандап, шыңға шығып кетпегенімен де, ешқашан да кеудесі жер бауырлап қалған жоқ, өйткені оның жүрегінде қаршыға мінезді қанаты бар еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір